Шымкент қалалық Абай кітапханасында жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатындағы «Kitap TIME» жобасының кезекті әдеби кездесуі өтті. Аталмыш кездесу көрнекті қаламгер Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» шығармасын кеңінен талдауға арналды.
Бұл жолғы талқылаудың басты ерекшелігі – кейіпкерлердің жағымды және жағымсыз тұстарының өте тартысты әрі жан-жақты саралануы болды. Он топқа бөлінген қатысушылар өз ойларын бір-біріне сұрақ-жауап ретінде жеткізіп, қызу пікірталас тудырды. Олар образдардың ішкі әлеміне үңіліп, кейіпкерлердің қателіктері мен жетістіктеріне қатысты сауалдар қойып, нақты дәлелдермен жауап берді. Сондай-ақ шығармадағы сезім мен сананың арпалысы бүгінгі қоғамдағы қыз-жігіттердің қарым-қатынасымен тікелей сабақтастырылып, бүгінгі жастардың сезімге адалдығы, жауапкершілігі тереңнен сөз болды.
Жиын барысында спикерлер Жансая Аманбекқызы мен Жансая Қайып шығарманың көркемдік және пәлсапалық астарына кеңінен тоқталды. Олар роман арқылы адам баласының рухани ізденістері мен сезім трагедиясын түсіндіріп, бүгінгі жастардың өмірлік ұстанымдары мен адамгершілік құндылықтарына қатысты өзекті ойларын ортаға салып, қатысушылардың сауалдарына тұщымды жауап берді.
Жоғары деңгейде өткен рухани шара соңында белсенділік танытып, сұрақ-жауап сайысында ерекше көзге түскен қатысушыларға республикалық «Қызмет» ЖШС газетінің директоры, республикалық «Ақылдым» балалар журналының бас редакторы, «Серпіліс» қоғамдық бірлестігінің Президенті, журналист Нарымбетова Бейсенкүл ханым белгілі қаламгерлердің кітаптарын тарту етті.