Абайдың кемел ойлары көпшілікке кеңінен паш етілді

Авторы: Әлия ӘУЕСБЕКОВА

11.08.2026

Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында 10 тамыз – Абай күніне орай «Өмір философы: Абайдың кемел ойлары» атты тағылымды әдеби-танымдық шара ұйымдастырылды. Рухани кешке зиялы қауым өкілдері, белгілі ғалымдар, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының жас мамандары, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, сондай-ақ ұстаздар мен оқушылар қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – ұлы ақын Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын насихаттап, оның терең философиялық ой-тұжырымдарын жас ұрпақтың санасына сіңіру, өмірдің сан саласындағы өзектілігін көрсету.

Жиын барысында кітапхана директоры, филология ғылымдарының кандидаты, айтыскер ақын, «Құрмет» орденінің иегері Анар Абусайылқызы Жаппарқұлова сөз сөйлеп, кештің мән-маңызы мен көздеген мақсаттарына кеңінен тоқталды:

«Бүгін біздің Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханамызда 10 тамыз – Абай күніне орай «Өмір философы: Абайдың кемел ойлары» тақырыбында үлкен тағылымды кеш өтуде. Әрбір қазақ елі мен қазақ жері Абайды өз жүрегімен сезініп, ерекше қырынан дәріптегісі келетіні сөзсіз. Біздің бұл жолғы басты мақсатымыз – Абайдың өмір философы екендігін көрсету ғана емес, бұрынғыдай тек кітап талқылап немесе жоғары оқу орнының студенттерін, тек жастарды ғана шақырумен шектелмей, қоғамның сан сала өкілдерін қатыстыру.

Кешке М.Әуезов атындағы университеттің «Абайтану» орталығының басшысы, бүгінгі таңда бірден-бір абайтанушы ғалым Ақжол Қалшабек ағамызды және Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінен әдебиеттанушы ғалым, ф.ғ.к., профессор Нариман Нұрпейісовті арнайы шақырдық. Сонымен қатар тыңдарман ретінде университет оқытушыларымен бірге сан түрлі сала өкілдерін қамтыдық. Мәселен, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясынан жас мамандар келді. Сондай-ақ Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінен өкілдер қатысуда. Бұған қоса, №83 және №151 мектептердің оқушылары мен мұғалімдері де ортамызда отыр.

Біздің бұл формат арқылы жеткізгіміз келгені – Абайдың кемел ойлары мамандық таңдамайды, жас ерекшелігін де бөлмейді. Өмірдің сан саласында, мұны тек әдебиеттанушы ғана емес, бүкіл адамзат білуі тиіс. Абайдың толық адам ілімін барлығы меңгеруі керек. Осы мақсатта ғалымдар да сөйлейді, жастарымыз өлеңін оқиды, әнін де айтады. Бүкіл Абай мұрасы жан-жақты насихатталатын ерекше форматты таңдадық. Кеше ғана қаламызда Абайдың туған күніне орай ескерткіш басына гүл шоқтары қойылып, қала әкімдігінің бастауымен зиялы қауым мен ғалымдар қатысқан шарада айтылғандай, қай заманда, қандай ортада болмасын әрбір адам Абайды білуге тиіс.

Менің өзім Абай туралы ойланғанымда, шығармаларын үнемі оқимын, «Абай жолын» кішкентайымнан оқып өстім. Абайды қай қырынан көргің келсе, ол сол тұрғыдан көмектеседі. Мәселен, шаршап немесе күйзелісте жүрген адамға Абай нағыз психолог болып көрінеді. Ал ғылымның арқауына айналдырғыңыз келсе, ол сіздің ғылыми жұмысыңызға үлкен тірек болады. ХХ ғасырдан басталған абайтану ғылымын тәуелсіз еліміздің әдебиеті тұрғысынан әлі де зерттей беруімізге болады, бұл – біз үшін сарқылмас байлық. Дәрігерлер Абайдың қара сөздері арқылы науқастың рухани жазылуына септігін тигізсе, өмірді жаңа бастап жатқан жастар өзіне қажетті тәрбие алады. Мысалы, «Ғылым таппай мақтанбаның» өзі қандай керемет! «Бес асыл мен бес дұшпан» XIX ғасырда да өзекті еді, бүгінгі таңда да солай. Замандар өзгере береді, бірақ Абайдың шығармалары мен өшпес мұрасы заманмен бірге жаңғыра береді, мәңгі жасай береді. Осындай өлмейтін мұраны қаламыздағы сан салалы азаматтарға кеңінен насихаттау мақсатымен үлкен дайындықпен келдік, мақсатымызға жетеміз деген сенімдеміз», – деді.

Рухани басқосу барысында абайтанушы ғалымдар ақынның дүниетанымы мен қоғамдық көзқарастарын тарқатып айтты.  Ал көркемдік бөлімде Шымкент концерт ұйымының дәстүрлі әншісі Оразәлі Жаңабай Абайдың «Сегіз аяқ» әнін шырқаса, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары мен жас өрендер ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар қатысушыларға арналған «Абай үні», «Абай сөзі» және «Абай тағылымы» атты танымдық интерактивті алаңдар жұмыс істеді.

Шара соңында ақын Эльмира Сәрсенбайқызы ұлы тұлғаға арналған арнауын оқып, әнші Бекзат Сәкенұлы ән шашу тарту етті. Тартымды форматы мен мазмұндылығымен ерекшеленген бұл кеш оқырмандарға Абай мұрасын жаңа қырынан танып, оның өсиеттерін өмірлік бағдар етуге үндеген маңызды рухани басқосу болды.