Менің оқушы күнімнен әжемнен ылғи еститін, құлаққа жатталып, жадымда қалған әңгімелері былай болатын: екі кештің арасында жүрме, шашыңды жина, үлкеннің алдынан кесе көлдеңнен өтпе, үлкен сөйлегенде өзіңді тый, бауырларыңа қамқор бол. Осылай кете беретін. Оқушы күнімде әжемнің бұл сөздерінің бірі ұнаса, бірі ұнамайтын. Себебі, бос уақытымда мен де құрбыларым секілді гаджетке шұқшиып отыра бергім келетін.
Мен көп балалы отбасыдан шыққанмын, атам мен әжемнің қолында өстім. Атам таңғы аста береке барын, таңмен таласа ырыс келетінін айтып отыратын, артық ұйқыны ұнатпайтын еді. Ал әжем болса қыз баласы жұмысқа икемді, тіл алғыш, көрген адам «Шіркін, кімнің қызы екен-ау» деп тамсанатындай болуымыз керек екенін құлаққа сіңіретін.
Қазір студент болдым, айналамда түрлі отбасыдан шыққан жастар бар, түрлі тәрбие көрген құрбы-достармен араласамын. Осы кезде менің түсінгенім: «Тәрбие басы – тал бесік» деген тұп-тура айтылған екен. Себебі, адам баласы қанша білімді болса да, тәрбиесі дұрыс болмаса ортаға сіңіп кете алмайтынын түсіндім.
Менің әжем соғыстан кейінгі қиын жылдары көп балалы отбасыда өмірге келген. Анасы 16 құрсақ көтеріп, сол шиеттей балалардың ішіндегі тұңғышы болды. Анасы жол жөндеу жұмыстарында жүрсе, әкесі соғыстан кейінгі қайта жаңару, ауылды көркейту ісімен айналысты. Әжем жас күнінен жұмыс талғамай, ата-анаға көмекші, бауырларына екінші анасындай бола білді. Мектептің де, үйдің де жұмысына алғыр, аяқ-қолы жылдам, ширақ бойжеткен болып жетілді. 18 жасында атаммен отбасы құрып, 6 баланы өмірге әкелді. Осылайша отбасында дана ана, немереге сүйікті әже, келінге үлгі жанашыр адам ретінде қалыптасып, 22 немере мен 6 шөберенің әжесіне айналды. Мен осындай өмір тағылымынан өткен әженің тәрбиесін көрдім.
Бірде ол кісіден «Өмірден түйген дүниеңіз не?» деп сұрадым. «Мен ең өмір бойы жолдасымның бабын жасаған, бала-шағаның қамын ойлаған адам болдым. Қандай жағдайда да ең алдымен отбасын таңдадым және одан жаман болған жоқпын. Бұл өмірде отбасыдан асқан құндылық жоқ», – дейді ол. Бұл күнделікті өмірде естіп жүрген жай ғана сөз болғанымен, мен үшін осы сөздің астарында қаншама құнды ойлар жатыр еді.
Менің әжем – өз ортасында құрметті адам. Оған әулет арасында болатын жиын-тойларда жас келіндердің бетін аштырып, шілдехана тойларда сәбиді бесікке салу салтанатын сеніп тапсырады. Бұл – ардақты жолмен адал жүріп өткен дана ананың жолын берсін дегені. Жыл сайын әз-Наурызда көшемізге наурыз көже беру жиынын ұйымдастырып, қыстан аман-есен шыққан халыққа жақсы тілегін жеткізіп отыратыны тағы бар. Тағы бір қыры – немерелеріне ертегі айтатын әжелер саны азайған мына заманда менің әжемнің ертегісі ешқашан бітпейді. Біз үнемі естіп, жаттап алған ертегілерді енді қазір менің кішкентай бауырларым тыңдап өсуде.
Қазіргі таңда психологтарға жүгінетін жастар көп. Ал маған әжем барда психологтың керегі жоқ. Кез келген дүниені ақылға салып, жөнін айтып, ұятқа қалмайтындай қорытынды жасауға септігін тигізетін әжемді нағыз психолог дер едім. Жылдар бойы өмір тәжірибесімен өзін қалыптастырып, даналығын дәлелдеген осындай әжем барда мен де бақыттымын.
Дастархан басында күнде бірге ас ішуіміз, үлкенге құрмет көрсетуіміз, отбасында болатын мәселені ақыл-парасатпен шешуіміз, жанұя мүшелерінің қажет кезде бір-біріне қолдау мен сенім білдіре алуы, ата-дәстүрден айнымай, қазақы болмысымызды жоғалтпай жүруіміз – отбасылық құндылықтың бір көрінісі. Біздің отбасыда осы аталған құндылықтардың нығаюына сөзімен де, ісімен де атсалысып жүретін жан – менің әжем. Әжем барда осы тәрбие сабақтастығы үзілмейді. Сондықтан да әжемнің әдемі әңгімелері мен тағылымға толы ақыл-кеңестері лайым бітпесінші деп тілеймін.
Жібек МЫРЗАХМЕТОВА