Фото: ЖИ өнімі
Күні кешегі бір отырыста пайғамбар жасындағы атаның «екі немерем көзден кетті» деп тосыннан бастаған сөзіне бәріміз аңтарылып қалдық. «Телефон бәле болды...» деп әрі қарай жалғастырды, әңгіменің төркіні түсінікті болар. Расында, бүгінде баламызды кімдер тәрбиелеуде, өзіміз бе, әлде өзгелер ме? «Әрине, өзіміз!» деп ауыз толтырып айта аламыз ба? Ендеше, неліктен бұл мәселе бүгінде өзекті өртеп, көзден айырып жатыр? Таңнан кешке дейін ұрпақ тәрбиесі айтылып-ақ келеді. Алайда, үйде, көшеде, емхана, асхана, жол-жөнекей де буыны қатпаған баланың екі көзі анасын емес, телефонды іздеп, қолына бермесе жылап қоя беретініне екі көзіміз куә, бірақ соған ден қойып, мән бермейміз. Мультфильм көрсін деп жанды жұбатамыз, құлақты тыныштандырамыз. Алайда, күні мен түнін әлеуметтік желіге байлайтын ұл-қызымызға ұлағат болатындай өзіміз қандай амал жасап жүрміз? Балалар контентін молайтқан дұрыс па, әлде интернеттен ажыратқан дұрыс па? Жалпы, ғаламтордың ғаламатынан қалай арыламыз, экран алдындағы балалар мәселесін қалай шешеміз?
Бұрын дала баласына алақандай ауылдың ақсақалды атасы, ақ жаулықты әжесі, тақиялы әкесі, текті анасы, мәдениетті мектебі, мәртебелі мұғалімі ықпал етсе, қазіргі қала баласына танымдық теледидар, ғажайып ғаламтор, модернді мультфильмдер, озық онлайн ойындар қызық. Әйелдерге пысық психолог, кәсіби коуч, белсенді блогер, өрелі өнер адамы серпін берсе, ерлер жағы сенімді спортшыларға ақша тігетін болды, яғни ойынқұмарлық осы жерден басталуда. Бұл аздай, үйдегі баласы ғаламтор кеңістігінде емін-еркін сайрандауы үшін қолдарына қолақпандай кірпіш телефонды ұстатты. Содан болар, кейінгі кезде өз баласына өзі ие бола алмай шағымданушы ата-аналар қатары тізіле бастады. Өкінішке орай, бұл – шындық. Біліңіздер, баланың бірінші ұстазы – әкесі мен анасы, яғни әрбір сөзі, мінезі, қылығы, ісі, амалы, әрекеті, тұрмысы, салты ақ қағазды санаға түсетін алғашқы жазулар. Осы тұста ата-ананың жіберетін бірінші қателігі – «баланы мектеп тәрбиелейді» деген ойы. Мектеп – білім ордасы, мұғалім – білім иесі, тәртіпке бағыттаушы, бұдан басқаға міндетті де, жауапты емес. Сол сияқты, баланың досы да кез келген ортаға бейімдеп, жақсы-жаманды сіңіртіп, дағдыландырушы. Қазір «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» дегеннің дәуірі өтті, өйткені таңның атысы, кештің батысы шуылы басылмайтын үйде тыныштық орнаса, сол үйдің балалары ноқтасыз желіге байланды дей беріңіздер.
Жуырда TikТok желісінде 1000-ға жуық адамға қарқынды стрим жасап отырған жас келіншектің артқы жағына көзім түсті. Кішкене қыз баласы құлағына қуатты құлаққапты киіп алып, ноутбукқа телміріп отыр. Ол не көріп, әлемнің қай бұрышында кімді тыңдап отыр, онымен анасының шаруасы жоқ, жұртқа ақыл айтып сайрап отыр. Бұл жерде бәріміз «мультфильм көріп отырған болар» деп ойлауымыз мүмкін. Алайда, жасы 10-ға жетпейтін баланың күш-қуатын интернетке жұмсауы – көз майын тауысып, уақытын ысырап етуі. Бала үшін ғаламтор өзін бейтаныс әлемге саяхаттаушы ретінде сезініп, ұтыскер ретінде көруі ықтимал шексіз шартарапқа тең. Бұған дер кезінде шектеу қойылмаса, баланың алдында ата-ананың беделі болмай қалады. Жылы ұясын, мектебін, мұғалімін, достарын ұмытса, ғаламтор басты құндылығына айналып, мінезі мен өмірге деген көзқарасы содан қалыптасады.
Ата-ананың жіберетін екінші қателігі – балаға отырып алып ақыл айту әрі оны тәрбие деп түсінуі, сондай-ақ сөйлейтін сөзі, істейтін ісі баласына үлгі екенін білмеуі. Салқын ой, құрғақ ақыл бойға жұқпайды, өйткені тәрбие нақты амалмен жүзеге асады. Ата-ана ең жақын досындай баламен сырлас болмаса, бір табан қалыс қалады, тәртіпке үйретпесе, бәрінен кеш қалады. Баланың бағдары ата-ана болмаса, көрінгеннің көшіне ілесіп жүре береді. Ал бала үлкен бір кітапты оқып шыққандай, ата-анадан бәрін көріп, біліп шығуы тиіс. Сіздер ұрпағыңызға үлгі болмасаңыздар, интернет орындарыңызды басады. Баланың сөзге құлақ аспауы да дәл осы тұстан басталады.
Шексіз интернетті шегімен қолданған жөн. Иә, кез келген уақытта білім мен ғылым көздерін табу, қабілетті арттыру, зейінді жаттықтыруға пайдасы мол. Алайда, шамадан тыс қолдану жақсы емес, әсіресе баладан бастап үлкендерді елітетін онлайн ойындардың әсерінен оқуы нашарлайды, демалысы азаяды, ұйқысы бұзылып, көз жанары талады, зейіні шашырайды, жүйкесі жұқарады. Мұның арты кибербуллингке ұшырауға, жасына сай емес контенттерді көруге және ауыр зардаптарға әкеліп соқтыруы мүмкін. Тәуелділіктен арылу үшін әрбір ата-ана баламен үнемі ашық сөйлесіп, түсінігіне сай интернеттің пайдасы мен зиянын түсіндіріп, дұрыс қолдануға бағыттауы қажет. Қолдану уақытына шектеу қою, қауіпсіздік фильтрін орнату немесе бірге пайдалану артық етпейді. Мұндайда ата-ананың өзі телефонға үйір болмауы – балаға үрдіс үлгісі.
Қазір сәбиден бастап бес жасар баланы экран алдынан көп көреміз. Балалық шақ – нағыз асыр салып ойнайтын kез, бірақ қазіргі балалар далаға шықпайды, кітап оқымайды, лагерьге бармайды, тек телефон шұқылайды. Көшеде, емхана, шаштараз, кафеде жылаған баланың назарын аударту үшін алдына телефон ұсыну «дәстүрі» шықты. «Немереме бір рет телефон көрсетіп едім, содан шығара алмай әлекпін» дейтін әжелер көбейді. Кеше ғана дүние есігін ашқан балаға телефон ұсыну – үлкен қателік. Елімізде психикалық дамуы, сөйлеуі кешеуілдеген балалар саны өршіп тұр, себебі – баламен қарым-қатынас азайды. Тоғыз ай анасының жүрегін тыңдаған бала бөгде тілдегі экранды көреді, миы қабылдауы мүмкін, бірақ тілін түсінбейді, сөйлесе алмайды, тек пассивті тыңдаушы болады. Бала – робот емес. Сол үшін бүгінгі жас ата-анаға айтарым, баланың дамуын ерте бастан қолға алып, жарық дүниеге келгенде алдарынан экран емес, шынайы қамқорлық пен бесік жыры шығуы тиіс.
Үйдегі бала интернетті қолдану ретін білмесе, демек, отбасында тәртіп жоқ деген сөз. Сол үшін ғаламтор уақытына шектеу қою керек: сабаққа қажет материалды іздеуге 40 минут немесе 1 сағат жеткілікті, ал жасөспірімдерге 1,5-2 сағат беріліп, жауапкершілікке үйретілгені жөн. Сонымен қатар бала жеке деректерді жарияламау, белгісіз сілтемеге өтпеу, бөгде адаммен сөйлеспеу, кибербуллинг пен жалған ақпарат туралы білуі тиіс. Ата-ана мен бала арасында алаяқтық схемалар, ақпаратты сүзгіден өткізу, сыни көзқараспен қарау бағытында пікір алмасулар ауадай қажет. Internet досы да, дұшпаны да, ұстазы да емес, бар болғаны нейрожелі екенін ұғынғаны жөн.
Ал түнімен түрлі әлеуметтік желіге байланатын ұрпағымызға ұлағат болатындай өзіміз қандай амалдамыз? Бала келешегіне қажетті эмоцияны жанұясынан алады. Кешкі дастархан басында шынайы әңгімелер айтылса, бала телефонға емес, ата-анасына қарап, кітапқа үңілер еді. Телефон уақытын шектеу отбасының дәстүріне айналса, бала оны тыйым емес, тәртіп дер еді. Бос уақытты баламен бірге жоспарласа, спорт, қолөнер, театрмен толтырса, телефонға уақыт қалмас еді. Баланың рухына қорек беретін ата-ананың жанды, мәнді істері – баланың өміріне ұлы тәжірибе. Сондықтан баламыздың өмірі экран алдында өтпесін.
Қазір үлкендер де, балалар да телефоннан ажырамайды, өйткені сан алуан ақпарат, оқу, білім, ғылым, таным осында. Бірақ ол уақытты жұтады, көзді құртады, ойлаудан қалдырады. Телефонға байланатын өзіміз болсақ, онымен қарым-қатынасты реттейтін де – өзіміз. Ояна сала телефонға жүгірмеу, отбасымен таңғы ас ішу, кешкі аста күнді бөлісу, хал-жағдай білісу, ертеңді жоспарлау – тәртіп. Шынайы қарым-қатынасқа көшу, бос уақытта ағайын-туыспен араласу, үйлеріне бару, ұйымшылдық таныту – балаға үлкен өнеге. Кем дегенде аптаның екі күнін телефонсыз өткізу – миды тынықтырудың бір жолы. Балаға интернетті дұрыс пайдалануды үйретіп, қазақ тілді мультфильм, ертегі, мәнді бағдарлама, танымдық ойындарды көбейткен дұрыс. Бәрінен бұрын, балаға шынайы өмірді маңызды етіп көрсету қажет: спортқа бұру, суда жүзу, қазақша күрес, садақ керу, асық атысу, табиғатқа шығу, сурет салу, домбыра шерту, еңбекке баулу. Ана тілінде сөйлейтін, салт-дәстүрді дамытатын, әдеп-ғұрыпты жалғайтын, білімді, жан-жақты ұрпақ өсіру үшін интернеттің аса бір қажеті шамалы. Қадірменді ата-аналар, тал шыбықты егетін де – өзіміз, оны түзу өсіретін де – өзіміз. Ұрпағымыз ұлы дүниелердің басында болсын!