Қоғамдағы кез келген ауыр мәселенің шетін көріп тұрып, сырт қалу мүмкін емес. Әсіресе, тағдырдың тауқыметін тартып, отбасындағы түсініспеушілік пен зорлық-зомбылықтың кесірінен тығырыққа тірелген аналар мен балаларға қол ұшын созу – бәрімізге ортақ міндет. Жыл сайын бұл бағытта атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Елімізде әйелдердің құқығын қорғап қана қоймай, олардың ертеңгі күнге деген сенімін оятуға, басына түскен ауыр сынды бірге көтеруге бағытталған шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осындай игілікті істердің қатарында қиналған жанға пана болып жүрген арнайы қорлардың атқарып жатқан жұмысы айрықша маңызға ие.
Алматы қаласында бастау алған бұл қордың негізін қалап, игі іске ұйытқы болған елімізге белгілі продюсер Баян Мақсатқызы Алагөзова болатын. Оның жүрегінен шыққан бұл ізгі идея талай уақыт бойы жан-жақты пісіп-жетіліп, нәтижесінде 2024 жылдың ақпан айында «Мақсат» қайырымдылық қоры болып құрылған еді. Бүгінде Алматыдағы бас кеңсесін Валентина Владимировна Сұлтанбаева басқарады.
Оның тікелей басшылығымен атқарылып жатқан кешенді жұмыстардың мән-маңызы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Біз қордың ішкі жұмысына жан-жақты үңіліп, «Мақсат» қайырымдылық қорының Шымкент қаласындағы филиалын басқаратын директор Ғайни Қойшыбайқызы Құдайбергеновамен кеңінен сұхбаттасқан едік.
Тәжірибелі мамандар тобы кешенді көмек көрсетіп келеді
– Ғайни Қойшыбайқызы, қоғамда аналар мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі әрдайым өзекті. Осы орайда, «Мақсат» қайырымдылық қорының негізі қалай қаланды және Шымкенттегі филиалының жұмысы қалай жолға қойылды?
– Шынын айту керек, кейбір отбасылардағы түсініспеушілік пен қатыгездік жақындардың арасын алшақтатып, әйелдерді шарасыз күйге түсіріп жатады. Міне, осындай өмірдің ауыр сынақтарына тап болған жандарға қол ұшын созу мақсатында құрылған қордың игі істері бүгінде нақты нәтижесін беріп отыр.
Ал сол ауқымды жұмыстардың заңды жалғасы ретінде, 2026 жылдың маусым айынан бастап талай тағдырға араша түскен қордың Шымкент қаласындағы филиалы да қызметін бастады. Бүгінде Алматыдағы бас кеңсемен қатар, шымкенттік әріптестеріміз де бұл игі істі табысты жалғастырып келеді. Орталығымызға жүгінетін әйелдер – жылдар бойы қорқынышпен өмір сүріп, психологиялық әрі материалдық тәуелділік жағдайында қайда барарын білмей тұйыққа тірелгендер. Осы орайда, біздің басты миссиямыз – оларға «сен жалғыз емессің» деген мызғымас сенім ұялатып, зорлық-зомбылықсыз, бейбіт өмір сүруге толық жағдай жасау, өзіне деген сенімін қалпына келтіріп, балаларымен бірге жаңа парақтан өмір бастауына жан-жақты қолдау көрсету.
– Қорға келген азаматшаларға нақты қандай көмек көрсетіледі? Мұндағы мамандардың жұмысы қалай ұйымдастырылған?
– Бізде өз ісінің кәсіби мамандары – әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, заңгерлер, фельдшер, тәрбиешілер, бухгалтерлер және әкімшілік қызметкерлерден құралған 21 маманнан тұратын тәжірибелі ұжым аямай еңбек етеді. Қор әйелдерге әлеуметтік, психологиялық, құқықтық және медициналық бағыттар бойынша кешенді түрде көмек көрсетеді. Мұнда келген соң аналарды қиындықпен жалғыз бетпе-бет қалдыруға жол бермейміз. Әрбір әйелмен мамандар жеке жұмыс жүргізеді. Әлеуметтік қызметкер қажеттіліктерін жан-жақты бағалап, оңалу кезеңінің барлық сатысында сүйемелдейді. Сонымен қатар, жеке басын куәландыратын құжаттары жоғалған немесе түрлі қиындыққа тап болған азаматшаларға құқықтық тұрғыдан қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, тиісті рәсімдерді жүзеге асыруға, мемлекеттік қызметтерді алуға және заңды түрде тиесілі жәрдемақы алуға жан-жақты жәрдемдеседі. Фельдшер денсаулығына қатысты мәселелер бойынша бағыт-бағдар беріп, қажетті медициналық көмек алуына тікелей ықпал етеді. Егер әйелге балаларымен бірге үйінде қалу қауіпті болса немесе баратын жері мүлде болмаса, кешенді қолдау бағдарламасы аясында уақытша қауіпсіз баспанамен қамтамасыз етеміз. Үстіне киетін киімі, ішетін ыстық тамағы, балаларының тұрмыстық жағдайы – бәрі біздің қатаң бақылауымызда болады.
– Құрылған күннен бері қанша адамға көмектесе алдыңыздар? Жалпы қорға жүгінетін жандардың жағдайы қандай?
– «Мақсат» қайырымдылық қоры құрылған күннен бастап бүгінгі күнге дейін 532 адамға (оның ішінде 171 әйел және 361 бала бар) кешенді түрде қолдау көрсетті. Ал Шымкент қаласындағы филиалымыздың өзінде 18 ана мен 39 бала қажетті қызмет пен көмек алды. Қорға негізінен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған, жұбайынан немесе отбасының басқа да мүшелері тарапынан қысым мен зомбылық көрген әйелдер келеді. Көпшілігі ұзақ уақыт бойы қорқыныш пен үрей құшағында өмір сүріп, психологиялық әрі материалдық жағынан күйеуіне немесе жақындарына толықтай тәуелді болып қалған, өз құқықтарын білмей дағдарып, өмірін өз бетінше өзгерте алмайтын жағдайдағы жандар.
Күрделі кезеңдерден өтуде психологтардың көмегі көп
Әйелдердің ішкі жан дүниесін түсініп, олардың санасындағы қорқыныш пен үрейді сейілту үлкен кәсіби біліктілік пен төзімді талап етеді. Сырт көз байқай бермейтін терең психологиялық жараларды емдейтін мамандар мен тағдыр тәлкегін бастан кешкен аналардың шынайы әңгімесі бұл мәселенің қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетеді.
– Біздің көмегімізге жүгінетін әйелдердің көбі өзін толықтай жоғалтып алған, еш жерден қайыр таппаған, дәрменсіз күйде келеді, – дейді қордың психологы Баян Саипова. – Олардың бойында қорқыныш, кінә сезімі, мазасыздық және тұрақты эмоционалдық қажу жағдайы басым болады. Көпшілігі күйеуіне моральдік әрі материалдық тұрғыда кіріптар болғандықтан, өз бетімен бір қадам жасауға жүрексінеді. Біз жұмыс барысында әртүрлі психологиялық мәселелерді түбегейлі шешуге арналған «Genesis» экспресс-психотерапиялық әдісін және полимодальды психология тәсілдерін тиімді қолданамыз. Бұл әр әйелдің жеке ерекшелігіне сай сапалы көмек көрсетуге, жүрегіне жол табуға мүмкіндік береді. Психологтың, әлеуметтік қызметкердің, заңгердің және басқа да мамандардың бірлескен үйлесімді жұмысының арқасында ғана әйел әлсіздік пен шектеулі теріс көзқарастардан арылып, өз өмірін жаңадан жасай бастайды. Әйел адамға өзіне деген жоғалған сенімділікті қайта табу үшін білікті психологпен жүргізілген терапия, жаңа мамандық меңгеру, жұмысқа орналасу, алғашқы тапқан өз жалақысы, жеке шекарасын қорғай білу және өзі сияқты тағдырды бастан өткерген басқа әйелдердің қолдауы ауадай қажет.
Осы орайда психолог маман Баян Файзуллақызы өзінің тәжірибесінен жүректі тебірентерлік нақты бір мысал келтірді:
– Біздің қамқорлығымыздағы бір ана ұзақ жылдар бойы есірткіге тәуелді күйеуімен бірге өте ауыр жағдайда өмір сүрген. Үш баланы тәрбиелеп отыр, олардың ішінде бір баланың денсаулығында мүгедектік бойынша кінәраты бар. Қорға алғаш келген кезде көзінде мұңы мен үрейі басым, ертеңгі күннен үміті үзіліп, қатты қажыған күйде болатын. Қордың кешенді қолдауының арқасында ол қауіпсіз баспанаға орналасып, құжаттары реттелді. Психологтар жан жарасын емдесе, әлеуметтік қызметкерлер оның жоғары оқу орнындағы аяқсыз қалған оқуын қайта жалғастыруға және жұмысқа орналасуға жан-жақты көмектесті. Қазір әлгі ана өз алдына жеке өмір сүріп, тұрақты жұмыс істеп жатыр. Тіпті баласының әкесімен және бұрынғы жұбайының туыстарымен де дұрыс байланыс орнатып, қарым-қатынасын қалпына келтірді. Қазіргі таңда ол балаларын өзі тәрбиелеп, адал еңбегімен күн көріп, сонымен қатар қорға көмек сұрап келген басқа да жас әйелдерге өз тәжірибесі арқылы үлкен қолдау көрсетіп, үлгі болып жүр.
Өмірдің ащы соққысын көріп, отбасындағы қатыгездік пен ауыр сыннан сүрінбей өткен аналардың бірі өткен күндерін көзіне жас алып, толқып еске алады:
– Мен бұл қор туралы интернеттен және әлеуметтік қызметтер арқылы білдім, – дейді ол күрсініп. – Өмірім тығырыққа тіреліп, отбасылық ауыр сындарды жалғыз өзім еңсере алмайтынымды түсінген соң көмек сұрауға шешім қабылдадым. Үйдегі қысым, балалардың болашағы үшін деген үрей мен қорқыныш жанымды жегідей жеді. Маған ол кезде өте қорқынышты болды. Ұят, үрей мен ертеңгі күннің белгісіздігі сезімі қатар жүрді. Балаларымды жалғыз қалай асыраймын, қалай өмір сүремін деп тіпті тіршіліктен түңіліп кеткен едім. Басында көмек сұрауға барудың өзіне жүрегім дауаламай, қатты қорыққаным әлі есімде. Кейіннен жансарайымдағы аласапыран сезімдерді жеңіп, қордан көмек сұрап келдім. Мұнда маған ешкім «сен кінәлісің» деп дауыс көтерген жоқ, ешкім айыптамады. Керісінше, басымнан өткен ауыр жағдайды ақтарыла айтып берген соң, бәрі мейіріммен қарап, түсіністік танытты. Мен сол жерде алғаш рет өзімді қауіпсіз сезініп, шынайы жанашырлық пен үміт таптым. Қор мамандары менің құқықтарымды қорғауға, заң аясында тиісті құжаттарымды рәсімдеуге қол ұшын созды. Осылайша басымнан өткерген ауыр жағдайдан шығуыма және өзіме деген сенімді қайта табуыма көмектесті. Бүгінде мен жаңа өмір бастауға еш қорықпаймын. Өмірім түбегейлі жақсы жаққа өзгерді. Мамандардың бірлескен еңбегінің арқасында жылдар бойы шешілмей келген мәселелерім біртіндеп шешіле бастады. Бірнеше айдың ішінде тұрақты жұмыс тауып, отбасылық тұрақтылық пен болашаққа деген нық сенімге ие болдым. Бүгінде балаларымның жанында алаңсыз, бақытты ғұмыр кешіп жатырмын. Бұл қор маған тек уақытша пана ғана емес, жарқын болашаққа деген шексіз үміт сыйлады. Маған жаңа өмір бастауға мүмкіндік беріп, қол ұшын созғаны үшін «Мақсат» қайырымдылық қорының ұжымына және Баян Мақсатқызы Алагузоваға шын жүректен алғысымды білдіремін.
«Қоғам болып қолдасақ, қиындықтың бәрі артта қалады»
Аналардың жүрегіндегі шерлі мұңды ұғып, олардың тағдырына жаны ашыған Шымкент қаласындағы филиал директоры Ғайни Қойшыбайқызымен әңгімемізді одан әрі жалғастырып, көкейде жүрген кезекті сауалымызды жолдаған едік.
– Ана мен баланың қауіпсіздігі мен құқығын қорғауды қамтамасыз ету жолында алдағы уақытта қандай жаңа өзгерістер мен тетіктер іске қосылмақ?
– Біздің барлық атқарып жатқан іс-әрекеттеріміздің түпкі төркіні мен мақсаты – ана мен баланың құқығын қорғауға, олардың бұзылған заңды мүдделерін толықтай қалпына келтіруге келіп тіреледі. Психологиялық күйзеліске түскен аналар көбінесе өз құқықтарымен қатар өз балаларының да заңды мүдделерін қорғай алмай, шарасыздық шырмауына түсіп жатады. Сондықтан алдағы уақытта кәсіби заңгерлеріміздің тікелей көмегімен ана мен баланың құқықтық сауаттылығын арттыру курстарын күшейтіп, олардың әрбір қадамын заң аясында мықты қорғауды басты назарға аламыз. Қордың басты жобасы – тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге кешенді түрде көмек көрсету. Алдағы жылдары осы бағдарламамызды одан әрі жетілдіріп, көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуді және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстарына қоғамды, жұртшылықты кеңінен тартуды жоспарлап отырмыз. Өйткені әрбір баланың әлеуметтік тұрғыдан қорғалуы, анасының қасында толыққанды, қауіпсіз ортада бақытты өмір сүруі – біз үшін аса маңызды міндет. Сондықтан ана мен баланың құқығы толық сақталып, әрбір шаңырақта тыныштық пен түсіністік орнағанда ғана қоғамның іргесі мықты болып, болашағымыз жарқын болмақ.
– Келелі сұхбатыңызға көп рақмет! Аналардың жүрегі қуанышқа толып, балалардың балалық шағы қауіпсіз әрі бақытты болсын!