Журналистің басты міндеті – шындыққа адал болу

Авторы:

20.06.2026

Журналистика – тек ақпарат жеткізу құралы ғана емес, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, қоғамдық пікірдің қалыптасуына ықпал ететін маңызды сала. Осы жауапкершілікті терең сезініп, саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған тұлғалардың бірі – журналист, ұстаз, ғалым әрі композитор Бекжігіт Сердәлі. Көпшілік Бекжігіт Сердәліні журналистика саласының білікті маманы, жас буынға бағыт-бағдар беріп жүрген ұстаз ретінде таниды. Алайда көпқырлы тұлғаның шығармашылық әлемі мұнымен шектелмейді. Қазақ ән өнерінде де өзіндік қолтаңбасын қалдырған композитордың ел жүрегінен орын алған біршама әндері бар.

Біз журналист, ғалым әрі ұстаз Бекжігіт Сердәлімен қазіргі журналистиканың қоғамдағы рөлі, оның басты құндылықтары және жас мамандардың болашағы жайында аз-кем әңгімелескен едік.

– Аға, бүгінгі ақпарат заманында журналистің қоғамдағы рөлін қалай бағалайсыз?

Бүгінгі ақпараттық қоғамда журналистің рөлі бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Қазіргі кезде ақпарат өте жылдам таралады, алайда оның бәрі бірдей шынайы әрі тексерілген бола бермейді. Осындай жағдайда журналист қоғам үшін сенімді ақпараттың сүзгісі әрі бағыт-бағдар берушісі қызметін атқарады. Журналист тек жаңалық жеткізуші ғана емес, қоғамдық пікірдің қалыптасуына ықпал ететін, билік пен халықтың арасындағы байланысты нығайтатын маңызды тұлға. Ол қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, азаматтардың мұң-мұқтажын билікке жеткізеді, әлеуметтік әділдіктің сақталуына ықпал етеді. Сонымен қатар журналист халықтың құқықтық, саяси және мәдени сауатының артуына үлес қосып, қоғамдық сананың жаңғыруына қызмет етеді. Сондықтан ақпарат ғасырында журналистің жауапкершілігі де, миссиясы да айрықша мәнге ие.

Қазіргі журналистикадағы ең маңызды құндылық не деп санайсыз?

Менің ойымша, қазіргі журналистикадағы ең басты құндылық – шындық пен сенім. Қандай заман болса да, журналистиканың негізгі міндеті – нақты, объективті және жан-жақты ақпарат ұсыну. Ақпараттық кеңістікте жалған мәліметтер, манипуляциялар мен түрлі көзқарастар көбейген кезде оқырман мен көрермен ең алдымен сенімді ақпарат көзіне жүгінеді. Сол себепті журналист кәсіби этиканы сақтап, әрбір деректі бірнеше мәрте тексеріп, жеке көзқарасын фактімен шатастырмауы тиіс. Сонымен бірге әділдік, тәуелсіздік, жауапкершілік және адам құқығын құрметтеу де журналистиканың маңызды қағидаттары болып табылады. Қоғамның журналистикаға деген сенімі сақталған жағдайда ғана бұқаралық ақпарат құралдары өз міндетін толық атқара алады.

Әлеуметтік желілер дәуірінде кәсіби журналистиканың маңызы өзгерді ме?

Әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы ақпарат тарату тәсілдерін түбегейлі өзгертті. Бүгінде кез келген адам оқиға орнынан тікелей эфирге шығып, ақпарат жариялай алады. Бұл ақпарат алмасудың жылдамдығын арттырғанымен, жалған немесе толық тексерілмеген мәліметтердің таралуына да себеп болып отыр. Сондықтан кәсіби журналистиканың маңызы кеміген жоқ, керісінше арта түсті деп есептеймін. Кәсіби журналистің артықшылығы – ақпаратты жинау, тексеру, саралау және оны қоғамға түсінікті әрі жауапкершілікпен ұсынуында. Журналист оқиғаның мән-жайын терең зерттеп, себеп-салдарын түсіндіреді, түрлі тараптардың пікірін ескереді. Әлеуметтік желілер жылдамдықты қамтамасыз етсе, кәсіби журналистика дәлдік пен сенімділікті қамтамасыз етеді. Сондықтан қазіргі медиакеңістікте бұл екі бағыт бір-бірін толықтырғанымен, сапалы ақпараттың негізгі кепілі кәсіби журналистика болып қала береді.

Жас журналистерге қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

Ең алдымен жас журналистерге мамандықты шын жүректен сүюге кеңес берер едім. Журналистика – үлкен жауапкершілікті, ізденісті және табандылықты талап ететін сала. Сондықтан жас мамандар көп оқып, өз білімін үздіксіз жетілдіріп отыруы қажет. Классикалық әдебиетті, тарихты, саясатты, экономиканы жақсы білу журналистің дүниетанымын кеңейтеді. Сондай-ақ ақпаратпен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастырып, әрбір деректі мұқият тексеруді әдетке айналдырған жөн. Танымал болуға емес, кәсіби тұрғыдан өсуге ұмтылған дұрыс. Аға буынның тәжірибесінен үйреніп, жаңа технологияларды меңгеріп, бірнеше мультимедиалық құралмен жұмыс істей білу де қазіргі журналист үшін маңызды. Ең бастысы – қандай жағдайда да ар-ожданға адал болып, қоғам мүддесіне қызмет етуді өмірлік ұстаным ретінде қабылдау қажет.

– Пікір білдіріп, ой бөліскеніңіз үшін көп рахмет!

Інжу ЖҰМАБЕК