Оразалы Смайылов, бағбан: «Өмірден түйгенім – жер ешқашан адамды алдамайды»

Авторы: Әлия ӘУЕСБЕКОВА

07.08.2026

 

Ауыл шаруашылығын әдеткі қалыптан шығарып, оған соны серпін сыйлау – сабыр мен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Дәл осы ұстаныммен Түркістан облысы, Келес ауданы, Бірлесу ауылдық округінің тұрғыны, тәжірибелі диқан Оразалы Жақыпұлы Смайылов аймақта енді ғана өріс алып келе жатқан тың шаруаны өміршең етті. Жетпістегі еңбекқор қария осыдан үш жыл бұрын «болашақ ағашы» – павлонияны өсіруге бел байлаған-ды. Бүгінде ерен еңбекпен табандылықтың арқасында Келес топырағында жайқалып өскен мыңдаған түп ағаш айналаға сән кіргізіп, агросектордағы өзгеше бағыттың көкжиегі кеңейте түскеніне дәлел боп тұр.

Оразалы ақсақалдың бұл қадамы – жай ғана табыс табу емес, аудан тұрғындары мен көрші-қолаңға таңсық талдың өңірді жерсінетінін көрсетудің нақты көрінісі. Алғашында көпшілік таңырқай қараған көшеттер бүгінде сап түзеп жасыл желекке айналған. Өңір микроклиматының жақсаруына үнсіз үлес қосып тұр.  Біз жасыл алқап иесін арнайы іздеп келіп, сұхбат құрған едік.

БЕЙНЕТСІЗ БАҚ ТА, БАУ ДА ӨСПЕЙДІ

– Оразалы Жақыпұлы, Келес өңірі негізінен бақша өнімдерімен, пияз және көкөніс егумен бұрыннан танымал. Дәстүрлі диқаншылықта жүріп күтпеген жерден павлония ағашын өсіруді бастадыңыз, мұндай батыл қадамға бару қандай қажеттіліктен туды?

– Иә, дұрыс айтасыз, біздің аймақ ежелден егін егуге, қауын-қарбыз баптауға машықтанған. Алайда заман ағымына сай ауыл шаруашылығы да үнемі жаңаруды, жаңа бағыттар мен озық әдістерді игеруді талап етеді. Сондай соқпақ іздеп жүргенде, осыдан үш жыл бұрын балаларым интернет желісін ақтарып, тез өсетін терек түрі – павлония туралы мәлімет тауып алыпты. Негізі Шығыс Азиядан шыққан бұл ағаш көрші Өзбекстанда ғылыми деңгейде зерттеліп, біздің климатқа толық бейімделген екен. Көрші елде оны өсіруге басында мемлекеттік субсидия берілмегенімен, кейіннен үлкен қолдау көрсетіліп, оны егушілер қатары күрт артқан көрінеді. Өзбек ағайындармен қатар Қырғызстан да жаппай өсіруге көшсе, біздің Қазақстан нарығына енгеніне енді ғана 5-6 жылдың жүзі болды.

Осындай мәліметтерді мұқият оқып, зерттеген перзенттерім бір күні ерекше көңіл-күймен алдыма келді. «Әке, осы уақытқа дейін қауын-қарбыз егіп келдік қой, енді бағымызды сынап, павлония ағашын егіп көрсек қалай болады? Тез өсетін, табиғатқа берер пайдасы да мол «болашақ ағашы» екен. Бірге қолға алайық!» деп ұсыныс тастады. Балаларымның талпынысын көріп, мен де бейжай қарай алмадым. Іске бел буып, ешкімнен көмек күтпестен, жұмысты толығымен өз қаржымызбен бастап кеттік. Алғашқы көшеттерді Өзбекстанның Наманган және Ферғана алқаптарынан арнайы алдырттық. Басында 1500 дана көшетті 1 миллион теңгеге сатып алып, жерімізге ектік. Ереже бойынша, 1 гектар аумаққа 1200 түп егіледі екен. Біз жалпы 4 гектар алқаптың 1 гектарына 1200 түпті орналастырып, қалған 300 данасын арасын сәл жақындау қылып жанына қададық. Кейіннен өз күшімізбен жетілген ағаштардан өркен алып, оны өзіміз көбейттік. Сөйтіп, барлық аумаққа тегіс егіп шықтық. Тәлімі мен суғармалы жерімізді біріктіріп, үлкен жасыл алқап жасадық.

Қазіргі уақытта иелігімізде осы аумақта талапқа сай бапталған, жайқалып өскен 10 мыңға жуық павлония бар. Үш жыл ішінде бұл діңгектердің жуандығы 75-80 см-ге жетсе, биіктігі 10 метрге жуықтап, айналаны жап-жасыл қалың тоғайға айналдырды. Бұған тек сырттай тамсанып қана қоймай, шаруаның көзімен, есеппен қарасақ, бұл терек 5-6 жылдың ішінде-ақ адам құшағы жететіндей жуандыққа жетіп, кесуге жарап қалады. Бұл дегеніміз – уақыт пен бейнетті үнемдей отырып, қысқа мерзімде сапалы құрылыс материалын немесе отын дайындауға таптырмас мүмкіндік.

– Жаңашылдықтың аты – жаңашылдық. Алайда, ата кәсіптен алшақтап, мүлдем басқа бағыттағы ағаш шаруашылығына ауысудың жауапкершілігі де аз болмаған шығар? Бұл жасыл белдеуді баптау мен оны өсіруде қандай қиындықтар кездесті?

– «Баптағанға жер жомарт» дейді ғой, бұл теректің де өзіндік ерекше бабы бар. Басты қиындығы мен құпиясы – алғашқы жылдардағы дұрыс күтім мен кесу жұмыстарында. Павлония алғашқы екі жылда суды көп ішеді және күннен нәр алады. Төңіректегі өсу қарқыны жылдам болады, егер төменнен тамырына ылғал жетіп, жоғарыдан күн сәулесі түсіп тұрса. Бірақ өзіндік ерекшелігі бар: бірінші жылы бойын өсіріп алу үшін жанынан шыққан жабайы бұтақтары мен жапырақтарын («шақтарын») үнемі жұлып, тазалап отыру керек. Сонда бүкіл күш діңгекке жиналып, ол бір бағытпен тік әрі биік өседі.

Бүгінде төңіректегі мектептерде де жасыл белдеу қалыптастыру мақсатында Түркістаннан арнайы павлония көшеттері алдырылып, егіле бастады. Бұл өте жақсы бастама. Алайда күтімін білмесе, еңбек еш кетуі мүмкін. Мына көршілес білім ошақтарының біріне осы жақтан әкелінген көшеттер егілген екен, бірақ баптауы дұрыс болмағандықтан, біраз түбі қурап қалыпты. Мектеп басшылығына барып: «Шырағым, бұл ағаштың алғашқы жылы шақтарын жұлып, бір ғана түп қылып өсіріп алу керек. Мына қаптаған жабайы бұтақтардың бәрін түбінен кесіп таста. Қайта шыққан кезде өзім келіп, қалай күту керектігін тағы да көрсетемін, бұл іске бір адамды арнайы дайындап қой!» – деп ақылымды айтып, баптау жолын үйреттім. Біз енді өзімізден өркен алған әрбір мекемеге, әрбір азаматқа осы күтіп-баптау жолдарын үйретуді міндетіміз деп санаймыз.

Бүгінгі таңда ауылда бір азамат тәуекел етіп, көршінің бос жатқан жерін сатып алды да, 1 гектар жерге 1250 түп павлония егіп тастады. Төңіректегі қызығып жүрген көрші-қолаң да біздің бұл ісімізді сырттай бақылап, соңы не болар екен деп асықпай күтіп отыр. Олардың асықпай, байқап қана қарап жүргендерін түсінуге болады. Өзім ертең бұл ағаштар тез арада таудай болып өсіп, жап-жасыл үлкен жапырақтарымен айналаға кең сая мен қою көлеңке түсіргенін өз көздерімен көргенде, бұл іске белсене кірісетін шығар деп ойлаймын.

ТОПЫРАҚПЕН ТІЛДЕСКЕННІҢ ЖАНДҮНИЕСІ ТАЗАРАДЫ

– Қазір мына бақты аралап жүріп, бейнебір орман ішінде жүргендей ерекше әсер алдым. Тіпті қаланың шуынан кейін жаным бір серпіліп қалды. Өзіңіз жетпіске таяған шағыңызда осы жасыл белдеудің арасында күн кешіп, оны өз қолыңызбен баптағанда қандай сезімде боласыз?

– Сенің мына жасыл желекті аралап жүріп, өзіңді орманда жүргендей сезінгенің – менің еңбегімнің еш кетпегенінің белгісі, қария көңіліме үлкен қуаныш сыйлайды. Жасың жетпіске таяғанда кейде шаршау, дегбірсіздік пайда болады ғой. Сондай сәттерде мына ағаштардың арасына кіріп кетсем, бүкіл уайым-қайғымды ұмытып, жаным сергіп қалады.

Әрбір талдың бүршік жарғанын, күн санап бой көтеріп келе жатқанын көру – адамға өмірге деген ерекше құштарлық сыйлайды екен. Мен бұл діңгектердің әрқайсысымен сырласамын, оларды өз баламдай күтемін.

– Әдетте топырақпен жұмыс істеген адамның болмысынан өзгеше бір байсалдылық, табиғи тереңдік аңғарылып тұрады ғой. Жалпы, жермен тілдесудің қариялық жастағы мәні неде?

– Менің өмірден түйгенім – жер ешқашан адамды алдамайды. Адам баласына қарағанда топырақ сенімдірек, оған қаншалықты маңдай теріңді төгіп, ықыласыңды берсең, ол саған еселеп жауап қайтарады. Топырақпен айналысқан жан ешқашан жамандыққа бармайды, өйткені табиғат адамның бойындағы бүкіл жағымсыз энергияны сорып алып, орнына тыныштық ұялатады. Меніңше, қазіргі жастардың мазасыз, ашушаң болуының бір себебі – топырақтан, табиғаттан тым алыстап кеткендігінде. Өйткені, диқанның көңілі дархан даладай кең, пейілі ақ болады.

– Біздің білуімізше, павлонияның экологиялық пайдасынан бөлек, сапалы құрылыс материалы, отын екені және айналаға кең сая беретіні белгілі. Әрі көктемдегі гүлдеуі де өзгеше әсем көрініс сыйлайды. Осы жасыл бақтың ішкі экожүйесін басқа да пайдалы бағыттармен ұштастыру мүмкіндігі бар ма?

– Әрине, бұл «болашақ ағашының» табиғатқа да, шаруаға да берер игілігі өте кең. Мәселен, ол көктемде, әлі жапырақ жаймай тұрып, шамамен сәуір айында күлгін-ақшыл түсті, хош істі үлкен гүлдер ашады. Сол кезде бұл алқап бейнебір ертегілер әлеміне айналғандай көз тартады. Ең бастысы, осы гүлдердің бал шырыны өте мол келеді.

Бұл бақта өзіміз әлі ара ұяларын қойып, омарта шаруашылығын қолға алған жоқпыз. Алайда, бұл – болашақта үлкен пайда көзіне айналатын бағыт. Павлония гүлдейтін арнайы маусымда омарташылармен келісіп, олардың ара ұяларын осы баққа әкеліп қоюына жағдай жасауға болады. Павлония балы өте сапалы әрі емдік қасиеті жоғары болады деп айтылады.

Ол үшін өзің ағаш өсіріп, әрі омарташы болып кетуің шарт емес. Тек гүлдеу маусымында ара ұяларын алып келіп орналастырудың өзі – қосымша табыс пен игіліктің жолы. Болашақта осы мүмкіндікті де пайдаланып, бір алқаптан әрі сапалы сүрек, әрі омарташылықтың пайдасын көруге толық болады. 

ШАҢЫРАҚ БЕРЕКЕСІ – СЫЙЛАСТЫҚ ПЕН САБЫРЛЫҚТА

– Кез келген үлкен істің артында сенімді тірек пен бірге еңбек ететін ет жақындар тұратыны белгілі. Өзіңіздің өскен ортаңыз, бауырларыңыз және бүгінде өмірлік жарыңызбен бірге құрған шаңырағыңыз бен өсірген ұрпақтарыңыз жайлы айтып берсеңіз?

– Ес білгелі қарапайым еңбек адамдарының ортасында, берекелі шаңырақта тәрбиелендім. Әкеміздің артында қалған екі ұл, бір қыздың ортаншысымын. Ағам қазір Шардара жақта тұрады. Ал Жетісайдағы қарындасымыздан, өкінішке қарай, ертерек айырылып қалдық.

Бүгінде шаңырағымның ұйытқысы болып отырған, Құдай қосқан қосағым – Анар. Даланың бітпейтін жұмысымен жүргенімде үйдің берекесін қашырмай, бала-шаға мен немерелердің тәрбиесін толықтай өз мойнына алған да – осы кісі. Жұбайым кезінде базарда кішігірім сауда жасап, кәсіптің де көзін тапқан болатын. Айтарлықтай үлкен айналым болмаса да, базарда өз алдына шағын орны болды. Ал қазір ауылда балалар мен қыз-келіншектерге арналған кішігірім дүкенін дөңгелетіп келеді. Павлония егуді қолға алғанда да Анармен, перзенттеріммен ақылдасып, отбасымызбен ортақ шешім қабылдаған едік.

Жұбайым екеуміз 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, қатарға қостық. Ұлдарымызды ұяға, қыздарымызды қияға қондырып, әрқайсысы дербес шаңырақ көтерген берекелі әулетке айналдық. Бүгінде 7 немеренің қызығына кенеліп отырған ата мен әжеміз: үлкен ұлымыздан 4, кенжемізден 3 немере өсіп келеді.

– Балаларыңыздың бұл шаруашылықтағы рөлі қандай? Жалпы, шаңырақтағы келіндер мен жас буынға отбасылық татулық пен осы жаңа кәсіптің пайдасын қалай түсіндіріп келесіздер?

– Үлкен ұлымыз Оралхан қазір өзбекстандық мамандармен үнемі байланыста болып, өз ісінің нағыз білгірі – агроном деңгейіне жетті. Шаруаның бел ортасында жүр. Ал кенже ұлымыз Құралбай 1997 жылы, тура совхоз тарап, өзіміз жеке шаруашылық болып бөлініп, жаңа өмір бастаған қызу кезеңде дүниеге келді. Қазір ол да ағасымен бірге шаруаның басы-қасында, біздің басты көмекшіміз.

Осы кенже ұлымыз Құралбайдың жары – қара шаңырағымыздың түтінін түтетіп, отын жағып отырған келініміз Перизат та босағамыздан аттаған күннен бастап Анар анасының ақылын тыңдап, үй тірлігіне араласып кетті. Қара шаңыраққа ие болып қалған келініміз бұл ағаштың тұрмыстағы, от жағудағы пайдасын күнделікті өз көзімен көріп, айтып жүреді. Келініміздің сөзінше, бұл ағаш өте тез тұтанып, лаулап жанады және бірқалыпты, өте күшті жылу береді. Түтіні де өте аз, артында күлі де мардымсыз қалады. Бұл пешті немесе ошақты жиі тазалау азабынан құтқарып, үй шаруасындағы әйелдердің уақытын едәуір үнемдейді. Жеңіл сүрек болғандықтан, оны тасу, жинау және сақтау да өте ыңғайлы.

Осындай берекелі тірліктің баянды болуы шаңырақтағы өзара түсіністік пен татулыққа тікелей байланысты. Сол себепті де үйдегі жас буынға, ұл-қыздарымыз бен келіндерімізге үлкен ретінде өмірлік тәжірибемізбен бөлісіп, бағыт-бағдар беріп отырамыз. Саналарына «Басыңды кесіп алса да, шындықты айт» деген адалдық ұғымын құйып өсірдік. «Ұрыстың, жанжалдың түбі жоқ, екі жақтың бірі қайтпағанша ол тоқтамайды. Сондықтан отбасында ер мен әйелдің біреуі ашуланып, ашуға бой алдырған сәтте екіншісі үндемей қоя салуы керек. Келесі жолы екіншісі де солай үнсіз қалады» деген ұстанымдар  бүгінде отбасымыздың басты берік қағидасына айналды.

– Сіздің өмір жолыңыз да үлкен тағылым мектебі секілді. Трактор тізгіндеуден басталған еңбек жолыңыз бүгінгі белгілі диқан деңгейіне қалай жалғасты? Жермен шынайы табысуыңыздың тарихына тоқталсаңыз?

– Менің бүкіл тағдырым, балалық шағым мен есейген шағым Келес ауданы, Біртілек ауылдық округіне қарасты Шүкірбай ауылымен тығыз байланысты. Осы ыстық мекенде 1958 жылы дүниеге келіп, топырағында аунап өстім. Бүгінде округ орталығы – Қазақстан ауылында тұрамыз.

Жастық шағымда ауылда тракторшы болып, қара жұмыстың бел ортасында жүрдім. Кейін үйдің маңындағы моншаны жағып, ел арасында «банщик Оразалы» атанғаным да бар. Бірақ уақыт өте келе менің басты тағдырым мен несібім топырақпен тығыз байланысты екенін түсіндім, халық та мені «диқан Оразалы» деп таныды.

Тоқсаныншы жылдардың ортасында, нақтырақ айтсам, 1996 жылы жермен алғаш рет байланысып, тәуекелге бел будым. Сол жылы багара, яғни су шықпайтын қырдың құрғақ телімін алып, қауын мен қарбыз ектім. Келесі жылы совхоз тарағанда, өз жер үлесімді дербес иелікке алдым. Осылайша тұңғышымның атымен «Оралхан» жеке шаруашылығын құрдық.  Содан бері бел жазбай диқаншылықпен айналысып келеміз. Басында сусыз қырдың аумағын игеріп жүрдім де, кейін ағын су келетін суғармалы телімімізді қосып алдым. Екі жер телімін біріктіріп, бір тұтас көлемді аумаққа айналдырған едім.

Сол жылдары аймақтың дихандары жаппай қауын-қарбыз егетін. Әсіресе, тарихи 21- партсъездің тәтті қауынының дәмі тіл үйіріп, оның даңқы тіпті көрші Ресейге дейін жеткен болатын. Жетісай жақта ылғал тым мол болғандықтан, ондағы өнімнің дәмі біздің Келестің өніміне жетпейтін. Кейінірек Өзбекстаннан қоныс аударған ағайындар келіп, тәтті бұрыш өсірдік. Ал қазіргі жұрт бұрышты қойып, жаппай пияз егуге көшкен. Осылайша, ата-бабадан қалған құтты қоныс бүгінде нағыз диқандардың ауылына айналды.

ОТАНДЫ СҮЮ –АУЛАҢА  ЕГІЛГЕН БІР ТАЛ АҒАШПЕН ӨЛШЕНЕДІ

– Жаңа кәсіптің табиғатқа берер пайдасы орасан екенін айттыңыз. Ал оның ішкі нарықтағы қанат жаюына мемлекет тарапынан қандай да бір қолдау тетіктері қарастырылған ба? Әлде әлі де кедергілер бар ма?

– Павлонияның экологиялық пайдасы орасан зор екені ғылыми тұрғыда дәлелденген ғой. Жапырақ диаметрі 50 см-ге дөңгеленеді. Ол басқа ағаштарға қарағанда көмірқышқыл газын бойына көп сіңіріп, атмосфераға оттегіні де мол бөледі екен. Табиғатты тазартуда теңдессіз бұл өсімдікті өкімет те көптеп егуді міндеттеп жатыр.

Алайда, істің де өзіндік шешілмеген түйткілдері бар. Бүгінгі таңда бұл болашақ ағашына мемлекет тарапынан қолдау ретінде қаржылай көмек (субсидия) берілмейді. Мәселен, құлпынай секілді тез өнім беретін жидек дақылдарына демеуқаржы төленеді екен де, ал павлония көпжылдық өсімдік болғандықтан, мәселе әлі шешімін таппай тұр. Алдын ауданның атқамінер азаматтары арнайы келіп, жағдайды көріп кетті. Олар да жағдайдың маңыздылығын түсініп, қолдаудың қажеттілігін айтты. Осы бойынша жоғары жаққа, министрлік деңгейіне тиісті ұсыныстар жолданғанын жеткізді.

Егер болашақта мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп, демеуқаржы бөлінсе, бұл істі жаңадан бастағысы келетін шаруаларға үлкен сеп болар еді. Ол қаржыға мен жерге тамшылатып суғару әдісін енгізер едім. Қазір ағын сумен суғарғандықтан, айналасын арамшөп басып кетеді. Тамшылатып суғарсақ, арамшөптен арылып, суды да едәуір үнемдер едік. Сондай-ақ, қырдың үстіне үлкен бөшке қойып, суды жылытып құйсақ, еңбек күші де, артық шығын да азаятын еді.

– Бүгінгі қоғамда «Отанды сүю», «патриотизм» деген биік ұғымдардың мәні сәл жеңілдеп, жалаң ұрандарға көбірек ұқсап бара жатқандай көрінбейді ме? Өз өміріңіз бен атқарып жатқан істеріңіздің аясында бұл құндылықтардың нағыз салмағы мен шынайы мазмұнын қалай түсіндірер едіңіз?

Патриотизм дегенді мен өте қарапайым ғана түсінемін. Отаншылдық бос сөзбен емес, өз қолыңмен еңбек етіп, айналаңа бір тал ағаш егіп, өсіріп шығаруыңмен білінеді. Оны халықтың игілігіне жарайтын, артыңнан із қалдыратын нақты істермен өлшеймін. Шынайы патриотизм – туған топырақтың қадірін біліп, оны келесі ұрпаққа аман-есен, жасыл желекке бөленген құнарлы күйі тапсыру. Сондықтан мен үшін Отанды сүю – туған ауылыңның бір уыс топырағын ардақтаудан, айналаңа бір түп ағаш егіп, таза ауа сыйлаудан басталады.

Бабаларымыз «Әкеңнен мал қалғанша, тал қалсын» деп бекер айтпаған ғой. Әкенің жиған-терген дүниесі ертең балаға құт болмауы мүмкін, уысыңнан сусып шашылып кетеді. Ал артыңнан жайқалып өскен тал қалса, оның сауабы мен берекесі өмір бақи таусылмайды. Ертеңгі күні осы ағаштың саясына бір шымшық келіп қонса да, жолаушы саялап көлеңкелесе де, ол бізге о дүниеде де үлкен сауап болып жазылып тұрады деп ойлаймын. Жемісті тал ексең, өнімін адам жейді, құсы ұя салады, мал көлеңкелейді – осының бәрі біздің жер бетінде тегін өмір сүрмегеніміздің белгісі емес пе?

Менің пайымымша, нағыз отаншылдық – «мемлекет маған не береді?» деп қол жайып отыру емес, «мен еліме қандай пайдамды тигізе аламын?» деп әрекет ету. Біз осы павлонияны еккенде ешкімнен жәрдем сұрап, көмек күткеніміз жоқ. Қолымыздан келгенше, маңдай терімізді төгіп, туған жердің экологиясын жақсартуға үлес қостық. Қазіргі таңда мына жасыл белдеу айналадағы шаң-тозаңды басып, ауаны тазартып тұр. Әрбір жапырақтың оттегі бөліп, табиғатқа жан бітіргені – Отанға жасаған ең үлкен қызметіміз деп білемін.

Патриотизмді алыстан іздеудің қажеті жоқ. Ол – өз шаңырағыңда адал еңбек ету, балаларыңа қиянат жасамауды үйрету, туған өлкеңнің суын ысырап қылмай, топырағын аялау. Егер әрбір қазақстандық өз ауласына, өз ауылына осылай жанашырлықпен қарап, бір-бір түп ағаш егіп өсірсе, бүкіл еліміз жасыл жәннатқа айналар еді. Менің де мақсатым – артымнан өшпес сауапты іс қалдырып, халқыма, туған топырағыма титтей де болсын пайда тигізу. Сондықтан бұл шаруаға тек табыс көзі деп қарамау керек, бұл – туған жерге, оның табиғаты мен халқына деген шынайы перзенттік махаббаттың көрінісі. Кімде-кім жерге ықыласпен иілсе, Отан да оны биікке көтереді.

– Туған жерге деген перзенттік парызды өнегелі іспен өтеудің жолын көрсетіп отырсыз. Ал осы құтты қонысты одан әрі көркейту бағытында алдағы уақытқа қандай мақсаттар қойып, жоспарлар құрып отырсыздар?

– Менің тағы бір үлкен арманым – аптап ыстығымен белгілі осы туған өлкемізде адам жаны саялайтын жап-жасыл, салқын бау-бақша жасау. Иә, жасыратыны жоқ, біздің жақ – жазда қайнап тұратын өте ыстық аймақ. Бірақ осы аптаптың өзінде СТК каналының ағын суын тиімді пайдаланып, павлониялардың қалың көлеңкесімен ыстықтың бетін қайтарсақ дейміз. Осындай шөлді, күйіп тұрған жерде жасыл желек тұрғызып, жанға жайлы сая жасау – мен үшін туған жерге деген шынайы сүйіспеншіліктің ең биік көрінісі.

Алдағы уақытта ағаштар бой көтеріп, айнала қою көлеңкеге айналғанда, балалар шомылатын бассейн салып, ел-жұрт демалатын орын ұйымдастырсақ деймін. Ауыл тұрғындары мен қаладан келген қонақтар аптап ыстықта осы ағаштың саясында жаны жадырап салқындаса, бұл да бір үлкен бақыт емес пе?!

Жерді сүю, еңбектен қашпау және қоршаған ортаға қамқорлық таныту арқылы ғана Отанға деген шынайы сүйіспеншілікті дәлелдеуге болады. Түбінен қиылса да, қайта бүршік ататын павлония ағашындай, бұл берекелі ісіміз де ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мәңгі жасайтынынан үміттімін.

– Салиқалы әңгімеңізге рахмет! Еңбектеріңіз берекелі болсын!