Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында көрнекті жазушы Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыр» романын талқылау кеші өтті.
Іс-шараға «Kitap times» жобасының оқырман клубтары, мектеп оқушылары мен ұстаздар және кітапхана оқырмандары қатысты. Кеш барысында қаламгердің шығармашылығы мен «Тағдыр» романының идеялық мазмұны, тарихи маңызы, шығармада көтерілген ел тағдыры, туған жер, ұлттық болмыс пен адамдық құндылықтар кеңінен сөз болды.
Қатысушылар шығарма туралы өз ой-пікірлерін ортаға салып, кейіпкерлер бейнесі мен романның тәрбиелік мәніне тоқталды. Әдеби талқылау барысында жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, ұлттық әдебиетті насихаттау және көркем шығармаларды бірге талдау мәселелеріне де назар аударылды.
Кеш соңында бес белсенді оқырманға Ташкент қаласына жолдама табысталды. Бұл сыйлық қатысушылардың көркем әдебиетке деген қызығушылығын одан сайын арттыруға арналған ынталандыру болды.
Қазақ қаламгерлерін, қазақ әдебиетінің көрнекті туындыларын тереңірек тануға мүмкіндік беретін мұндай бағыттағы тағылымды басқосулар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.