Шымкентте ұстаздар жаңа оқу жылы алдында білім беру саласындағы мәселелер ортаға салынып, жаңа идеялар талқыға түсетін, «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында ұйымдастырылған дәстүрлі тамыз кеңесінде бас қосты. Шарада еліміздің өңірлерінен келген білім беру саласының мамандары жаңа оқу жылының өзекті бағыттары, мектепішілік басқару, цифрландыру, сапаны арттыру, білім беру ұйымдарының заманауи модельдері бойынша үздік тәжірибелермен бөлісті.
Басқосу барысында Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Гүлзат Сүлейменова ұстаздардың жалақысы жылдан жылға өсіп келе жатқанын жеткізді.
- «Әрине, бұл – қуантарлық жағдай. Өйткені, қоғамдағы кез келген ұстаздың беделі мен мәртебесі ең әуелі оның әлеуметтік жағдайымен тікелей байланысты. Бұдан бөлек, оқушылардың көптеген жарыстарға қатысып, қаламыздың намысын қорғау үшін республикалық және халықаралық олимпиадалардағы жетістіктерге жетіп жүргендері де көңіл қуантады. Мәселен, шаһарда білім алып жатқан балалардың 7 алтын, 22 күміс, 200-ден астам қола медалі алуы да білім сапасының айтарлықтай артып келе жатқанын айғақтайды. Алайда біздің келешектегі басты мақсатымыз - тек үздіктердің жетістігімен шектелмей, барлық оқушыға тең мүмкіндік беруіміз тиіс,» - деді басқарма басшысы.
Кәсіптік білім беру саласының да көкжиегі кеңейіп, оң өзгерістер орын алғаны байқалады. Колледж студенттері қосымша мамандық алу мүмкіндігіне ие болып, шәкіртақылары өсті. Бұл – қазіргі еңбек нарығына қажетті білікті мамандарды даярлауға бағытталған нақты қадам. Балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиесі, буллингтің алдын алу, психологиялық қолдау орталықтарын ашу да бүгінгі заман талабы.
«Білім - тек қана ғылым игеру емес. Сондықтан ең алдымен жас ұрпақтың жан-жақты жетілген тұлға болып қалыптасуы жолында жағдай жасау екенін ескеруіміз керек. «Білім – ұлттың болашағы. Ұстаз еңбегін бағалау, оқушыға жағдай жасау, мектепке дейінгі тәлім-тәрбиені күшейту – мемлекеттің стратегиялық мүддесі» деп түйіндеді.
Қай кезеңде болмасын, мемлекет дамуының басты тетігі мен стратегиясы сапалы білімге бағытталған. Сондықтан білім сапасын арттыру, ұстаздар қауымы мен оқушыларға қолайлы жағдай жасау бүгінгі күннің басты алғышарты саналады. Бұл – болашағымызды жарқын, елдігімізді мәңгі етуді мақсат тұтқан мемлекеттік көзқарасымыз бен азаматтық ұстанымымыз. Бүгінгі қалалық тамыз кеңесінің түпкі мәнісі де оқу-ағарту саласын одан әрі дамытуға, білім сапасын биікке көтеруге бағытталды.