«Kitap times»: «Аласапыран» романы жастардың тарихи танымын тереңдетті

Авторы: Әлия ӘУЕСБЕКОВА

31.07.2026

 

Жастар арасында кітап оқуды кеңінен дәріптеуді мақсат тұтқан «Kitap times» жобасы аясындағы рухани жиын бұл жолы Шымкент қалалық Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының төрінде ұйымдастырылды.

 Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің шоқтығы биік «Аласапыран» романы аталмыш кештің арқауына айналды.

Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен «Серпіліс» қоғамдық қоры қолға алған бұл игі бастама өңірдегі кітап оқу мәдениетін жаңа сатыға көтеріп, өскелең ұрпақтың ұлттық әдебиетке деген ықыласын оятуды көздейді.

 Осынау мазмұнды жиынға әрқайсысы 5 қатысушыдан құралған 10 команда қатысып, тарихи туындыны жан-жақты терең талдады. Тақырыптық сайыс барысында жастар жай ғана мазмұн айтып шектелмей, шығармадағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқата білді.

 Бұдан бөлек, әрбір топ өз кезегінде романның идеялық мазмұнын ашып, кейіпкерлердің ішкі әлемі мен күрделі тағдырына өзіндік баға берді. Ортаға салынған ойлар мен тарихи оқиғалар төңірегіндегі пайымдар қатысушылардың сыни ойлау қабілеті мен тарихи санасының биік екенін көрсетті.

Осы бастаманың маңызы туралы сөз алған қалалық Жастар саясаты басқармасының басшысы Әкімжан Әбдіәкімов аталмыш жоба Мемлекет басшысының оқырмандар қауымдастығын қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам екенін айрықша атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда төртінші кітаптың талқылауы өтіп жатыр, ал жалпы жоспар – он туындыны оқып, зерделеу, осы арқылы қала жастарының кітапқа деген құштарлығын арттырып қана қоймай, ұлттық тарихқа деген құрметін нығайту басты назарда.

 Ал әдеби кездесудің маңызы мен ауқымын кеңейте түскен «Серпіліс» қоғамдық қорының төрайымы Бейсенкүл Нарымбетова жобаға деген қызығушылықтың күн санап артып келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ әрбір басқосу сайын жаңа командалардың қосылуы және әсіресе 13-14 жастағы жасөспірімдердің белсенділігі үлкен қуаныш сыйлайтынын тілге тиек етті. Жас буынның кітапқа деген көзқарасы туралы сөз қозғаған қор төрайымы «Жастар кітап оқымайды деген – қате пікір, шын мәнінде оқитын жастар бар, тек оларға тиісті орта қажет» деп атап өтті. Міне, осындай кемел ойлар мен тартымды пікірталастарға толы Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романы төңірегінде өрбіген кеш қатысушыларға ерекше рух беріп, отансүйгіштік сезімдерін одан әрі асқақтата түсті.

 Тарихи тұлғалардың бейнесі арқылы елдік сана мен бірліктің маңызын терең ұғынған оқырмандар өз көзқарастарын еркін жеткізе білді. Ал осындай мазмұнды басқосулар өңірдегі озық ойлы ортаның қалыптасуына айтарлықтай үлес қосып, өскелең ұрпақтың рухани дамуына үлкен жол ашады.

#кітапуақыты

#шымкентоқитынқала

#шымкентқалалықжастарсаясатыбасқармасы

#шымкентжастары

#серпілісқоғамдықоры