Адамзат тарихында әйел отбасының тірегі, ұлттың анасы, болашақ ұрпақтың тәрбиешісі ретінде танылып келді. Әйелдің ең қастерлі рөлі – аналық. Бұл рөл ешқандай лауазым немесе атаққа теңелмейтін, қоғамның негізін қалаушы қасиетті міндет. Ана – баланың алғашқы ұстазы, оның жан дүниесін қалыптастырушы тәрбиеші. Психологтардың зерттеулері бойынша, бала тұлғасының 80 пайызы алғашқы бес жыл ішінде, яғни ана қасында болған уақытта қалыптасады. Демек, болашақ ұрпақтың бойындағы құндылықтар анадан бастау алады. Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінде де бұл ақиқат ежелден мойындалған. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аласың» деген даналық сөз отбасы тәрбиесінің, ең алдымен ана тәрбиесінің маңызын аңғартады.
Алайда бүгінгі жаһандану дәуірінде әйелдің рөлі тек отбасымен шектелмей, қоғамның барлық салаларына терең еніп, кеңейе түскен. Соңғы жылдары әйелдер еңбек нарығында еркектермен теңбе-тең бәсекеге түсіп, жоғары кәсіби деңгейге жетуде. Жаһандық деректер бойынша, бүгінгі таңда дүниежүзіндегі жұмыс күшінің 40 пайыздан астамы – әйелдер. Олар медицина, білім беру, заң, технология, банк секторы мен мемлекеттік басқаруда жоғары лауазымды иеленіп, экономика мен саясатта, ғылым мен мәдениетте, білім мен денсаулық сақтауда өзіндік орнын нық бекіте алды.
Қазақстан жағдайында да бұл үрдіс анық байқалады. Елімізде жоғары білімді мамандардың арасында әйелдер үлесі 60 пайыздан асады. Денсаулық сақтау, педагогика, экономика, құқықтану салаларында олар кәсіби қабілеттілігімен ерекшеленеді. Мемлекеттік қызметте де әйелдердің белсенділігі артып келеді: министрліктерде, мәслихаттарда, сот жүйесінде олардың үлесі жыл сайын өсуде. Аграрлық секторда да, шағын және орта бизнесте де нәзік жыныс өкілдері кәсіпкер ретінде өздерін танытуда.
Иә, бүгінде қоғамдағы әйелдің рөлі тек отбасы ошағын сақтаумен ғана шектелмейді. Бүгінгі күні әйел – бір мезгілде ұрпақ тәрбиелеуші ана, қоғамға қажетті маман, қоғамдық өзгерістердің белсенді қозғаушы күші. Осы рөлдердің үйлесімді болуы жеке тұлғаның да, бүкіл қоғамның да дамуына тікелей ықпал етеді.
Шұғыла АЯТБЕК