Қашанда құрметке лайық бір адам бар

Авторы:

20.06.2026

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде алты жылдан бері техникалық қызметкер болып еңбек етіп келе жатқан Шынар Сатыбалдиева (суретте) – оқу орнының тазалығы мен тәртібін сақтауға тынбай өз үлесін қосып келе жатқан жандардың бірі. Күн сайын жауапкершілікпен жұмыс атқаратын маман өз ісіне ерекше ұқыптылықпен қарайды. Оның жұмыс күні таңертең ерте басталады. Келе сала ғимараттың тазалығына кірісіп, аудиториялардың мұнтаздай таза болып тұруына ерекше мән береді.

– Таңертең ерте келіп, аудиториялар мен дәліздердің тазалығын қараймын. Студенттер мен оқытушыларға қолайлы орта қалыптастыру үшін күн сайын тазалық жұмыстарын жүргіземін. Жұмысым күн сайын қайталанғанымен, әр күннің өз жауапкершілігі бар. Күні бойы қозғалыста жүргендіктен кейде шаршаймыз, бірақ студенттердің жайлы, таза ортада білім алып жүргенін көргенде қуаныш сезімі пайда болады, – дейді ол.  

Тазалықшы апай еңбегінің бағасын студенттердің өзіне деген қарым-қатынасынан да байқайтынын айтады. Сөзінше, мұндай сәттер оның жұмысқа деген ынтасын одан сайын арттыра түсетін көрінеді.

– Кейбір студенттер алғыс айтып жатады. Көпшілігі өте сыйлы. Үнемі сәлем беріп, құрмет көрсетеді. Кейде көмектесіп те жатады. Жастардың үлкенді сыйлағанын көргенде риза боламын. Кей студенттер оқуын аяқтап, диплом алып кеткеннен кейін де кездесіп қалса, амандасып жатады. Осылай бізді ұмытпай, құрмет көрсететіндері қуантады. Осындай жылы қарым-қатынас бізді де шабыттандырып, өз жұмысымызды одан әрі ықыласпен атқаруға жігер береді, – дейді Шынар Сатыбалдиева.  

Адам әртүрлі мамандық таңдайды, ол мұғалім де, дәрігер де, құрылысшы да болуы мүмкін. Мұнда ең бастысы – еңбектің бағалануы. Өз ісін жақсы көретін адамның еңбегі қашанда бағаланады. Адал еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Әрбір адам Шынар апай секілді өз жұмысын жауапкершілікпен атқарса, қоғам да қоса дамитыны анық.

Ақжарқын ҚУАНЫШБЕК

Қожа Ахмет Ясауи атындағы 

Халықаралық қазақ-түрік университетінің І курс студенті