КӨРНЕКТІ ҚАЙРАТКЕРДІҢ ӨНЕГЕЛІ ӨМІРІ ЖАЙЛЫ КІТАП КЕҢІНЕН ТАЛҚЫЛАНДЫ

Авторы: Әлия ӘУЕСБЕКОВА

17.07.2026

 А.С. Пушкин атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында дәстүрлі «КітапTimes» жобасы аясында осымен үшінші рет ауқымды әдеби талқылау өтті. Оқырман назарына қазақ руханиятының біртуар тұлғасы Өзбекәлі Жәнібековтің өнегелі өміріне арналған белгілі жазушы, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбектің «Өзбекәлі Жәнібек кім?» атты жаңа туындысы ұсынылды.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, тарихи сананы жаңғыртуды көздеген бұл алқалы жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы Әкімжан Анарбайұлы, республикалық «Қызмет» газетінің директоры әрі «Ақылдым» журналының бас редакторы Бейсенкүл Нарымбетова, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар және қаланың белсенді жастары қатысты.

Басқосу барысында қаланың кітапсүйер жастарынан құралған 9 арнайы топ кітап мазмұнын талдауға белсенді араласып, шығарманы өзара жарыса, қызу талқыға салды. Олар қайраткердің ел тарихындағы орны мен мәдениетті дамыту бағытындағы еңбегі жөнінде еркін пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды.

Жиын аясында сөз алған кітап авторы Құлбек Ергөбек туындының жазылу тарихына тоқталып, Өзбекәлі Жәнібектің ұлттық руханиятқа сіңірген өлшеусіз еңбегі мен беймәлім қырлары туралы тың деректермен бөлісті. Өз кезегінде зиялы қауым өкілдері де кейінгі буынды тұлға тағылымынан үлгі алуға шақырып, оның ұлттық мұраны сақтаудағы өшпес ізін ерекше атап өтті.

Қатысушылардың пікірінше, бар саналы ғұмырын халқына қызмет етуге арнаған Өзбекәлі Жәнібектің өмір жолы – бүгінгі жастардың тарихи санасын нығайтатын басты темірқазық саналады.

Шара соңында талқылауға қатысқан шығармашыл жастар мен белсенді қатысушылар арнайы Алғыс хаттармен марапатталды. Мұндай мазмұнды жобалар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.

Әлия ӘУЕСБЕКОВА