Жұмыспен қамтуды арттыру, азаматтардың кәсіп бастауына мүмкіндік жасау және өз ісін дамытуға қолдау көрсету – әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып, азаматтарға кәсіпкерлік бастамасын іске асыруға жағдай жасалуда. Соның бірі – қайтарымсыз мемлекеттік грант. Бұл қолдау түрі өз кәсібін бастағысы немесе бар кәсібін кеңейткісі келетін азаматтарға көптеген мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп, өз кәсібін дамытуға мүмкіндік алғандардың қатарында шымкенттік шебер Айжан Әзімбаева да бар. Ол былтыр қайтарымсыз грант алып, бүгінде өз өндірісінің өрісін кеңейтіп отыр.
Айжанның негізгі мамандығы – тігінші. Соңғы жылдары ол киіз өнімдерін жасауды да қолға алып, дәстүрлі қолөнерге деген қызығушылығын кәсібіне айналдырып келеді. Бүгінде шебер киізден де ұлттық нақыштағы ерекше сәндік бұйымдарды әзірлеуде.
– Соңғы төрт жылда киіз өнімдерін де қолдан жасап жүрмін. Осылайша тігіншілік пен киіз өнерін біріктірдім. Сонымен қатар, киізге, матаға тамбурлы тігіс салып, қазақтың өрнектерін айқынырақ шығарғым келді. Сондықтан мен мемлекеттік грантқа өтінім беріп, кәсібімді ары қарай дамытқым келді. Бөлінген қаржыға қажетті тігін машиналарын алдым, – дейді ол.
Мемлекеттік гранттың арқасында шебер кәсібіне қажетті құрал-жабдықтарын толықтырып, жұмыс көлемін арттыруға мүмкіндік алған. Оның айтуынша, жаңа тігін машиналары өнім сапасын жақсартып, тапсырысты көбірек орындауға жол ашқан.
Айжанның кәсібінің тағы бір ерекшелігі – ұлттық өнерді заманауи кәсіппен ұштастыруы. Ол қазақтың дәстүрлі ою-өрнектерін айшықтау арқылы бұйымдарға ұлттық сипат беруде. Осылайша атадан балаға жеткен қолөнерді жаңа үлгіде жаңғыртып, оны табыс көзіне айналдырып отыр.
Мұндай мысалдар қайтарымсыз гранттың азаматтардың еңбек етуіне, жаңа кәсіп бастауына және кәсібін кеңейтуіне нақты мүмкіндік беретінін көрсетеді. Мемлекеттік қолдау – дайын кәсіпті ғана қаржыландыру емес, адамның өз қабілетін іске асырып, тұрақты табыс көзіне айналдыруына жол ашатын мүмкіндік. Айжан Азимбаеваның кәсібі де осының бір көрінісі.