Қазіргі заманда интернетсіз өмірді елестету қиын. Адамдар онлайн сауда жасап, банк қызметтерін пайдаланып, түрлі әлеуметтік желілер арқылы байланысады. Алайда интернеттің кең таралуымен бірге интернет-алаяқтық та көбейіп келеді. Алаяқтар заманауи технологияларды пайдаланып, азаматтардың ақшасын заңсыз иемденудің түрлі тәсілдерін ойлап табуда.
Түркістан облысында да интернет-алаяқтыққа қарсы күрес бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Облыстық Полиция департаменті жанынан арнайы киберқылмыспен күрес бөлімдері құрылып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Дегенмен, интернет арқылы жасалатын қылмыстардың саны әлі де азаймай отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылы Түркістан облысында 567 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. 2024 жылы бұл көрсеткіш 598 жағдайға жеткен. Ал 2025 жылы интернет-алаяқтықтың 843 фактісі анықталған. Сонымен қатар, 2025 жылы алаяқтардың әрекетінен тұрғындарға келтірілген материалдық шығын көлемі 1,6 миллиард теңгеден асқан. Бұл көрсеткіштер интернет-қылмыстардың жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді.
Интернет-алаяқтар көбінесе өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органы өкілі немесе байланыс операторы ретінде таныстырады. Олар азаматтарға қоңырау шалып немесе хабарлама жіберіп, жеке мәліметтерді, банк картасының нөмірін және SMS-кодтарды алуға тырысады. Сондай-ақ жалған интернет-дүкендер мен инвестициялық жобалар арқылы да адамдарды алдайды. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін мамандар жеке деректерді ешкімге бермеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және белгісіз нөмірлерден келген қоңырауларға сақтықпен қарауға кеңес береді. Егер алаяқтық әрекетке тап болған жағдайда, дереу банкке және құқық қорғау органдарына хабарласу қажет.
Интернет-алаяқтықпен күрес тек полиция қызметкерлерінің міндеті емес. Әрбір азамат интернеттегі қауіпсіздік ережелерін сақтап, цифрлық сауаттылығын арттыруы тиіс. Сонда ғана интернет кеңістігін қауіпсіз пайдаланып, алаяқтардың құрбаны болудан сақтануға болады.
Дария ҚУАНДЫҚ