Бүгінгі таңда студенттер тек аудиторияда дәріс тыңдаумен шектелмейді. Көбі сабақтан тыс уақытта үлкен ұйымдарда белсенділік танытып, тәжірибе жинап жүр. Сыр өңірінен киелі Түркістан шаһарына білім іздеп келіп, оқу мен үлкен жауапкершілікті тең ұстап жүрген Гүлім Амантайқызы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығында оқиды. Биыл ІІІ курсқа қадам басты. Қазіргі таңда ол – университет жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрайымы.
– Студенттік кезең – әлеуетіңді көрсететін ең белсенді шақ. Мен өз уақытымды тек дәріс тыңдаумен шектегім келмеді. Университеттегі «Жастар рухы» ұйымына жетекшілік ету маған үлкен жауапкершілік жүктеді. Мұнда біз жастардың арасында патриоттық құндылықтарды қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту және студенттердің әлеуметтік мәселелерін шешу бағытында жүйелі жұмыс істеп жатырмыз, – дейді кейіпкеріміз.
Университет қабырғасында жүздеген студенттің басын біріктіріп, түрлі деңгейдегі іс-шараларды үйлестіру оңай шаруа емес. Сабақтан тыс уақытта ұйымның кеңсесінде жобалар жоспарлап, студенттермен кездесу өткізетін болашақ маман өзін ерте жастан еңбек нарығына және басқару ісіне дайындап келеді. Ол елімізде өткен маңызды саяси науқан – референдум кезінде жастардың медиа штабының координаторы болып, ақпараттық жұмыстарды басқарды. Осы белсенділігі үшін Президенттен арнайы Алғыс хат та алды. Сондай-ақ, Гүлім екі жылдан бері аталған университеттің профориентациялық, яғни кәсіптік бағдар беру және агитациялық жұмыстарын Батыс Қазақстан мен Түркістан облыстарында жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бұдан бөлек, өзінің білімі мен қоғамдық белсенділігінің арқасында халықаралық деңгейде танылып, «Орта Азияның үздік студенті» атағын жеңіп алды. Ал жақында ғана университет қабырғасында өткен «Ясауи жұлдызы» сайысында бағы жанып, «Үздік көшбасшы» номинациясын иеленді.
– Төрайым болу тек жиындарда сөйлеп жүру емес, бұл – үлкен еңбек. Сабақ пен қоғамдық жұмысты қатар алып жүру үшін тәртіп керек. Болашақ педагог ретінде маған студенттермен жұмыс істеген өте ұнайды. Біз жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасаймыз. Осы қызметтің арқасында мен жауапкершілікті терең түсініп, маман ретінде шыңдалып жатырмын, – дейді ол.
Студент кезінен бір ұйымның жұмысын алға сүйреп жүрген Гүлім сияқты жастар – бүгінгі заманның нағыз еңбекқор буыны. Күні ертең білім ордасында шәкірт тәрбиелейтін жас маманның бойындағы бұндай ұйымдастырушылық қабілет оның болашақ педагогикалық жолында да үлкен жетістіктерге жетелейтіні сөзсіз.