Бала жанының бағбаны: 18 баланы бауырына басқан батыр әйел

Авторы: Мақпал ҚҰРБАНҚЫЗЫ

11.09.2026

Адам тағдырына бейжай қарамай, ата-ана қамқорлығынан қағылған бір емес, бірнеше баланың өміріне жарық сыйлау – кез келген жанның қолынан келе бермейтін ерлік. Осындай жүрегі кең, мейірімі мол жандардың бірі – кентаулық Түймегүл Ердешқызы. Ол отыз екі жасынан бері өз өмірін отбасы жылуынан айырылған балалардың болашағына арнап келеді. Бүгінде 18 баланы сәби шағынан бауырына басып, оларды тәрбиелеп, білім беріп, үлкен өмірге қанат қақтырған жеке кәсіпкер аналық мейірімнің, адамгершіліктің, табандылықтың жарқын үлгісі ретінде көпшілікке танылып жүр. Біз Түймегүл Ердешқызымен сұхбаттасып, бала асырап алуға не түрткі болғанын, көпбалалы ананың өмірлік ұстанымын, бала тәрбиесі мен патриоттық көзқарасы жайында әңгімелескен едік. Сұхбатымыз сүбелі өрбіп, кейіпкеріміз оқырманға ой тастар біраз дүниенің басын шалды.  

«Бала бағу – үлкен еңбек...»

– Түймегүл апай, бала асырап алуға не себеп болды? Бұл ой сізге қашан және қалай келді?

Біз отбасыда 4 ұл, 6 қыз едік. Мен 1966 жылы туылғанмын. 1984 жылы әкеміз қайтыс болды. Әкем кеткенде мен мектепті енді бітірген болатынмын. Мектеп бітірген соң екі жарым жыл колледжде лаборанттың оқуын оқыдым, бірақ тоқырау заман болған соң өз мамандығым бойынша емес, табылған жұмысты істедік. Бір жылдай құрылыста істедім, одан кейін саудаға келдім. Шешеміз өте жуас кісі болды да, кіші бауырларыма негізінен өзім бас-көз болдым. Бірін тұрмысқа бердік, бірін үйлендірдік, сөйтіп жүріп жұмыстан бас көтермедім. Бұл уақытта үлкендері үйлі-жайлы болып кеткен еді.

1998 жылы 1971 жылғы інім қайтыс болды. Бір күні келінім: «Мен енді тұрмыс құрамын, сөз байласқан адамым бар, балаларды асырайтын жағдайым жоқ, екеуін де балалар үйіне өткіземін», – деп ойындағысын жайып салды. Біз тұрғанда қайдағы балалар үйі, қалған бауырларым үйлі-жайлы, араларындағы ой тоқтатқан бойдағы мен болған соң екі баланы да өзім алып қаламын деп шештім. Содан ұлды да, қызды да өзім бақтым. Ал аналары тұрмысқа шығып кетті де, балаларын сол күйі іздеген жоқ. Қазір екеуі де үйлі-жайлы болып отыр. Бұл кезде мен 32 жаста болатынмын.

Табиғатымнан өзім балажан адаммын, әрі көп балалы отбасыдан шыққаным бар, аналық махаббаты қатты қалап, 33 жасымда тағы да 2 қыз, 1 ұлды асырап алдым. Екі жылдан кейін тағы 1 қызды алдым. Солай әр жылдары бала санын көбейтіп, 2016 жылы олардың саны 18-ге жетті.

Көбісін шақалақ кезінен алдым. Ең кішкентайы үш күндік болды. Төртеуі шала туылған. Тағы екеуі балалар үйінен, біреуі алты, екіншісі жеті жаста келді. Ешқайсысының ұлтына қараған жоқпын, қазақ, орыс, кәріс, өзбек – барлығын бауырына бастым.

Қазір 3 қыз, 3 ұл отбасылы, оларды аяқтандырып қойдым. Бір келінім қолымда, одан үш немерем бар. Қалған келіндерімнің біреуі Шымкентте, біреуі Ақтауда тұрады. Қыздарымның бірі Кентауға, бірі Жаңақорғанға, енді бірі Шымкентке тұрмысқа шықты. Үлкен балаларымның бәрі де жоғары білім алды. Барлығы хабарласып, келіп тұрады.

Одан кейінгілері үлкен өмірге енді қадам басып жатыр. Біреуі енді оқу бітіріп жұмыс істеуде. Күні кеше бір қызым диплом алды. Одан кейінгісі былтыр Алматыға университетке түсті. Тағы бір балам студент. Қалғандары мектеп жасында. Ең кішкентайым жетіге келді.

Осылардың бар жауапкершілігін өз мойныма алып отырған соң ұлды үйлендіріп, қызды ұзатқан кезде де жөн-жоралғысын түгел жасадым. Ешкімнен кем қылмауға, лажы болса елдің алды қылып апаруға тырыстым. Бесік той, сүндет той – бәрі жасалды. «Өз шешем болғанда осылай болмас еді» деген ой болмасыншы деп әлі күнге дейін барымды салып келемін. Сол үшін де күні-түні жұмыс істеп жатырмын.

Аллаға шүкір, қазір үлкен балаларымның бәрінің өз баспанасы бар. Бір жылдары тоқырау заман болып, Кентауда үйлер бес мыңнан сатылған. Адамдардың бәрі көшіп жатқан соң пәтерлерін арзанға беріп кетіп жатты. Кейбір үйлер тіпті қараусыз қалды. Мен сол кезден бастап үй сатып алып қоя бердім. Одан кейін Түркістаннан, кейін Шымкенттен алдым. Әйтеуір, ешкімге жалтақтамай, пәтер жағаламай өз баспаналарында жайлы ғұмыр кешсін деген ой менікі.

– Бұлардан бөлек ата-анасына қосылған басқа да балаларыңыз болыпты...

– Иә, менің қолыма келіп, кейін ата-анасын тауып кеткендер де болды. Бірінің анасы, бірінің әкесі табылып, олар «жаздым, жаңылдым» деген соң балаларын әке-шешелеріне қостым. Баққанымды міндетсінген жоқпын. Бірақ ажыраған қиын болады екен. Қимастық бар, бауыр басу бар, біразға дейін сағынып жүретінмін. Бір жағы қуаныш та болды. Өз отбасын тауып, бақытты ғұмыр кешсе, мен соған үлес қосып жатсам, ол да бір менің қоғамға тигізіп жатқан пайдам болса керек деп өзімді басып қоятынмын.

Балаларын қабылдамағандары да болды. Орыс баламның биологиялық анасы Шымкентте тұратын, соны білетін ол сол қалаға қайта-қайта кетіп қала беретін. Бір күні «Бала осы жақта» деп анасының өзі хабарласқан соң түнделетіп көлік жалдап, Шымкентке үйіне бардым. Жол бойы көз жасым құрғаған жоқ, жеткенше жылап бардым. Жеткен соң «Ақыры анасына қайта-қайта кете береді, одан да бұл баланы шешесіне түбегейлі табыстап кетейін, өз шешесі ғой, өлтірмес» деген оймен: «Балаң 15-ке келді. Анасымен бірге тұрғысы келіп жүр. Баланы қинамай, өзіңнің қолыңа ал», – дедім. Құй сен, құй сенбе, бірақ әлгі әйел маған рахметін айтып, қолымнан сүйді. Ұлты ұйғыр ма, шешен бе, нақты білмеймін, әйтеуір орысша-қазақша араластырып сөйлейтін. «Апай, сізге Алла разы болсын! Бірақ мен басқа адаммен тұрмыс құрған жанмын. Бұның әкесі қаңғыбас, қайыршы болып өмірден өтті. Баласы да сондай болады. Қалған үш балама зияны тиеді, алып кетіңіз, мен бұны баға алмаймын», – деп қолынан жетектеп әкеліп, өзі көлікке мінгізіп жіберді. Баланы алып кері қайттым. Содан ол қолымда қалды. Сондағысы «Туған анам жанымда болса, басқаша өмір сүрер ме едім?» деп ойласа керек. Туған шешесі болған соң сағынады емес пе?! Міне, қазір ол балам да 23 жасқа келді. Үйленіп отбасылы болып кеткен, баласы бар.

– Осы жолда қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз?

Бала бағу – үлкен еңбек. «Байқатпай өсіп кетеді» деген бос әңгіме. Он сегіз баланың он сегіз түрлі мінезі бар. Біреуі жақсы болса, екіншісі қиқарлау, үшіншісі бұзықтау келеді дегендей. Оны көтере білу де ерлік. Бір емес, екі емес, он сегіз бала болған соң үйде түрлі жағдайлар орын алып жатады. Бірақ, сен осы жолды таңдадың ба, демек соған көндіге білуің қажет.

Айы-күніне жетпей жарық дүниеге келген шала балаларымды жетілдіру оңай болды деп кім айтты? Бір оқиғамды айта кетейінші. Бір шалабайымды алғаныма бір ай ғана болған. Сонымен әуре болып жүргенмін. Бір күні біреу есікті қағады. Ашсам қолында құндақтаулы сәбиі бар жап-жас қыз тұр екен, «Түймегүл деген сіз бе?» – дейді. «Иә», – дедім. Сөйтсем өзі Талдықорған ба, Павлодар ма, есімде жоқ, алыстау бір қаланың тумасы екен. Осы жақта біреуден жүкті болып қалып, босанып қойыпты. Сәбиін ескі-құсқы бірдеңеге орап алған. «Әке-шешем бұл түрімді білсе үйге кіргізбейді. Жағдайым қандай болатынын түсінесіз бе? Аламын десеңіз баланы сізге тастап кетемін, алмаймын десеңіз көшеге қалдырып кетемін», – дейді. Шарасыз күйде тұр.

Күн салқын, қазан айы болатын. Үйге кіргізіп, шай беріп, жолына азын-аулақ ақша ұстаттым да, жаным ашып баланы алып қалдым. Анасы сол кеткеннен мол кетті.

Балаға қарасам ірі туылған, өзі шойындай қара екен. Небәрі 25 күндік. Менің шала балам оның қасында кіп-кішкентай болып қалды. Ал енді қызық осы кезде басталды. Кезек-кезек шомылдырамын, кезек-кезек тамақтандырамын. Күні-түні ұйқы жоқ. Екі баланы екі жағыма алып тербетемін. Біреуі қойса, екіншісі жылайды. Шала балам жуастау, шойын қарам жылауық. Түнімен ұйықтатпайды. Сол кезде маған көмектескен құрбы келіншектерге әлі күнге дейін рахмет айтамын. Кезектесіп келіп, бала қарасатын. Олар келмей қалған күні кәдімгідей әбіржіп қалатынмын. Солай екеуін егіз қозы секілді ешкімнен кем қылмай аман-есен жетілдірдім. Қазір жастары жиырмаға таяп қалды. Екеуі де үп-үлкен жігіт болды.

Сонда деймін, бір жағы жұмыс, бір жаға бала. Базарда жүресің, тауар әкелесің, оны өткізесің. Өзім сыртта жүргенде балаларды бала күтушіге табыстап кетемін де, үйге келген соң өзім қараймын. Бір күн ұйықтайсың, бір күн ұйықтамайсың, бір күні ұйқың шала болады. Соған қарамастан жұмысқа шығасың. Мен күріштің, ұнның көтерме саудагері болдым. Таңертең сағат 11.00-ге дейін тауар таратып келемін де, кешке екі сағат ақшасын жинап шығамын. Басқа уақытта үйде болатынмын.

Сөйтіп жүріп үй салдым. Екі бөлелі пәтерге сыймай кеткен соң 2007 жылы қазіргі өзіміз тұрып жатқан жерді алып, құрылыс жұмыстарын бастадым. Бір жылда баспана тұрғызып үлгердім. Екі шала балам да сол кезде жасына толмаған. Құрылыс кезінде есіктің алдына киіз үй құрып, балаларды соның ішіне отырғызып қоятынмын.

Бір жақсысы бұл жолда жалғыз болған жоқпын. Құрбыларым көп көмектесті. Тіпті әлі күнге дейін көмектесіп келе жатқандары бар. Оларға сол үшін алғыс айтамын.  

«Құдай күш-қуат берсе, әлі де бала асырап алғым келеді...»

– Осындай қиындықтарын біле тұра бала асырап алудан бас тартпау үшін адамда қандай қасиет болу керек?

– Ең алдымен адамда балаға деген мейірім болу керек. Кей жұрт «Мынау өзі тұрмыс құрмаған, тумаған, балалардың бәріне қалай қарап жатыр?» деп ойлайды. Бірақ мәселе туған, тумағаныңда емес. Мәселе жүректе. Сен балаға қалай қарасаң, бала да саған солай қарайды. Баланы жақсы көру қажет. Оған деген үлкен махаббат болу керек. Әрине, мен кереметпін, ешқайсысына ешқашан дауыс көтерген емеспін, мүлде ұрыспаймын деп айтсам өтірік болып кетеді. Бала болған соң ұрсасың. Бұлар да өз балаң сияқты ғой. Туған ата-анасы да балаларына сөйлейді. Бұлар да кейде тыңдамайды, кейде бағынбайды, кейде мүлде дұрыс емес нәрселер жасайды. Қанша дегенмен балалықтары бар емес пе?! Сондай кезде бір ұрсып алатыным рас. Арасында ашумен батырып-батырып айтатыным да бар. Бірақ, өзім табиғатымнан жылауық адаммын, содан кейін жүрегім ауырып, «Неге ұрыстым-ей, нем бар еді, көңіліне тиіп қалдым-ау, бекер дауыс көтердім-ау» деп, үйдің сыртын айналып, өзім бір жылап келемін.

Бұлар – менің өмірімнің бір бөлшегі. Мен үшін әрқайсысының орны бөлек. Сыртта жүрген балаларым сәл хабарласпай қалса «Не істеп жатыр екен?», «Неге хабарласпай қалды екен?» деп алаңдап отырамын. Сондағысы ұзағы екі күн. Маған бұлардың аман-сау болып, түзу жүргендері көңіліме үлкен медеу.

– «Осының бәрінің не керегі бар? Елдің баласын бағып ненің азабы?» деп айтқандар болды ма?

– Болды. Бірақ менің мінезім шатақтау. Балаларым туралы біреу бірдеңе десе, ол адаммен араласпай кетуге бармын. Сондықтан қазір ондай әңгімелер айтылмайды. Мен ондайды ұната бермеймін. Бұл – менің өзімнің таңдауым, өзімнің тағдырым, не істесем де өзім шешемін. Мен ол адамнан қол жайып, нан сұраған жоқпын. Баламды тәрбиелеп бер деген жоқпын. Мен тек Құдайға ғана қол жаямын. Ешқашан ешкімге иек артқан емеспін. Аллаға шүкір, өзімде бәрі жеткілікті. Тек жұмыс, үй, бала-шаға деп жүрген адаммын. Аса бір той-томалаққа да бара бермеймін. Мен осы күніме әуелі Алла, содан соң тек өзімнің еңбегімнің арқасында жеттім. Сондықтан ең бірінші Аллаға, одан кейін тек өзіме сенемін. Осы істі жаным қаламаса мен бұларды алмас едім. «Баға алмаса бала асырап несі бар?!» деген әңгімеге қалғым келмейді. Бұл – өз таңдауым, өз қалауым.

Біреулер, бәлкім, «Бала асырап, мемлекеттің ақшасына қарық болып жатыр» деп ойлайтын шығар. Ол жақтан болмашы ғана ақша бөлінеді. Өзім жеке кәсіпкер болған соң мемлекеттің қаржысына қараған жоқпын. Оның үстіне ондай ниетпен асыраған бала бала болмайды. Егер біреудің ниеті сондай болса, ол адамның балаға деген махаббаты жоқ деген сөз.

Құдай күш-қуат берсе, мен әлі де бала асырап алғым келеді. Егер біреу «Мына баланы алыңыз» деп келсе де жоқ демеймін, ала беремін. Үйдегі балаларым өсіп кетті. Жас сәбидің иісін тағы бір рет құшырлана иіскеуге қарсы емеспін.

– Қазір көп ата-ана өзге түгілі өз балаларын тыңдата алмай  жатады. Сіз балаларды қалай тәрбиелейсіз?

– Ең бірінші еңбекпен тәрбиелеуге тырысамын. Өзімнің көргенім бейнет пен еңбек болды. Қара жұмысты көп істедік. Әкем шахтер еді және соған қоса қора-қора малы болатын. Сабақ қалай бітеді, солай фазендаға кетеміз. Ат қайырып, бие байлаймыз. Оны сауамыз. Сасыр деген шөп болатын, 3-4 машина қылып соны орамыз. Әкеміз бізді осылай тірлікпен шыңдады.

Үйіміз қырда болатын. Әкеміздің келе жатқаны сонадайдан көрінетін. Ол кісі үйге жетемін дегенше он бес минут өтеді. Сол уақыт аралығында үйдегі істелу керек жұмыстың бәрін жүгіріп жүріп тындырып тастайтынбыз. Әкеміз ұрыспайды, ұрмайды, қабақ та түймейді, бірақ тәрбие солай болды. Бәлкім, шешеміздің «Әй, әкеңе айтамын», «Қазір осыдан әкең келсін» деген сөздері бізге жеткілікті болды ғой деймін.

Өзім солай қара еңбекпен өскен соң балаларды да соған баулуға тырысамын.  Қара еңбек дегенде шахта қаздырып, үй қалатпайтыным анық қой. Мен не істеймін, бос уақыттарында бұлар да жанымда жүріп соған көмектеседі. Өз басым ер адамның жұмысы, әйел адамның жұмысы деп бөлмеймін, қолымнан келе ме, істей беремін. Балалар да соған дағдыланған. Көлік жөндесем күлішімді әперіп тұрады, нан илесем ұнымды салысып тұрады, тамақ істесем картоп-пиязымды аршып береді. Сол тәрбиенің жемісі шығар, балаларымның біреуі бетіме келген емес. Соған қуанамын. Айтқанымның бәрін түсінеді. Зиянды әдеттері жоқ. Жүректері де өте жұмсақ.

Үлкен балаларымның бәрі сабақты жақсы оқып, грантқа түсті. Кішілерінің сабағын өзім қадағалап отырамын. Бала мақтау сүйеді. Мақтаймын, еркелетемін. Ерегістірмеймін. Оларға өтірік сөйлемеймін. Бір рет өтірік айтсаң, келесіде саған сенбейді. Бала үлкендерге сенім арта алу үшін баланың тілінде сөйлесе білу керек. Сонда ол өз ойын жасырмай жеткізетін болады. Ол да адам. Жасы кіші болса да жеке тұлға. Баламен санаса білген дұрыс. Сонда ол сені жақсы көріп тұрады. «Менің ғана айтқаныммен жүру керек» деген ұстаным дұрыс емес. Олардың да өз ойы, пікірі бар. Соны тыңдау қажет.

Кейде баламен бала боламын, кейде ересек адамдарша сөйлесемін. Керек кезде ақылдасамын, ойларымен санасамын. «Қалай ойлайсыңдар, мынаны былай қылсақ қалай болады?» деп сұраймын. Бірінші кезекте осыларды тыңдауға тырысамын.

Адамдардың балалы болуына жол көрсетіп, жәрдемдескен

– Шынында да бала тәрбиесі – үлкен психология. Сіз айтып отырған бұл дүниелер өз отбасыңыздан сіңген құндылықтар ма, әлде кейін тәжірибе арқылы қалыптасты ма?

– Менің әжем сондай кісі еді. Ол кісі мені басымнан сипап, мақтап отырып жұмсайтын. Маған қатты сөйлеген емес. Қатты сөйлесе болды, ештеңе істемей қояды екенмін. Мақтаусүйер болыппын. Әжем мені мақтаса болды, сол сәтте тірліктің бәрі бітеді екен. Мен әжемнің тәрбиесін көбірек алдым, басқа бауырларыма қарағанда әжеме жақын болып өстім. Әжем бізді шешемізден қызғанып қалатын. Өзі адуынды кісі еді. Анамызға сәл жақындап кетсек болды, «Сені туған сол ма?» деп ренжіп қалушы еді, жарықтық. Соны білетін шешем де бізді жуындырып-шайындырып, тамақтандырғаны болмаса бетімізден сүйіп, мейірленген емес. Әжемізден бата алмаса керек.

Біз он болсақ, әкеміз де он ағайынды еді, біздің үй әжеміз отырған қара шаңырақ болған соң жаз шыға бере қалған тоғызының да бала-шағасы біздің үйде жүретін. Атамыз ертеректе қайтыс болып кеткен. Жыпырлаған балалар әжеміздің жанынан шықпайтынбыз. Айналасына отырып алып, ол кісі не айтса соны ғана істеуші едік. Осындай тәрбиемен өстік.

Қазір өзім де әжемін, немерелерімді мен де жоғарыда айтқанымдай мақтап жұмсаймын. 2,5 жастағы немеремнің өзі мақтамасаң тіліңді алмайды. Бірақ солай екен деп бостан босқа, шектен тыс мақтай беруге тағы болмайды. Барлығы орнымен болу қажет. Жалпы, бала деген шыбық секілді. Қалай тәрбиелесең, солай кетеді. Баланың жақсы-жаман болуы оған берілген тәрбиеден деп ойлаймын.

– Сізге «Бала асырап алайын деп едім, жол көрсетші» деп келетіндер бар ма?

– Иә, бар. Біразына жәрдем беріп, балалы қылдым. Қандай құжат керек, не істеу керек, қайда бару керек, жолын көрсеттім, түсіндірдім. Біреулеріне 2-3 сағат уақытымды бөліп, баратын жерлеріне өзім қосылып баратынмын. Кейіннен алғысын айтып, көйлегін кигізіп жатады. Қарап тұрсаңыз, мұның өзі сауапты іс қой. Сондықтан мұндай істе ешқашан аянып қалған емеспін. Білгеніммен бөлісуге қашанда әзірмін.

– Жаңа өз сөзіңізде әрі баланың мінезі әртүрлі деп айтып қалдыңыз.  Балалардың өзара қарым-қатынасы қандай?

– Балаларым өте бауырмал, бір-біріне қарсы келмейді. Менің бір әдетім бар, бір бала бұзықтық жасаса, біреуіне ғана емес, барлығына бірдей ұрысамын. Сондай кезде ара-тұра біреуі жылап қалса, қалғандары мені көзімен атып жібере жаздап қарап отырады. Содан соң «Сіз оған қатты ұрысып қойдыңыз» деп қорғаштап шығады. Оған мен күлемін. Бір бірі үшін шырылдап жүргеніне қуанамын. Биыл диплом алып жатқан қызым – араларындағы ұйымдастырушы. Бәрін сол ұйымдастырып отырады. Өзі ақылына көркі сай қыз, адамның іші-бауырына кіре білетін көркем мінезі бар. Бәрі соны тыңдайды. Ағасы қаталдау, кейде ұрсады, дей тұрғанмен оның өзі кейде әйелі екеуі сол қызыма бағынады. Бір үйде бір басқарушының болғаны да дұрыс шығар деп қоямын...

– Сіз алған балалардың арасында кейбірінің диагнозы болған екен. Не себепті тәуекелге бардыңыз? 

– Иә, бірнешеуі солай болды. Бірақ кейін қатарға қосылып кетті. Дей тұрғанмен бір баламның тағдырын айтып берейін. Бір күні балаларымды батутта ойнатып жүргенмін. «Апай, бір бала бар, көресіз бе? Бірақ денсаулығы онша дұрыс емес», – деп Түркістаннан хабарласты.

Барсам жеті айлық шала бала. Туылғанына небәрі 12-ақ күн болыпты. Кіп-кішкентай, қап-қара. Жанына барсам жыртиып маған қарайды. «Бұны неге ешкім алмай жатыр?» – деп сұрап едім, «Апай, бұл ДЦП болып туылған, оған қоса таңдайы жоқ, жүрегі тесік, анемия, неврология жағынан да дерті бар», – деп әйтеуір санамалап тоғыз түрлі диагнозын айтып берді. Ойлаңызшы, өзі шала туылған және оған қоса бір басында тоғыз түрлі диагноз. Сөйтіп тұрғанда балаларды батуттан алатын уақыт болып қалды да, «Жарайды, көремін, ойланармын» деп шығып кеттім.

Шыққан соң әлгі бала еш ойымнан кетпей қойды. Аз уақытта кәдімгідей жақсы көріп қалдым. Ішім баланы басқа біреуге еш қимай тұр. Әлгіндегі жыртиған көзімен маған қарағаны да көз алдымнан кетпей қойды. Балаларды үйге апарып тастадым да, сол жаққа қайтадан бардым. Бұл жолы сырлас әрі мұңдас болып жүрген жақын бір әпкем бар еді, оны да жаныма ертіп алдым. Мән-жайды естіген соң әлгі әпкем: «Қойшы, Түймегүл, оны алып қайтесің? Өміріңнің бәрі ауруханада өтеді. Онсызда үйіңде бала аз ба еді?!» – деп біраз ұрсып алды. Маған жаны ашып тұрғанын жақсы түсініп тұрмын. Бірақ үндемедім. Сөйттім де, өз шешімімнен қайтамын ба, ауруханының бас дәрігеріне кіріп, баланы алатынымды айттым. Маған «Неге?» деген сұрақ қойды. «Диагнозының бәрін көріп-біліп тұрсыз ғой», – дейді. «Бала маған көзін ашып қарады», – дедім. «Ой, апай, сіздікі қызық-қызық тірлік қой. Бәлкім, сіз түсінбей тұрған шығарсыз. Әлде жеңіл-желпі қарап тұрсыз ба? Мына қағаздарын оқыңызшы», – дейді. «Жоқ, мен бәрін жақсы түсініп тұрмын», – дедім. Содан баланы алдырып, көзімше тамақ бергізді. Таңдайы жоқ болған соң аузынан берген тамақ мұрнынан шығып жатыр. «Тамақты тек тіке ұстап тұрып беру қажет», – деді. «Аламын! Құдай маған осы баланың бейнетін жазса мен көндім», – дедім. Сөйттім де сол баланы бауырыма бастым. Себебі, мен сәбидің сол кездегі көзін ашып қарағанын Алла Тағаланың маған берген белгісі деп түсіндім.

Үйге алып келген соң, әрине, бұл баланың бейнеті аз болған жоқ. Өте көп жылайтын. Тамақ бергенде де көтеріп жүретінмін. Сөйте тұра адам баласына сенбеймін тағы. Ешкімге сеніп тапсыра алмаймын. Ауруханада да көп жаттық. Алматыда ота жасатып, таңдайына ет салдырдым. Несін айта берейін, әйтеуір, көп нәрседен өттік. Қазір қатарға қосылып қалды, жүгіріп жүр, қайда барсам да жанымнан бір елі қалмайды. Өзі электроника жағынан мықты. Керек десең көлік те, скутер де айдай алады. Роботехника үйірмесіне барады. Әйтпесе он жасқа енді толды. Айтқаныңды тез қағып алады, жүрегі өте жұмсақ. Содан соң бауырмал, аға-әпкелерінің бәрін түгелдеп отырады. Тұрмысқа шыққан әпкелеріне қыдырып баратын болсақ, «анау баласы ананы жақсы көреді, мына баласы мынаны жақсы көреді, оларға мынадай керек» деп дүкеннен керегін алады да, «Мен болдым» деп кассаның алдына келіп тұрады. Ақылдылығында шек жоқ. Бірақ әлі де емделуіміз керек, диагноздары бар. Енді осы баланың емі үшін Астанада біраз болып келсем бе деп отырмын.    

«Балаларым жан-жақты әрі білімді болса екен деймін...»

– Балалар өздерінің өткенін, сіздің қолыңызға қалай келгенін біле ме? Бұл туралы әңгіме қозғайсыз ба?

– Әрине, мен асырап алғанымды ашық айтамын. Оны жасыра алмайсың. Бала бір күні менен болмаса да сырттағы біреуден естуі мүмкін. Ес біле бастаған кезде отырғызып қойып, бәрін айтамын. Алғашында ауыр қабылдайды, кейіннен түсіне бастайды. Туғандарын іздеймін десе де еш қарсылығым жоқ. Мұны өздеріне де айтқанмын. Бір рет бәрі жиналған кезде осы тақырыпты қозғадым. «Оқу бітірдіңдер, есейдіңдер, ой тоқтаттыңдар. Егер ата-аналарыңды іздеймін, танысамын, табысамын десеңдер мен қарсы емеспін. Өсіргенімді, баққанымды міндетсінбеймін. Қанша дегенмен тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп сендерді дүниеге әкелді. Туған анамды көргім келеді десеңдер рұқсат», – деп едім, «Мама, бізде сізден басқа ана жоқ. Біздің анамыз – сіз. Бастысы біз аман болайық, біздің несібемізге сіз аман болыңыз. Әңгіме осы жерден тоқтасын. Бұдан кейін бұл тақырыпты қозғамаңыз», – деп бірауыздан нүктесін қойды. Одан кейін бұл жөнінде қайта айтқан емеспін.

Жалпы, бала-шағам менің журналистерге сұхбат бергеніме де қарсы. Ренжиді. Телевидениеден де көп келеді. Өйткені, балаларым өсіп, ес біліп қалды. Жекжат артты. Өткен өмірлерін жарияға жар сала беруді жөн көрмейді. Сондықтан көбіне бас тартамын.

– Балалардың биологиялық ата-анасына «Неге тастап кетті?» деп іштей ренжіген сәттеріңіз болды ма?

– Мен өзім «Баланы қоқысқа, дәретханаға тастап кетіпті» дегенді жаңалықтардан ести қалсам, көзімнің жасын бір сығып аламын. Жүрегім ауырады. Далаға тастағанша балалар үйіне, не болмаса мен сияқты бала бағып отырған үйлерге неге тапсырып кетпейді екен деп қаламын. Бірақ ешкімді кінәлай алмаймын. Олардың басында не жағдай болғаны бір Аллаға ғана аян. Бәлкім ел-жұртқа жария болғысы келмейтін шығар. Бәлкім тексерудің астында қаламын деп қорқатын шығар. Бұл жағдайда оларды ақтай да, даттай да алмаймын.

Адам болған соң қателеседі. Алпысқа келген мен де қателесуім мүмкін. Бұл жерде тек әйелді кінәлауға болмайды, ер адамның  жауапсыздығы, ата-ана тарапынан да қолдаудың жоқтығы байқалады. Сондықтан артық бірдеңе айтуға хақым жоқ.

– Балалар бос уақытында немен айналысады?

– Бұларда бос уақыт жоқ. Сәл бос болса телефон көріп жатып алады. Содан соң бос қоймауға тырысамын. Үйірмелеріне барады, маған көмектеседі. Арасында мешітке барып, екі айдай білім алады. Мешітке жіберетін себебім, бала имандылыққа үйренеді. Бата беруді, Құран оқуды меңгереді, азды-көпті сүре жаттайды. Оның несі жаман? Бала мұны да біліп өсу керек.

Балаларым жан-жақты әрі білімді болса екен деймін. Қазір білімдінің заманы. Сол мақсатта танымы ашылсын деп кішкентайларға ертегі кітап оқытамын. Ересектеріне пікір таластырамын. Барлығы үстел басына жиналған кезде: «Әйел бақытын қалай түсінесіңдер?» – деп сұрай саламын. Не болмаса «Отбасы деген не?» деймін. Ойыма не сұрақ келеді, соны сұрай беремін. Содан соң бәрі шулап ойларын ортаға тастайды. Соны екі-үш сағат талқылаймыз. Өйтпесең бұларды сөйлете алмайсың, іштерінде не жатқанын білмейсің. Жүректері ашылмайды.

Босай қалсақ кешкі астан соң бала-шағаны жинап алып, үйде музыка қосып билейміз. Жексенбі күні бассейнге, батутқа, кәуап жеуге барамыз. Бұларға көңіл бөліп, аптасына бір қыдыртпасаң болмайды. Бір нәрсе уәде беріп, соны орындамасаң немерелерге өтірікші әже атанасың. Сол үшін уәдемді орындауға, әперем дегенін әперуге, апарам деген жерге апаруға тырысамын. Менің ең бірінші жұмысым – бала тасу. Көлікпен бәрін өзім тасимын. Апарамын, әкелемін. Күнім солай өтіп жатыр. 

Бұлар – менің көз қуанышым. Баланы бағып, оның қызықшылығына жүгіріп жүрудің өзі мен үшін үлкен бақыт. Біреуі диплом алып жатады, біреуі босанып жатады, біреуі оқуға түсіп жатады. Біреуінің анаусына, біреуінің мынаусына жүгіріп жүремін. Маған сол ұнайды. Мен соған қуанамын. Қазір бос уақытым да жоқ. Үй, бала-шаға, немерелер, жеке кәсібім деп жүгіріп жүрген жайым бар. Әйтеуір, бәріне үлгеруге тырысып жатырмыз.

– Түймегүл апай, сіз патриотсыз ба? Сіздіңше, патриот деген кім?

Патриот деген – өз ісінің маманы, халыққа қызмет ететін, халықтың жағдайын ойлайтын адам. Патриоттар тек өз басын ғана ойламайды, олар тұтас қоғамды ойлайды. Ол кішкентай әрекеттерден көрінуі мүмкін. Мысалы, саудагер болсаң бір затты әкеліп, оны 2-3 есе қымбат бағаға сатсаң, ол патриоттыққа жатпайды. Баға халыққа қолжетімді, елдің қалтасы көтеретіндей болғаны дұрыс. Сол сияқты мұғалім өз жұмысын жауапкершілікпен атқарып, сапалы білім берсе, дәрігер науқасқа жанашырлықпен қарап, адал ем көрсетсе, инженер сапалы құрылыс жүргізсе – мұның бәрі патриоттықтың көрінісі. Қоғамды ойлау дегеніміз де осы. Қоғамды ойлау әркімнің өз міндетін адал атқаруынан басталады.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет! Қоғамда сіз секілді қоғамды ойлайтын жандар көп болсын.