Кей адамдар тарих мамандығын арнайы оқып, кәсіби тарихшы атанады. Ал кейбір жандардың тарихқа деген қызығушылығы мамандықпен емес, жүрек қалауымен қалыптасады. Олар үшін тарих – жай ғана зерттеу нысаны емес, ата-бабаның аманаты, ұлттың жады, туған жердің өткені. Осындай азаматтардың бірі – Отырар ауданының Құрметті азаматы, бірнеше тарихи-танымдық кітаптың авторы, отырарлық тарихшы Бекжан Бейсенбай. Оның негізгі мамандығы – инженер-механик. Өмір бойы туған жерінде өндіріс саласында еңбек етіп, техниканың білікті маманы атанды. Алайда кәсіби қызметі тарихпен тікелей байланысты болмаса да, туған елінің тарихи мұрасын түгендеуге келгенде алдына жан салған да, жалыққан да емес. Осы аралықта аудандық, республикалық, шетелдік басылымдарда көптеген тарихи-танымдық мақалалары жарияланып, тарих саласын зерделеп жүрген білікті мамандардың жоғары бағасын иеленіп те үлгерді. Бүгінде Бекжан Бейсенбайды көпшілік өлкетанушы, отырартанушы, қажымұқантанушы ретінде жақсы біледі. Оның ізденістері тарихи деректерге сын көзбен қарауға және кейінгі ұрпаққа өткенді дұрыс жеткізуге бағытталған. Осы тақырыпта біз Бекжан Бейсенбайдан арнайы сұхбат алып, шай үстінде тағылымды әңгіме өрбіткен едік. Тарихшы ұлттық тарихымыздың көмескі тұстарын айқындай түсетін көптеген деректермен бөлісті.
«Мамандығым тарихшы болмаса да, жүрегіммен тарихшымын...»
– Аға, тарихқа қалай келдіңіз?
– Мен тарихшы мамандығын алмағанмын. Инженер-механик болғандықтан өмір бойы өндіріс саласында жұмыс істедім. Сол аралықта сүт зауытының директоры да болдым, нан зауытын да іске қостым. Әйтеуір, ауданнан жаңадан зауыт ашылса, жаңа қондырғы келсе мені сонда шақыратын. Ал тарихи дүниелерді бала кезімнен қызыға оқитынмын. Өткенімізге деген қызығушылық менде ұдайы басым тұрды. Менің алғаш рет қолыма қалам алуыма аудандық газетке шыққан «Қайырханның тағдыры» деген мақала себеп болды. Бұл егемендікті енді алып жатқан тұс болатын. Ол кезде мен сүт зауытының басшысы болып істеймін. Онда Қайырханның тарихи беделіне көлеңке түсіретін мақала жарияланыпты. Оны оқып шыққан соң авторға қатты көңілім қалды. Қайырхан деген – XIII ғасырдың басындағы Отырар қаласының билеушісі, тарихта 1219 жылғы «Отырар қасіреті» мен моңғол шапқыншылығына қарсы ерлікпен қорғаныс ұйымдастырған батыр тұлға, біздің мақтанышымыз, батырымыз. Жаңағы мақалада осы Қайырханды керуен тонаған, сатқындық қылған жағымсыз тұлға етіп көрсетіпті. Бұл қалай? Өшпес ерліктің өнегесін көрсетіп, достары түгілі дұшпандарының өзі мойындаған, әлемдік тарихнамадан ойып тұрып орын алған Қайырхан туралы неге бұлай жазылды?
Ол кезде аудандық газет аптасына үш рет шығатын. Келесі номерлердің біріне осы мақалаға қарсы дәлел айтатын, мақала авторына «Мұның қалай? Шындығында олай емес, былай еді ғой» деп жауап беретін біреу табылар деп біраз күттім. Өкінішке орай, табылмады. Сонымен демалыс күні қолымның босағанын пайдаланып, әлгі мақалаға өзім жауап жазуға бел будым. Жазып біткен соң редакцияға бардым. Ол кезде редактор Икрам Бакиров деген жігіт болатын. Өте сауатты, білікті басшы еді. «Өткен номерлердің бірінде Қайырхан туралы жағымсыз мақала шығыпты. Соған жауап ретінде өзімнің жазбамды әкелдім», – десем, «Бекжан, сен тарихшы ма едің?» – деп төтесінен сұрақты қойды. «Туған жердің тарихын тек тарихшылар ғана білу керек пе?» – деп едім, «Болды, Бекжан. Жазғаныңды оқып шығайық, сосын хабарласамын», – деп мақаланы алып қалды. Көп күттірген жоқ, мақалам келесі номерде-ақ жарияланды. Сол жазбам жарыққа шыққан күннен бастап жерлестер жан-жақтан хабарласып, «Бекжан, мақалаң тамаша шығыпты» деген мақтаулар айтып жатты. Арасында: «Сенің жазушы екеніңді білмеппіз-ау», – деп әзіл-шыны аралас ойын жеткізгендер де болды. Бұрын-соңды қолыма қалам ұстамаған мен сырт көздің осындай оң бағалауынан кейін кәдімгідей марқайып, масайрап қалдым. Үш күннен кейін «Қайырханның тағдырын» жазған автор мені жұмысқа өзі іздеп келді. Ол кезде мен отыздардағы кезім, әлгі кісі алпыстан асқан зейнеткер, ауданға танымал қария еді. Өзі келіп, кешірім сұрап, қолымды алып кетті. Біз де қонақ ретінде жылы қарсы алып, жылы шығарып салдық. Содан кейін ауданда Қайырханға ешкім тиіспейтін болды. Кейіннен газет редакциясының қызметкерлері: «Беке, жазып тұрсаңызшы», – деп хабарласқан соң ара-тұра мақалаларымды жіберіп отырдым. Ал 2020 жылы зейнеткерлікке шыққан соң бос уақытым көбейіп, тарихқа түбегейлі бет бұрдым.
– 2014 жылы «Атланттар туралы аңыз бен ақиқат» атты кітабыңыз жарық көрді. Бұл тақырыпты зерттеуіңізге не түрткі болды?
– Атланттар, Атлантида – өте күрделі тақырып. Күрделі болғанымен де өте қызықты тақырып. Бұл мәселеге қатысты аңыз да, әртүрлі ғылыми болжамдар да көп. Мені атланттар туралы деректердің қаншалықты шындыққа жанасатыны қызықтырды. Ең қызығы, атланттар – Алтайдан шыққан түркі тектес халық. Бұл деректі еуроцентристер, орыстар барынша жасырған. Осы бір аңыз бен ақиқаттың ара-жігін ажырату мақсатында бұл тақырыпты жан-жақты зерттеп, оқырманға өзім жинақтаған деректер мен пайымдарды ұсынғым келді. Әу баста бұл туралы кітап жазамын деген ойым болған жоқ. 2013 жылы ғой деймін, осы тақырыпта мақала жаздым да, газет-журналдарға жібердім. Ол кезде менің жазбаларым облыстық, республикалық газеттерге жиі басылып тұратын. Сөйтсем, мына мақаламды ешқайсысы баспайды. Айтуларынша, «өте күрделі тақырып болғандықтан мұны ғалымдардың қолдауынсыз жариялай алмайтын» көрінеді. Сонымен не керек, мақаламды қолдайтын ғалым іздеп, аудандағы, облыстағы тарихшылардың біразына шықтым. «Әркім өз шаруасымен айналысқан жөн ғой» деген тәріздес пікір айтып, бәрі үзілді-кесілді бас тартты. Өзім жақсы мақала екенін біліп тұрмын. Ішінде көптеген ғылыми деректер топтастырылған. Қол сілтеп, қоя салғым келмеді.
Бір күні бала кезден досым, мемлекет және қоғам қайраткері Әлімжан Құртаевқа жолығып, осы туралы сөз еттім. «Оқып көрейін» деп мақаламды алып қалған. Ертеңіне хабарласып: «Беке, мынауыңыз жақсы жазылыпты. Ішінде танымдық дерегі мол екен. Маған қатты ұнады. Мұны кітап қылып шығарайық», – деді. «Кітабы несі, газет баспай жүргенде? Қайдағы кітап?». Ат-тонымды ала қаштым. «Жоқ, мұны қалайда кітап қылып шығару керек. Мұны ауданның ғалымдары қолдай алмайды. Одан да Астанадағы белгілі тарихшы Қойшығара Салғараұлына барып жолығыңыз», – деді де, өзі Қойшығара ағамен телефон арқылы сөйлесті.
Сонымен барлық мақалаларымды жинақтап алып, Астанаға жолға шықтым. Алдымен «Егемен Қазақстан» басылымында істейтін інім Еркін Қыдырға жолығып, сол арқылы Қойшығара ағамен байланыстым. Тарихшы ағаның өзімен бетпе-бет кездесіп, мақаламды тастап кеттім. Ол кісі ертеңіне қайта шақырды. Оқып шыққан екен, қатты ұнапты. Сол жолы екеуміз ұзақ әңгімелестік. Әңгіме барысында бір сұрағы «Сен өзі не істейсің?» болды. «Ауылда инженер-механикпін», – дедім. «Сен мұның бәрін қайдан жазып жүрсің?». «Бұрыннан оқығаным, жинағаным ғой, аға», – дедім. «Олай болса алғысөзін өзім жазып беремін, сен кітабыңды шығар», – деді. Артынша Қойшығара ағаның сол алғысөзі «Ізденіс түбі – ізгілік» деген атпен «Егемен Қазақстан» газетінде мақала түрінде жарияланды. Одан кейін өзім еңбектерін қатты ұнататын филология ғылымының докторы, профессор Әділ Ахметовті іздеп бардым. Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде істейді екен. Ол кісі де мақаламды оқып шығып, өте жоғары баға берді. Осылайша өмірі ауылдан шықпаған мен Астанадағы екі мықты маманның жақсы бағасын алып, мәз болып үйге қайттым.
2014 жылы «Атланттар туралы аңыз бен ақиқат» кітабы Әлімжан Құртаевтың демеушілігімен Астанадағы «Фолиант» баспасынан 2000 дана болып басылып шықты. Астанаға арнайы барып, жарық көрген кітабымның бір-бір данасын тарих ғылымдарының докторы, түркі тілдес 17 елдің ғалымдарын біріктіретін Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәліге, қазақтың мықты антропологы, академик Оразақ Смағұлға, т.б. ғалымдарға табыстап кеттім. Түркi академиясы ұйымдастырған, барлық түркi елдерiнiң ғалымдары бас қосқан бір форумда академик Мырзатай Жолдасбековке де бір данасын бердім. Ол кісі кітапты қолына алып тұрып, «Бекжан Бейсенбай деген сен бе?» – деді. «Иә», – дедім. «Ауылдың қарапайым инженер-механигі мынадай күрделі тақырыпқа қалай қалам тербеп жүр?» – деп сұрады. «Аға, мамандығым тарихшы болмаса да, жүрегіммен тарихшымын», – дедім күліп. Ол кісі риза болып, арқамнан қақты.
Кейіннен бұл еңбегімді министрлікке хат жазып, сол арқылы Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдарына талдатуға жібердім. Ол жақ та өте жақсы баға берді. Тіпті «Сіз тендер алып, сол арқылы бұл тақырыпты ары қарай зерттеңіз. Шетелдік ғалымдармен, шетелдің ғылыми орталықтарымен байланысыңыз» деп жазды. Мен тендерге қалай түсемін? Ауылдың жай ғана механигімін. Менің бір жеке институтым бар ма еді? Менен басқа ауылда мұны түсінетін адам да жоқ. Кітабымды шығарарда Шәуілдір, Шымкент, Түркістаннан кітабымды қолдап, пікір жазатын адам таппай, Астанаға шықтым емес пе? Сонымен бәріне алғысымды айтып, осы жерден тоқтатқанды жөн көрдім.
2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай интернетте халықаралық конкурс жарияланды. Аталған конкурсқа осы кітабыма енген «Атлантида құпиясы қашан ашылады?» атты мақаламды жібердім. Бұл мақалам Әл-Фараби университетінің ғалымдарынан құралған әділ қазылардың шешімімен конкурсқа қатысқан екі жүзден астам мақалалардың ішінде үшінші орынға ие болды.
– Керемет! Айтпақшы, «Атланттар туралы аңыз бен ақиқатты» орысшаға да аударыпсыз...
– Иә, Оразақ Смағұл ағаның кеңесімен оқырман аудиториясын кеңейту мақсатында орысшаға аударылып, ол нұсқасы «Миф и истина об атлантах» деген атпен 2017 жылы басылып шықты. Бірақ, бұл оңай жұмыс болмады. Ақшасын алып, іске келген кезде «Тілі ауыр екен» деп аудара алмай қиналғандар болды. Тілі ауыр екені рас, өйткені бұл көне тарих қой. Тағы бір аудармашымның аудармасы қатеге толы болды. Мыңжылдықты «тысячелетие» деудің орнына «век» деп аударған. Ақырында Астанадан жақсы аудармашы тауып, сол кісі сауатты аударма жасап берді.
Әл-Фараби ешқашан араб киімін кимеген
– Тарихшы емес екеніңізді әңгіме басында айттыңыз. Тарихты неге сүйеніп жазасыз? Ақпаратты қайдан аласыз?
– Жастайымнан кітапты, әсіресе тарихты көп оқыдым. Оқыған кезде бір әдетім – газет-журнал болса оны сақтап немесе керек тұсын қиып алып қоямын. Кітаптардың керек жерін дәптерге түртіп аламын. Сондай жиырма шақты дәптерім бар. Мақала жазған кезде сол жиған-терген жазбаларыма сүйенемін. Өйткені мұның бәрі – қор, дереккөз. Менің шағын кітапханам немесе архивім секілді. Оған қоса ізденемін, кітапханаға, архивке барамын, мамандармен пікірлесемін. Міне, мақала жазған кезде осының бәрі көп пайдасын тигізеді.
– Бір мақалаңыз түрік журналына жарияланған екен. Сол туралы айтып өтіңізші...
– 2018 жылы еліміздің сол кездегі Президенті Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрді. Соған қатысты «Астана ақшамы» газетінен бір жігіт хабарласып: «Аға, сізді көне тарихтың білгірі деп жатыр. Бізге бір мақала жазып бересіз бе?» – деп өтініш білдірді. «Көлемі қанша болсын?» деп едім, шектеу жоқ екенін айтты. Екі күннің ішінде Ұлы Даланың көне тарихы, түркі әлемінің әлемдік өркениетке қосқан үлесі туралы баяндалған «Ұлы дала – адамзат өркениетінің қайнары» деген мақала жазып, редакцияға жолдадым. Көп ұзамай газетке жарияланды. Кейіннен осы мақалам түрік тіліне аударылып, Түркияның екі ғылыми-танымдық журналында жарияланды.
– Ұлы ғалым, Отырардың тумасы Әбу Насыр Әл-Фараби туралы көп зерттедіңіз. Не білдіңіз? Біз білмей жүрген қандай дерек бар екен?
– Иә, мен Отырар тарихы, оның кітапханасы, Әл-Фараби туралы көп жаздым. Неге десеңіз, бізге біраз ақпараттар бұрмаланып жеткен. Мақсатым – жалған мен шынның ара-жігін ажыратып, халыққа таза ақиқатты жеткізу болды. Мысалы, ресми тарихта Әл-Фарабиді «12-16 жас аралығында ғылым іздеп, керуенге ілесіп Бағдатқа барды, сол жақта білім алды» деп жазады. Бірақ, бұл – шындыққа жанаспайтын ақпарат. Ұлы ғұлама туралы шындыққа неғұрлым жақын, көңілге неғұрлым қонымды ой айтқан – өзбек ғалымдары. Рас, Мұзаффар Хайруллаев бастаған өзбек ғалымдары қазақ ғалымдарының салғырттығын пайдаланып, әл-Фарабиді өзбек қылып алмақ та болады. Тек Ақжан Машановтың бұлтартпас дәлелінен соң ғана ұлы ұстаздың қазақ жерінің тумасы екені мойындалды. Дегенмен олар жазған өзге деректер шындыққа әлдеқайда жақын. М.Хайруллаев былай деп жазады: «Орта Азиядан кетпей тұрғанда әл-Фараби Шаш пен Самарқанға соғып, біраз уақыт Бұхарада оқып, жұмыс істегені туралы әдебиетте деректер бар. Ол Бағдатқа барар жолда Иранның көптеген қалаларында: Исфахан, Хамадан, Рей (Тегеран) және т.б. болады. Фараби саяхатқа шығып, Бағдатқа келген уақыты белгісіз. Кейбір дереккөздерде ол Бағдатқа халиф әл-Мұхтадирдің тұсында келгені туралы айтылады». Ал, әл-Мұхтадирдің халифтік құрған уақыты – 908 жылдан 932 жылға дейінгі аралық. Кей зерттеулер бойынша Әл-Фарабидің Бағдатқа келген уақыты шамамен 919-920 жылдарға, яғни 50 жасына сәйкес келеді. Осы айтылғандарды сараласақ, ғұламаны 12-16 жас шамасында Бағдатқа білім іздеп барды деу тіпті көңілге қонымсыз.
Тағы бір айта кететін жайт, біз Әл-Фарабиді басына сәлде ораған суреті арқылы танып жүрміз. Шындығында ол ешқашан араб киімін кимеген. Бұл туралы арабтардың өзі айтады. Осы күнге дейін Әбу Насыр әл-Фараби деп жүрген сурет өзбек ғалымдарының ғұламаны өзбек етіп көрсеткісі келіп, жариялап жібергені болса керек. Философ туралы «Әл-Фарабидің бойы орташадан төмен, ылғи да түрік киімін киіп жүреді екен. Ол мықты, күшті және ержүрек болған. Жебені жақсы тартқан, атқан оғы нысанаға дәл тиетін» деген дерек бар. Кезінде Ақжан Машанов ағамыз ғұламаның замандастары салған суретін тауып, жариялаған болатын. Ол суретте Әл-Фараби басына бөрік, үстіне шапан киіп, белін кемер белдікпен буынған. Бірақ, бұған назар аударып, қателікті түзетпек болған ешкім болған жоқ, бабамыз сол күйі сәлде ораған суретпен қалып қойды. Осындай біраз дүниелер сарапталған Әл-Фараби туралы мақалаларым «Егемен Қазақстан», «Астана ақшамы» газеттеріне, «Өркениет», «Жалын» журналдарында, «Педагогика және психология» ғылыми журналында жарияланған соң маған жан-жақтан хаттар түсе бастады. Соның ішінде біреуі ағылшын тілінде келіпті. Сөйтсем америкалық бір журнал менің мақаламды басуға рұқсат сұраған екен. Кейін де осындай хаттар көп келді. Бірақ, тіл білмеймін, оларға не деп жауап беремін? Менің тарапымнан кері байланыс болған жоқ. Содан кейін ол мақалалар басылды ма, жоқ па, хабарсызбын.
Менің «Ұлы ғұламаның шынайы өмірбаяны» атты бір мақалам Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы кезінде республикалық және халықаралық конференцияларда көптеген ғалымдардың қолдауына ие болды. 2020 жылдың соңында Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай баспасөз беттерінде жарық көрген жүздеген мақаланың ішінен 8 үздік мақала таңдап алынып, «Ұлы даланың ұлағатты тұлғалары» атты жинақ шығарылды. Осы жинаққа менің «Ұлы ғұламаның шынайы өмірбаяны» атты еңбегім де енді.
«Нағыз тарихшылардың не істеп жүргенін түсінбеймін...»
– Сіздің тағы бір кітабыңыз «Қажымұқан Мұңайтпасұлы: аңыз бен ақиқат» деп аталады. Онда балуанның өміріне қатысты қандай аңыз бен ақиқат айтылған?
– Бір жылдары Майя Бекбаева деген журналист қыз Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы деректі фильм түсіріпті. Фильмде «Балуан өмірінің соңғы жылдарында қазақтар қарамай қойып, таршылық көрді. Кедейлікте, мал қорада өмір сүргендіктен өкпе қабынуынан қайтыс болған» деген ақпарат береді. Оны естіген мен «Бұл қайдан шыққан әңгіме?» деп аң-таң болдым. Кішкентайымыздан Қажымұқан туралы қаншама деректерге қанық болып жүріп, оның қартайғанда бірдеңеден таршылық көргені туралы ешқашан естімеппін. Бақсақ, бұл туралы әуелде ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры болған, марқұм Марат Хасанаев жазып кетіпті. Сондағы оның сүйенген негізгі дерегі осы архивтен табылған Қажымұқанның хатының орысша аудармасы ғана екен. Осының шындығын тексеру үшін Алматыдағы Орталық архивте екі ай құжат қарадым. Бір күні сол жердегі қызға өзіме керек он папкаға тапсырыс бердім. Қарасам, біреуін артық әкеліпті. Әлгінің сыртында «Мұңайтпасова Мінәйім» деп тұр. Бәріміз білеміз, Мінәйім – Қажымұқанның әмеңгерлікпен алған әйелі. Көптен іздегенім өзі алдыма келді. Ең қажетті деген біраз құжаттар мен хаттар соның ішінен табылды. Онда Қажымұқанға 1 шілде 1946 жылдан өзіне 500 сом, 1 қазан 1946 жылдан балаларына 200 сом, барлығы 700 сом дербес зейнетақы тағайындалғанын, оны Қажымұқан қайтыс болғанша, балалары есейгенше алғаны туралы ақпараттар бар екен. 700 сом деген – ол кезде өте үлкен ақша.
Қажымұқан қайтыс болған соң оның зейнетақысы түгелдей тоқтап қалады. Сол кезде Мінәйім апа «Қажымұқан өлсе балалары да бірге өлуі керек пе? Балалардың пенсиясы қайда?» деп хат жазады. Сол хаттан кейін екі баласына дереу жәрдемақы тағайындалып, Айдарханы медучилищені бітіргенше, Жанәділі институтты тауысқанша мемлекет тарапынан үлкен ақша алып тұрған. Әрі-беріден соң Ұлы Отан соғысы басталып, ел басына күн туған шақта өнер көрсету арқылы өз маңдай терімен ақша жинап, елдің қорғаныс қорына ұшақ жасату үшін 100 мың сом ақша жіберген, ер азаматы соғысқа кеткен отбасыларды қамқорлығына алып көмектескен, соғыс біткен соң 1945 жылдың күзінде бірнеше ауданның халқы қатысқан ұлан-асыр той жасаған, 1947 жылы КСРО-да ақша реформасы болған кезде банкке ауыстыру үшін бір қап ақша әкелген Қажымұқанды «аш-жалаңаш болып, кедейлікте өмір сүрді» деп қалай айтуға болады? Осы ақпараттың бәрін «Дербес зейнетақы тағайындалған Қажымұқан қалай аштыққа ұшырайды?», «Қажымұханның хаттары», «Қажымұхан өмірінен трагедия жасау кімге қажет?» деген мақалаларымда толық ашып көрсеттім.
Жалпы, балуанның қарттық шағы туралы ғана емес, оның туған жылы, туған жері, спортта жеткен жетістіктері жайында да даулы мәселелер өте көп. Шындығында Қажымұқан 1871 жылы емес, 1883 жылы бұрынғы Түркістан уезі, Шілік болыстығына қарасты Қаратөбе деген жерде дүниеге келген. Бұл қазіргі Отырар ауданы, Шілік ауылының солтүстік-батыс беткейінде, Шошқакөлге таман, Шіліктен шамамен 3-4 шақырым жерде Қаратөбе деп аталатын елдімекен болған. Қазір онда ел тұрмайды, Ақтөбеге көшіп кеткен. Мұқанның 2-3 жасар кезінде әкесі Мұңайтпас туысына өкпелеп, отбасымен елден көшіп кетеді. Сол кеткеннен Ақмола облысы, Қараөткелге барып тұрақтайды. Қараөткелді балуанның туған жері деп жазылып жүргені содан болса керек.
Қажымұқанның өмірі туралы осындай көптеген деректер пен дәйектер «Қажымұқан Мұңайтпасұлы: аңыз бен ақиқат» атты кітабымда жинақтап берілді. Бұл кітапты ҚР ҒЖЖБ министрлігі арнайы талқылап, рұқсат беріп, ол Ғылыми кеңестің шешімімен жарыққа шығарылды. Темірландағы Қажымұқан кешенінің ашылуы кезінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров осы кітаптың тұсауын кесті. Бұл кітапқа да Әлімжан Құртаев демеушілік етті. Кітапты жазу барысында соңғы кездегі зерттеулер негізінде табылған деректермен қатар, өлкетанушы Абдулла Жұмашевтің жеке қорындағы материалдар мен «Руханият – Әбу Насыр Әл-Фараби» музейінің Қажымұқан туралы қор материалдары пайдаланылды.
– Сіздіңше, тарихты не үшін насихаттауымыз керек? Ол бізге не үшін қажет?
– Әрбір азамат ең алдымен өз тілін, тарихын, салт-дәстүрін білуі қажет. Мұның түп-төркінінде ұлттық тәрбие жатыр. Бұрын интернет, әлеуметтік желі болмаған кезде «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» секілді батырлар жыры мен дастандар ұрпақ тәрбиесінің бір құралы болды. Сол арқылы жас ұрпақты батылдыққа, елін-жерін сүюге, отансүйгіштікке тәрбиелеп, санасына тарихты сіңірген. Тарихты біз де көп насихаттауымыз керек, өйткені өткенін білген адам өз елін құрметтеп, қадірін түсінеді, болашағына жауапкершілікпен қарайтын болады. Сондықтан тарих ұрпақтан ұрпаққа бұрмаланбай, еш өзгеріссіз жетуі қажет.
Қазір тарихшылар өте көп. Біздің елімізде мыңнан астам титулды тарихшылар бар. Титулды тарихшылар деп отырғаным – институттарда, университеттерде, академияларда және ғылыми орталықтарда қызмет етіп жүрген ғылым кандидаттары, ғылым докторлары, профессорлар мен академиктер. Бірақ тәуелсіздік алғанымызға 35 жыл болса да, сол 35 жылда жазылған тарихымыз көңіл көншітпейді. Мысалы, Әл-Фарабидің Отырардың тумасы екенін дәлелдеп шыққан Ақжан Машанов – геолог, шумерлердің түркі тілдес халық екенін дәлелдеген Олжас Сүлейменов – лингвист, қазақтың тарихы туралы қазір кереметтей жазбалар жазып жүрген Қойшығара Салғарин – журналист, түркі тілдес халықтардың тарихы, өркениеті мен мәдениетіне, тіліне қатысты керемет еңбектер жариялап жүрген Әділ Ахметов – филолог, ұлттық тарихты, ұлт руханиятын дәріптеп жүрген Сапар Ысқақов – инженер-құрылысшы. Қарап отырсақ, ешқайсысының мамандығы тарихшы емес, бірақ қазақ тарихына едәуір үлес қосып үлгерді. Сонда нағыз тарихшылар не істеп жүр? Мен осыны түсінбеймін. Осы жағынан келгенде кемшін тұстар баршылық.
Бір әттегенайы, біздің өте терең, керемет тарихымыз бар бола тұра, ол кейінгі ұрпаққа дұрыс жетіп жатқан жоқ. Ресейдің әйел патшасы Екатерина ІІ айтқан дейтін «Қазақтар өз тарихын білмеуі керек. Өз тарихын білсе әлемді жаулап алады» деген тапсырмасы әлі күнге өзгермеген сияқты. Сол үшін біз жастарды қалта телефонымен емес, сапалы оқулықпен, кітаппен тәрбиелеуіміз керек. Ол үшін мазмұны ғылыми тұрғыдан күмәнді, тарихи шындықты бұрмалайтын кітаптарды, оқулықтарды қайта қарап, халқымыздың тарихындағы ұлы тұлғалардың, батырлардың, билердің, хандардың, ғалымдар мен ағартушылардың ел үшін жасаған еңбегін кеңінен әрі көбірек танытуға тырысуымыз қажет. Олардың ғылыми тұрғыдан зерттелген ерлігі мен еңбегін энциклопедияларға, Уикипедияға және басқа да ашық ақпараттық ресурстарға көптеп енгізу қажет. Бұл бағытта тарихи фильмдер мен сериалдарды, деректі фильмдерді де көбірек түсіруге болады. Бірақ әрбір мәлімет нақты дерекке, ғылыми зерттеуге және архив құжаттарына сүйенуі тиіс. Сонда ғана біз өткенімізді бұрмаламай, кейінгі ұрпаққа шынайы әрі мазмұнды тарих қалдыра аламыз. Біздің тарихымызда әлі де зерттелмеген тұстар, әлі де атқарылар шаруа көп, сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғасын табуы тиіс.
– Сіздіңше, патриотизм деген не? Тарихшылар патриот па?
– Патриотизм дегеніміз – адамның өз Отаны, елі, жерімен қатар, ана тілін сүюі, сол үшін қызмет етуі. Мен 2023 жылы академик, ҚР Жаратылыстану ғылымдары Академиясының вице-президенті Еренғайып Омаровтың мерейтойында болдым. Сонда мен «Отырар кітапханасы» деген қазақша баяндама жасадым. Ол кейіннен үздік 16 баяндаманың бірі болып, конференция жинағына да шықты.
Сол кезде біздің кейбір қазақ ғалымдары орысша баяндама оқыды. Сол жерде жанымда отырған жапон ғалымы: «Мыналар неге қазақша сөйлемейді?» – деп сұрақ қойды. Ұялсам да: «Қазақ тілін білмейді», – деп айттым. Әлгі ғалым таңғалды. «Ол қалай? Өзі қазақ, Қазақстанда туған, Қазақстанда тұрады. Осында оқып, осында жұмыс істеп жүріп ана тілін білмей ме? Мен қазақ тілін бір-ақ жылда үйрендім», – деді. Бір қызығы, әлгі жапон ғалымы сол жерде қазақша баяндама оқыды.
Меніңше, өз ана тіліне немқұрайлы қараған, ана тілін білмейтін адам қанша жерден өз елінің тарихын жанын салып зерттеп жүрсе де, қанша жерден мықты тарихшы болса да, ол патриот емес. Патриоттар – ел үшін, жер үшін, Отан үшін, оған қоса ана тілі үшін еңбек етіп, сол үшін күресетін, қажет болса сол үшін жанын қиюға даяр азаматтар. Мұндай жандар тарихта да өте көп. Өз халқыңды сүю оның тілін, оған қоса салт-дәстүрін, тарихын білуден, құрметтеуден басталады.
– Аға, арнайы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін алғыс айтамыз. Тарихты тануға, танытуға деген талпынысыңыз ешқашан азаймасын.