Мамырғали Байс, сазгер: «Мақсатым – балалар әнін насихаттау»

Авторы:

31.07.2026

Созақ ауданы Сызған ауылының «Қозмолдақ» бөлімшесіндегі мектепте қырық жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Мамырғали Байсты созақтықтар тек музыка пәнінің мұғалімі ретінде ғана емес, балалар сазгері ретінде де жақсы біледі. Саналы ғұмырын жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруге арнаған ұстаз осы жылдар ішінде талай шәкірттің өнерге деген қызығушылығын оятып, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауға үлес қосты. Оның балаларға арналған әндері мектеп сахналарында, түрлі байқаулар мен мерекелік іс-шараларда жиі орындалып, жас орындаушылардың сүйікті шығармаларына айналған. Ұстаздық пен шығармашылықты қатар алып жүрген сазгер бүгінде өңірдің мәдени өміріне өзіндік үлесін қосып келе жатқан өнер иесі ретінде құрметке ие. Қазіргі таңда сазгердің балаларға арналған алпыстан астам әні бар.

Өнердегі жетістіктерімен қатар, педагогика саласында да өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған ұстаздың еңбегі зор. Ол – педагог-шебер дәрежесіне ие тәжірибелі маман. Оның баяндамалары мен ашық сабақтары әріптестері тарапынан жоғары бағаланып, облыстық деңгейдегі іс-шараларда үздік тәжірибе ретінде насихатталды. Ұстаздың кәсіби ізденісі мен жаңашыл еңбегінің нәтижесінде 2016 жылы Түркістан облысының үздік педагогтерінің қатарынан көрініп, тәжірибе алмасу мақсатында Түркия еліне де барып қайтты. Бұл сапар оның кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, білім беру саласындағы озық тәжірибелермен танысуына мүмкіндік берді. Бүгінде Мамырғали Байс – өнер мен білімді қатар ұштастырып, жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан білікті маман.   

Созақтан  Арқалыққа...

– Аға, сазгерлік – екінің бірінде бола бермейтін қабілет. Сіз бұл жолға қалай келдіңіз? Алғашқы әніңізді қанша жасыңызда жаздыңыз?

– Негізі өнер тектен келеді ғой. Анам – 16 құрсақ көтерген жан. Соның тоғызы аман қалған. Өкінішке орай, қазір екеуі (бір ағам, бір әпкем) арамыздан кетіп қалды. Әкем домбырада күй тартып, ән айтатын. Анам да өнерге өте жақын болды. Нағашыларымның бәрі той-томалақта ән айтып, өте белсенді жүретін. Мен үйде кенже ұлмын, әпкелерім де, ағаларым да шетінен әнші, гитарашы, домбырашы болатын. Бірақ ешқайсысы өнер жолына түскен жоқ, өзге жолмен кетті. Соның бәрін бала кезімнен көріп өскен мен өнер десе ішкен асымды жерге қоятынмын. Домбыра мен гитарада ойнауды  мектепке бармай тұрып өздігімнен үйренгенмін. Үйдегілер тартып отырса көз алмай қарап отырамын да, жаттап алып, олар кетіп қалған соң соны тыңқылдатып тартып отыратынмын.

Гитараны да көшеден үйренгенмін. Көшеде үлкен жігіттер гитара тартып отырса, қастарында қарап тұрамын да, миыма тез сіңіріп аламын. Солай аннан-мыннан үйренгенімді үйдегілерге тартып беріп отырсам, «Мұның бәрін қашан, қайдан үйреніп жүрсің?» деп таңғалатын.

Мектепте де өте белсенді болдым. Мәдениет секторымын, барлық іс-шараға қатысамын. Ән де айтамын, би де билеймін, көрініске де қатысамын. Домбыра үйірмесіне де барамын. Үйірмеде отыз шақты қыз болса соның ішінде жалғыз ұл мен едім. Бәрі мені «Қара бидай» дейтін. Арпа ішіндегі бір бидаймын ғой енді. Сабақтан шығып, үйге келемін де, ас-суымды тез-тез іше салып, қайтадан жүгіріп мектепке кетемін.

8 сыныптан кейін Арқалықтағы музыкалық колледждің үрмелі аспаптар бөліміне оқуға түстім. Бұл 1989 жыл болатын. Ол кезде колледжге қазіргідей 9 сыныптан кейін емес, 8 сыныптан кейін түсетін. Себебі мектептер 10 жылдық болатын. Сол колледже Бағлан Омаров деген ұстазым бар еді. Бір күні ол кісі менің кейбір әуендерге өзімше импровизация жасайтынымды байқап: «Осы сен ән шығарып көрші. Сенде музыкалық қабілет өте жақсы», – деді. Сөйтіп 8 наурыз мерекесіне арнап, «Анашым – аяулы ардағым» және «Қыз – әсем дана» деп аталатын екі әнімді шығардым. Әнін де, сөзін де өзім жазып, екеуін де колледждегі іс-шарада орындап шықтым. Міне, сазгерлікке жол осылай 16 жасымнан басталған. Бұл әндер әлі күнге дейін ұмытылған жоқ, өз кезегінде орындалып келеді.

– Созақта тұрып, неге сонау Арқалыққа барып оқуды жөн көрдіңіз?

– Бұл бір қызық жағдай болды. Сегізінші сынып оқып жүргенде үйдегілерге оқуға кеткім келетінімді айта бастадым. Себебі нотаны ертерек үйренгім келді. Сөйтіп жүргенде қай газет екені есімде жоқ, бір газеттің бетіне Арқалықтағы музыка колледжінің жарнамасы шығыпты. Енді керемет мақтап жазған. Соны оқып аламын да, үйдегілерге «Қалайда осыған барып оқимын» деп қиғылық саламын. «Мұндай колледж Шымкентте де бар ғой», – десе де, айтқанымнан қайтпадым. Сөйтіп Арқалық деген қай жақ, қалай барады деп үйдегілер жан-жақтан сұрастыра бастады. Сөйтсек бір туыс жеңгеміздің елі екен.

Сонымен не керек, бір ағам мені апарып тастайтын болып, екеуміз жолға шықтық. Қазіргідей ағылып жатқан көлік қайда, Шымкенттен ары қарай не ұшаққа, не пойызға билет жоқ. Аэропортта үш күн жаттық. Үш күннен кейін «АН-2» деген ұшақпен Жезқазғанға жеттік. Оның іші бір сұмдық сасық екен, жеткенше қайта-қайта құсып, өзім де әбден әбіржідім. Ол жақтың аэропортында тағы біраз жаттық. Ары қарай «Пазик» деген автобуспен таңғы сегізден кешкі сегізге дейін жүрдік пе, әйтеуір шаң-шаң болып бір апта дегенде әзер Арқалыққа жеттік қой. Барсақ соңғы емтихан болып жатыр екен. Кешігіп қалыппыз. Сонау Созақтан қалайда оқуға түсемін деп бала көңілмен алып-ұшып келген мен ал кеп жылайын. Жылағанда да еңкілдеп, өксіп тұрып жылаймын. Менің даусымды естіп директор кабинетінен атып шықты.

– Әй, не болды?

– Емтиханға кешігіп қалдым...

– Қайдан келдің?

– Шымкенттен.

– Әй, сол Шымкентіңде де осындай колледж бар еді ғой...

– Жоқ, мен осы жерде оқимын деп келдім. Осында білім алғым келеді.

– Қандай қабілетің бар, не істей аласың?

– Бәрін істей аламын.

Сонымен хатшысын шақырып алды да, «Мына бала өткен емтихандардың бәрін тапсырсын» деп тапсырма берді. Ақырындап көңілім орнына түсе бастады. Бірінші емтихан орыс тілінен екен. Барып, билетті алсам, мектепте әбден жаттап өскен, өзім жақсы білетін септік түрлері. Отырған жерімде жауап бердім. Мұғалім бестігін қойды да жіберді. Кіргенімнен шыққаным тез болды. Екінші емтихан – орыс тілінен диктант. Құдайдың құдіреті, қазақ тілінен әжептеуір қате жіберетін мен бір ауыз орысша білмесем де орыс тілінен небәрі 2-3 қате жіберіппін.

Ең соңында директордың алдында емтихан тапсырып жатырмын.

– Қандай аспапта ойнай аласың?

– Домбырада, гитарада.

– Ал, көрейік.

Күйді де тарттым, термені де айттым. Музыкалық қабілетімді тексерді. Сол жерден екі «4», екі «5» деген бағамен шықтым. «Үш күннен кейін конкурс басталады, сол кезде хабарланады», – деді де жіберді. Үш күннен кейін келіп қарасам, оқуға түскен студенттердің тізімінде ең соңғы болып мен тұр екенмін. Ой, қуанышымда шек болмады. Солай бағым жанып оқуға түсіп кеттім.

Енді мына қызықты қараңыз. Сабақ басталды. Байқасам, топтағылардың бәрі орысша сөйлейді. Сабақтың бәрі орысша. Сөйтсем бұл қазақ бөлімі жоқ, тек орыс тілінде білім беретін оқу орны екен. Оны мен білмегенмін. Сөйтіп бір ауыз орысша білмейтін айдаладағы ауылдың қара баласы ойламаған жерден орыс колледже музыкалық білім ала бастады.

Тіл білмеген соң сабақтың жайы қайдан оңсын?! Математикадан шығарып тұрған амалымды түсіндіре алмаймын. Көбейту, бөлу дегеннің орысшасын білмеймін. Физика, химия – ешқайсысынан сабақ айтпаймын. Фамилиямды атап, «Сабақ айт!» – дейді. Орнымнан сөлбірейіп тұрамын да, үндемей қарап тұрамын. Бірдеңе айтайын десең тілім жетпейді. «Отыр, екі!». Тек тарихтан беретін ағай ғана менің жайымды түсініп: «Ал, Байсов, қазақша айтасың ба, өзбекше айтасың ба, өзің біл», – деп рұқсат беретін.

Бақандай алты сабақтан екі алып тұрған соң бір күні мені оқудан шығаратын болды. «Менің атым Қожа» деген кинода педсовет болушы еді ғой. Дәл сондай педсовет бізде де өтті. «Алты сабақтан екіге шығу не деген сұмдық? Оқудан шығарылады», – деп жатыр. Сол кезде пианинодан беретін апайым бірінші болып сөйледі. «Бұл балаға алгебра, геометрия не үшін керек? Бұл музыкант болайын деп келіп тұр ғой. Мысалы, менің сабағымнан бағасының бәрі бес», – деді. Артынша музыкалық пәндерден беретін басқа да мұғалімдерім менің үздік екенімді айтып, мақтай жөнелді. Расында да, аспаптарда ойнау, ноталарды оқу мен жазу, музыкалық шығармаларды орындау жағынан алдыма жан салмайтынмын. Мұғалімдер бір шығарманы 4-5 айға тапсырма түрінде берсе, мен соны 2-3 аптада дайындап қоятынмын. Күні-түні тынбай колледжде жүретінмін. Осыны ескерген директор әлгі екі шыққан сабақтардың бәрінен «Бармай-ақ қой» деп мені босата салды. Директордың сол сөзінен кейін ол сабақтарға қайта қатысқан жоқпын. Директорымыз Қызылорданың тумасы еді, осылай маған екі рет кеңдік танытты. Әуелі Алла, содан кейін сол кісінің арқасында оқуымды аман-есен бітірдім. Есесіне 27 аспапта ойнаумен қатар орыс тілін де қоса меңгеріп шықтым.

 

«Сөз бен саз» – балалар әнін насихаттайтын жоба

– Балалар әнін жазуды қашан қолға алдыңыз? Бүған не себеп болды?

– Менің мектепте жұмыс істеп жүргеніме 37 жыл болды. Мектепке жұмысқа кірген кезден бастап «Шабыт» музыкалық үйірмесін жүргіземін. Бастапқы кезде балалар әні жоқ, қазіргідей іздегеніңді таба қоятын ғаламтордың заманы емес. Өзім Арқалықта орысша оқып келгенмін, бар білетінім – «Катюша», «Три танкиста» секілді орысша әндер. Басқа әндерді балаларға үйретсең алып кете алмайды, қиын. Мен ол жақтан вокалды емес, үрмелі аспаптарды оқығанмын. Балалардың даусын қалай қоюды білмеймін. Ауылдан шықпаған баламын, бар көрген-білгенім – Арқалық. Отыра қалып сол жақтағы ұстаздарыма хат жазамын. Ұялы телефон жоқ заман. «Балаларға әнді қалай үйретемін? Оларды байқауға қалай дайындасам болады?» деп сұраймын. Одан «Балаларға ән керек. Қандай балалар әні бар?» деп тағы хабарға шығамын. Олар тапқан әндерін нотамен қағазға түсіріп, поштамен сәлемдеме етіп жібереді. Солай Арқалықпен 1-2 жыл байланысып отырдым.

Одан кейін өзіміз де іздендік, еңбектендік, зерттедік. Мен ән іздеуден ешқашан ерінбейтінмін. Кентау ма, Жетісай ма, Сарыағаш па, алыс-жақын демеймін, сол жақта бір кісіде керемет жақсы ән бар екен дегенді естісем болды, кете беретінмін. Сол адамды іздеп тауып, одан әнді алып, қайтып келіп соны балаларға үйретемін. Осылайша ақырындап қалыпқа түсе бастадық. Бұл сонау 1993 жылдар еді.

Одан кейін балаларды байқауға дайындай бастадық. Байқауда әннің авторы міндетті түрде сұралады. Авторы белгісіз бе, ол әнді орындатпайды. Керемет ән табамыз, бірақ авторы белгісіз. Осындай кедергілер менің балалар әнін жазып бастауыма себеп болды. Мен 1993-1994 жылға дейін әннің сөздерін өзім жазып жүрдім. Әрине, ақын болмаған соң ол кәсіби деңгейде болған жоқ, әйтеуір жобалап жазып жүретінмін. Кейіннен Мергенбай Салықбаев деген ақын ағам отыз шақты әніме сөз жазып берді.

Одан кейін Әділбек Нысанбаев деген сазгер кісі бар еді. Ол кісі де ән жазу бойынша біршама кеңес беріп, әуенді қалай құрастырғанда жақсырақ болатынын, иірімдерді қалай дұрыс келтіру керектігін түсіндірді. Менің кейбір шығармаларымның ауыр екенін де айтып өтті. Сол кезден бастап дауыс интервалы қысқа, балаларға орындауға жеңіл келетін әндерді көбірек қолға ала бастадым.

Қазір енді оңтүстіктің тумасы, ақын Әкім Ысқақ ағаның өлеңдеріне ән жазып жүрмін. Нәтижеміз де жаман емес. Шәкірттерім бақ сынау мақсатында Шымкент, Түркістан, Семей, Астана, Алматы т.б қалалардағы байқауларға барып, бас жүлдені алып келіп жүрміз.

Орындаушылар – өзімнің оқушыларым. Өзім шығарған әндерді таспаға түсірерде де солардың даусымен басамын.

– Қазір белгілі  қаламгер Әкім Ысқақпен шығармашылық байланыста екенсіз.  Таныстығыңыз қалай басталды?

Былтыр Астанада «Әншуақ» деп аталатын Алтын Махамбеттің жобасы бойынша Қазақ радиосының ұйымдастыруымен балалар әндерінің фестивалі өтті. Шолаққорғанда Ерік Досболов деген Созақ ауданы білім бөлімінің музыка пәнінің әдіскері бар. Өзінің ақындығы да жоқ емес. Өнерде де, өмірде де досым болып келеді. Сол екеуміз «Әкешім, анашым» деген ән жазып, оны өзімнің 6 сыныпта оқитын қызым Сүйрік Құрманбекке орындатып, байқауға жібердік. Қызым ауданнан облысқа, облыстан республикаға өтіп, ары қарай жалпы додаға түсті. Содан шешуші кезеңге дейін жетіп, біздің ән «Ең үздік ән» атанды. Сол жерде байқаудың бас төрешісі болып отырған Әкім Ысқақ ағамыз жанындағы әділқазы мүшелеріне: «Мынау баланың жанына сай келетін өте тамаша ән екен. Кәсіби түрде жазылыпты. Бұл әнді баланың жанын түсінетін жандар жазғаны көрініп тұр. «Үздік ән» номинациясын осыған берейік», – деп ұсыныс білдіріпті.

Марапаттау кезінде «Осы әннің сазгері кім?» деп сұрау салды. Мен екенімді айттым. Екеуміз сол жерде таныстық. «Мен саған риза болдым, айналайын. Мен де баланың жанын жақсы түсінетін жандардың бірі едім. Балалар әні өте кенже тартып жатқанын білеміз. Бұдан былайғы уақытта екеуміз шығармашылық байланыс жасасайық», – деп жақсы бір ой тастады.

Ауылға келгеннен кейін ол кісі маған өзі жазған біраз өлеңдерін жіберді. Бәрін оқып шықтым, сөздері керемет жазылған. Менің де оң жамбасыма келе қалды. Былтыр желтоқсан айында ең бірінші «Текті бала» және «Отаным» деген екі өлеңіне ән жазып, Әкім ағаға жібердім. Ол кісі тыңдап болған соң бірден қоңырау шалды. «Ойбай, айналайын, мынау бір керемет ән екен. Мен сені таңдағанда жаңылмаған екенмін. Болды, тоқтама, ары қарай жалғастыра бер», – деп ризашылығын білдірді. Содан тағы да 5-6 ән дайындап, екеуміз «Сөз бен саз» деп аталатын жаңа жоба жасадық. Атауын да ақылдаса отырып өзіміз қойдық. Биыл 12 наурыз күні Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы қалалық-ғылыми әмебап кітапханасында алғашқы кешіміз өтті.  Бұл кеште 11 әніміздің тұсауы кесілді. Одан кейін бұл кеш 28 наурыз күні Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыка мектебінде жалғасын тапты. Ол жерде 14 ән орындалды. 14 мамыр күні Астана қаласында өткен кезекті кешімізге 16 ән апардық.

Күні кеше «Сөз бен сазды» Созақ ауданында өткіздік. «Айналайын, Мамырғали, әндерімізді Шымкент, Түркістан, Астана мойындады. Жан-жақ мойындай береді ғой, бірақ ең мойындауы қиын аймақ – өзіңнің туған жерің. Талант тірі кезінде туған жерінде елене қоймайды. Ендігі кезекте сол туған жерің – Созақты мойындатайық», – деп Әкім аға аудан әкіміне, білім бөліміне хабарласып, ұсыныс тастап еді, барлығы бірдей қолдай кетті. Сөйтіп Шолаққорғандағы «Мыңжылқы» мәдениет үйінде керемет кеш өтті. Залда 500-дей адам болды, біразы сыймай сыртта тұрды. Ол жерде 18 әніміз орындалды. Халыққа ұнағаны соншалық, адамдар концертті соңына дейін тапжылмай көріп, кетерде орындарынан тұрып қол шапалақтады. Сол кештен өзіміз де марқайып қайттық.

– «Сөз бен саз» жобасының мақсаты не?

Мақсат – балалар әнін барынша насихаттау. Қазір балаларымыз басқа бағытқа кетіп қалып жатыр. Жұлдыздардың хит әуендеріне әуес. Десе де, насихат тым әлсіз деп айтуға тағы болмайды. Бұл бағыттағы жұмыстар елімізде енді басталып жатқан секілді. Балалар әнін Әкім аға екеуміз өзімізше насихаттап жүрсек, еліміздің өзге өңірінде өзіміз секілді тағы біраз сазгерлер мен ақындар өздерінше насихаттауда. Өнерде тек мен деген нәрсе жоқ, бұл – ортақ жұмыс. Бұл бағытта елімізде көптеген адамдар жұмыс істеп жатыр. Олардың еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Әйтсе де балалар әні әлеуметтік желіде әлі де көбірек айтылып, радио мен телеарналарда көбірек насихатталса, бұл бір керемет іс болар еді.

Біз де осы жолда барымызды салып жатырмыз. Жақында төрт әнімізді Қазақ радиосына бердік. Олар оны күніне екі рет беріп жатыр. Одан соң Астана қаласының Әдістемелік орталығы «Балалар әнінің энциклопедиясын» дайындап жатыр екен. Соған 18 әнімізді нотасымен қосып алды. Алдағы жаңа оқу жылында бұл кітап мектептерге таратылып, мұғалімдер музыка сабағында пайдаланылатын болады.

Содан соң әндерімізді авторымен, сөзімен қосып әлеуметтік желіге жариялап жатырмыз. Бұрын біз әннің авторын таппай қиналатынбыз. Осыдан 10-20 жыл бұрын бұл кәдімгідей өзекті мәселе еді. Қазір ондай мәселе жоқ. Оған әлеуметтік желі көп көмек беріп жатыр. Бүгінде ғаламторға салсаң бәрін шығарып береді. Тіпті халық әні деп жүрген әндердің өзінің авторы табылып жатыр. Біз де ән іздеген адамға қиындық тумасын деп, әндеріміздің  сөзі мен әнін кім жазды, барлығын тайға таңба басқандай етіп көрсетіп шығарудамыз.

Әкім ағаның балаларға арналған әлі де көптеген өлеңдері бар. Алда соларға ән жазуды жоспарлап отырмын. Осылайша сапалы балалар әнінің санын көбейтсек, желіге жүктесек, барынша насихаттасақ дейміз. 

 

«Адам ауылдан қашпау керек...»

– Ән жазғанда не нәрсеге сүйенесіз? Қанша дегенмен балалар әндері ерекше талғамды талап ететін нәзік жанр ғой...

– Мен қазір мына бір дүниеге қайран қаламын. Баяғыда бізге музыка пәнінде ұстаздарымыз сыныпта бір әнді екі рет айтады, үшіншісінде біз соны қағып алып қосыла кететінбіз. Қазіргілерге бір әнді 45 минут бойы айтасың, бірақ қабылдай алмайды. Өйткені олардың тыңдалымы әлсіз. Музыкада барлығы тыңдалым арқылы жүзеге асады. Неғұрлым көп тыңдалым болса, соғұрлым жақсы дүние шығады.

Ал енді тыңдалым неге әлсіз? Себебі өздерінің жасына сай емес әндерді тыңдайды. Әлеуметтік желіде не нәрсе трендке шығып жатыр, балалар соған жүгіреді. Бірақ, солай екен деп мұны үлкен мәселеге айналдырып, байбалам салудың қажеті жоқ. Балалардың да қалауын қанағаттандыру қажет. Ол үшін кемшілікті артықшылыққа айналдыра білу керек. Мен ән жазарда осы нәрсені ескеретін болдым. Алдымен «Қазіргі балалар не тыңдап жүр?» деп олар сүйіп тыңдап жүрген хит әндерді бір сүзіп шығамын. Содан соң «Балалар неге бұл әндерді сүйіп тыңдайды, олардан не алуға болады?» деп өзімше сараптаймын. Сөйтемін де кей әндерді баланың ұнатып тұрған әуеніне ұқсатып жазамын. Әуені жеңіл, сөзі балаға сай әндерді өздері орындаған кезде бұл оларға оңайға түседі, әрі жараса қалады. Жаттауға да, тыңдауға да жеңіл болады.

Ал байқауға арналған әндер басқаша жазылады. Бұл жерде баланың дауыс диапазонын көрсету қажет. Енді бір әндер баланың дауыс деңгейіне арнайы жазылады. Мысалы, дауыс диапазоны кең емес, бірақ музыкалық қабілеті өте мықты оқушылар болады. Оларға іс-шараларда, шағын сахналарда ән айтқысы келеді. «Ағай, менің де ән айтқым келеді» деп сұранып жатады. Мұндай балалардың бетін қайтармай, өзінің дауыс деңгейіне арнап ән жазып беремін. Бұлар болашақта мықты әнші болмауы мүмкін, бірақ олардан мықты музыкант шығады.

Қазір жасанды интеллект деген сұмдық дүние пайда болды. Ақын да өзі, сазгер де өзі, орындаушы да өзі. Мұндай әндер әлеуметтік желіні жаулап жатыр. Тойда да қойылып жатады. Бірақ, жасандының аты жасанды, бәрібір адамның жан жүрегінен шықпаған дүние екені көрініп тұрады. Ол – қанша дегенмен робот. Жан жоқ. Ал адамның жан жүрегінен шыққан дүние бәрібір табиғи болады. Әр әннің өзіндік бояуы, иірімдері бар. Робот оны жасай алмайды. Меніңше, бұл – уақытша нәрсе. Уақыт өте келе мұның бәрі сүзгіден өтіп, ЖИ арқылы жасалған дүниелер түбінде қалыс қалып қояды деп ойлаймын.

– Алдағы арман-мақсатыңыз қандай?

– Енді зейнеткерлікке де небәрі он жылдай ғана уақыт қалды ғой. Күн өткен сайын қартайып жатырмыз. Біздің орнымызды жастар басу керек. Алдағы мақсат – өзімнің бар білгенімді шәкірттеріме үйрету. Осылайша бүгін бар, ертең жоқ болатын емес, мейлінше халықтың мүддесіне жарайтын, ертең тарихта қалатын дүние жасау. Осы жолда шәкірт тәрбиелеп жатқан жайым бар. Жоғарыда айтқан «Сөз бен саз» жобасына қазір 8 оқушымды және 3 ересек шәкіртімді апарып жүрмін. Үш ересек шәкіртім музыкалық білімнің іргетасын біздің мектепте қалаған. Жоғары оқу орнын тәмамдап, қолдарына диплом алған соң ауылға қайта келді. Қазір біреуі өзіміздің, қалған екеуі көрші ауылдардағы мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп жүр. 

– Қалада қалып кетпей, туған ауыл өнерінің өркендеуіне маман ретінде үлес қосамын деп қайта оралған бұл шәкірттеріңіз нағыз патриот екен... Сіздіңше, патриот деген кім?

Адам ауылдан қашпау керек. Мені де Шымкентке, Алматыға көп шақырды. Бірақ барғым келмеді. Өйткені жұмысымды жақсы көрдім. Әлі де жақсы көремін. Белгілі созақтық күйші Төлеген Момбековты білмейтін адам жоқ шығар?! Ол кісі – бір ауылда тұрған менің жерлесім, жақын туыс көкеміз. Сол кісі ауылда жүріп-ақ танылды ғой. Шүкір дейін, менің де ауылда жүріп дайындаған балаларым байқаулардан жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. 2013 жылы Астана қаласында халықаралық деңгейде өткен байқауда менің оқушыларым 12 мемлекеттің ішінен бас жүлде алғаны бар. Одан кейін де қаншама жетістіктерге жетіп жатыр. 

Өзім мектепте директордың тәрбие жөніндегі орынбасарымын. Ауылда бір жылдары мынадай бір үрдіс пайда болды. Балалар мектеп бітірген кезде виньеткаға Шымкентке, Түркістанға барып түседі. «Бізге жаңа локация керек», – дейді. Ол – қаншама шығын. Ата-аналар балаларының айтқанын істеп, қалтасына пәлен мың ақша салып жібереді. Бұл деген дарақылық қой. Міне, ауылды менсінбеу, ауылдан жеріну осы жерден шығады, патриоттық осы жерден жоғалады. 

«Әй, қалада не бар? Ауылда да жер көп қой. Осында түсе берсеңдерші», – десең, «Ауылда не бар?» – деп ата-аналардың өзі қарсы шығатын. Оқушыларға: «Мектептің алдына түсіңдер, өзіміздің әсем табиғаттың баурайына барыңдар. Ауданда мұражайлар, тарихи орындар бар. Төлеген Момбековтың ескерткішінің алдына барып түсіңдер. Нағыз естелік осы. Сендер ауылдан шыққандарыңды ұмытпаңдар», – деп қайта-қайта айтып жүріп, осы бір дүниені ақыры қойдырдық. Соңғы екі жылда түлектер тек өз ауылымызда түсіп жүр.

Шынында да, патриот деген өз елін, өз жерін сүйетін адамның тұлғасы ғой. Бірақ оның елге деген махаббаты ісімен көрінуі керек. Бір адам туған жеріне, еліне арнап кішкентай бір дүние жасай алса, сол – патриот. Біз де ұстаз ретінде де, сазгер ретінде де патриот ұрпақ тәрбиелеуге барымызды салып, атсалысып жүрген жайымыз бар.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!