Құмар ойыннан құтыламыз десек...

Авторы:

20.06.2026

Соңғы уақытта құмар ойынға тәуелділік көбейіп кетті. Неге? Себебі, қазір ол барлық адамға бірдей қолжетімді болып қалды. Бұрын ойынға тігіс тігу үшін казиноға арнайы бару керек еді. Енді бәрі телефонда тұр, бір батырманы басса болды, ойын бастала қояды. Оның үстіне желідегі жарнама да жанды қоймайды. Букмекерлер спортты әлдеқашан табыс құралына айналдырып үлгерген. Бір ғана футбол матчын көргің келсе, арасында «ставка на спорт», «жеңіс оңай» деген секілді жарнамалар менмұндалап тұрады.

Өкінішке қарай, мұндай қармаққа жастар тез ілігеді. Себебі оның ар жағында «аз уақытта көп ақша тапсам» деген жалған үміт жатады. Ал ойын алгоритмі алдамшы: бастапқыда ұтыс береді, содан соң қалтаны қағады. Құмар ойынның құрығына бір түскен адам одан оңайлықпен шыға ала ма? Әрине, жоқ. Шықса да өте қиындықпен шығады. Не істеу керек?

Меніңше, мемлекет заңды қатаңдатсын деп күтіп отыру шешім емес. Біз бір нәрсеге назар аударуымыз қажет. Ол – үйдегі бақылау. Ата-ана өз баласына кішкентайынан құмар ойынның зиянын құлаққа сіңіріп, үнемі қадағалау жасаудан бастау керек. Баланың бос уақыты бар ма? Телефоннан не көріп жатыр? Қандай ойын ойнап жүр? Кімдермен сөйлеседі? Үлкендер осы нәрсені назардан тыс қалдырмауы қажет. Одан да бала бос уақытында спорт үйірмелеріне барсын, кітап оқысын, достарымен аралассын, алдына мақсат қойсын. Сонда телефондағы ойынның тартымдылығы да азаяды. Бұл тақырып мектептерде де көбірек айтылуы тиіс. Мамандар құмар ойынның салдары неге әкеліп соғатынын нақты түсіндірсе, бала ойлана бастайды.

Лудомания – қоғамға қауіп төндіретін кесел. Десе де ойынға тәуелді болып қалған жандарды бас салып кінәлауға болмайды, керісінше көмек қолын созу керек. Себебі тәуелділік – психологиялық дерт. Мұндай адамдарға анонимді жедел желілер, реабилитациялық орталықтар қажет. Лудоманиядан бізді қорғайтын нақты бір ұйым жоқ. Бірақ отбасы, мектеп және қоғам біріккенде жастарымызды жаман әдеттен аман алып қалуға болады.

Шарапат МЕЙРХАНОВА