Жиырма бірінші ғасырдың серпінді дамуы жоғары білім алушыларға да үлкен міндет жүктеп отыр. Бүгінгі студент бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуы қажет. Себебі заман соны талап етеді. Алайда студенттік өмір тек жетістіктер мен мүмкіндіктерден тұрмайды. Қазіргі таңда жастардың білім алу жолында проблемалар да жоқ емес. Соның бірі – мамандық таңдаудағы қателік. Көп студенттер өздері қызыққан мамандықта емес, ата-анасының айтуымен таңдалған мамандықта оқиды. Соның салдарынан оқуға деген қызығушылықтары төмендейді. Бұл сабақ үлгерімінің нашарлауына әкеледі. Кей жағдайда студенттер таңдаған мамандығының өзіне сәйкес келмейтінін оқу барысында түсінеді. Нәтижесінде жарты жолға келгенде мамандық ауыстырып немесе оқуын тастап кетіп жататын жағдайлар кездеседі. Сондықтан болашақ мамандықты таңдау кезінде әр адамның өз қызығушылығы мен қабілеті міндетті түрде ескерілуі тиіс.
Екінші маңызды мәселе – қаржылық жағдай. Қазіргі кезде шәкіртақы мөлшері бұрынғыға қарағанда жақсы болғанымен, үлкен қалаларда өмір сүру шығындары жоғары. Жолақы, тамақ, жатақхана және күнделікті қажеттіліктер кейде студенттің ата-анасына ауырлық түсіреді. Сол себепті кейбір студенттер қосымша жұмыс істеуге мәжбүр болады. Бұл оқу мен жұмысты қатар алып жүруге қиындық тудыратыны анық. Жұмысқа көп уақыт бөлген студенттердің сабаққа дайындалуға мүмкіндігі азаяды. Кей жағдайда дәрістерден қалу немесе тапсырмаларды уақытында орындамау секілді мәселелер туындайды. Нәтижесінде оқу үлгерімі төмендеп, бұл да білім сапасына әсер етеді. Оған қоса студенттің бос уақыты шектеледі. Демалыс пен өзін-өзі дамытуға уақыттың жетіспеуі олардың физикалық және психологиялық жағдайына кері ықпал етуі мүмкін. Үнемі шаршаңқы күйде жүру, күйзеліс пен мазасыздықтың артуы студенттердің оқуға деген ынтасын төмендетеді.
Міне, бүгінгі кей студенттің жай-күйі осындай. Бір жағынан сапалы білім алып, білікті маман болуға ұмтылса, екінші жағынан түрлі қиындықтармен бетпе-бет келеді. Дегенмен осы кедергілерге қарамастан жастар өз мақсаттарына жету үшін болашағын қалыптастыруға талпынуда. Сондықтан студенттердің білім алуына қолайлы жағдай жасап, олардың мәселелеріне бейжай қарамау өте маңызды. Өйткені бүгінгі студенттің ертеңгі елдің дамуына үлес қосатын білікті маман, саналы азамат және мемлекеттің болашағы екенін ұмытпайық.
Әсемай СЕЙТБЕК
Қожа Ахмет Ясауи атындағы
Халықаралық қазақ-түрік университетінің І курс студенті