Арманы асқақ, мақсаты биік Зиёдахон

Авторы:

19.06.2026

Жастар – елдің ертеңі ғана емес, қоғамның қозғаушы күші. Олардың бойындағы энергия, талпыныс пен еркіндік әлемді өзгертуге қауқарлы. Себебі жастар үшін шекара жоқ. Бүгінгі жас тек тренд қумайды, сапалы білім алуға да үлкен мән береді және жан-жақты дамуды жөн көреді. Бүгінде әлемнің үздік университеттерінде оқып, елдің атын шығарып жүрген осындай жастарымыз қаншама. Иә, жастарға мүмкіндік беру керек, бойындағы жалынды сөндірмеу қажет. Сонда олар кез келген биікті бағындыра алады. 

Көру қабілетінің нашарлығына қарамастан өзінің биік мақсаттарымен және асқақ рухымен айналасына шабыт сыйлап жүрген жандардың бірі – Шымкент қаласындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дің 4 курс студенті Зиёдахон Нуриддинова. Мектеп бітіріп, үлкен өмірдің табалдырығын аттар сәтте кез келген жастың бойында қобалжу болары анық. Ал арнайы мектепті тәмамдап, жалпы ортадан шыққан замандастарымен тең дәрежеде жоғары білім алуға бекінген Зиёдахонның жүрегіндегі қорқыныш екі есе жоғары еді.

– Шынымды айтсам, оқуға келгенде бойымда үлкен қорқыныш болды. «Қалай болады екен, жалпы мектепте оқыған студенттерге қалай ілесіп кете аламын?» деген сұрақ мазалады. Бірақ университетке келгенде мені бәрі жылы қабылдады. Топтастарым әрдайым қол ұшын созып, қолдау көрсетті. Оқытушылар да ерекше қамқорлық білдіріп, берілген тапсырмаларды жеке ерекшелігіме қарай орындауыма мүмкіндік берді. Осы жылылықтың арқасында жаңа ортаға тез үйреніп кеттім, – деп еске алады кейіпкеріміз студенттік өмірдің алғашқы күндерін. Қазір Зиёдахон – арнайы педагогика мамандандыруы бойынша білім алып жатқан білікті болашақ маман. Оның басты қызығушылығы – өзін жан-жақты дамыту, әртүрлі салада білім алып, оны тәжірибеде қолданып көру. Жаңа адамдармен сұхбаттасып, үйренуден жалықпайтын ол уақытының үлкен бөлігін ізденіске арнайды.

Көп жағдайда қоғам ерекше жандарға мүсіркеу немесе аяушылық көзқарасымен қарап жатады. Алайда, Зиёдахонның ішкі сенімділігі мен жоғары өзін-өзі бағалауы бұл стереотипті тас-талқан етті.

– Өзіме деген сенімділігім өзімді тану арқылы пайда болды. Мен ерекше адам екенімді мойындаған кезде маған бәрі оңай болып кетті. Менің көру қабілетім нашар, иә, бірақ бұл мені тоқтататын емес, керісінше, өсіретін нәрсе екенін түсіндім. Өзімді бәрімен тең санай бастадым. Өзімді аяуды тоқтаттым. Бұл маған білім алып, ізденіп, тек алға қарай жүруіме көмектесті. Бұған, әрине, жақындарымның шексіз қолдауы әсер етті, – дейді ол.

Сабақ барысында Зиёдахон лекцияларды аудиоға жазып алып тыңдайды, сондай-ақ университеттің арнайы платформасындағы видео-дәрістерді пайдаланады. Тіпті, сессия мен аралық бақылау кездерінде ерекше студенттер үшін сұрақтарға ауызша жауап беру мүмкіндігі қарастырылған.

Зиёдахон тек өзі ғана білім алып қоймай, болашақта қоғамға, өзі сияқты тағдырластарына үлкен пайдасын тигізуді мақсат етіп отыр. Ол алдағы уақытта ерекше жандарды қолдау мақсатында өз орталығын ашуды жоспарлап жүр. Қазірдің өзінде бұл бағытта іздену үстінде.

– Өз қатарластарыма айтарым – ерекшелік ол бізге берілген сынақ емес, мүмкіндік. Мүмкіндікті дұрыс пайдалана алсақ, өз қабілеттерімізді дамыта алсақ, бұл – бізді көптеген жетістіктерге жеткізетін жол. Осы жолда мойымаңыздар, тек алға ұмтылыңыздар, – дейді білімгер өз сөзінде.

Иә, бойында асқақ рухы мен білімге деген махаббаты бар Зиёдахон сияқты жастар қоғамға үлгі болып, мүмкіндігі шектеулі жандардың да үлкен жетістіктерге жете алатынын дәлелдейді.

 

Балауса ӘБДІҚАДЫР