Дәрігер болу – үлкен жауапкершілік пен адам өміріне деген адалдықтың белгісі. Ал сол жауапкершілікті өмірлік серігіңмен бірге арқалап, ортақ істі табысты дамыту – ерекше үйлесім мен сенімнің көрінісі. Бүгін біз стоматология саласында абыройлы еңбек етіп қана қоймай, жұбайымен бірге отбасылық бизнесті табысты жүргізіп отырған шымкенттік стоматолог-дәрігер, «Implant City Premium» клиникасының негізін қалаушы Тоялиева Гаухар Абзалбекқызымен сұхбаттасқан едік.
Гаухар ханым – өз ісінің білікті маманы ғана емес, сүйікті жар, аяулы ана және көптеген жандарға әдемі күлкі сыйлап жүрген жан. Ол заманауи стоматологияның қыр-сырын халыққа түсінікті тілде жеткізіп, әлеуметтік желіде де белсенділік танытып келеді. Instagram парақшасы арқылы кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, ауыз қуысы күтіміне қатысты пайдалы кеңестер ұсынып, оқырмандарымен тығыз байланыс орнатқан дәрігер ретінде де көпшілікке жақсы таныс.
– Гаухар ханым, ең алдымен «Еңбек адамы» деген ұғымды өзіңіз қалай түсінесіз? Нағыз еңбекқор адам қандай болуы керек?
– Жалпы, еңбек адамы – қоғамның дамуына өз еңбегімен үлес қосып, адал қызмет ететін, маңдай терімен нәпақасын тауып жүрген кез келген адам. Ол тек белгілі бір мамандық иесі ғана емес, өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қоғамға пайда келтіруді мақсат ететін тұлға. Осы жерде еңбек адамы деген ұғымға жолдасым екеуіміздің жасап жүрген еңбегімізді мысал ретінде айта аламын. Себебі біз үйленгеннен кейін жастайымыздан екі-үш жерде қатар жұмыс істедік. Кейде екеуміз де екі жерде, қолымыздан келіп жатса, үш жерде қатар еңбек еттік. Еңбек ету оңай нәрсе емес. Көпшілік оның мәнін толық түсіне бермейді. Қазіргі кезде адамдардың көбі стоматолог болуды оңай кәсіп деп ойлайды, табысы да жеңіл келеді деп есептейді. Бірақ әр істің өз қиындығы, өз талабы бар. Қандай жұмыс, қандай мамандық болмасын, бәрі де еңбек пен төзімділікті талап етеді. Аянбай еңбек етудің арқасында бүгінде сол еңбектің тәтті жемісін көріп отырмыз.
– Стоматолог мамандығын таңдауыңызға не себеп болды? Бұл балалық арманыңыз ба, әлде өмірлік таңдауыңыз ба?
– Негізі, бала кезімнен үш түрлі салаға қызығатынмын. Бірде дәрігер болып, көрші қыздардың тістерін қарап ойнасам, енді бірде мұғалім болып сабақ өткізетінмін, ал кейде өнерге жақын болып, актерлік қырымды байқап көретінмін. Жалпы, жан-жақты бала болдым. Мұғалім болу маған ұнайтын, бірақ өзімді өмір бойы тек сол салада елестете алмадым. Мен кез келген нәрсені тез үйренуге бейім адаммын. Өмірде өнерді де, ұстаздықты да байқап көріп, өзімді әр қырымнан сынадым. Бірақ дәрігерлік жаныма жақын болды. Бұл іске ерекше жауапкершілікпен қарап, бар ынтаммен кірісемін. Бұл жолда менің бағытымды түзеп, әрдайым қолдау көрсеткен жан – анам болды. Ал әкем «қыз балаға бұл мамандық ауыр болады» деп қарсылық танытты. Дегенмен, медицинаға деген қызығушылығым мен қабілетім басым түсіп, нәтижесінде стоматология саласында білім алып, тәжірибе жинап, кәсіби тұрғыдан шыңдалдым.
– Отбасылық бизнесті бастау идеясы қалай пайда болды? Бұл жолда қандай қиындықтарға тап болдыңыздар?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, жолдасым екеуміз бірнеше жерде қатар жұмыс істедік. Жұмыс істеген орындарымыздың көбі қаланың шетінде орналасқан еді. Оның үстіне біз қызмет еткен клиникаларда даму, жаңашылдық деген ұғым аса байқалмайтын. Ал мен әрдайым даму жолында жүретін адаммын. Өз клиникамыз болмаса да, «былай жасасақ», «осылай өзгертсек» деп үнемі жаңашылдыққа ұмтылатынмын. Сол кезде қазіргідей жеңілдіктер мен түрлі акциялар жоқ еді. Мен бір тісті емдеткен адамға екінші қызметті жеңілдікпен ұсыну сияқты тәсілдерді ойлап тауып, клиент жинауға тырысатынмын.
Бір күні автобус аялдамасында әншілердің афишаларын көріп, маған ерекше ой келді. «Біз де клиниканы осылай жарнамалайық» дедім. Бірақ жолдасым бастапқыда «ұят болады» деп келіспеді. Ал мен ұялмадым. Кейде автобусқа мініп алып, жолаушыларға визитка таратып, өзім жарнама жасайтынмын. Сол әрекетімнің нәтижесін ертеңіне көрдім. Жолдасым маған хабарласып: «Тезірек кел, клиент өте көп, үлгермей жатырмыз!» – деп шақырды. Барсам, олардың көбі кеше өзім визитка беріп шақырған адамдар екен.
Мен әрдайым бар мүмкіндікті дұрыс пайдалануға тырысатынмын. Кейін Instagram кеңінен қолданыла бастағанда, әлеуметтік желіні де жүргізе бастадым. Елдің сөзіне, жұрттың сынына қарамай, батыл қадам жасадым. Өзіммен өзім сөйлесіп, влог түсіріп, жасаған жұмыстарымды жариялап отырдым. Ол кезде қазіргідей монтаж да жоқ еді. Жұмысым жақсы болсын, жаман болсын, бәрін ашық түрде бөлісетінмін. Заман ағымымен біз де бірге дамып отырдық. Ал қазір қарап отырсам, қазіргі жастардың арасында жалқаулық пен өмірге деген құлшыныстың азайып бара жатқанын байқаймын. Тіпті дайын тұрған жұмысты да істегісі келмейтіндер кездеседі.
Осы еңбек жолында өзіміз өзгенің қолында жұмыс істедік, адал болдық, ешкімнің ақысын жеген жоқпыз. Уақыт өте келе клиенттеріміз көбейіп, табысымыз да артты. Бірақ сол кезде кейбір адамдардың қызғанышы байқала бастады. Еңбегімізді бағаламау, табысымызды дұрыс бөлмеу, түсініспеушіліктер мен келіспеушіліктер көбейді. Негізі, адам баласының ең жаман қасиеттерінің бірі – көреалмаушылық деп ойлаймын. Сол көреалмаушылықтың салдарынан біздің еңбегімізді жоққа шығарып, қызғанышпен қарай бастады. Соның салдарынан түрлі клиникалардан кетіп, қайта-қайта жұмыс ауыстыруға мәжбүр болдық. Бірақ менің ойымда үнемі өз клиникамызды ашсақ деген арман болды. «Қолымыздан келеді ғой. Қазір жаспыз, күш-қуатымыз бар. Нөлден бастап дамытсақ та болады. Кейін жас ұлғайғанда қалай болады?» деп ойлайтынмын. Сөйтіп, қолымызда күш-жігеріміз бар кезде клиника ашуға бел будық. Жан-жақты ізденіп, ғимарат таптық. Жөндеу жұмыстары көп қаражатты талап етті. Тіпті көлігімізді сатып, жөндеу жұмыстарын аяқтап, клиникамызды аштық.
Әрине, қиындықтар аз болған жоқ. Бастапқы кезде медбике мен тазалық қызметкерін жалдауға қаражатымыз жетпеді. Сонда жолдасыма: «Уайымдама, бәріне өзіміз үлгереміз», – дедім. Таңғы жетіде келіп, клиниканы тазалап, еден жуып, барлығын ретке келтіріп, таңғы тоғыздан бастап дәрігер ретінде жұмысымды бастайтынмын.
Бір күні еден жуып жүрсем, клиент ерте келіп қалды. Мен ұялып, швабрамды тез жасырып қойдым. Әрине, мен сол еден жуған қолыммен бірден тіс емдеуге кірісіп кетпейтінім анық қой, дегенмен клиенттің көзқарасында белгілі бір түсініспеушілік пайда болды. Содан кейін жолдасыма: «Бұл дұрыс емес екен», – деп тазалық қызметкерін жұмысқа алдық, кейін медбикелер де келе бастады. Бағымызға қарай, Алланың қолдауымен тек жақсы қызметкерлер кездесті. Жұмысымыз өте жақсы жүріп, кәсібіміз қарқынды дами бастады. Бүгінде Шымкент қаласында екі клиникамыз бар.
– Жолдасыңызбен бірге жұмыс істеудің қандай артықшылықтары бар?
– Біздің басты артықшылығымыз – жолдасым екеуміздің бір-бірімізді әрдайым толықтырып отыратынымыз. Мысалы, жолдасым хирургиялық бағытқа жақын. Ол кісі бұрын облыстық балалар ауруханасында операция жасаған, өте білікті маман. Кейбір пациенттеріміз тісі қатты асқынып кеткен жағдайда келеді. Мұндай кезде жолдасым еш қорықпай, тез әрі сапалы жұмыс істеп шығады. Ол үшін бұл қиын емес. Ал мен терапиялық бағытқа жақынмын. Әйел адамдар көбінесе осы салаға бейім келеді ғой. Мен балалармен көп жұмыс істеймін. Кейде мен жасай алмай тұрған жұмысты жолдасым атқарады, ал оған қиын болып тұрған жағдайларда мен көмектесемін. Біз әрдайым бір-бірімізді қолдап, демеп жүреміз. Қазіргі таңда жолдасым – Шымкент қаласы бойынша кеспей, тікпей жұмыс істейтін ең білікті имплантологтардың бірі.
– Стоматолог мамандығы сырт көзге жеңіл көрінгенімен, оның қарапайым халыққа байқала бермейтін қандай қиындықтары бар?
– Халыққа көп байқала бермейтін қиындықтардың бірі – пациенттердің дәрігердің алдын ала айтқан ескертулеріне мән бермеуі. Көп жағдайда тексеру кезінде рентгенге түсіріп, «Мына тісті қазір емдеу керек, кейін асқынып кетсе қиын болады» деп түсіндіреміз. Бірақ пациенттердің кейбірі іштей «ақша үшін айтып тұр», «тісім ауырып тұрған жоқ қой» деп ойлайды. Сол себепті алдын алуға болатын мәселені уақытында емдеткісі келмейді. Ал кейін тісі асқынып, жағдайы күрделенген кезде амалсыздан келіп, әлдеқайда көп қаражат жұмсап емделуге мәжбүр болады. Біз дәрігер ретінде мәселенің неге алып келетінін алдын ала көріп, біліп тұрамыз. Сондықтан айтқан кеңесімізге құлақ асса дейміз. Дәрігер ретінде айтар кеңесім – «Қазір ауырмай тұр ғой, неге емдетемін? Бұл – бос шығын» деп қарамаңыздар. Дәрігер ұсынған уақытта ем қабылдаған әлдеқайда дұрыс.
Кейбір қиындықтар пациенттердің салыстыруынан да туындайды. Мысалы, «Пәленше имплант жасатты, тез жазылып кетті, менікі неге бұлай?» деп түсінбей, реніш білдіретіндер болады. Ал шын мәнінде импланттың жазылуы әр адамның ағзасына, иммунитетіне байланысты. Халық осыны түсініп, дәрігердің айтқан кеңесіне құлақ асса, көптеген қиындықтардың алдын алуға болады.
– Еңбегіңіздің жемісін сезінетін ерекше сәттеріңіз бола ма? Пациенттердің алғысы сізге қаншалықты күш береді?
– Адам баласы көбіне өз еңбегінің құнын толық бағалай бермейді ғой. Менде де солай. Кейде күнделікті жұмысым үйреншікті дүниеге айналып кеткендей көрінеді. Бірақ кейде пациенттер «Сізді Instagram-нан көріп, арнайы Астанадан келдім», «Қостанайдан сіз үшін келдім» деген кезде таңғалып, өзіме деген сенімім арта түседі. Әрине, іштей қуанып, сансыз шүкіршілік айтамын. Бірақ сонымен бірге өзімді сабырға шақырып, дандайсып кетпеуге тырысамын. Дегенмен бұл – өте ерекше сезім. Сол кезде өз еңбегімнің жаңа бір тынысы ашылғандай болады.
Менің Қызылордадан арнайы келіп емделетін тұрақты пациентім бар. Бір күні одан: «Неге сонша жерден маған келесіз?» – деп сұрадым. Сонда ол: «Сіз сияқты ешкім жасай алмайды. Уколды өте жеңіл саласыз, пломбаларыңыз да ұзақ уақытқа шыдайды», – деді. Осындай сөздерді естігенде ерекше марқайып қаламын. Өз жұмысымнан үлкен ләззат аламын. Маған сенім артып, арнайы іздеп келетін әрбір пациентіме деген алғысым шексіз.
– Кәсіп пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың сыры неде?
– Қазіргі таңда маған жиі қойылатын сұрақтардың бірі – осы. Шынында да, отбасы мен кәсіпті қатар алып жүру, екеуіне де бірдей көңіл бөлу оңай емес. Алғашында өте қиын болды. Жұмыстан кеш қайтып, балаларға уақыт бөлуге мүмкіндік аз болатын. Ал қазір бәрі өз орнына келгендей. Уақыт өте келе үйрендім. Барлығы белгілі бір жүйеге түсті. Клиникаға арналған уақыт бір бөлек, пациенттерге арналған уақыт бір бөлек, отбасыма арналған уақыт бір бөлек, тіпті өзіме арналған уақыт та бар. Осы уақыттың барлығын үйлесім мен гармонияда ұстап тұрудың өзі – үлкен өнер деп ойлаймын.
Өмірде өзімді мінсіз әйелмін деп айта алмаймын. Менің де кемшіліктерім бар. Бірақ уақытымның көп бөлігін отбасыма арнауға тырысамын. Жұмысқа беріліп, ақшаның соңынан қуып кетпеуге тырысамын. Өйткені ақшаның соңына түсіп, оған ешқашан толық жете алмайтыныңды түсіндім. Бүгінде бір-бірімізбен көбірек сөйлесуге, бір-бірімізді көбірек тыңдауға тырысамыз. Жұмысқа байланып қалмай, өзімізге, отбасымызға көбірек уақыт бөлуге, бірге болуға, өзімізге күтім жасауға күш саламыз. Кәсіп пен мансаптың ортасында жүріп, отбасының шаңырағын шайқалтпай, оны берік ұстау – біздің басты мақсатымыз. Стоматология біздің ең үлкен арманымыздың бірі болды. Осы арман жолында бірге ұзақ қадамдар жасадық. Қолымыздан келді. Бүгінде өміріміз сүйіспеншілікпен өтіп жатыр, жұмысымыз да, кәсібіміз де өз орнында, мен де, отбасым да бақыттымыз. Мұның ешқандай құпия сыры жоқ. Ең бастысы – біз бір-біріміздің жанымыздамыз, біргеміз. Қаншама қиындықтарды бастан өткердік, талай сынақтарға тап болдық. Бірақ ешқашан бір-бірімізді тастап кеткен жоқпыз. Қандай белестер болса да бірге бағындырдық. Соның бәріне шүкіршілік етемін.
– Сіздің ойыңызша, адал еңбек пен адал кәсіп адамның өмірінде қандай орын алады?
– Адал еңбек ешқашан жерде қалмайды. Арам жолмен келген нәрсе ұзаққа бармайды. Адам ең алдымен өзін алдамауы керек. Өз еңбегімен тапқан нанның дәмі ерекше болады. Оның берекесі де болады. Сондықтан жастарға айтарым – қандай мамандық таңдасаңыздар да, оны сүйіп жасаңыздар. Еңбек етіңіздер. Адал болыңыздар. Себебі оңай келген нәрсе оңай кетеді. Ешкімнің ақысын жемей, артыққа қол сұқпай, адал еңбек ету керек. Сонда нәтиже міндетті түрде келеді.
– Егер ақша мен атақ болмаса, бұл мамандықты қайта таңдар ма едіңіз?
– Мүмкін, қайтадан осы мамандықты таңдар едім. Мүмкін, өнер жолына да кетер ме едім. Себебі мен өмірде өте позитивті адаммын, өнерге деген қызығушылығым әлі күнге дейін бар. Кейде сахнада жүргім келеді, көпшілік алдында сөйлегім келеді. Ол сезім әлі де менің ішімде бар. Бірақ бұл мамандықты қайта таңдасам да, оны атақ пен ақша үшін емес, жан қалауым үшін таңдар едім. Ал абырой мен беделге келсек, бұл салада оларды мақсат етіп жинай алмайсың. Абырой адал еңбекпен, таза жұмыспен келеді.
– Өз өміріңізді бір сөйлеммен сипаттайтын болсаңыз, еңбек туралы қандай ой айтар едіңіз?
– Әр адам өз мамандығын сүйіп істеуі керек. Сүйіспеншілікпен жасалған істің артында міндетті түрде адал еңбек тұрады. Ал адал еңбек адамның өзіне де, отбасына да, болашағына да береке алып келеді.
– Әсерлі әңгімеңізбен бөлісіп, уақыт бөлгеніңіз үшін көп рақмет! Алдағы уақытта еңбегіңізге табыс, отбасыңызға амандық, кәсібіңізге береке тілейміз!
Шұғыла АЯТБЕК