Шымкентте білім беру жүйесінің ертеңін айқындау мақсатында «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында ұстаздардың қалалық тамыз кеңесі өтті. Кеңеске Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен колледждерінің өкілдері, қоғамдық және қамқоршылық кеңес мүшелері, ардагер және зейнеткер ұстаздар, білім беру ұйымдары басшылары мен орынбасарлары, үздік педагогтер, ата-аналар қатысты.
Аталған шара бүгінгі заман талабына сай, адамгершілік пен кәсіби құзыреттілікке негізделген әлеуметтік жауапты тұлға қалыптастыруға бағытталды.
Қалалық кеңестің күн тәртібінде жаңа 2025-2026 оқу жылына қойылатын мақсаттар мен міндеттер, жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы өңірлік бастамалар, білім берудегі көшбасшылық пен таңдау мүмкіндіктерін айқындау, педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттыру, цифрлық ресурстар мен платформаларды, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, «Адал азамат» тәрбиелеуде мектеп пен отбасының біртұтастығы мәселелері қаралды.
Бұдан бөлек, кеңес аясында еліміздегі цифрлық білім беру платформаларының үйлестірушілері «Білімнің жаңа көкжиегі», «Жасанды интеллект:Ақылды дәуірге қадам», «Сандық білім кеңістігі», «Білімге апарар жол», «Кәсіби бағыт – сенімді таңдау» тақырыптарында білім көрмелерін қатысушылар назарына ұсынды.
Жиында алғаш болып баяндама жасаған қалалық Білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменова шаһардың білім беру жүйесіндегі басым бағыттарға тоқталды. Сөзіне сүйенсек, шаһарда білім сапасын арттыру, мектепке дейінгі тәрбие мен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бүгінде басты міндеттердің бірі болып отыр. Әсіресе, мектепке дейінгі білім беру саласындағы көрсеткіштер көңіл қуантарлық. Қазірдің өзінде 79 пайыз қамту деңгейі бар, жыл соңына дейін бұл межені 96 пайызға жеткізу жоспарланған. Бұл дегеніміз – әрбір бүлдіршіннің балабақшаға баруға мүмкіндігі артып, ата-аналардың алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасалады. Сондай-ақ жаңа ваучерлік жүйенің енгізілуі ата-аналарға таңдау еркіндігін беретін озық бастама болмақ. Халық саны күн сайын артып келе жатқан мегаполис үшін жалпы орта білім беру бағытында соңғы бес жылда 100-ден астам жаңа мектептің салынуы - аса маңызды қадам. Биылғы жаңа 2025-2026 жаңа оқу жылында 28 мыңнан астам баланың алғаш мектеп табалдырығын аттауы демографиялық өсімнің нақты көрінісін көрсетеді. Сондай-ақ оқушылардың оқулықтармен толық қамтылатыны да ата-аналар мен мұғалімдердің көңілін қуанышқа толтырып отыр.