Соңғы жылдары толық емес отбасылар мәселесі қоғамда жиі көтеріліп келеді. Әсіресе алимент өндіру, әлеуметтік қолдау алу және балалардың психологиялық жағдайы көптеген ананы алаңдатады. Шымкенттік Қазына Серібайқызы үшін де өмірдің ең күрделі кезеңдерінің бірі отбасындағы түсініспеушіліктен кейін басталған. Оның айтуынша, ажырасу туралы шешім қабылдағанда өзін емес, алдымен қыздарының болашағын ойлаған.
– Күйеуім екеуміздің арамыздағы жанжалдың қыздарыма кері әсері тиіп кетпесе екен деп қорқатынмын. Ең үлкен уайымым – балалардың жан дүниесі болды. Өзімнің жағдайымнан бұрын олардың болашағын ойладым, – дейді кейіпкер.
2016 жылы заңды түрде ажырасқаннан кейін оның өмірі түбегейлі өзгерді. Бір қызы мектеп жасында болса, екіншісі балабақшаға барып жүрген еді. Отбасының барлық жауапкершілігі анасының иығына артылды. Алғашында ол Шымкент қаласында тұрып, базарда киім сатушы болып жұмыс істеген. Таңертең баласын балабақшаға апарып, кешке алып қайту, жұмыс пен тұрмысты қатар алып жүру оңай болмаған.
– Кейде тәуліктің 24 сағаты да жетпейтіндей көрінетін. Жаңа жұмыс табу, баспана іздеу, балалардың жағдайын жасау – бәрі бір адамның мойнына түсті. Оның үстіне өмірді қайта бастап кетуге де уақыт пен күш керек болды. Үш жыл бойы алимент өндіру мәселесімен айналыстым. Алимент көлемі аз болды. Соған қарамастан қыздарымды ешкімнен кем қылмауға тырыстым, – дейді Қазына Серібайқызы.
Расында, алимент мәселесі бүгінде көптеген толық емес отбасылар үшін өзекті болып отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл тек материалдық мәселе емес, сонымен қатар бала құқығын қорғаумен байланысты маңызды әлеуметтік тақырып. Соңғы жылдары елімізде алимент төлемейтін азаматтарға қатысты жауапкершілік күшейтілгенімен, бұл мәселе әлі де толық шешімін тапқан жоқ. Қазіргі таңда Қазақстан заңнамасында «жалғызбасты ана» мәртебесі жеке әлеуметтік санат ретінде бекітілмеген. Сондықтан көптеген толық емес отбасылар арнайы жәрдемақы немесе қосымша қолдау түрлерін ала алмайды.
– Біз толық емес отбасы болсақ та арнайы әлеуметтік көмек алған жоқпыз. Балалардың әкесі тірі болғандықтан мұндай қолдау қарастырылмады. Сондықтан бар күшімізді өз еңбегімізге сүйеніп жұмсадық, – дейді кейіпкер.
Алайда Қазына Серібайқызы үшін ең маңыздысы материалдық қиындықтарды еңсеру емес, қыздарының дұрыс тәрбие алып өсуі болды.
– Мен балаларымның көзінше қандай анамын деп жиі ойланамын. Қыздарым қандай болып өссе, өзімді де сондай анамын деп есептеймін. Егер олар жақсы адам болса, демек мен де өз міндетімді атқара алдым деген сөз. Біз үйде өсек-аяң емес, өмірлік құндылықтар туралы сөйлесеміз. Қыз тәрбиесі, білім, ғылым, адамгершілік, жауапкершілік жайлы көп әңгіме айтамын. Балалармен сөйлесуге уақыт табу өте маңызды. Қыздарымнан қуат аламын. Олардың әр жетістігі мені алға жетелейді. Барлық қиындыққа төтеп беруге де солар себеп болды, – дейді ол.
Бүгінде Қазына Серібайқызы өткен өміріне өкінішпен қарамайды. Керісінше, әр сынақтың өзін шыңдап, өмірлік тәжірибе бергенін айтады. Ол барлық қиындыққа қарамастан екі қызын тәрбиелеп өсіріп, олардың білім алуына және тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасады. Оның бүгінгі ең үлкен жетістігі де сол, өмірден өз орнын табуға ұмтылған, саналы әрі жауапты қыздарының өсіп келе жатқаны.
Әлия Муталхан