ҚАРА ДОМБЫРАНЫ ҚАСТЕРЛЕГЕН ПОЛИЦЕЙ

Авторы: Әлия ӘУЕСБЕКОВА

03.07.2026

5 шілде – Ұлттық домбыра күні қарсаңында еліміздің рухани құндылықтарын дәріптеуге бағытталған мәдени бастамалар Арыс ауданында да жалғасын тапты. Аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Күй Challenge» акциясы ұлттық өнерді ұлықтап, жастардың домбыраға деген қызығушылығын арттыруды көздеді. Игі бастамаға Арыс 1 станциясындағы Көліктегі полиция бөлімінің патрульдік полиция тобының полицейі Тұрғанбаев Досжан Оңғарәліұлы қатысып, қара домбыраның күмбірлеген үні арқылы көпшілікке ерекше әсер сыйлады. 

Қызметтік міндетін абыроймен атқарып жүрген полиция қызметкері үшін домбыра жай ғана музыкалық аспап емес, адамдарға рухани демеу беретін ұлттық болмыстың айнасы. Оның айтуынша, аталмыш акцияға қатысуына ұлттық мәдениетті насихаттауға өз үлесін қоса отырып, өнерге жақын азаматтарды қолдау ниеті себеп болған. 

– «Полиция қызметінде жүрсем де, ұлттық өнерді дәріптеу – әрбір азаматтың парызы деп есептеймін. Домбыраға деген қызығушылығым мектеп қабырғасында басталды. Кейін Мәдениет сарайында ұстазым Гүлсім Күзембаеваның тәлімін алып, күй өнерінің қыр-сырын меңгердім. Сол уақыттан бері домбыра менің өмірімнің ажырамас бөлігіне,  рухани серігіме айналды. Студенттік жылдары да домбырадан қол үзбей, түрлі мәдени іс-шараларда күй орындап жүрдім. Кейде қызмет барысында кездесетін түрлі қиындықтар мен жауапкершілікті еңсеруде де күйдің құдіреті маған ерекше күш-қуат береді», – дейді Досжан Оңғарәліұлы.

Полицей бүгінде осындай қоғамдық мәдени іс-шараларда халық арасында кеңінен танылған «Келіншек», «Сарыжайлау», «Айжан қыз», «Кеңес» және «Көңіл толқыны» күйлерін орындайды. Оның айтуынша, әр күйдің өзіндік тарихы мен тағылымы бар. Сол себепті күй орындау – тек музыкалық шығарма орындау ғана емес,  ата-бабадан жеткен аманатты кейінгі ұрпаққа жеткізу.  

– «Домбыраның қоңыр үні халқымыздың тарихын, салт-дәстүрі мен рухын бойына сіңірген. Сондықтан өзім секілді жастар ұлттық өнерге құрметпен қарап, домбыраны серік етіп, ата-баба мұрасын сақтай білсе екен деймін. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу – болашаққа деген жауапкершілігіміздің көрінісі», – дейді ол.