Қазақтың терме өнері – ұлттың рухани жады мен тәрбиелік мұрасының алтын арқауы. Ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан бұл өнер халқымыздың тарихын, дүниетанымын, салт-дәстүрін, тәлім-тәрбиесі мен өмірлік қағидаларын сақтап келеді. Терме – тек ән мен әуен ғана емес, адамды ізгілікке, адамгершілікке, еңбекқорлыққа үндейтін өнегелі өнер. Сол асыл қазынаны сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында қажырлы еңбек етіп жүрген жандардың бірі – термеші, жыршы, ұстаз, ҚР Мәдениет саласының үздігі Жақып Сыпатаев. Ол ұзақ жылдар бойы ұлттық өнерді насихаттап, жас термешілер мен жыршыларды тәрбиелеп қана қоймай, ел ішіндегі ұмыт бола бастаған жыр-термелерді, халық әндерін жинақтап, ғылыми жүйеге түсіріп, бірнеше құнды еңбектің жарық көруіне мұрындық болды. Сонымен қатар оңтүстік өңірдің жыршылық-термешілік дәстүрін зерттеп, оның өзіндік мектебінің қалыптасуына сүбелі үлес қосып келеді. Бүгінгі сұхбатта ол өзінің өнерге келу жолымен қатар, ұстаздарынан алған тәлім-тәрбиесі, шәкірт тәрбиелеудегі ұстанымы және ұлттық өнердің бүгінгі жай-күйі туралы өз көзқарасын білдіріп, ойын ортаға салды.
«Бірінші ұстазым Оразқожа болса, екіншісі – Қайыпназар Айтпенов...»
– Жақып Сынабайұлы, өзіңізді термеші, халық өнерінің жинақтаушысы ретінде танимыз. Бұл салаға қалай келдіңіз? Термешілік өнер бойыңызға қалай қонды?
– Өзім Жетісай өңіріндегі Қараой деген ауылының тумасымын. Бағымызға қарай біздің ауылда көпті көрген үлкен ақсақалдар көп болды. Нағыз қазыналы қариялар деп сол аталарымызды айтуға болады. Сол кісілер той-жиындарда, не болмаса қарапайым басқосуларда біз қатарлы кішкене балаларды жинап алып, жыр оқытатын, оны жаттатып айтқызып отыратын. Кітаптан қарап оқып береміз, болмаса жаттап алып, тақылдап айтып береміз. Біздің өлең оқып, жыр айтқанда қариялар қолпаштап, «Ой, бәрекелді!», «Даусы қандай жақсы!», «Мынау жақсы жаттайды екен!», «Әй, мына баланың болайын деп тұрған жөні бар екен!», «Неткен керемет!» деп бала көңілімізді қанаттандырып, көтермелеп отыратын. Сол кісілердің көрсеткен жолы, қолдауының әсері, жастайымыздан жыр жаттап өстік.
Келе-келе үлкендер ауылдағы той-жиындарға жұртшылыққа танымал үлкен жыршы-жырауларды шақыратын болды. Соларды тыңдап өстік. Ергеш деген жырауды көрдік. Ол кезде Камал Сейілбеков, Оразқожа сықылды жыршы- ақын кісілер той-жиындарда елдің зор қошеметіне бөленіп, бүкіл ел терме-жырларын құлақ қоя тыңдайтын. Сол кісілерге жасалған құрмет-қошемет бала бізге де әсер етті, іштей біз де сондай өнерпаз болсақ деп армандадық. Айтпағым, өнерге келуімізге ауылдағы сол ақсақалдардың үлкен септігі тиді. Жақсы сөздері мен «әй, бәрекелді!» деп, арқамыздан қағып, қолымызға кәмпитін ұстатып, әрдайым демеп отырғанының арқасында термешілік жолға түстік, термеші болып қалыптастық. Жастайымыздан жырға жақын болдық.
– Ата-бабаларыңыздан бұл өнерді жақын көретін кісілер бар ма еді? Ұстазыңыз кім болды? Бала кезден құлағыңызда қалған жыр-термелер туралы айтып беріңізші.
– Иә, ондай қасиет болған екен. Әкеміздің әкесі Әбсамат деген кісі өзінің ауыл-аймағына белгілі өнерлі, ақындығы бар адам болған екен. Ол кісіні өзім көрмедім, әкемізден естуіміз бойынша ғана білеміз. Мүмкін, сол кісінің өнері біздің бойымызға қонды ма екен деп кейде ойлап қоятынымыз рас.
Ұстаздарыма келер болсам, менің әкем қарапайым шопырлық қызметте жүріп Оразқожа деген кісімен жолдас болыпты. Ол өңірге аты танымал ақын кісі. 1946 жылы дүниеге келген, қазір де көзі тірі. Оразқожа ақын 1969 жылы әйгілі жырау Құтбай Дүрбаевтың қолына түседі. Қолына түскенде, ол былай болған.
Құтбай ақын Жетісай өңірінде өтіп жатқан үлкен бір жиында ән салып, өнер көрсетіп жүріп, Бекахмет деген ақсақалдың үйіне қонуға барады. Сол үйде көңіл-қошы болмай отыр екен. Үй иесі: «Неге көңіл-күйіңіз болмай отыр?» – деп сұрайды.
- «Ақсақал, құдайдың ісі ғой, өкпе-ренішім жоқ. Бірақ, менде ұл перзент жоқ. Жас болса біраз жерге барып қалды. Осы нәрсені ойланамын. Жаңа сіздің Ораз деген балаңызды көрдім, оның да тәуір өнері бар екен. Егер, сіз мақұл десеңіз, осы Ораз маған да бала болсыншы», – деп өтініш айтыпты. Сонда Бекахмет ақсақал: «Ондай ықыласыңыз болса, жарайды. Сізге де бала болсын», – деп рұқсатын беріпті. Сол күннен бастап Оразқожа Бекахметов Құтбай қожаның қолынан тәлім-тәрбие алып, бір-екі жылдай қасында еріп жүріп, шәкірт болыпты. Ал, Құтбай қожа –1906 жылы туылған, Қазақстанның оңтүстік өңірі, қала берді Орта Азия елдеріне өнерімен танылған өнерпаз кісі. Ол он екі тілде ән салған дүлей әнші, өзі де жанынан ән шығарған, ақындық пен жыраулық қосарлана қонған үлкен өнерпаз кісі.
Менің әкем осы Оразқожамен біргет жұмыс істеген жағдайы бар. Әкем әңгімесін тәуір көріп, сөзі, жүріс-тұрысы ұнап, үйге қонаққа шақырыпты. Мен алты жаста екенмін. Оразқожа көкемізден: «Үлкен азаматтардың жолын көріп жүрсіз, ақындық жолда жүрсіз. Менің де балам ақын болсын. Егер мақұл десеңіз, осы Жақып баламның аузына түкіріп кетіңіз, батаңызды беріңіз», – деп қолқа салыпты. Ол кісі құп көріп, менің аузыма түкіріп, батасын беріпті. Мен ол кезде алты жаста екенмін. Сол алты жасар кезімнен Оразқожа көкеміз маған ұстаз болды деп әкеміз айтып отыратын.
Ал 15 жасқа толған шағымда бір конкурста өлең айтып сахнаға шықтым. Сол жерде Оразқожа Бекахметов көкеміз қазылық етіп отыр екен. Менен: «Кімнің баласысың?» – деп сұрады. Сынабайдың баласы екенімді білген соң: «Әкеңе сәлем айта бар», – деп өзінің атын айтып таныстырып өтті. Сол конкурста мен бас жүлде алып, сыйлыққа кілем арқалап үйге қайттым. Үйге барып әкеме: «Оразқожа деген кісі сәлем айтты», – деп сәлемін жеткіздім. Сонда әкем: «Сені онда қайта таныстырайын. Жас күніңде сол көкең бата берген», – деп сол кісінің үйіне ертіп барып, иығына шапан жауып, қайтадан батасын алдық. Міне, сол 15 жасымнан бастап ес білгелі ұстазымды таныдым.
Енді сол Оразқожа көкеміз: «Егер сенен біреу-міреу ұстазың кім деп сұрай қалса, сен ұстаздарыңды былай өрбітуің керек», – деп қадап тұрып түсіндіріп берген. Сол тәртіппен айтар болсақ, менің ұстазым – Оразқожа Бекахметов. Қазір өмірде бар. Оның ұстазы – Құтбай Дүрбаев, ол кісі 1971 жылы қайтыс болды. Ал енді Құтбай ақынның ұстазы – Нартай Бекежанов. 1936 жылы Нартай Бекежанов Құтбай Дүрбаевтың үйінде қонақта болып, сол жерде өнеріне тәнті болып, Құтбай қожаға шәкірті ретінде бата беріпті. Содан ұстаз-шәкірт болып аталады.
Ал Нартайдың ұстазы – Арқа өңіріндегі Тайжан ақын. Тайжанның ұстазы – Үкілі Ыбырай, оның ұстазы – Ақан сері, Біржан сал, Сегіз серіге барып бір-ақ тірелеміз. Бұл – сол кісілердің аманаты, мен ол аманатты орындауым керек. Әрбір ұстазымызға тоқтала таныстыра кетуге болады, бірақ оған ұзақ уақыт кететін болғандықтан осы тұстан қайырсақ деймін.
Жаңа айтып өттім, жастайымыздан құлақта қалған жыршы-жыраулардың үні, мысалы Ергеш деген кісінің қасында еріп, домбырасын көтеріп жүріп біраз термелерін тыңдадым. Ол кісі жырау ғой. Екі күн, екі түн тоқтамай жырлайтын. Сонда «Мен шаршаған кезде домбырамды аларсың» деп қасына ертіп жүреді. Шаршаған кезінде өзі ыңғай береді, сол кезде мен ортаға шығып жиналған халыққа бір-екі ауыз өлең айтып беремін, содан кейін қайтадан өзі жырын жалғап ала жөнеледі. Оразқожа көкемнің даусы да есімде.
Тағы мына бір нәрсені айтқым келеді. 1993 жылы Шымкенттегі Мәдениет және өнер институтында оқып жүрген кезімде мені Алматыға, бір телеарнаға өнер көрсету үшін шақырды. Сонда Қайыпназар Айтпеновтің «Ал бір мақал айтайын» деген термесін орындап бердім. Ол кезде теледидарға шығу деген қиын кезеңдер ғой, екінің бірін шығара бермейді. Содан ауылға келдім, біраз жұрт «Теледидардан сені көрдік», «Жақсы орындадың» деп бағасын беріп, айтып жүрді. Бір күні Жетісайда Меруерт деген өзі ақын, лауазымды кісі бар еді, сол кісі бір қызметкерін жіберіп шақыртып алды. Барсам: «Кеше Айтпеновтің термесін орындаған екенсің, сол Қайыпназар ақсақал сені көргісі келеді. Екеуміз қазір соған бірге барамыз», – деді.
Содан қолыма домбырамды алып, Қайыпназар ақсақалдың үйіне бардым. Ол 1994 жыл еді. Үйінде адам көп екен. Біраз термесін айтып бердім. Сол жерде мені «Сіздің термеңізді теледидардан орындаған бала» деп таныстырды. Ол кезде ақсақалдың құлағы естімей қалған екен. Еңкейіп отырып бес-алты термесін орындадым. Ол кісі қаншалықты риза болғанын білмеймін, бірақ көпшілік «Дауысың жақсы екен», «Жақсы орындадың» деп бағалап жатты. Соңында ақсақалдың өзі: «Қолыңды жай, бала!» – деп, батасын берді. Сөйтіп, сол жерде Қайыпназар Айтпеновтің батасын алдым. Менің бірінші ұстазым Оразқожа болса, екінші ұстазым осы кісі еді.
Қайыпназар ақсақалдың жанында бір жыл болдым. Таңертең жұмысқа барсам, түсте сол кісінің үйіне соғамын. Ол кісінің жазба ақындығымен қоса, суырыпсалмалығы да бар еді. Ол кісі айтып отырады, мен өлеңдерін тез-тез дәптерге түсіріп, жазып алып отырамын. Осылайша біраз мағлұмат алдым, біраз үлгісін көрдім. Сондықтан, мен екі ұстаздан бірдей тәлімін алдым деп ойлаймын. Ұстаздарым туралы осындай естеліктерім бар.
Оңтүстіктің жүз термесін жинақтаған
– Колледжде сабақ бересіз, тәрбиелеп жатқан шәкірттеріңіз бар ма? Қазіргі жастардың арасында терме мен жырға қызығатын, баба дәстүрін жалғайтын буын бар ма?
– Терме, жыр орындау бағытына түскелі қазір отыз жылдың көлеміндей болды. Өнерпаз балаларға сабақ беріп келе жатқаныма да сол отыз жылдай уақыттың жүзі болып қалыпты. Шәкірттерім көп, шүкір баршылық. Көптеген шәкірттер тәрбиеледім. Барлығы бірдей үздік болмаса да үздіктері өте көп. Тұманбай Бәйтенов бар, Марат Сапаров бар, мынау Асан Пердеш деген жігіт қазір ән саласына бұрылып кетті. Осындай-осындай елге танылған шәкірттерім аз емес, құдайға шүкір.
Қазір колледж қабырғасында да өте жақсы үздік шәкірттерім бар. Кеше ғана Ақтау қаласында өткен жыршылар байқауынан Жанболат деген баламыз екінші орын алып келді. Әншілік жолда дайындаған Батырхан Үсен деген баламыз да жүлделі екінші орын алды. Жыл сайын үздік балаларды республикаға танытып, көрсетіп жүрміз.
Шәкірт тәрбиелеу жағынан кенде емеспіз. Біздің өңірде «Оңтүстікте жақта сырнай ұстағанның бәрі – Жақып Сыпатаевтың шәкірті» деп айтып жатады. Оған біз де қуанып қаламыз. Қазір әрқайсысы өзінің жолында, өзінің саласымен дәріс беріп жүргендер де бар, көпшілігі сахнада жүр.
– Ел кезіп, ауыз әдебиетінің жарқын үлгілерін жинап жүрсіз. Жиып-терген жинақтарыңыздың шет жағасын көріп жүрміз. Осы жағына тоқталыңызшы. Жыр, терме, арнау секілді өнердің қалыптасқан өзіндік мектебі болады емес пе? Біздің оңтүстік өңірінің мектебі жайында қаузай кетіңізші.
– Жалпы, бұл сауалыңызға жауапты мынадан бастағым келеді. Біздің қазақтың өнері Жетісудің жыршы-әншілік мектебі, Арқа әншілік мектебі, Батыс өңірінің жыршылық-әншілік мектебі және Сыр өңірінің жыршылық-әншілік мектебі болып төрт аймақтық мектепке топтастырылады. Осы төрт өңірдің мектептерімен қоса оңтүстік өңірінің ән-жыр мектебі де қалыптасып келеді.
Көп жылдан бері еңбек етіп келе жатырмыз, қазіргі таңда ән мектебі толық қалыптасып, жиып-тергеніміз барлық жерде «Оңтүстіктің термесі», «Оңтүстіктің әні» деп мойындалып, үлкен сахналарда орындалып келе жатыр. Ең алғашқы жинағымыз «Терме сазы» деп аталады. Мен осы мақам-саздардан жинақ жинауды 2008 жылдан бастап едім. Сол мақамдардың барлығын нотаға түсіріп, мынау кімнің мақамы, мынау кімнің сазы, мұның ұстазы кім еді, бізге жеткізуші кім, олардың ең алғашқы орындаушылары кім еді деген сауалдарға жауап іздеп, олардың суреті мен өмірбаяны сияқты мәліметтерін топтап, «Терме сазын» шығардық. Ол 2013 жылы жарық көрді. Содан бері қарай «Оңтүстіктің үздік 100 термесі» деген кітап шығардық. Бұл да сол жылдың төңірегі, 2014 жыл еді. Ел ішіндегі ең көп орындалып жүрген үздік 100 термені топтадық. Ол облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен баспа бетін көрді.
Одан бері қарай тоқталсақ, сөзіміздің басында тоқтала кеттім, біздің ұстаздарымыздың ұстазы – Нартай Бекежанов еді. Сол Нартайдың біршама термелерін білетін едім. Ол термелер әр жерде әртүрлі орындалып жүргендіктен кейбіреулері басқа біреулердің термесі деп өзгеге телініп кетіп жүрген. Осының барлығын ретке келтіру мақсатында «Нартай сазы» деген еңбек шығардық. Бұл жинақты Шиелі өңірінде Құрманбек Бекпейісов деген үлкен ақсақал бар еді, сол кісімен бірлесе отырып әзірледік. Жинақты бірлесе дайындауымыздың себебі, Нартай Бекежановтың үздік екі шәкірті болды. Оның біреуі Арзулла Молжігітов, Шиелі өңірінде өмір сүріп, Нартайдың үлгісін сол өңірге таратты. Ал екіншісі Құтбай Дүрбаев еді. Ол Оңтүстік өңірінде Ташкенттің маңында, Шыршық алқабында өмір сүрді. Ол да Нартайдан үйренген жыр-термелерін өз бағытында елге таратты. Сол себептен екеуміз келісіп, жинақтауды қолға алдық. Құрманбек аға Арзулла Молжігітовтің орындауындағы термелерді алып келді, мен болсам мына жақтан Құтбай Дүрбаевтың орындауындағы термелерді жинақтап отырып, екеуінің ең үздік деген, ең әдемі орындалған деген мақамдарын нотаға түсірдік. «Нартай сазы» деген еңбекті солай жаздық. Ол 2017 жылы жарыққа шықты.
Одан беріде шығарған еңбектеріміздің барлығын Алматыдағы консерваторияға алып барып, мықты білгір мамандардың алдынан өткізіп алып отырдық. Нотаның дұрыс жазылуы, сөздіктің дұрыс қолданылуы деген секілді маңызды детальдардың барлығын ғалым кісілердің талқысына салып алып отырдық. Сол жерге барып жүріп Сымақова деген апаймен бірлесе отырып, «Сырлы сырнай мұрасы» деген еңбек жаздық. Сол еңбектің ішінде де термелердің баян аспабындағы орындалу үлгісі көрсетілді. Мына тұстан мен баянмен орындап берсем, ол кісілер нотаға түсіріп отырды. Бұл еңбектің басты мақсаты баян аспабымен терме, жыр орындаудың озық үлгілерін көрсету болды.
Жоғарыда айта кеттім, осы өңірдің мектебін қалыптастыру үшін ел ішінен жинап, қағазға түсірген көптеген халық әндері, жырлар болатын. Мұндағы «халық әні» дегеніміз, авторы біздің уақытқа жетпей қалған, бірақ әннің өзі ауыздан-ауызға айтыла жаңғырып, халықтың ыстық ықыласына бөленген «Қоғалы-ай», «Қызылқұмда ауылым» дегендей әндер ғой. Біз сондай оңтүстік өңірінде табылған әндердің басын құрап, елу шақтысын нотаға түсіріп, «Оңтүстіктің әуендері» деген жинақ шығардық. Нотаға түсірдік және үздік орындаушылардың орындауында сол кітаптың ішіне үнтаспасын қосып жинақтадық. Бұл шығарылған еңбектердің барлығы қазіргі таңда жоғары оқу орындарында көрнекі құрал ретінде пайдаланылып жатыр. Алматыдағы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияда, Астанадағы Өнер академиясындағы мамандар және Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы университетінде біздің шығарған еңбектеріміздің барлығын шәкірттерге үйретіп, оңтүстіктің мектебін қалыптастыруға олар да үлес қосып жатыр.
Тағы бір еңбегіміз осы биыл баспа бетін көріп отыр. Ол жинақ «Оңтүстік өңірінің сырлы саздары» деп аталады. Бұл еңбекті жазудағы басты мақсатымыз – осы өңірде ұмытылып қалған, кешегі Қазығұртта өткен жеті ақын дейміз, Қаратау жақтағы Құлжабай ақын, Айнабек ақын, Жетісай жақтағы Молда Мұса, Жұманазар, Мәулен ақындарды таныта түсу. Елдің ішінде өз уақытында өте танымал адам болғанмен, бүгінгі таңда олардың аты мағлұмат аз жеткендіктен аты аталмай қалған көптеген ақындар бар. Солардың басын қосып және солардың өзінің орындауында үнтаспаға жазып, QR код ішіне салып, нотаға түсіріп, осындай бір әдемі еңбек шығардық. Менің ең бір қуанатын нәрсем осы соңғы шығарған жинағымыз болып отыр. Себебі, көптеген ақындардың ұрпақтары бізге ризашылығын білдіріп жатыр. Бұдан кейінгі ұрпақ аталарының өлеңдерін еске ала ма, алмай ма, кезінде елге аты мәшһүр болған ақындар осылай ұмытылып кете бере ме деп көпшілігі алаңдап жүрген екен. Бізге келіп, ықылас-ризашылықтарын білдіріп, тіпті біреулері ат мінгізіп те жатыр. Ташкенттің архивінен көптеген ақындарымыздың өз дауысы жазылған үнтаспаларды тауып алғанбыз, соларды қостық. Ризалығын бірдіргендердің ішінде әкелерінің даусын естіп, қуанып жатқаны қаншама.
«Оңтүстік өңірінің сырлы саздары» еңбегінде ұмытылып, бұрын-соңды есім-сойы белгісіз болып кеткен 60 шақты ақынның еңбегін топтадық. Даусы бар таспалардың ішінде Оразқожаның, Құтбай ақынның, Мәулен ақынның, Камал Ендібаевтың, Камал Сейілбековтің, осындай бірталай ақындардың дауыстары бар. Қазығұрттық ақындардың дауыстары, Айнабек, Құлжабай ақындардың, өзі күйші әрі жыршы болған Төлебай Момбаевтың өзінің орындауындағы, әрі өзінің даусымен жазылған таспаларды тыңдау мүмкіндігін жасадық. Жоғарыда айттым, оны кітаптың ішіне QR код арқылы салып қойдық.
Міне, осындай еңбектер шығардық. Бұл еңбектердің барлығы осы біздің өңірдің мектебін қалыптастыруда өте маңызды жаңалық болды. Атқарар рөлі де үлкен.
«Жиырмаға тарта термеге мақам жаздым...»
– Өзіңіздің шығармашылығыңызға тоқталыңызшы...
– Өзім туралы не айта аламын? Мен өзім былай түсінемін, өзімнің шығармашылығым туралы айтар сөзім аз. Сөзбен емес, іспен көрсетуді жөн көремін. Сондықтан, сараң сөзді болып жатсам, айыпқа бұйырмассыздар.
Мен жиырмаға тарта термеге мақам жаздым. Ол мақам қалай шығады? Термені өте көп орындаған адам әртүрлі мақамдардың иірімдері құлағында тұрғандықтан, сөзі әдемі өлең сөздерге ыңылдап отырып мақам шығарып алады. Сөйтіп, тәуір сөзге мақам өзі келеді.
Діни басқарманың ұйымдастыруымен 2013 жылы республикалық конкурс болды. Терме байқауы. Сол байқауда біз «Үздік мақам» иегері атандық. Менің терме мақамым үздіктер қатарынан көрінді. Біраз терме мақамдарым елдің ішінде айтылып жүр. Шығармашылығымыздың шеті осындай.
– Осы салада ойыңызда жүрген, түйген дүниелеріңіз болса ортаға сала кетіңіз...
– Жоғарыда айтып өттім, осы салада еңбек етіп жүргеніме отыз жылдың жүзі болыпты. Балаларға терме, жыршылық, әншілік бағытында дәріс беріп келе жатырмыз. Менің ойға түйген нәрсем – жалпы, терме мен жыр орындаған балалардың шектен шығатын әдепсіздігін, мәдениетсіздігін көрмедім. Оның бірден-бір себебі, осы терменің ішіндегі сөздерінің мағынасында. Біз терме сөздерінің мағынасын ұдайы талқылап отырамыз, термеде «жақсы бол», «ата-ананы құрметте», «үлкенді сыйла» деген сияқты тәлімді нәрсенің барлығын қамтиды. Балаларға соны түсіндіреміз, талқылаймыз. Мұндай сөздердің тәрбиеге әсері міндетті түрде болатынына көзіміз жетті. Құдайға шүкір, шәкірт балаларымыздың барлығы мәдениетті, қазіргі заманға сай ой-өрісі бар, білімді, дұрыс сөйлеп, әнді әдемі орындай біледі. Қазақтың қара өлеңі ақыл, нақыл, өсиет сөздерден құралған дейтін болсақ, сол өлеңді тек қана орындап қана қоймай, оның ішіндегі сөздерді де өз бойларына дарытып келе жатыр.
Жалпы, түсінгенім, терме үйренген бала тәрбиелі болып өседі. Осыған көзім жетті. Себебі, қазір термеші шәкірттерімнің арасында шектен шыққан ешкімді көрмедім. Барлығы мәдениетті, өзінің жолымен келе жатыр.
– Өз саласының білгірі болып, елі мен жеріне пайдасы тиіп жатса, патриоттық деген сол болар?! Сіздіңше, патриот деген кім? Патриотизм туралы ойыңыз қандай?
– Патриот деп кімді айтамыз десеңіз, қазақ елінің дәстүрін сақтаған, осы елдің тәртібін, тәлімін алған, жастарға үлгі болатын, жалпы елге қызмет жасайтын, осы елдің күйін күйттеп, жырын жырлап, салтын ұстанып, жақсы азамат болуға ұмтылған адамдардың барлығын осы елдің патриоттары деп атауымыз керек деп ойлаймын.
Өкініштісі қазір осы бағыттағы дүниелерді түсінбей жүрген жастарымыз көп. Жолда кедергі болып, көлденең жатқан нәрсені бір шетке ысырып қоюдың өзі де үлкен қасиет. Бұл – тәрбие. Патриотизм осындай кішкентай ғана нәрседен басталады. Мұны да балаларға үнемі айтып отырамыз. Сондықтан, осы елдің кез-келген мәселесіне бей-жай қарамайтын, жақсылығына қуанып, кейбір келеңсіз нәрселеріне күйіне білетін, осы елге жаны ашитын, осы елдің мүддесі үшін кез-келген нәрсеге тік тұратын, қызмет жасайтын азаматтарды шын патриот дер едім.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!