Шымкентте «Кітап Times» жобасы аясында әлемдік бестселлер талқыланды

Авторы:

19.06.2026

18 маусым күні Шымкент қаласындағы А.С.Пушкин кітапханасында «Серпіліс» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Кітап Times» жобасының аясында кітап талқылау кеші өтті. Шараның басты мақсаты жастар арасында кітап оқу мәдениетін арттыру, интеллектуалды ой-өрісті кеңейту және оқырмандар арасында еркін пікірталас алаңын құру. Бұл жолы зиялы қауым мен кітапсүйер қауымның назарына әлемдік бестселлерге айналған, Григорий Петровтың «Ақ лалагүлдер өлкесі – Финляндия» туындысы ұсынылды. Жиналған қауым шығарманың негізгі идеясы, мемлекеттің даму жолындағы тұлғалардың рөлі және бұл тарихи тәжірибенің бүгінгі қазақ қоғамымен байланысы төңірегінде қызу пікір алмасты.

Шараның ерекшелігі – жиынға тек жастар ғана емес, мектеп оқушылары мен ұстаздар, сондай-ақ білім ошақтарының директорлары да қатысты. Арнайы құрылған командалар туындының қазіргі қоғам үшін маңыздылығын жан-жақты сараптады.

Талқылау барысында қатысушылар кітаптың ұлттық ояну идеясын, білім мен мәдениетке ұмтылуды насихаттайтынына ерекше тоқталды. Әсіресе, бұл шығарманың түркі халықтары жастары үшін Батыс елдерінің тарихы мен даму процесін тереңірек түсінуге, өз елінің даму жолындағы дұрыс бағытты табуына көмектесетін таптырмас нұсқаулық екені айтылды.

Жиында Финляндияның мемлекет ретінде қалыптасуындағы Иохан Снелман секілді ағартушы тұлғалардың рөлі сөз болып, «Ішкі мәдениетті қалай дамыту керек?», «Қазіргі ұлттық ояну процесі қалай жүруі тиіс?» деген өзекті сұрақтар төңірегінде салмақты ойлар ортаға салынды.

Кеш соңында қатысушылар кітаптан түйген ойларымен бөлісіп естелік суретке түсті. «Кітап Times» жобасы оқырмандарды рухани байытатын және қоғамдық сананы жаңғыртатын мұндай тағылымды кештерді алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғастырмақ.

Жанерке САУХАНБЕК

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық

қазақ-түрік университетінің І курс студенті