Адамның тұлға болып қалыптасуында отбасының ықпалы ерекше. Сыйластық пен сенімге құрылған қарым-қатынас, үлкенге құрмет, кішіге ізет, жауапкершілік пен өзара қолдау секілді қасиеттер ең алдымен отбасында бойға сіңеді. Сондықтан жанұяның беріктігіне жекелеген шаңырақтың ғана емес, тұтас қоғамның тұрақтылығы мен болашағына әсер ететін маңызды фактор деп қарауға болады.
Бүгінде отбасылық құндылықтарды сақтау мен дәріптеу еліміздегі қоғамдық жұмыстардың маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Отбасылық тәрбие мен ата-ана жауапкершілігін арттыруға бағытталған кездесулер мен түрлі әлеуметтік бастамалар ұйымдастырылып, жастар арасында отбасы институтының маңызын түсіндіруге көңіл бөлінуде. Мұндай жұмыстардың негізгі мақсаты – шаңырақтың қадірін арттырып қана қоймай, өзара сыйластыққа, жауапкершілікке және ұлттық тәрбиеге негізделген отбасылық ортаны қалыптастыру.
Иә, қарқынды өзгерістер мен ақпараттық мүмкіндіктер кеңейген қазіргі кезеңде дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Ұлттық тәрбие мен адамгершілік қағидаларын дәріптеу, ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайту, отбасындағы өзара түсіністік пен жауапкершілікті арттыру – қоғамның ортақ міндеттерінің бірі. Осы бағытта Шымкент қаласында да отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналған түрлі іс-шаралар өткізіліп, шаңырақтың берекесі мен ұрпақ тәрбиесіне мән беретін бастамалар жүзеге асырылып келеді.
Мазмұнды кездесу ұйымдастырылды
Отбасы құндылықтарын дәріптеу және жастардың шаңыраққа деген жауапкершілігін арттыру мақсатында Шымкент қаласындағы Жол-көлік колледжінде Отбасы күніне арналған «Отбасы – бақыттың бастауы» атты мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Тағылымды жиынға «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ербол Байқонысов, Отбасы мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі кеңестің төрайымы Баян Жандосова, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Нұржан Абдезов, колледж оқытушылары мен білім алушылары қатысты.
Кездесу барысында отбасы институтының қоғамдағы маңызы, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі мен жауапкершілігі, жастарды отбасылық өмірге даярлау мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар ұлттық салт-дәстүр мен рухани құндылықтардың жас ұрпақтың тәрбиесі мен дүниетанымын қалыптастырудағы орнына ерекше назар аударылды.
Жиын барысында Ербол Байқонысов қатысушыларды Отбасы күнімен құттықтап, отбасы құндылықтарын дәріптеуге үлес қосып жүрген бірқатар азаматқа алғыс хат табыстады.
– Отбасы – адамның өміріндегі ең үлкен құндылықтардың бірі. Жастарға отбасының қадірін түсіндіру – баршамызға ортақ міндет. Өйткені бүгінгі студент – ертеңгі ата-ана, ал оның отбасындағы ұстанымы келесі ұрпақтың тәрбиесіне әсер етеді. Сондықтан мұндай кездесулер жастармен ашық сөйлесіп, отбасы құндылықтарының мәнін бірге талқылауға мүмкіндік береді, – деді ол.
Сонымен қатар, өз кезегінде сөз алған Баян Жандосова да отбасы институтының қоғамдағы маңызын атап өтіп, көпбалалы аналардың отбасы тәрбиесі мен елдің қоғамдық өміріне қосып отырған үлесіне ерекше тоқталды.
– Бала тәрбиесіне уақытын арнап, бірнеше ұрпақтың тәрбиесіне үлес қосып отырған аналардың еңбегін бағалау – қоғам үшін маңызды. Ресми дерек бойынша, Шымкент қаласында 58 мың көпбалалы ана бар екен. Соның 10 мыңы – «Күміс алқа», 4 мыңы – «Алтын алқа» иегері. Отбасының ұйып кемелденуіне осындай аналардың қосатын үлесі теңдесіз деп айтар едім, – деді төрайым.
Жас отбасылар білім бәсекесіне түсті
Отбасы күніне орай «Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен Бақыт мекені» жобасы аясында жас отбасылар арасында «ОТАУ IQ» интеллектуалдық сайысы өтті. Шымкент қаласындағы ОАИУ-дың М.Сапарбаев ғимаратында өткен бұл додаға 14 отбасы қатысып, «Әлқисса», «Ойлар қақтығысы», «Медиа әлемі», «Бақыт мекені», «Алдаспан» және «Global IQ» деп аталатын алты кезеңдік жарыста қатысушылардың білімдері мен логикалық ойлау қабілеттері сыналды.
Аталған сайыста 18-35 жас аралығындағы жас отбасылар бой көрсетті. QUIZ форматында өзара бақ сынасқан бұл қатысушыларға танымдық, логикалық, зияткерлік сұрақтармен қатар, отбасы құндылықтары, ұлттық тәрбие, салт-дәстүр, бала тәрбиесі және ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасқа қатысты тапсырмалар да ұсынылды. Сайыстың тағы бір ерекшелігі – шектеулі уақыт. Әр кезеңде жауап беруге 30 секундтан бір минутқа дейін ғана уақыт берілді. Сондықтан қатысушыларға білімін көрсетіп қана қоймай, тез арада ортақ жауапқа келу маңызды болды.
Шымкент қалалық Жастар саясаты басқармасының басшысы Әкімжан Анарбайұлының айтуынша, бұл шараға 25-тен аса жас отбасы ниет білдіріп, оның ішінде іріктеуден 14 отбасы ғана өткен. «Бұл шараны өткізудегі мақсатымыз – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ерлі-зайыптылар арасындағы татулық пен өзара түсіністікті нығайту. Осындай мазмұндағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді ол.
Интеллектуалдық сайыс барысында қатысушыларға арнайы мәдени бағдарлама да ұсынылып, ән мен биден шығармашылық нөмірлер орындалды. Ал, сайыс соңында жоғары ұпай жинаған отбасылар анықталып, жеңімпаздар мен арнайы номинация иелері марапатталды. Сайыс қорытындысы бойынша I орынды Уалхановтар отбасы иеленді. Өнер мектебінде ұстаздық ететін ерлі-зайыптылардың шаңырақ құрғанына бір жыл енді толып отыр.
– Бізде логикаға көбіне мен жауап беремін. Медиаға келіншегім жауап береді. Мен ол жағына онша жоқпын. Жалпы, интелектуалды ойындар – әрбір отбасыға керек нәрсе. Қаламызда отбасы күніне орай осындай сайыс ұйымдастырғанына өте қуаныштымыз. Алдағы уақытта да бұл сайыстар жалғасын табар болса, келіп қатысуға ынталымыз, – дейді Олжас пен Сая Уалхановтар.
II орынды Пазылдар мен Шәріпбайлар отбасылары иеленсе, III орын Ділдәбековтар, Шаниязовтар және Мансуровтарға бұйырды. Дода қорытындысында жеңімпаздар анықталып қана қоймай, барлық қатысушылар арнайы номинацияларға ие болды. Отбасыларға тоңазытқыш, қысқа толқынды пеш, газ плитасы сияқты күнделікті тұрмысқа қажетті бағалы сыйлықтар берілді.
Шараға қатысқан Мансуровтар отбасы да сайыстың ұйымдастырылуына қатысты оң пікір білдірді.
– Бүгінгі шара біз үшін өте қызықты өтті. Отбасымызбен бірге қатысып, бір-бірімізді бұрынғыдан да жақынырақ түсінгендей болдық. Сұрақтарды бірге талқылап, өзара білімімізді толықтырдық. Осындай отбасылардың басын қосатын тағылымды әрі көңілді шаралар алдағы уақытта да көптеп ұйымдастырылса екен, – дейді олар.
Айта кетейік, «ОТАУ IQ» сайысы Шымкентте екінші рет ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ, еліміз көлемінде де екінші мәрте өтіп жатқан жоба алғаш рет Шымкент қаласында қолға алынған болатын.
Кітап оқитын отбасы – рухани бай отбасы
Адамның рухани әлемін байытып қана қоймай, отбасы мүшелерін ортақ құндылық төңірегіне топтастыратын бір тағылымды дәстүр бар. Ол – отбасымен кітап оқу. Осы ретте Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасында отбасылық оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған «Отбасымен кітап оқимыз» атты кездесу кеші ұйымдастырылды.
Шараның негізгі мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, ата-ана мен бала арасындағы кітап оқу дәстүрін қалыптастыру, оқу мәдениетін дамыту, кітапқа деген қызығушылықты арттыру және оқитын ұлт қалыптастыруға үлес қосу. Кешке Сарыбаевтар отбасы арнайы шақырылып, өнегелі шаңырақтың өмір жолы, отбасылық дәстүрлері мен кітап оқуға деген сүйіспеншілігі көпшілікке таныстырылды.
Кездесу барысында отбасы мүшелері өздерінің сүйікті кітаптары мен оқыған шығармаларынан алған әсерлері жайында ой бөлісіп, кітаптың адам тәрбиесі мен дүниетанымын қалыптастырудағы маңызына тоқталды. Сондай-ақ, Сарыбаевтар жас оқырмандарға рухани ізденіс және отбасындағы ортақ қызығушылықтың маңызы жөнінде тағылымды ойларымен бөлісті.
Іс-шара барысында «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы мен жазушы Нәсіреддин Сералиевтің шығармашылығы таныстырылды. Қатысушылар қаламгерлердің шығармаларына қатысты пікірлерін ортаға салып, әдеби туындылардың тәрбиелік мәні жөнінде ой алмасты.
Кездесу кеші тек әдеби әңгімемен шектелмей, өнермен де өрнектелді. Отбасы тақырыбына арналған әндер шырқалып, өлеңдер оқылып, күй тартылды. Кітапхана оқырмандары мен қонақтар өзара еркін пікір алмасып, отбасындағы рухани байланысты нығайтудың жолдары туралы ой бөлісті.
«Сен отбасы құруға дайынсың ба?»
Шымкентте еңбек ардагерлері студенттермен кездесіп, жанұя, жауапкершілік, салт-дәстүр жөнінде мазмұнды пікір алмасты. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде өткен бұл жиынға 40-қа жуық еңбек ардагері, оқытушылар мен университет басшылығы, атап айтқанда Өзбекәлі Жәнібеков атындағы университеттің ректоры, профессор Қайрат Балабиев, аға оқытушы, филология ғылымдарының кандидаты Асылбек Ноғаев, оқытушы Қайрат Анарбаев және педагогикалық университеттің психология бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Айтжанова және бесінші курс студенттері қатысты.
Іс-шараның тізгінін Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев алды. Ол жастарды отбасылық өмір төңірегінде толғандыратын мәселелер жөнінде ашық әңгіме өрбітуге, «Сен отбасы құруға дайынсың ба?» деген сауал арқылы қатысушыларды жауапкершілік, өзара түсіністік пен сыйластық туралы ойлануға шақырды.
Ардагерлер студенттермен әңгіме барысында берік отбасы тек сезімге ғана құрылмайтынын, отбасындағы өзара түсіністік, сыйластық, сенім мен жауапкершіліктің маңызды екенін түсіндірсе, мамандар азаматтық жауапкершілік, жастардың елге деген көзқарасы, отбасылық өмірдің психологиялық қырлары туралы ой қозғады. Сонымен қатар өзіңді және өзге адамды түсіне білу, бір-бірімен ашық сөйлесу, туындаған келіспеушіліктерді сабырмен шешу де отбасылық өмірге дайындықтың маңызды бөлігі екеніне назар аударылды.
Отбасы құндылықтары тақырыбы елжандылық ұғымымен де өзара үндесті. Ардагерлер жастарға туған елге деген құрмет пен сүйіспеншілікті сөзбен ғана емес, нақты істермен көрсету маңызды екенін айтып, Қазақстанның саналы әрі отансүйгіш азаматы болуға үндеді.
Отбасы – адамның қоғамдағы алғашқы мектебі. Адамның елге, ортаға, айналасындағы адамдарға деген қарым-қатынасы да көбіне шаңырақта қалыптасқан құндылықтардан бастау алады. Сондықтан отбасына деген жауапкершілік – жеке өмірдің ғана мәселесі емес, ұрпақтың қандай болатынына әсер ететін қоғамдық жауапкершілік. Берік шаңырақтан өзара сыйластықты білетін, елінің қадірін түсінетін азамат өседі. Ал осындай отбасылардың берік негізі қалыптасқан жерде қоғамның да рухани іргесі мығым болады.