Отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі құндылықтардың бірі. Қоғамның тұрақтылығы мен елдің болашағы ең алдымен әр шаңырақтағы өзара сыйластыққа, жауапкершілікке, тәрбие мен татулыққа байланысты. Әке мен ананың балаға берген тәрбиесі, үлкенге деген құрмет, ұрпақтар арасындағы сабақтастық – ұлттық құндылықтардың негізін құрайтын маңызды ұстанымдар. Сондықтан отбасын қолдау, оның мәртебесін көтеру және берекелі шаңырақтарды дәріптеу – мемлекет саясатындағы маңызды бағыттардың бірі.
Елімізде жыл сайын өтетін «Мерейлі отбасы» байқауы да адамгершілік құндылықтарды жаңғыртуға, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған. Негізгі мақсат – отбасы институтын, адамгершілікті, руханиятты нығайту, балаларды тәрбиелеуде ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттау, қазақстандық жанұялардың оң имиджін насихаттау. Бұл ретте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та өз сөзінде: «Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді», – деп атап өткен болатын. Осы тұрғыдан алғанда өнегелі отбасылардың өмір жолын көпшілікке үлгі ету, олардың еңбегі мен береке-бірлігін насихаттау негізгі қоғамдық істердің бірі болып саналады.
Биыл «Мерейлі отбасы» байқауы елімізде он үшінші рет өткізіліп отыр. Байқау аясында түрлі салада еңбек етіп жүрген, ұрпағына өнегелі тәрбие беріп, қоғамдық өмірге белсенді араласқан отбасылар көпшілікке таныстырылады. Осынау игі дәстүр Шымкент қаласында да жалғасын тапқан болатын. Аталған байқауға Шымкент қаласының бес ауданынан 48 отбасы өтінім берген еді. Екі айға жуық уақытқа созылған іріктеу кезеңінде қатысушылардың тек отбасылық татулығы мен береке-бірлігі ғана емес, қоғамның түрлі салаларына қосқан үлесі де назарға алынды. Атап айтқанда, отбасылардың білім, ғылым, мәдениет, спорт және басқа да әлеуметтік маңызды бағыттардағы жетістіктері, қоғамдық өмірге белсенді араласуы, бала тәрбиесіне деген жауапкершілігі мен ұрпақ сабақтастығын сақтаудағы өнегесі ескерілді.
Шымкент қаласында «Мерейлі отбасы-2026» байқауының қалалық кезеңінің қорытындыланып, нәтижесінде бес ауданнан іріктелген 12 отбасыға құрмет көрсетілді. Байқауға отбасылық құндылықтарды берік ұстанған шаңырақтар, атап айтқанда, Абай ауданынан Қонарбаевтар мен Мырзахметовтер, Әл-Фараби ауданынан Кендыбаевтар, Еңбекші ауданынан Юлдашевтер мен Ибишевтер, Қаратау ауданынан Оразымбетовтер, Дубаевтар және Шегебаевтар, Тұран ауданынан Нариковтар, Қылышбаевтар және Бексеитовтер қатысып, әр отбасы өздерінің жетістіктері мен өмірлік тәжірибесін ортаға салды. «Көрме» орталығында өткен марапаттау рәсімінде қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жеңімпаздарды құттықтап, алғыс хаттар табыстады. Сыйлық ретінде теледидарлар тарту етілді. Қалалық кезеңнің биылғы жүлде қоры 2,9 миллион теңгені құрады.
Ал байқаудың басты жүлдесі Абай ауданының Қожамжаровтар әулетіне бұйырды. Өнегелі отбасылық құндылықтарды дәріптеп, қоғамдық өмірге белсенді араласуымен ерекшеленген әулет 1 миллион теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды. Бұл марапат Қожамжаровтар отбасының береке-бірлігіне, ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесіне және отбасы құндылықтарын сақтаудағы өнегесіне берілген лайықты баға болды.
Бұл отбасы – тәрбие мен білім саласына ерекше мән беріп келе жатқан өнегелі әулет. Әулет басшысы Сейдахмет Қожамжаров ұзақ жылдар бойы педагог болып еңбек еткен. Жұбайы Зылиха Пернебекова екеуі 10 бала тәрбиелеп өсірді. Ұл-қыздарының барлығы жоғары білімді. Бүгінде әулеттің бірнеше буыны білім беру, ғылым, медицина, психология, өнер, спорт, әскери және қоғамдық қызмет салаларында еңбек етіп жүр. Отбасы құрамында бір академик, екі профессор және алты ғылым магистрі бар.
– Отбасының берекесі – бүкіл Шымкенттің берекесі. Балаларымыз бен немерелеріміз ғылым, медицина, спорт және өнер салаларында жетістіктерге жетіп келеді. Біз үшін үлкенге құрмет, еңбекке жауапкершілік және отбасы мүшелеріне деген өзара қолдау – басты құндылық, – деді Сейдахмет Қожамжаров.
Алдағы уақытта Қожамжаровтар әулеті Шымкент қаласының атынан байқаудың республикалық кезеңіне қатыспақ. Ұлттық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі Астанада өтеді.
Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген қанатты сөз бар. Шын мәнінде елдің ертеңін қалыптастыратын тәрбие ең алдымен шаңырақтан басталады. Отбасында мейірім мен сыйластық орнықса, сол ортада өскен бала да қоғамға пайдалы, елжанды азамат болып қалыптасатыны анық. Сондықтан «Мерейлі отбасы» секілді жобалардың маңызы жыл өткен сайын арта түспек. Өйткені бұл – тек жеңімпаздарды анықтап, марапаттайтын байқау емес, отбасы институтын нығайтып, ұлттық тәрбие мен адамгершілік құндылықтарды дәріптейтін қоғамдық мәні зор жоба.
Берекелі шаңырақ – елдің берекесі. Ал әр отбасындағы татулық пен өзара құрмет қоғамның тұрақтылығы мен тұтастығына қызмет етеді. Осы тұрғыдан алғанда «Мерейлі отбасы» байқауы өнегелі шаңырақтарды дәріптеу арқылы отбасы құндылықтарын жаңғыртып, оны кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызды алаңына айналып отыр.
Қарттарға қамқорлық жан-жақты күтімнен басталады
Отбасылық құндылықтың беріктігі тек бір шаңырақтың ішіндегі қарым-қатынастан ғана көрінбейді. Оның маңызды өлшемдерінің бірі – аға буынға деген құрмет пен қамқорлық. Қазақ қоғамында ата-әжені ардақтау, олардың өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізу қашанда тәрбиенің ажырамас бөлігі саналған. Бұл дәстүрдің қоғамдағы жалғасын «Ізетті зейнеткер» орталығының жұмысынан да көруге болады.
Шымкентте қарт адамдардың денсаулығын нығайтып, белсенді өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған «Ізетті зейнеткер» орталығы жұмыс істеп келеді. Мұнда зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын күтуіне және қоғамдық ортадан алшақтамауына мүмкіндік жасалған. Орталықта зейнеткерлерге санаторлық-емдік және әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсетіледі.
Ем алушылар мекемеге келген кезде дәрігер тексеруінен өтіп, денсаулық жағдайы мен жас ерекшелігіне қарай емдік шаралар алады. Зейнеткерлерге физиотерапия, массаж, емдік дене шынықтыру, сумен емдеу, магниттік және электротерапия, ингаляция, фитотерапия, тұзды шахта және басқа да сауықтыру қызметтері ұсынылады. Қазіргі таңда мекемеде 26 түрлі емдік-сауықтыру шарасы ұйымдастырылған. Сонымен қатар, музыка терапиясы, шахмат, дойбы, үстел теннисі және спорттық-мәдени бағыттағы қызметтер көрсетіліп, 4 мезгіл тамақ беріледі.
– «Ізетті зейнеткер» – Шымкент қаласының жұмыспен қамту әлеуметтік қорғау басқарамысына қарасты қала зейнеткерлеріне арналған шипажай. Біз жылына 3500-ге жуық қарияға қызмет көрсетеміз. Орталықта көрсетілетін барлық қызмет мемлекет тарапынан қаржыландырылып, әкімнің тиісті қаулысына сәйкес тегін ұсынылады.
Зейнеткерлер санаторлық-курорттық ем алуға кезекке онлайн тұрады. Азаматтар geo-shym.kz порталы арқылы өтініш беріп, кезек ретін онлайн бақылай алады. Кезегі келген қарттарға Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы арқылы тегін жолдама беріледі. Біздің дәрігерлер сол жолдамамен қабылдап алып, арнайы ем-дом шараларын тағайындайды. Орталықта қызмет көрсету кезек тәртібімен алынған жолдама негізінде ғана жүзеге асырылады, азаматтар жолдамасыз және кезексіз қабылданбайды. Ең басты талап – келушілер Шымкент қаласының тұрғыны, яғни осы қалада тіркелген болуы тиіс және зейнет жасына жеткен болуы қажет, – дейді мекеме директоры Нұржан Нартажыұлы.
Орталыққа келген зейнеткерлер мұндағы қызметкерлерінің жұмысына дән риза. Солардың бірі – 46 жыл ұстаздық еткен Фарида Тасболатова.
– Шипажай маған өте қатты ұнады. Келгелі тиісті ем-домдардың барлығын алып жатырмыз. Қызметкерлері де кішіпейіл, ізетті. Аяғым ауырып келген едім, тізем бүгілмейтін. Осында келгелі массаждың, түрлі қыздырулардың арқасында оң нәтиже көріп жатырмын. Осы жердің басшысы Нұржанға, басқа да дәрігерлер мен қызметкерлерге алғыс айтамын, – дейді ол.
Айта кетейік, «Ізетті зейнеткер» кешені Бозарық шағынауданындағы жаңа ғимаратқа көшкелі бері қызмет ауқымы кеңейіп, бір мезетте қабылдайтын адам саны артқан. Бұрынғы ғимарат 70 орынға лайықталған болса, қазіргі жаңа кешен 120 зейнеткерді бір уақытта қабылдай алады.
Қарттарға қамқорлық – қоғамның адамгершілік деңгейін көрсететін өлшемнің бірі. Аға буынға құрмет көрсету, олардың денсаулығына көңіл бөліп, белсенді өмір сүруіне жағдай жасау ұрпақтар сабақтастығын нығайтады. Осы тұрғыдан алғанда «Ізетті зейнеткер» орталығы қарттарға жан-жақты қолдау көрсетіп қана қоймай, үлкенді ардақтау, қамқорлық таныту секілді отбасылық құндылықтардың қоғамдағы жалғасын көрсетіп отыр. Өйткені үлкенге көрсетілген құрмет – кейінгі ұрпаққа берілетін өнеге.