ШЕКАРАШЫНЫҢ ШЕПТЕГІ ҚЫЗМЕТІ САҒАТ ТІЛІМЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ

Авторы: Әлия ӘУЕСБЕКОВА

10.07.2026

   Мемлекеттің тәуелсіздігі мен ел ішіндегі тұрақтылықты сақтауда Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің атқаратын рөлі орасан зор. Елге төнуі мүмкін кез келген ішкі және сыртқы қауіп-қатердің алдын ала отырып, ҰҚК мемлекеттің негізгі қорғаныс қалқанын құрайды. Ал осы үлкен қауіпсіздік жүйесінің ең алғашқы шебі, ел тыныштығының тікелей кепілі – Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қызметі екені даусыз.

    Олай болса, ел іргесінің бүтіндігі мен мемлекет қауіпсіздігі, ең алдымен, шекараның беріктігімен айқындалады. Атамекен шебінің әрдайым тыныш болып, ел іргесінің мызғымай сақталуы – тәулік бойы кірпік қақпай күзетте тұратын әскери қызметшілердің қажырлы еңбегі мен қалтқысыз қырағылығының нәтижесі. Бұл мамандық сырт көзге тек қатаң тәртіп пен мүлтіксіз бақылауды ғана талап ететіндей көрінуі мүмкін. Алайда, әскери киімнің астарында туған жерге деген шексіз адалдық, жоғары жауапкершілік пен бұқара амандығын бәрінен биік қоятын берік рух бар.

   Дәл осындай отаншыл қасиетті борышына балап, бүгінде еліміздің оңтүстік шебінің қауіпсіздігін нық қорғап тұрған ұлтжанды әскери қызметшілердің қатарында ҚР ҰҚК Шекара қызметі Түркістан облысы бойынша департаментінің Сарыағаш ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Сарыағаш» шекара бөлімшесінің аға сержанты Арман Төлепбергенұлы Алиайдаровты мақтанышпен атап өтуге болады. Ол республикамыздың оңтүстік шекарасын қорғап қана қоймай, сыртқы қатерлердің алдын алу бағытында бар күш-жігерін жұмсап келеді.

   Осы орайда, кейіпкеріміз Арман Төлепбергенұлымен оның әскери соқпақты таңдау себептері, шеп күзетінің беймәлім сырлары, сондай-ақ отбасылық тәрбие мен шынайы отансүйгіштік сезімнің мәні төңірегінде ғибратты ой бөліскен едік.

 «ҰЛТ ҚАУІПСІЗДІГІ ШЕКАРАДАҒЫ ҚЫРАҒЫЛЫҚТАН БАСТАЛАДЫ»

     – Арман Төлепбергенұлы, шекара – мемлекеттің басты қорғанысы, ұлттық қауіпсіздіктің алғы шебі. Өзіңіз қызмет ететін осы оңтүстік шептің тарихи қалыптасу маңызы қандай және осы уақытқа дейін қандай ірі заң бұзушылықтардың жолы кесілді?

   – Оңтүстік өңірдегі мемлекеттік шептің тарихи қалыптасуы тікелей Тәуелсіздік шежіресімен байланысты. Кеңес Одағы тұсында Қазақстан мен Өзбекстан арасында қазіргідей нақты әкімшілік бөлініс болмай, екі ел тұрғындары өзара еркін қатынап тұрды. Егемендік алғаннан кейін еліміздің ең ұзын құрлықтық шекараларының бірі саналатын осы бағытты заңдық тұрғыдан шегендеу және қорғау мәселесі жедел түрде қолға алынды.

   Осы маңызды шепті қырағылықпен күзету мақсатында 1999 жылдың 15 қыркүйегінде шыққан арнайы бұйрықпен 2020 әскери бөлімі, яғни қазіргі Сарыағаш ауданы бойынша шекара басқармасы құрылды. Өзбекстан Республикасымен арадағы 200 шақырымдық шекара аумағын күзету міндеті жүктелген аталған құрылым – оңтүстік шептегі қауіпсіздіктің берік қалқанына айналды. Содан бері бұл өңірдің маңызы жылдан жылға артып келеді.

   Қазіргі таңда жеке құрам заңсыз көші-қонның, есірткі тасымалының және түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында тәулік бойы міндетін атқаруда. Жолы кесілген ірі заң бұзушылықтарға тоқталсақ, бұған нақты мысал ретінде 2024 жылғы 31 мамырда Сарыағаш шекара аймағына қарасты «Б. Қонысбаев» атындағы бақылау-өткізу пунктінде болған оқиғаны айтуға болады. Жедел іс-шаралар барысында 775 келі «героин» есірткі заты тәркіленді. Шекарашыларымыз ауыр жүк көлігін тексеру кезінде қызметтік иттің көмегімен күдікті жүкті анықтады. Халықаралық контрабандистер есірткіні аяқ киім креміне арналған пластикалық құтылардың ішіне жасырған.

   Құзырлы органдардың мәліметінше, бұл есірткі еліміз аумағы арқылы Еуропа елдеріне транзитпен жеткізілмек болған. Бұл – Қазақстан шекарасында бір жолы қолға түскен «героиннің» рекордтық көлемдерінің бірі. Мұндай нәтижелер шекарашылардың қажырлы еңбегінің арқасында ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде атқарып жатқан жұмысымыздың қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетеді.

   – Мұндай ауқымды трансұлттық контрабанданың жолын кесу тек бір сәттік сәттілік емес, үлкен арнайы дайындық пен ұтымды іс-қимыл жоспарының жемісі екені анық. Ал осы қырағылықты шыңдайтын шекара нарядының бір күндік жауынгерлік қызметі мен дайындық барысы қалай ұйымдастырылады?

    – Көпшілік шекара қызметіне қызығушылық танытқанымен, оның ішкі тәртібі мен қиындығын толық біле бермейді. Сырт көзге бұл тек шеп бойында кезекшілікте тұру сияқты жеңіл көрінгенімен, іс жүзінде өте үлкен жауапкершілікті талап етеді.

   Шынында да, шекарашының әрбір күні темірдей тәртіп пен тыңғылықты дайындықтан тұрады. Күнделікті 8-12 сағатқа созылатын жауынгерлік кезекшілігіміз тым ерте басталады, өйткені кез келген іс-қимылдың сәтті болуы ең алдымен осы дайындық барысына тікелей байланысты.

   Қызметке түсер алдында әрбір шекара наряды міндетті түрде арнайы нұсқамадан өтеді. Жеке құрам сапқа тұрып, ең басты құжатты – нақты жауынгерлік бұйрықты алады. Осы жиында бізге шекара учаскесіндегі жедел жағдай толық жеткізіліп, ықтимал қауіп-қатерлер мен құқық бұзушылық тәуекелдері егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Ерекше бақылауды қажет ететін бағыттар нақтыланып, әрбір әскери қызметшінің міндеті жіті айқындалады.

   Нұсқамадан кейін бір күндік қызметтің екінші маңызды кезеңі – қару-жарақ пен техникалық жабдықталу басталады. Біз қару-жарақ, оқ-дәрі, байланыс құралдары мен арнайы техникаларды қабылдап аламыз. Әр құралдың жарамдылығын мұқият тексереміз. Себебі шекара қызметінде ұсақ-түйек деген атымен болмайды – тіпті бір ғана байланыс құралының істен шығуы соңғы шепте үлкен қауіпке соқтыруы мүмкін. Осындай мұқият әзірліктен кейін ғана наряд шекараны күзетуге аттанады.

    – Нұсқамадан кейінгі тікелей шептегі күзет қалай өтеді? Күтпеген жерден шұғыл қауіп төнсе немесе шекара бұзушылармен бетпе-бет келсеңіздер, қандай әскери тәсілдер мен айла-амалдарға сүйенесіздер?

   – Нұсқама аяқталғаннан кейін әрбір шекара наряды белгіленген бағыт бойынша бекітілген аумаққа аттанады. Дәл сол сәттен бастап мемлекеттік шекараны күзету мен қорғау жөніндегі негізгі жауынгерлік міндетіміз басталады. Шепке шыққан соң біз жолдарды, соқпақтарды, ағаштар мен қамыс арасын, жалпы бүкіл учаскені үздіксіз бақылауда ұстаймыз. Күмәнді із, белгісіз адам, күдікті көлік немесе қандай да бір заңсыз әрекет байқалса, бұл туралы дереу шекара бөлімшесіне баяндаймыз.

   Шекара қызметінің өз қиындығы бар: кейде түн ортасына дейін қалың қамыс ішінде жасырын күзетте тұрсақ, кейде шаңды дауыл мен ыстық-суыққа қарамастан міндетімізді атқарамыз. Осындай сәттерде қызметтік иттердің көмегі ерекше. Әсіресе, шекара бұзушылардың ізіне түскен кезде олардың сезімталдығы бізге үлкен қолдау көрсетеді.

   Егер күтпеген қауіп төнсе немесе шекара бұзушы анықталса, біз алдын ала бекітілген шұғыл іс-қимыл жоспары бойынша әрекет етеміз. Наряд бірден бұзушының ықтимал қозғалыс бағытын жауып, жағдайға қарай жасырын әрі өзара тығыз үйлесімде қимылдайды. Қарсылық көрсетіп, қару қолданатын жағдайда біз де заң шеңберінде барынша тойтарыс беруге толық дайынбыз. Бұндай сәтте арнайы тактикалық тәсілдер мен әскери шеберлікке жүгінеміз. Бірақ барлық іс-қимылда адам қауіпсіздігі бірінші кезекте ескеріледі және заң талаптары қатаң сақталады.

   Қызмет мерзімі аяқталғаннан кейін бөлімшеге оралып, атқарылған жұмыс бойынша толық баяндама жасаймыз және қару-жарақты тапсырамыз. Егер қандай да бір кемшіліктер байқалса, келесі ауысымның дайындығы сол қорытындылар негізінде пысықталады. Түйіндей айтқанда, шекарашының шептегі қызметі сағат тілімен шектелмейді.

 «БАНГЛАДЕШ АЗАМАТТАРЫНЫҢ ШЕКАРАНЫ ЗАҢСЫЗ БҰЗУЫНА ЖОЛ БЕРМЕДІК»

    – Қызмет барысында қас-қағым сәтте шешім қабылдауға тура келетін кездер болады ғой.Тәжірибеңізде шекара бұзушылармен бетпе-бет келген, ең күрделі операцияны айтып бере аласыз ба?

    – 2025 жылғы тамыздың бір түні болатын. Жеке құраммен бірге бекітілген аумақты бақылап жүргенбіз. Бір уақытта «Сарыағаш» шекара бөлімшесінен мемлекеттік шепті заңсыз кесіп өтпек болған белгісіз тұлғалар туралы дабыл белгісі түсті. Қас-қағым сәтте кідірмей, дереу іске көштік. Қызметтік ит Мрактың көмегімен ізге түсіп, бақылап-тексеру жолағы мен қалың қамыс арасын мұқият тінтіп шықтық.

   Түн қараңғы, айнала жым-жырт. Ондай сәтте кез келген сыбдырға сақ қарайсың. Жанын шүберекке түйген сақшылар үшін бұл қалыпты жағдай болғанымен, қараңғылықта заң бұзушылардың қолында қару болуы мүмкін деген ой іштей сақтықты күшейте түседі. Сондықтан әр қадамымызды есеппен бастық.

   Іздеу оңайға түскен жоқ. Қамыс ішін сағалап, біраз уақыт жүрдік. Осы жедел іс-қимыл барысында басқарма мен бөлімше басшылығы маған хабарласып, іс-қимылды жедел үйлестіруді және сақтық шараларын күшейтуді тапсырды. Мен учаскедегі жағдайды дер кезінде бағалап, күдіктілердің ықтимал бағытын анықтау арқылы шекаралық нарядтың қозғалысын ұтымды ұйымдастырдым.

   Осындай сындарлы сәтте Мрактың сезімталдығы мен шекарашылардың тәжірибесі заң бұзушылардың айласын тас-талқан етті. Нәтижесінде Өзбекстан тарапынан өтіп, біздің елдің аумағына заңсыз кірмек болған Бангладеш Республикасының 3 азаматы құрықталып, қажетті шаралар қолдану үшін құзырлы органдарғажіберілді.

    –  Тәртіп пен қауіп қатар жүретін әскери өмірде ұжымды бір серпілтіп тастайтын, ерекше есіңізде қалған қызықты сәттер де болып тұратын шығар? 

    – Әрине, қызметте қауіпті сәттермен қатар ұжымның есінде ұзақ сақталып қалатын көңілді оқиғалар да кездеседі. Соның бірі 2013 жылы Сарыағаш шекара басқармасындағы №1 бақылау-өткізу пунктінде кезекшілікте тұрған кезімдеболған еді.

   Сол күні әскери автокөлік бөлім аумағынан сыртқа шығып бара жатқан еді. Мен тәртіп бойынша бұл туралы жұмыс телефоны арқылы кезекшіге шұғыл баяндауым керек. Асығып жүріп ішкі нөмірді қате теріп, байқаусызда сыртқы қалалық желіге қосылып кетіппін. Тұтқаны кездейсоқ үйінде отырған бір жергілікті тұрғын көтерген екен.

   Ол кісі менің нық, әскери үнмен: «Көлік шығып жатыр!» деген хабарламамды естіп, мән-жайды түсінбей, маған: «Шықса қайтейін?» деп жауап қатты. Мен кезекшімен сөйлесіп тұрмын деп ойлап, жағдайды одан сайын нақтылап, аптықпай баяндап жатырмын, ал ол кісі таңғалып әлек.

   Кейін нөмірден қателескенім анықталғанда, ұжыммен бір күліп алған едік. Сырт көзге тек қатаң тәртіптен тұратындай көрінетін әскери өмірде осындай қызықты сәттер қызметтің қиындығын бір сәтке ұмыттырып, көңіл-күйді көтереді.

    – Ал егер уақытты артқа айналдырсақ, осыдан 10-15 жыл бұрын, қазіргідей заманауи цифрлық технологиялар мен бейнебақылау жүйелері жоқ кезде, шекара бұзушылардың жолын кесу қалай ұйымдастырылды? Олардың осындай әккі әрекеттерімен қалай күрестіңіздер?

    – Иә, әр кезеңнің өз қиындығы мен ерекшелігі бар. Мәселен, 2011 жылы «Ынтымақ» шекара бөлімінде қызмет еткен кезімде қазіргідей автоматты бақылау камералары немесе арнайы дабыл құрылғылары атымен жоқ еді. Оның үстіне, әккі заң бұзушылар біздің қай бағытта жүргенімізді жергілікті тұрғындар арқылы сырттай бақылап, аңдып отыратын. 

   Мұндай заманауи техника жоқ кезде біз тек жердегі ізге, өзіміздің шыдамдылығымыз бен бір-бірімізге деген сенімге ғана сүйенетінбіз. Заң бұзушылар іздерін жасыру үшін неше түрлі қулықтарға көшетін. Біз оларды тек шекара бойындағы арнайы қопсытылған жер жолағындағы кішкентай белгілерді, сынған бұтақтарды немесе шөптің жапырылуын мұқият тексеру арқылы анықтайтынбыз. Шекара шебінде жасырынып тұру, түнде күзетке шығу арқылы және қызметтік иттердің көмегімен олардың жолын кесетінбіз. Кез келген ауа райында, батпақ пен шөлде жаяу жүріп, әрбір сүйем жерді жіті тексеретінбіз.

   Міне, 2011-2023 жылдар аралығында осындай күзет топтарында жинаған үлкен тәжірибем кейін бақылау-өткізу пунктіндегі (КПП) жұмысыма көп септігін тигізді. Мұнда да қырағылық танытып, әскери көліктердің рұқсатпен кіріп-шығуын және бөгде адамдардың тиісті құжатсыз аумаққа өтіп кетпеуін қатаң қадағалап отырдым.

 «ӘКЕМНІҢ ТЕМІРДЕЙ ТӘРТІБІ МЕНІ ӘСКЕРИ САЛАҒА ӘКЕЛДІ»

 – Осындай қауіп-қатері жоғары, жауапты салаға келуіңізге не түрткі болды? Өзіңіздің өскен ортаңыз, отбасылық тәрбиеңіз жайлы толығырақ айтсаңыз...

    – Менің шекарашы қызметін таңдауым – бала кезден көрген бойыма сіңген отаншылдық тәрбием мен өскен ортамның ортақ жемісі. Өзім Түркістан облысы, Сарыағаш қаласында, яғни Өзбекстан Республикасымен шекаралас аймақта дүниеге келдім. Оның үстіне, әкем марқұм Төлепберген Алиайдаров Сарыағаш ауданы, Дарбаза ауылдық округіне қарасты 52-разъездегі №35747 әскери бөлімде 1972 жылдан бастап ұзақ жылдар бойы қалтқысыз қызмет етті. Бала күнімнен көз алдымда әкемнің әскери киімі, оның жұмысқа деген темірдей тәртібі тұрғандықтан, үйдегі жинақылық пен жауапкершілік маған өте ерте дарыды.

   Осылайша үйде басталған тәртіп, кейін мектеп қабырғасында одан әрі ұштасты. Мен 1992 жылы Сарыағаш қаласындағы Кеңес Одағының Батыры Сыдық Ысмайылов атындағы №5 орта мектептің табалдырығын аттадым. Ұстаздарымыз бізге тек білім беріп қана қоймай, ел үшін жаумен бетпе-бет шайқасқан осы батыр атамыздың ерлігін үнемі санамызға сіңіріп өсірді. Осындай орта «ел шетін қорғау – ең қасиетті міндет» деген ұғымды бойымызға мықтап бекітті.

    – Әкеңізден көрген әскери тәртіп өз алдына, ал анаңыздың берген үлгі-өнегесі бойыңызға қандай құндылықтарды ұялатты?

    – Дұрыс айтасыз, әкем мен мектептен көрген әскери рух үйдегі анамның аялы тәрбиесімен тамаша үйлесім тапты. Анам Хазима Омарбекқызы – ұзақ жылдар бойы Сарыағаштағы СПТУ-31 училищесінде тігін пәнінен сабақ берген, талай шәкірт тәрбиелеген ардақты ұстаз. Ол кісі бүгінде де әулетіміздің берекесін кіргізіп, шаңырақтың шырайын келтіріп отыр және бізге әркез адал еңбек етуді, үлкенді құрметтеуді үйретіп келеді.

   Бұл ретте анамның ұстаздық ұлағаты үйдегі тағы бір ерекше жағдаймен ұштасты. Мен қарашаңырақта сегіз қыздың ортасындағы жалғыз ұл болып өстім. Жалғыз ұл болу – мен үшін еркін өсіп, еркелеудің белгісі емес, керісінше, кішкентайымнан иығыма жүктелген үлкен жауапкершілік еді. Ата-анам да мені ерте жастан осы міндетті сезініп, ертеңгі күні елге қызмет ететін, отбасына тірек болатын азамат ретінде баулыды. Қысқасы, сегіз қыздың қамы мен әкемнен кейінгі шаңырақ тірегі болу міндеті мені ерте есейтіп, Отан қорғаушы болуға іштей дайындады.

    – Байқауымша, бойыңыздағы темірдей төзімділіктің қалыптасуына бала кезіңізден спортпен айналысқаныңыздың да септігі тиген сияқты.

    – Иә, спорттың тигізген әсері орасан зор болды. Өйткені үйдегі осы үлкен жауапкершілік сезімі мен мектептегі оқуым спорттық шынығумен бекітіле түсті. 2000 жылдан бастап білікті маман, жаттықтырушым Карамат Өзбекұлы Мамедовтан жекпе-жек жауынгерлік өнері бойынша тәлім ала бастадым. Бапкеріміз бізді тек спортқа баулып қана қоймай, рухани тұрғыдан да үлкен тәрбие берді.

   Ол кісі бізге әрдайым адамдық қасиетті сақтауды, зиянды әдеттерден аулақ болуды және күшті тек заң мен Отанды, өзіңді қорғау қажет болғанда ғана қолдануды үйретті. Осы спорттық төзімділіктің, сондай-ақ мектептегі ұстаздарымның берген терең білімінің арқасында 2003 жылы мектепті де үздік нәтижемен аяқтадым. Осылайша, отбасым мен бапкерімнен алған темірдей тәртіп мектеп бітіргеннен кейін мені нағыз әскери өмірге, шекара қызметіне нық қадаммен жетелеп әкелді.

 «ПАТРИОТИЗМДІ КҮРДЕЛІ ТЕРМИНМЕН ЕМЕС, КҮНДЕЛІКТІ ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ТҮСІНДІРЕМІН»

    – Мектепті тәмамдағаннан кейінгі кәсіби әскери жолыңыз бен жоғары білім алу белестеріңіз қалай жалғасты?

    – Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеу – мен үшін басты міндет болды. 2005 жылдың мамырында Алматыдағы 2468 әскери бөлімінің оқу орталығына қабылданып, қазан айында кіші сержант шенін алдым. Кейін қызметімді Атыраудағы 2016 әскери бөлімінде жалғастырып, 2007 жылы мерзімді қызметімді аяқтадым. Бұл екі жыл бойымдағы әскери рухты шыңдады.

   Осы саладағы кәсіби жолымды жалғастыру 2009 жылы Сарыағаштағы 2020 әскери бөліміне қарасты «Ынтымақ» заставасына қызметке тұрдым. Коменданттық ротада зеңбірекші, 2018 жылдан бастап бөлімше командирі болдым. Ал 2023 жылдың қазан айынан бері «Сарыағаш» шекара бөлімшесінің аға барлаушысымын.

   Әскери қызметкер үнемі ізденісте болуы керек. Сол себепті қызметтен қол үзбей, 2012 жылы Мардан Сапарбаев атындағы институтқа оқуға түсіп, 2016 жылы «Алғашқы әскери дайындық» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін иелендім.

   – Институт қабырғасында алған осы әскери-педагогикалық біліміңізді қазіргі таңда іс жүзінде қалай қолданып жатырсыз?

 – Осы алған кәсіби білімім мен шекарадағы 17 жылдық жауынгерлік тәжірибемді ұштастыру мақсатында Сіргелі ауылындағы 36 К.Тоқмұхамедов атындағы мектеп жанынан арнайы «Жас шекарашы» үйірмесін аштым. Бұл – мен үшін болашақтың жоспары емес, қазіргі таңда жүрегіммен беріліп, күнделікті айналысып жүрген негізгі қоғамдық-тәрбиелік міндетім.

   Мектеп қабырғасында шәкірттермен тұрақты, жүйелі жұмыс істеймін. Балаларға әскери қызметтің сыртқы айбынын ғана емес, оның иыққа жүктейтін зор жауапкершілігін, қырағылық пен темірдей тәртіптің маңызын түсіндіремін. Құрғақ теориямен шектелмей, өз қызмет жолымнан нақты мысалдар келтіремін. Шекарадағы ұйқысыз түндер мен қиындықтардың ел қауіпсіздігі үшін қаншалықты маңызды екенін саналарына сіңіріп келемін. Балалардың көзінен әскери өмірге деген қызығушылықты көргенде, бойыма ерекше күш бітеді.

    – Керемет бастама. Үйірмеде басталған осы әскери тәрбие іс жүзінде ары қарай қалай жалғасады және жастарға «патриотизм» ұғымын қалай түсіндіресіз?

    – Үйірмеде басталған тәрбие сынып ішінде қалып қоймайды, балалардың күнделікті іс-әрекетінде, іс жүзінде жалғасын тауып жатыр. Мен оларға патриотизмнің ең бірінші өлшемі – өзі тұратын ортаға, туған ауылының әрбір тасына, әрбір талына жанашырлықпен қарау екенін үйретемін. Нағыз отаншыл азамат қайда жүрсе де, ең алдымен Қазақстанның абыройын биік қоюы тиіс.

   Шекара шебінде жүріп және оны педагогикалық біліміммен саралай келе анық ұққаным: мемлекеттің қауіпсіздігі әрбір адамның өз міндетіне деген ұқыптылығына тікелей байланысты. Осы ой үйірмедегі әрбір жас шекарашының оқуға, тәртіпке деген жауапкершілігімен жалғасады.

   Менің ұғымымда, елге деген шынайы сүйіспеншілік – адамның санасы мен жүрегінің үндесуінен туады. Бұл тек адамның мінезінен, іс-әрекетінен және Отан алдындағы адалдығынан ғана танылатын құндылық. Ол – кісінің бүкіл өмірлік ұстанымы мен азаматтық келбетін қалыптастыратын терең сезім. Сондықтан мен оқушыларыма осы бір қасиетті кітаптағы күрделі терминдермен емес, күнделікті өмірдегі қарапайым әрі ұғынықты мысалдармен түсіндіруге тырысамын.

   Тұтас бір мемлекеттің, миллиондаған халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігі әрбір адамның өз міндетіне жауапты болуынан басталады. Сол себепті мен үшін патриотизм, ең алдымен – өз ісіңді мінсіз атқарудан, айналаңа пайдаңның тиюінен және елге деген шынайы жауапкершіліктен көрінеді. Жастардың бойына осы өмірлік қағиданы сіңіріп, оларды ел тірегі боларлық тұлға етіп тәрбиелеуді өзімнің әскери және азаматтық парызым деп білемін.

 «ТӘРТІПТІ – ШАҢЫРАҒЫМНАН, ТАБАНДЫЛЫҚТЫ – ШЕКАРАДАН ТАПТЫМ»

    – Осындай үлкен қоғамдық және жауынгерлік жүктемені көтеру оңай емес. «Егер өмір маған қайта мүмкіндік берсе, осы саланы тағы таңдар едім» дей аласыз ба және жауапкершілігі ауыр күнделікті қызметіңізге отбасыңыз қалай қарайды?

    – Әрине, еш ойланбастан дәл осы жолды қайта таңдар едім. Өз болмысымды шекара қызметінен бөлек елестете алмаймын. Әскери антқа адал болу – мен үшін үлкен мәртебе.

   Бұл ретте, отбасымның, әсіресе жұбайым Мөлдірдің қолдауы – мен үшін үлкен медеу. Ол «Боботик» дәріханалар желісінде фармацевт болып жұмыс істейді. Мамандығы бөлек болса да, әскери қызметтің қиындығын жақсы түсінеді. Шекарашы ретінде кез келген сәтте қызметке шақырылатынымды, күндер бойы үй бетін көрмейтінімді біледі. Жұмыстың ауырлығына қарамастан, отбасының берекесін сақтап отырғаны маған зор күш береді.

   Бүгінде екі қыз, екі ұл тәрбиелеп отырмыз. Шаңырағымызда тәртіп пен үлкенге құрмет – басты орында. Отанды сүюді балаларыма құр сөзбен емес, өзімнің қызметіме деген адалдығыммен көрсетемін. Ұлдарымның менің жолымды қуғысы келетіні қуантады. Бірақ ең маңыздысы – олардың өз елін шын жүрекпен сүйетін, ар-намысы биік нағыз Адам болып қалыптасуы. Және бұл отбасылық тәрбие мектептегі «Жас шекарашы» үйірмесіндегі шәкірттерімнің бойында да табиғи жалғасын тауып келеді.

 – Өзіңіз айтқан осы әскери парыз бен жауапкершілікті сезініп, келешекте шекарашы болуды, осы саланы таңдауды көздейтін жас буынға қандай ағалық кеңес берер едіңіз?

    – Өзімді жастарға ақыл айтатын үлкен ақсақал ретінде көрмеймін. Мен – шекара шебінде жиырма жылға жуық еңбек етіп, өмірлік тәжірибе жинаған қарапайым азаматпын. Қазіргі жасыма дейінгі көрген-түйгенімнен ұққаным: адам кез келген үлкен мақсатқа жету үшін, ең алдымен, ішкі тәртіпті қалыптастыруы қажет. Өзін тізгіндей алмаған адамның ел қорғайтын істе тұрақтап қалуы қиын.

   Сондықтан өскелең буынға айтарым – әр іске зор жауапкершілікпен қарап, өз-өздеріңе биік талап қоя біліңдер. Уақытты босқа шығындамау, ерінбей еңбек ету және бастаған шаруаны соңына досын жеткізу – адамды алға жетелейтін негізгі қағидаларболып саналады. Өз уақытын бағалап, ісіне ұқыпты қарай алған адам ғана туған жердің қадірін терең ұғына бастайды. Осындай қасиеттер біртіндеп елге деген шексіз құрметке ұласады.

   Сөзіне берік, ісіне мұқият тұлға ғана қоғамға пайдасы тиетін нағыз мемлекетшіл азамат болып қалыптасады. Жас буынға тілерім – алға қойған мақсаттарың айқын болып, әр күндеріңді мағыналы өткізуге ұмтылыңдар. Ел ертеңіне адал қызмет ететін айбынды азаматтар дәл осындай қарапайым қадамдардан қалыптасады деп сенемін.

    – Арман Төлепбергенұлы, шекара шебінде тұрып, ел іргесін аман, түн тыныштығын бекем еткен адал қызметіңіз бен мағыналы сұхбатыңызға рақмет!