Тамыз айының үшінші жексенбісінде аталып өтетін Спорт күні мерекесі биыл Түркістан облысында ерекше мазмұнмен, кең ауқымда насихатталуда. Киелі өңірде бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және жас буынды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Облыс көлемінде балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің жұмысы жанданып, ауыл-ауылда шағын спорт алаңдарының бой көтеруі, түрлі турнирлердің ұйымдастырылуы жас таланттарға үлкен жол ашуда.
Осындай ауқымды жұмыстар мен өңірдегі спорттың даму қарқынының нақты жемісі ретінде таяуда Төлеби ауданы, Ақайдар ауылының тумасы Бақдәулет Ағабектің әлемдік аренадағы жетістігін мақтанышпен айтуға болады. Ол Әзірбайжан астанасы Баку қаласында өткен U17 әлем чемпионатында еркін күрестен 48 келі салмақта топ жарып, күллі қазақ елінің мерейін үстем етті. Қарапайым ауыл мектебінен басталған бұл жеңіс – бүкіл Түркістан облысы спортшыларына үлкен үлгі, саңлақтарға көрсетілген қолдаудың айқын көрінісі.
Сүйінші хабарды ести сала біз де жас балуанмен кездесіп, сұхбат алуға асыққанбыз. Бақдәулет ашық-жарқын бозбала екен. Боз кілемдегі әрбір сәтті, жүрегін тербеген сезімдері мен алға қойған асқақ армандарын ақтарыла әңгімеледі. Спорттағы әлем шыңын бағындырған сәттегі жан тебіренісі мен арпалысқа толы жаттығу жұмыстары жас чемпионның парасатты адам болып қалыптасып келе жатқаны айқын аңғартты.
«Әлем чемпионы атанғанымда бұл жеңісті ең алдымен ата-анама, отбасыма, бапкерлеріме және маған сенген барша жандарға арнадым. Әр жеңістің артында үлкен еңбек пен қажырлы қолдау жатыр. Сондықтан бұл – тек менің ғана емес, мені қолдаған барша жандардың ортақ жеңісі. Шаршаған сәттерде басты күш туған елімнің сенімі болды. Қанша шаршасам да, артқа шегінуге қақым жоқ екенін түсініп, «Мен мұнда жеңу үшін келдім» деген ұранмен алға ұмтылдым. Бозкілемге шығар алдында аздап толқу болғаны рас, бірақ татамиге табан тірегенде артық ойды санадан сызып тастап, тек өз дайындығыма сендім», – дейді жас балуан.
Бала күнгі арманы мен бүгінгі саналы қадамдарын таразылаған жас спортшы өткен мен бүгіннің сабақтастығын терең ұғынады. Кішкентай кезінде тек күресіп, жеңіске жетуді ғана армандайтын жеткіншек бүгінде әрбір жетістіктің артында қатаң тәртіп пен жауапкершілік тұрғанын жақсы түсінеді. Жаттығу мен оқуды қатар алып жүрген зерделі жас математика пәніне жүйріктігімен де мектеп қабырғасында ерекшеленген еді. Бүгінде имандылыққа бет бұрып, намаз оқып, уақытын тиімді пайдалана білетін жас спортшы өз бос уақыты туралы да бөлісті:
«Бос уақытым көбіне тыныштықта, отбасыммен және жақын достарыммен өткізумен өтеді. Кейде музыка тыңдап, бой сергітіп, демалғанды ұнатамын. Бірақ спорт пен күнделікті қатаң режим әрқашан өмірімнің басты бөлігі болып қала береді. Уақытымды текке жібермеуге тырысамын», – дейді ол.
Спорт жолы әрдайым жеңіс пен қуаныштан ғана тұрмайтыны анық. Бозкілемдегі ауыр белдесулер, салмақ қуудың машақаты, кейде тіпті күтпеген сәтсіздіктер мен қажытатын жаттығулар спортшының иығына үлкен салмақ түсірері хақ. Осындай ауыр соқпақтар мен қиын сәттерді еске алған чемпион жанкешті еңбектің қадірін терең түсінетінін жеткізді. Күнделікті қатаң режим мен тынымсыз дайындықтан шаршаған кезде ол өзін қалай жігерлендіретінін айтты:
«Ондай сәттерде өзіммен көп сөйлесуге, уайымға салынуға уақытым да жоқ. Тек бапкердің берген нұсқауларын мұқият тыңдап, өз дайындығыма қалқасыз сенемін. Іштей өзіме: «Сен бұған дейін де талай қиындық пен сыннан сүрінбей өттің, бұл кедергіні де жеңе аласың» деп қайрат беремін. Өскен ортам, туған жерім мен қарапайым отбасылық тәрбие маған еңбек пен жауапкершіліктің қадірін ерте ұғындырды. Әкем әрқашан: «Қажымұқан атаның, Жақсылық Үшкемпіровтің күшін берсін!» – деп ақ батасын беріп отырса, анам да әрқашан: «Жолың ақ болсын, балам!» – деп жүрекжарды тілегін айтып, алаңдаушылығын білдіріп тұрады. Сол әке батасы мен анамның ақ жол тілеген ізгі ниеті, туған елімнің сенімі маған ерекше күш сыйлайды», – дейді Бақдәулет.
Ұлттық күрес пен әлемдік классикалық күрестің әдістерін ұштастыру туралы ой қозғаған ол бұл бағытта үлкен мүмкіндіктер барын атап өтті. Өмірдегі немесе спорттағы басты қағидасы пен алдағы мақсаттары туралы айта келе, ол өз ойын былайша сабақтайды:
«Кішкентай Бақдәулет тек жеңісті армандайтын еді, ал қазіргі Бақдәулет бұл биіктің артында темірдей тәртіп пен маңдай тер жатқанын анық түсінеді. Өмірде де, спортта да басты қағидам – ешқашан берілмеу. Қандай қиындық немесе сәтсіздік болса да, одан дұрыс сабақ алып, қайтадан қарқынды жұмыс істеу керек. «Еңбек етсең, нәтиже міндетті түрде келеді» деп өзімді үнемі қайраймын. Чемпион атанғандағы сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жетістікке жеткен соң басым айналып, адамдығымнан айныған емеспін; басты қағидам – адам болып қалу, өйткені бәрінен адамгершілік биік тұруы тиіс. Алдағы уақытта жастар арасында да, ересектер арасында да әлемдік аренада елдің көк туын желбіретуді басты мақсат етіп қойдым. Ең үлкен арманым – Олимпиада чемпионы атану. Болашақта өзімнен кейінгі білім іздеген жастарға дұрыс жол көрсетіп, өз тәжірибеммен бөліскім келеді. Спортқа келген балаларға мотивация берсем деймін. Бақдәулеттің есімі тек чемпиондығымен ғана емес, кейінгі ұрпаққа қалдырар өнегелі еңбегімен де есте қалса екен деймін», – дейді чемпион.
ОТБАСЫНЫҢ ҚОЛДАУЫ – ОРТАҚ МАҚТАНЫШ
Жас балуанның осындай қажырлы еңбегі мен асқақ армандарының артында ең алдымен тұтас бір отбасының маңдай тері мен шексіз қамқорлығы жатыр. Төлеби ауданының Ақайдар ауылында қара шаңырақтың түтінін түзу түтетіп, бүгінде төрт бала тәрбиелеп отырған Меруерт Оразбайқызының аналық жүрекжарды сыры бұл жетістіктің қадірін тіпті тереңдете түседі.
– «Бақдәулет кішкентайынан өте алғыр, ширақ, тазалыққа құмар болды. Ойыншықтарын әрқашан ұқыпты жинап жүретін. Көшеде балалармен ойнаса да, футбол тепсе да «Мен бірінші боламын» деп әрдайым көшбасшылыққа ұмтылатын. Оның алғашқы жарыс жолы 2015 жылы ауылдағы «Ару-Әсем» балабақшасы ашылған кездегі «Денсаулық – біздің досымыз» атты сайыстан бастау алды. Бес жасар балам асық ату, арқан тарту және жүгіруден қарсыластарын шаң қақтырып, бірінші орынды жеңіп алды. Тәрбиешілерінің «Апай, балаңыз чемпион болды!» деп сүйінші сұрауы оның спорт жолындағы алғашқы алтын тұғыры еді.» – деп еске алады ардақты ана толқыныспен.
Анасының айтуынша, мектеп қабырғасында жүргенде де оның зейіні мен білімге деген құштарлығы ерекше болған. Бастауыш ұстазы Аманкүл Жолдықарақызы оның сабақты қабылдау қабілеті жоғары, зейіні мықты, энергиясы тасып тұратын зерек оқушы екенін жиі айтатын. Математиканы жаны сүйіп, олимпиадалардан жүлделі оралған жасөспірім алтыншы сыныпқа дейін туған ауылында үздік оқып, қызыл куәлікпен бітірген. Мектептегі сабақпен қатар Леңгір қаласындағы «Байтемір» спорт кешенінде бапкер Мықтыбек Қуашовтың қол астында еркін күрестен жаттығуын бір сәт те тоқтатпаған.
Күрес залындағы табанды еңбек өз нәтижесін беріп, алтыншы сыныпты аяқтаған тұста оған Алматыдағы Кәркен Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінен арнайы ұсыныс түседі.
– «Ол жаққа баламызды апарамыз дегенде ана жүрегіміз қобалжымады емес, қобалжыды, – деп ақтарылады Меруерт Оразбайқызы. – Бес жүздей баланың ортасы, үлкен қала, спорттың ауыр түрі... «Бір жерін жарақаттап алмас па екен, жат ортаға сіңісіп кете ала ма?» деген сары уайым болды. Бірақ бапкерлер мен ауылдас ағаларының қолдауының арқасында балам ол жаққа лезде бауыр басып кетті.
Расында да, колледжге бара сала ортаға тез сіңіскен Бақдәулеттің тәртібі мен сабақ үлгерімінің жақсы екенін ұстаздары мен тәрбиешілері үнемі мақтанышпен жеткізіп отырады. Уақытын тиімді пайдаланып, имандылыққа бет бұрып, намаз оқып, спорт пен тәртіпті қатар алып жүрген жас спортшының бұл қасиеті ата-анасын ерекше қуантады.
– «Баламның әлем чемпионы атанған сәттегі жүректегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жарыстан келгенде ағайын-туыс, көрші-қолаң жиналып, ыстық ас беріп, шелпек пісіріп қарсы аламыз. Диетада болса да, ана жүрегі еттен ауыз тигізбей қоймайды ғой. Баламның бұл жеңісі – күллі қазақ елінің мақтанышы. Балам, жолың әрдайым ашық болып, алар асуларың биіктей берсін, тіл-көзден аман бол!» – дейді анасы.
Бақдәулеттің спорттағы әрбір қадамы оңайлықпен келген жоқ. Жаттығу мен оқуды қатар алып жүрген жас балуанның бала күнінен бастап шыңдалу жолы, табандылығы мен ерік-жігері – талай жасқа үлгі боларлық ерлік. Оны анасы Меруерт Оразбайқызы былай деп тебірене еске алады:
– «Балам спортты, әсіресе еркін күресті шексіз жақсы көреді. Алғаш Леңгір қаласындағы «Байтемір» спорт кешеніне барарда сыныптастарын да қасына ертіп: «Жүріңдер, менімен бірге. Осындай жаттығу залы ашылды, қатысамыз», – деп шақырған еді. Бастапқыда барған балалардың бәрі бір-екі апта қатысып жүріп, кейін спортты тастап кетті. Себебі күніне екі мезгіл жаттығу мен сабақты қатар алып жүру оңай емес, қиындыққа шыдамады. Ал менің балам оны тастамады, бәрін ары қарай алып кетті. Өз ерік-жігерімен барлық ауыртпалыққа, жарақаттарға төтеп берді.
Кейде жаттығудан денесі көгеріп келгенін көріп: «Қап, мына жеріңді жарақаттап алыпсың ғой» десем, ол: «Анашым, ештеңе етпейді. Спорт болған соң солай болады ғой, жазылады» деп күлімсіреп жүре беретін. Өзі сүйіп таңдаған жолы болғандықтан, «балалық шағын ұрлап жатырмын» деп ешқашан ойламадым. О бастан көше кезіп, бос жүргенді немесе той-думанға барғанды ұнатпайды. «Анашым, бармаймын, өздеріңіз барып келе беріңіздер» дейді. Сыныптастары ауылға келгенде ғана дәмханаға барып қайтады, достары да оны әрдайым қолдап, сыйлап тұрады.
Спортта жүрген балалардың демалысы өте шектеулі. Басқа балалар үш ай жаз бойы демалса, бұлар жазғы маусымда да күнделікті жаттығуға қатысып, бір күн де қалдырмайды. Бала кезінде қызуы көтеріліп ауырып тұрғанда: «Демал, бармай-ақ қой» десем, «Жоқ, анашым, мен міндетті түрде қатысамын!» деп дәрісін ішіп алып, залға жүгіретін.
Кішкентайынан математикаға да өте жүйрік еді. Ақайдар мектебінде оқып жүргенде сынып жетекшісі: «Бұл баланы КазГУ-ге, математика мамандығына бергенде мықты ұстаз шығатын еді» деп өкініш білдіргені де бар. Бақдәулет спорт пен оқуды қатар алып жүріп, 9-сыныпты қызыл куәлікпен үздік бітірді. Қазір Алматыдағы Кәркен Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде білім алуда. Бұл оқу орнына 2022-2023 жылы Алматыда өткен «Niazbekov ligasy» республикалық турнирінде 35 келі салмақта 2-орын алып, бапкерлердің көзіне түсіп қабылданған еді.
Алматыға кеткенде шаңырақта оның орны қатты білінді. Кейін үйрендік. Әкесі екеуміз әрдайым: «Балам, біз саған сенеміз. Спорт болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді, ешқашан сағыңды түсірме!» деп демеп отырамыз. Әлем чемпионатын теледидардан көріп отырып, 5 мемлекеттің балуанын 10:0 есебімен тізе бүктіріп финалға шыққанын көргендегі қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Финалда 36 секундта мерзімінен бұрын әлем чемпионы атанып, Қазақстанның әнұранын әлем көгінде шырқатқан сәт – он жылдық маңдай тер мен тынымсыз еңбектің ақталғанын паш етті. Осындай адал еңбегі мен отансүйгіштігі үшін баламмен әрқашан мақтанамыз!»
«Жалпы, мен патриотизм ұғымын былай түсінемін: тәрбиелеп отырған ұл-қыздарымыздың Отанға, қазақ еліне, білімге, таңдаған мамандығына жауапкершілікпен, үлкен ұқыптылықпен қарағаны – нағыз патриотизм сол деп білемін. Өз ерік-жігерімен осыны сезініп, қай сала болсын, мейлі спорт саласы болсын, жүрегіне тоқыған жастың туған еліне деген патриоттық сезімі де шынайы оянады. Патриот болу дегеніміз – әрқашан биікте болып, ісімен көшбасшылық таныту. Асылық айтқаным емес, мен өз ұлымды нағыз патриот деп атар едім. Мектептегі ұстаздары да ылғи: «Бақдәулет, сен нағыз патриотсың!» – деп мақтап отырады– деп тебіренеді чемпионның анасы.
ӘКЕ ӨСИЕТІ ЖАС БАЛУАНДЫ ЕРЛІККЕ БАУЛИДЫ
«Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші, қазақтың қасиетті қара шаңырағынан түлеп ұшып, әлемді мойындатқан жас балуанның артында тұтас бір отбасының маңдай тері, тынымсыз еңбегі мен тағылымды тәрбиесі жатыр дедік әңгіме басында. Бозкілемде айласын асырып, қарсыласын шаң қаптырып, көк байрағымызды халықаралық аренада биікке желбіреткен жас чемпионның бұл жетістігі – жылдар бойғы қажырлы ізденіс пен шексіз қолдаудың жемісі дейді батыр ұлдың әкесі Елубаев Әлімжан Ағабекұлы. Әке жүрегінің тебіренісі, өмір жолының өрнектері және бала тәрбиесіне қатысты ата-бабамыздан келе жатқан қағидаттарды ұстануы оқырманды бей-жай қалдырмасы анық.
– «Таңертең жұмысқа барғанымда әріптестерім мен ауылдастарымның «Әлем чемпионының әкесі келе жатыр» деп шынайы ілтипат көрсетіп, қошемет білдіргені ерекше күйге бөледі. Қарапайым ата-ана үшін бұл баға жетпес бақыт, өлшеусіз мерей. Ұлымның финалдық белдесудегі әрбір қимылын, қарсыласын мерзімінен бұрын тізе бүктіріп, төреші оның қолын көтерген салтанатты сәтін экран арқылы тамашалап отырып, көзімнен қуаныш жасы еріксіз шықты. «Мен шынымен әлем чемпионының әкесімін бе?» деп өзіме сан мәрте сауал қойып, әлі күнге дейін бұл керемет сезімге толық сене алмайтындай күйдемін. Бұл – тек біздің отбасымыздың ғана емес, бүкіл елдің, қазақтың ортақ қуанышы, тәуелсіздік тарту еткен ұлы белестердің бірі. Осы бір сәтті көру үшін қаншама түнгі ұйқысыз күндер, маңдай тер мен баланың қажырлы еңбегі қажет болғанын тек жүрегіміз біледі.
«Әрбір қазақы шаңырақтың тірегі мен айбыны болған әке ретінде баланың саналы ержетіп, ел намысын қорғар нағыз азамат болуына дұрыс бағыт-бағдар беру – басты парызымыз. Нағыз отансүйгіштік пен елдік рух тек биік мінберлерден немесе ресми жиындарда айтылатын әдемі сөздер емес, ол күнделікті адал іс-әрекетпен, ішкі қайсарлықпен, өмірлік ұстаныммен және жауапкершілікпен өлшенеді. Шаршы алаңға шыққан әрбір жас балуан тек өз отбасының ғана емес, бүкіл бір мемлекеттің намысы қолында тұрғанын сезінуі керек. Әлем көріп отырған сайыста қасиетті көк байрақтың абыройын арқалап жүргенін жүрегімен терең сезінуі тиіс.
Шаршы алаңға шыққанда тек өзіңнің ғана емес, артында тұтас бір халықтың, қасиетті көк байрақтың тұрғанын ұмытпа. Нағыз ерлік – қиын сәтте сасып қалмай, елдің абыройын биік ұстау. Күшіңді мақтан тұтып әлсізге ешқашан әлімжеттік жасама, қайта сол қабілетіңді, білегіңнің күшін туған жеріңнің мерейін үстем етуге, әділдікті қорғауға жұмса. Қарсыласың кім болса да сыйла, сыйластық – үлкен спорттың басты заңы, бірақ жеңісті ешқашан қолдан берме. Ел алдындағы жауапкершілік – әрбір азаматтың өлшеусіз қасиетті борышы».
Әлем чемпионының әкесі Әлімжан Ағабекұлы ұлының санасына патриоттық тәрбиені осылай сіңіргенін мақтанышпен жеткізеді. Туған жерге деген сүйіспеншілік пен елге деген шексіз құрмет – баланың бойындағы қайсар мінездің негізгі түпқазығы. Осындай ер азаматқа тән қатал талап пен әкелік терең мектептің арқасында жас балуан тек спорттың бозкілемінде ғана емес, өмірдің кез келген күрделі сынағында тайсалмайтын табандылық, ерекше төзімділік пен өр рух танытып келеді. Бала тәрбиесі – бір күндік немесе бір жылдық жұмыс емес, ол өмір бойы тоқтамайтын үздіксіз үрдіс.
БАРЛЫҚ БАҚЫТ ПЕН БІЛІМНІҢ КІЛТІ – КІТАПТА
Осындай үлкен белестерге жеткен ұрпақтың әкесінің өткен өмір жолына көз жүгіртсек, бәрі де маңдай термен, адал еңбекпен келгенін анық аңғарамыз. Кейіпкеріміз 1973 жылы 9 шілдеде Түркістан облысының Ақайдар ауылында дүниеге келген. Отбасында он ағайынды: 7 қыз, 3 ұл өсіп, ол баладан кенжесі болған. Көпбалалы отбасының таршылығы мен тірлігін көріп өскендіктен, өз балаларына әрдайым білім мен кітаптың маңызын жастайынан сіңіріп өсіргенін мақтанышпен жеткізеді. Мектепті бітірген соң құрылысшылар даярлайтын техникумға оқуға түсіп, оны тәмамдағаннан кейін Ақмола облысы, Целиноград қаласында Отан алдындағы әскери борышын абыроймен өтеп келген.
Еңбек жолын Шымкент қаласындағы Фосфор зауытынан бастап, кейін туған өлкесі – Төлеби ауданында электрик мамандығы бойынша он жылдан астам уақыт табанды түрде еңбек етіп келе жатыр. Адал жары Меруертпен 2006 жылы отау құрып, шаңырақ көтерген. Алланың берген рызығымен 2007 жылы тұңғышы Гаухар, 2009 жылы батыр балуан ұлы Бақдәулет, артынан 2013 жылы Балнұр және 2018 жылы Бексұлтан атты перзенттері дүниеге келіп, бүгінде қара шаңырақтың түтінін түтетіп отыр. «Өмір адамға бір-ақ рет беріледі, барлық бақыт пен білім кітаптың ішінде» деп ұл-қыздарына үнемі өсиет айтып отырады.
Бақдәулеттің спорт пен оқуды қатар алып жүріп, мектепте оқып жүрген кезінде ауданда ұйымдастырылған «KitapХАН» кітап оқу сайысына белсене қатысып марапатталғаны және тоғызыншы сыныпты қызыл куәлікпен аяқтауы – оның жан-жақты білімді екенінің дәлелі.
АҚАЙДАРДАН БАСТАЛҒАН БАЛАЛЫҚ ҚАЙСАР МІНЕЗДІ ҚАЛЫПТАСТЫРДЫ
Жас балуанның кішкентайынан өмірге деген құштарлығы зор, әр іске аса жауапкершілікпен қарап, тиянақты болғанын ата-анасы ерекше ілтипатпен еске алады.
– Бақдәулет балабақшада жүргенде Абай ауылында ұлттық спорт пен халықтық ойын түрлерін ұлықтаған «Денсаулық – біздің досымыз» атты аудандық сайыста асық ату, арқан тарту мен жүгіруден қарсыластарына шаң қақтырып, топ жарды. Үйге келгенде сол алғашқы медалін сүйікті Гүлсара әжесінің мойнына барып тақты. Әжесі қуанып: «Құдай қаласа болашақта осындай медальдер ала бер, жетістіктерің жалғаса берсін!» – деп ақ батасын берді».
Оның ауылдан аудан орталығына қыстың қақаған бораны мен күннің күйдірген ыстығына қарамастан, «Ағай ұрсады, жаттығудан қалуға болмайды» деп бір күн де қалмайтын қайсар мінезі өзінен кейінгі балаға үлгі. Оның жеңіс жолы былай өрілді. Кентау қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткен «Қала күніне» арналған ашық біріншілікте 23 келі салмақ дәрежесінде 1-орын алды. Одан кейін 2022-2023 жылдары Алматы қаласында өткен республикалық «Niazbekov ligasy» турнирінде жүлделі 2-орынды иеленді.
Бақдәулет демалыс күндері ауылға келгенде де қарап отырмай, інілері мен көрші балаларды жинап алып, өз бетінше жаттығу жасап, уақытын бос өткізбейді.
АЛМАТЫҒА САПАР ЖӘНЕ ҮЛКЕН СПОРТҚА БАСТАР АЛТЫН КӨПІР
Жас таланттың өмір жолындағы ең маңызды бетбұрыстардың бірі – оның оңтүстік астанамызға оқуға ауысуы болды. Алматыда өткен жарыстардың бірінде тәжірибелі бапкерлер Бақдәулеттің ерекше қабілеті мен табандылығын байқап, оны республикалық деңгейдегі спорт ордасына ауыстыруды ұсынды. Бұл жауапты қадамға әкесі белсене атсалысады:
– «Бапкерлері баламызды Алматыға оқуға ауыстырғалы жатырмыз. Келісім берсеңіздер, қажетті құжаттарыңызды жинап сонда тапсырыңыздар, деген соң жұмыстан сұранып, Алматыға бардық. Бізді екі жаттықтырушы қарсы алды. Балалар жүгіріп жүрген екен, жаттықтырушысы баламды көріп қуанып: «Саған да жеттік, енді сені біз баптаймыз, алда бізді жеңістер күтіп тұр» деп баламды құшақтап бауырына басқанда сүйсініп қалдым.
Бақдәулетітң Кәркен Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне құжаттары тапсырылып, ресми түрде қабылданғаннан кейін жатақханаға орналастыру сәті де ерекше әсерге толы болды.
– «Жеңімпаз спортшылардың суреттерін көріп балама: «Алла жазса, мына жерде сенің де суретің ілінетін күн тусын. Сен де осындай биік белестерді бағындырып, әлем чемпионы болып, халықтың бетке ұстар азаматы атанып, жетістігіңе куә болайық», – деп батамды бердім. Жатақханаға кірген кезде үлкен-кіші балалардың бәрі келіп баламмен арқа-жарқа болып амандасып, жөн сұрасып жатты. Шыны керек, баламның беделді екенін көріп, мерейім өсіп қалды».
ӘКЕ ҚАҒИДАТЫ – ӨМІРЛІК ҚҰНДЫЛЫҚ
Әлімжан Ағабекұлы ұлына өмірлік мәні бар құнды ақыл-кеңестерін айтып, дұрыс жол сілтеуден жалыққан емес.
– Балама ылғи: «Жаттығуларыңды тиянақты жасап жүр. Тек жақсы жағыңнан көрін. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп жүр. Даңғойлықтың буы ұрып кетпесін, әрдайым қарапайым әрі сыпайы бол! Қолыңнан келсе ешкімнен көмегіңді аяма және оны міндетсінбе. Денсаулығыңды күт!» деп айтамын. Күреске апарар алдында немесе шаршы алаңға шығарда: «Балам, мықты бол! Күштімін деп өзгелерге ешқашан әлімжеттік жасап, күш көрсетпе. Сол мықты күшіңді пайдалы бағытқа жұмса. Мықты-мықты адамдар әлі алдыңнан шығады, солардың бәрін айла-тәсілмен, ақылмен жеңуге тырыс. Ашуға, арзан дүниелерге бой алдырма, ашуды ақылға жеңдір, кешірімді әрі сабырлы бол!» – деп құлағына құйып отырамын, – дейді ол.
Мерейлі отбасының төріндегі әңгімеміз осылай өрбіді. Баланың ата-ананың бақытты сәтін көру де бақыт сыйлайды екен. Жас балуанға біз де әрқашан жолың ашық болсын деп тіледік. Қазақ спортында парасатты, зияткер, зиялы бір тұлға қалыптасып келеді екен. Ол – Бақдәулет Ағабеков!