Сайрам ауданы Ынтымақ ауылындағы №24 М.Махажанов атындағы жалпы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Махамбет Сәтбаев қырық жастан асқан шағында садақ спортының жанкүйері болып кететінін өзі де білмесе керек. Қолына алғаш садақ ұстаған сәтте оның бұл өнерге деген қызығушылығы оянып, ұлттық спортқа деген ерекше құштарлықты сезінді. Сол қызығушылық ауыл мектебінде жаңа үйірменің ашылуына сеп болып, қарапайым бастама үлкен жұмысқа ұласты. Бір ғана садақ пен бірнеше оқтан басталған шағын орта уақыт өте келе талай шәкірттің талабын шыңдап, биік белестерді бағындыруға жол ашты. Бүгінде Махамбет Сәтбаев баптаған шәкірттер халықаралық, республикалық жарыстарда топ жарып, ел абыройын асқақтатып жүр.
Жуырда сайрамдық спортшының өзі де Солтүстік Кипр Түрік Республикасында өткен дәстүрлі садақ атудан IV дүниежүзілік «Фетих» кубогы халықаралық турнирінде алтын медаль иеленді. Ол 30 метрлік қазақ жамбы нысанасы бойынша мергендік танытып, ел абыройын асқақтатты. Бұл – бір спортшының жетістігі ғана емес, қазақтың төл спортының халықаралық деңгейдегі беделін арттырған, еліміздің көк туын әлемдік додада желбіреткен тарихи жетістік.
«Мен оқушыларым үшін не істемедім?...»
– Махамбет аға, дәстүрлі садақ өнеріне қызығушылығыңыз қашан басталды?
– Мен садақ өнеріне 42 жаста келдім. Бұл спортқа келуіме себепші болған Жұмағазы Мұхамеджанов деген садақшы жігіт. Оны мен өзімнің ұстазым деп санаймын. Ол кісінің өзі ғана емес, ұлы да, қызы да садақшы. 2019 жылы сол үйге ойламаған жерден қонақ болып бардым. Ас ішіп болған соң келген қонақтарға садақтарын көрсетті. Арнайы садақ ататын орын дайындап та қойған екен. Сол жерде тұрып, садақты қолыма алып, нысананы көздеген кезде керемет әсер алдым. Бұл спорт түріне деген қызығушылығым сол кезде оянды.
Содан ауылға келіп мектептегі жұмысымды істеп жүре бердім. Бірақ бүкіл ойым садақта. Бір күні ол кісіге хабарласып: «Ауыл мектебінде садақ үйірмесін ашсам бола ма? Қолымнан келе ме?» – деп едім, «Әрине, бұл қанымызға, сүйегімізге сіңген спорт қой. Ұлттық кодымызда бар дүние. Тек ниет болса болғаны. Бірақ садақ ату – шығыны көп, қымбат спорт түрі. Бастамаңа аз да болса үлесімді қосайын, саған көмегім болсын», – деп бір садақ пен бес оғын қоса сыйлады. Бұл кәдімгі олимпиадалық садақ болатын.
Алғашында аздаған бала сол садақпен атып жүрді. Кейін қызыққан оқушылардың қатары арта бастаған соң сол кезде Сайрам аудандық білім бөлімінің басшысы болып отырған Құралай Балтайбайқызына өтініш жасадым. «Маған дәстүрлі садақ ату үйірмесін ашып берсеңіз. Мен балаларға садақ атуды кәсіби түрде үйреткім келеді. Оларды жарысқа дайындасам деген ниетім бар», – деген едім, ол кісі қолдау білдіріп, 2019 жылы өзім жұмыс істеп жүрген мектептен жарты мөлшерлемемен дәстүрлі садақ ату үйірмесін ашып берді. Міне, содан бері, 7 жыл өтті, үйірме жұмысы тоқтаусыз жалғасып келеді.
– Осыған дейін дәстүрлі садақ ату үйірмесі еліміздегі мектептерде болған ба?
– Жоқ, болмаған. Еліміз бойынша садақ ату үйірмесін ең алғаш болып мектептен ашқан біз. Әрине, спорт мектептерінде бар, болған, бірақ бізге дейін дәл мектеп қабырғасында садақ ату үйірме жұмысы ретінде жүрмеген.
Бізде Қазақстан бойынша садақшылардың чаты бар. Мен бұл жайында соларға сұрау салдым. «Менен бұрын жалпы білім беретін мектептерінде садақ ату спортын үйірме жұмысы ретінде ашқан адамдар бар ма? Мен өзімді бұл жолда алғашқымын деп көрсете аламын ба?» деген едім, олар мұндай бастаманы қолға алған алғашқы мұғалім екенімді растады. Мұны сұраған себебім, кейде кездесулерге шақырады, сұхбаттар беріп жатамын. Сонда осы сұрақ қойылып қалады. Сондықтан бұл сұрақтың жауабын білу мен үшін өте маңызды болды.
– Жаңа өз сөзіңізде садақ атуды қымбат спорт түрі деп қалдыңыз. Кәсіби садақтардың арзан тұрмайтыны анық. Үйірмеге қажетті құрал-жабдықтарды қалай толықтырдыңыз? Кім демеушілік етті?
– Менің негізгі демеушілерім – ата-аналар. Ол кісілерге менің алғысым шексіз. Біз жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жатсақ, ол – ең бірінші Алла, содан соң ата-аналардың арқасы. Жарыстардан орын алған сайын ата-аналар да жақсы қолдау көрсете бастады. Жағдайы барлар балаларына садақты 100-200 мыңға өздері әперіп жатыр. Өйткені нәтиже бар, жеңіс бар, жұмыс жүріп жатыр. Бәрін көріп-біліп отыр. Содан кейін де жақсы қолдау танытып жатыр.
Ауданға әкім болып келген басшылар да бетімді қайтарған емес. Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов болып тұрған кезде бір күні қабылдауына кірдім. «Мен садақ үйірмесінің жетекшісімін. Оқушыларыма садақ керек, оқ керек, жарыстарға баруым қажет. Бізге жыл сайын тұрақты түрде қомақты қаржы бөліп тұрсаңыздар. Қазір қолдағы бармен шама-шарқымыз келгенше ауданның намысын бермеуге тырысып жүрміз», – деген едім, «Бізде ондай мүмкіндік жоқ. Бірақ біз сізді қосымша жұмысқа алайық», – деп бірден облыстық спорт басқармасына қоңырау шалды. Сөйтіп кеңсесі Қарасуда орналасқан Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлерінен мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне қабылдандым. Онда дәстүрлі садақ ату бөлімі бар екен. Сол жерде бір жарым жылдай жұмыс істеп, кейіннен Сайрамдағы ұлттық спорт мектебіне ауыстым. Сол жақтағы басшылық бізге тағы да бірнеше сапалы садақтар мен оқтар алып берді.
Оқушыларды жарысқа алып баратын болсам да осы спорт мектебі демеушілік етеді. Оған дейін қалталы азаматтарымыздың көмегіне жүгінетінмін. Себебі мектебіміздің біздің шығындарды өтеп беретін мүмкіндігі жоқ.
Ал мен шетелге жарысқа барғанымда Сайрам ауданының білім бөлімінің сол кездегі басшылары Гүлнара Тынымбаева, одан кейін Бауыржан Ахметов жол шығындарымды өтеп берген болатын. «Шәкірт мықты болуы үшін ұстазы да мықты болуы керек. Бапкерде тәжірибе болмаса ол балаларға не береді? Сіздер демеушілік етсеңіздер мен шетелдік жарыстарға шығып, тәжірибе жинағым келеді», – дедім бетімді қайтарған жоқ. Сол үшін ол кісілерге де мың алғыс.
Садақ спортында құрал-жабдықтарды үнемі толықтырып отырған дұрыс. Себебі оқ жиі сынады. Бізге сапалы, қымбат садақтар, оқтар әлі де керек. Мұндай садақты бір рет қолына алған бала арзанқол садақтарды ұстағысы келмей қалады. Себебі айырмасы жер мен көктей. Бұрын жарыстарға арзанқол садақтармен барып жүріппіз, кейін қарсыластарымыздың қолындағы садақтарын көрген кезде кемшін тұсымызды түсіне бастадық. Қымбат әрі шығыны көп спорт түрі дейтініміз де сол.
– Демек, Сайрамдағы садақ спортының дамуына демеушілердің де көмегі зор болып тұр ғой...
– Әрине. Мен оқушыларым үшін не істемедім? Кіре алмайтын есіктерге кірдім, ашылмайды деген есіктерді аштым. Әлі де аша беруге дайынмын. Сондағы мақсат – оқушыларымды қалайда жетістікке жеткізу. Не істесем де барлығы оқушыларым үшін жасалады. Бұл жолда фанат болмасаң, жетістікке жете алмайсың. Мен де мектепте жалақым бар, жүргізіп жатқан үйірмем бар, жан-жаққа шапқылап, демеуші іздемей-ақ жүре берсем болар еді. Оқушылар үйірмеге келсе келді, келмесе өздері біледі деп, қолдарына 2-3 садақ, 5-6 оқ беріп қойып, соны кезектесіп атқызып қойып қарап отыра берсем де күн өтеді, айлық жүреді. Бірақ, мен олай жасай алмаймын.
Астымдағы көлігімді сатып, мектепке спорт зал салып берген кезімде де: «Саған ненің азабы? Мектепте спорт зал тұр ғой. Неге жұмысыңды істеп тыныш жүре бермейсің? Саған осы керек пе?» – деп менің бұл әрекетімді түсінбегендер көп болды. «Мектеп мемлекеттің қарауындағы мекеме ғой. Ертең зейнетке шықсаң қайтадан бұзып алып кетесің бе?» – деп сұрады біреулері. Неге бұзып алып кетемін? Мен мұны мектепке соғып бердім емес пе? Мұның ар жағында қалайда ауылдағы садақ спортын дамыту, оқушыларымның атын шығару деген бір ғана мақсат жатыр.
– Сонда сіз өзіңіз мініп жүрген көлігіңізді сатып, спорт зал салдыңыз ба?
– Иә, қымбат көлігімді сатып, қазір мініп жүрген ескі көлікті алдым. Қалған ақшаға мектептің сырт жағындағы қабырғаға жапсарлас етіп, есігін сыртқа қаратып, шағын спорт зал соқтым. Сонда көбісі: «Махамбет бұл құрылысты бекер бастап жатқан жоқ. Адамдар ақылы түрде келіп садақ ататын жер жасап, оны кәсіп көзіне айналдырмақшы», – деп ойлапты.
Осы шағын залды соғу арқылы көп мәселені шештік. Мысалы, мектепте бір ғана спорт зал бар еді. Кейде үш сыныпқа бірдей уақытта дене шынықтыру пәні өтілу керек болады. Сондай кезде балалар бөлініп, кейінгі соғылған спорт залда садақ атады, теннис, доп ойнайды.
Өзімізге де жақсы болып қалды. Бұл спорт залы ашылмай тұрып балалар садақ атуға акт залға баратын жолдағы шағын коридорда дайындалатын. Себебі басқа орын жоқ. Үлкен спорт залда сабақ өтіп жатады. Ол кезде барымыз да, нарымыз да жоғарыда мен айтып кеткен сыйға берілген жалғыз олимпиадалық садақ еді. Бір садақ, үш оқ. Сонымен балалар кезек-кезек атады. Солай күнелттік. Қазір, міне, сол балалар 11 сынып оқып жатыр.
Негізі мектеп мемлекеттік ғимарат болған соң маған құрылысқа бірден рұқсат берген жоқ. «Мектеп ауласына әркім қалағанынша құрылыс жүргізе алмайды» деп түсіндірді. Содан ауданға барып, салынатын спорт залдың қажеттілігін, оған өзім демеушілік ететінімді, жалпы жобасы қалай болатынын барлығын айтып, көрсеттім. Заңгердің кеңесін алдым, арнайы құжаттарын дайындадым. Солай заңды негізде рұқсат алып, құрылысты бастадым. Құрылыс жұмыстарына бес миллион қаржы кетті, есесіне оқушыларымның жарқын болашағына жол салып бердім деп ойлаймын. Олар да бұл еңбекті жақсы бағалап, жарысқа барған кезде жүлделі болуға барын салып жүр.
Оқуға бес жылдан кейін түскен
– Ең алғашқы жарыстарыңыз қашан және қай қалада болды?
– Қазақстан бойынша садақшылардың ең алғашқы жарысы 2021 жылы Астана қаласында өтті. Біз де алғаш рет сол жарысқа бардық. Сол жерде садақшылар бір-бірімізбен танысып, арнайы чат аштық. Ол жақта біз жеңіске жеткен жоқпыз, дегенмен көп нәрсені түсініп, түйіп қайттық. Өзіміздің кемшіліктерімізді байқадық. Біздің садақтарымыздың сапасы басқалармен салыстырғанда әлі де жетілдіруді қажет ететінін түсіндік. Жарыс – бұл тәжірибе. Адам әр жарысқа барған сайын шыңдала түседі.
Одан кейінгі жарыстардың нәтижесі жаман болып жатқан жоқ. Қазір біздің «Сайрам – сила» деген лақап атымыз бар. Бұл – 2024 жылы Өскеменде өткен жарыстан кейін бізге берілген атау. Республикалық жарыста менің оқушыларым Түркістан облысының атынан шығып, 5 алтын, 4 күміс, 4 қоламен Қазақстан бойынша ең үздік атанып, бас кубокты жеңіп келдік. Содан бері біз шыққанда барлығы «Сайрам – сила» келе жатыр» дейтін болды. Жақында тағы да облыстық чемпионаттан 11 алтын, 9 күміс, 7 қола алып келдік.
Көп жарыстарға Түркістан облысының атынан барсақ та, ауданның атын міндетті түрде қосып көрсетемін. Өзім шетелге шыққан кезде де «Қазақстан, Сайрам ауданы» деп жазғызып қоямын. Тілдері келмейді, екі-үш мәрте қайталатамын. Бұл – менің ауылыма деген шексіз құрметім. Ауылымның аты шыға берсін деймін. «Өз ауылының кішкентай тасын сыйламаған адам өзге жердің тауының қадірін білмейді» дейді. Мен де туған ауылымның топырағын сыйлайтын бір қазақпын.
– Қандай қалаларға бардыңыздар?
– Өскеменнен бөлек Ақтау, Жаңаөзен, Қарағанды, Қызылорда қалаларында болдық. Астанаға бірнеше рет бардық. Бұл – оқушыларыммен барған жарыстар. Ал шетелдік жарыстарға жеке өзім бардым. Болгария, Түркия елдерінде екі рет, Қытайда бір рет болып келдім.
Қырғызстанға да жиі барамын. Себебі ол жақта әрі білімімді жетілдіріп жатырмын. Қазақстанда оқу ақысы қымбаттау болғандықтан Қырғызстанға оқуға түскен болатынмын. Қазір доктарантурада сырттай оқимын. Қырғыз спорт және туризм академиясының екінші курс студентімін. Ғылыми жұмысымның тақырыбы – «Дәстүрлі садақ ату техникасын жетілдіру». Енді екі жылдан соң оқуды тәмамдаймын.
– Магистратураны қайда оқыдыңыз?
– Магистратураны Алматыдағы Қазақтың спорт және туризм академиясында бітірдім. Ал бакалавриатты Таразда оқыдым. Негізгі мамандығым – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Еңбек жолын өзім оқыған Сайрам ауданындағы Ынтымақ ауылындағы №24 М.Махажанов атындағы жалпы орта мектептен бастадым. Осы мектепте жүргеніме қазір, міне, аттай 24 жыл болды.
Мен мектеп бітірген 1995 жыл тоқырау кезеңі еді. Оқуға түсуге мүмкіндік болмады. Әкеміз ерте қайтыс болып кеткен, анамыз 38 жасында 8 баламен жесір қалды. Өте қарапайым отбасыда өстік. Анамыз колхозда жұмыс істеді, біз де қара жұмыс істедік. Бірақ басымда «Қалайда оқуым керек» деген ой үнемі тұратын. Бес жыл бойы оқуға түсуге әрекеттендім. Осы бес жылда түрлі қара жұмыстар істедім. Ауыр жұмысты да, жалдамалы жұмысты да, құрылысты да көрдім. Адам алдына мақсат қойса бәрібір жетпей қоймайды екен. Ақыры 2000 жылы Тараздағы М.Х.Дулати атындағы педагогикалық институттың студенті атандым. Менің қатарым оқу бітіріп, жұмыс істеп жатқан кезде мен енді жоғары білім алып жаттым.
Институтты бітірген соң тағы да білімімді жоғарылатқым келді. Содан араға 14 жыл салып, 2019 жылы магистратураға, екі жылдан кейін докторантураға түстім. Білім алу деген мендегі үлкен армандардың бірі еді, жылдар өтсе де сол арманымды сатпадым. Қазір оқушыларыма да осыны түсіндіруге тырысамын. «Бір жыл оқуға түсе алмай қалдыңдар ма, тауларың шағылмасын. Келесі жылы талпынып көріңдер, келесі жылы болмаса арғы жылы көріңдер. Бірақ үміттеріңді ешқашан үзбеңдер. Шындап мақсат қойсаңдар бәрібір жетпей қоймайсыңдар. Бастысы қара жұмыс істеп қалып қоймаңдар», – деймін. «Спорттан бұрын білімді бірінші орынға қойыңдар. Бірінші білім, содан кейін спорт», – деп түсіндіремін.
«Садақ ату адамды мергендікке тәрбиелейді...»
– Ауылда садақ спортына қызығатын ересектер бар ма? Әлде тек балалар келе ме?
– Ауылымызда бос уақытында залға келіп, анда-санда садақ атып кететін санаулы адамдарымыз бар. Олар бұған демалыс ретінде қарайды. Жамбы деп аталатын қимылдап тұратын нысана бар. Соған оқты дөп тигізген кезде адам ерекше әсер алады.
Мен адамдарды өзім шақырамын. «Келіңдер, садақ атыңдар, садақ беремін, оқ беремін. Азар болса бірнеше оғым сынар. Сынса менің оғым сынады, бастысы келіп дайындалыңдар. Қазақтың ұлттық спортымен танысасыңдар», – деймін. Сөйтсем: «Келіп, оғыңды сындырып кетіп жатса, саған одан не пайда?» – деп сұрайды адамдар. Сондағы бар ойым, ертеңгі күні жарыстар бола қалса ересектер де ауданымыздың атынан қатысып, ауылымыздың атын шығарса, садақ ату спорты ересектер арасында да дамыса деймін. Біздің де ауылдан мықты мергендер шығып жатса, сондай игі істің басы-қасында біз жүрсек, оның несі жаман? Қайта бұл керемет емес пе?
– Дәстүрлі садақ ату спортының пайдасы қандай? Ол адамға не береді?
– Бұл спортта тәрбие, өнер, мәдениет – барлығы бірдей астасап жатыр. Садақ ату адамды мергендікке тәрбиелейді. Баршамыз ұялы телефонға тәуелді болып қалған мына заманда көз бұлшық еттеріне де өте пайдалы. Оқ межеге барып қадалғанша сіздің көзіңіз де оқпен бірге қозғалады, бұл да – жаттығу. Содан соң бұл – адамды сабырлыққа шақыратын спорт. Садақты қолына алып, нысананы көздеп тұрған адам барлық проблемасын бір сәтте ұмытып, оқты қалайда дөп тигізуді ойлап тұрады. Осы кезде ми демалады.
Құлаған, қадалған оқты бірнеше рет барып алып келудің өзі де – қозғалыс. Сондай-ақ, бұл спорт адамның жауырынын ашады, иығын тіктейді. Дайын массаж. Онымен айналысқан адамда «грыжа», бел ауруы болмайды.
– Елімізде садақ ату қаншалықты дамып жатыр?
– Бұл – ең кенже қалған спорт түрі. Елімізде садақ ату 2022 жылдан бастап қана спорт түрі болып тіркелді. Оған дейін спорт түріне кірмеген. Дей тұрғанмен қазір біз өзімізден әлдеқайда дамып кеткен қырғыздарды басып озып жатырмыз. Елімізде әлемдік деңгейде медаль алып жатқан мықты садақшыларымыз бар.
Бір жылдары Кореяда дүниежүзілік жарыс болды. Сол жерде командалық есеп бойынша біздің ұлттық құрамамыз өте мықты шықты.
Біздің жігіттер жарап тұр. Аз жылда менің оқушыларым да солардың қатарына қосылады деп ойлаймын. Спорттағы ағаларым: «Махамбет қазір бау отырғызып жатыр. Мына оқушылар өскеннен кейін шамамен 5-6 жылда мықты жетістікке жетеді», – деп айтып отырады. Қазірдің өзінде аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстардан жүлделі орын алып келіп жатқан оқушыларым жетерлік. Мен олардан көп үміт күтемін.
Кезекті мақсат – кубокты жеңіп алу
– Алдағы мақсатыңыз, жоспарыңыз қандай?
– Иә, алдымызға тағы бір үлкен мақсат қойып отырмыз. Ол – Қазақстан бойынша алғашқылардың қатарында болып, ендігі жарыста бас кубокты жеңіп алу. Қазір күні-түні дайындықта жүрміз. Оқушыларымды «пісіріп» жатырмын. Тек спорт залда ғана емес, далада да дайындаламыз. Оның себебі тек ғимарат ішінде садақ атып әдеттенген бала ашық аспан астына шыққан кезде мүлт кетуі мүмкін. Өйткені жел болады, жаңбыр құйып немесе күн қатты ыстық болып тұруы мүмкін. Ауа райының осындай қолайсыз жағдайларына да бала бейімделуі керек.
Баланы психологиялық тұрғыдан да дайындаймыз. Кейде жарыста жеңілсе немесе 1-2 рет мүлт кетсе сынып қалатындар бар. Ондай кезде «Қабағыңды түйме, күл! Үмітіңді үзбе!» деймін. Спортшының ең басты қарсыласы – өзі. Өзі мықты болмай, қарсыласын басып оза алмайды.
Бір жарыста кішкентай бала жылап тұр. Сөйтсек әке-шешесі «Медаль алмасаң келме!» деп ұрсып жіберіпті. Бұл деген – нағыз психологиялық қысым ғой. Ол ұйықтаса да, тұрса да, тамақ ішсе де тек сол оймен, сол уайыммен жүреді де, күш-қуатының бәрі соған кетеді. Соңында нәтижесі төмендейді. Әлгі балада да солай болған. Сондықтан мен ата-аналарға да: «Қалайда жеңіп кел» деп айтпаңыздар, одан да сәттілік тілеп шығарып салыңыздар. Бұл жарыста жеңбесе, келесіде жеңеді. Бұл – спорт. Спортта бәрі болады», – деп айтып отырамын. Расында да кейде қатты сенім артқан балалар мүлт кетіп, керісінше аса көп үміт күтпеген оқушыларым орын алып кетіп жатады. Қарап тұрсаңыз, бұл да – тосынсыйға толы өте бір қызық спорт түрі.
Менің оқушыларым жарысқа баратын кезде қуанады. Себебі бір күн бұрын барып, оларды қыдыртамын, қаланы аралатамын, бірақ шаршатпаймын. Бұл жерде көңіл-күй рөл ойнайды. Көңіл-күйі жақсы бала ойын жинақтап, назарын оңай шоғырландыра алады. Ал ол біздің спортта өте қажет. Балалар жарысқа барғылары келіп өздері сұранып жатады. «Іріктеуден кім өтеді, сол барады» деймін. Содан іріктеуден өту үшін жанын салып дайындалады. Күніне екі мезгіл дайындап қайтарсам, кешкі сегіз-тоғызда «Ағай, келіңізші, залға барайықшы» деп өздері хабарласып тұрады. Бір-екі рет жарысқа барған оқушы бұл спорттан кеткісі келмейді. Қызығушылықпен бастап, кейін тастап кеткен оқушыларым әлі болған жоқ.
Негізі ауылда садақ атуға қызығатын балалар өте көп. Бірақ біз олардың барлығын түгел қамтамасыз ете алмаймыз. Өйткені қазір бізде оған садақ пен оқ жеткіліксіз.
– Ал жанұяңызда ше? Балаларыңыз садаққа қызыға ма?
– Аллаға шүкір, Құдай берген алты балам бар. Төрт балам садақ атады. Қызым – әлем чемпионы. Үлкен балам да болашақта дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болады. Менің жолымды қуамын деп осы салада оқып жатыр.
Келіншегім де – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі әрі менің көмекшім. Өйткені кейбір құжаттық жұмыстарға келгенде жалғыз өзім үлгере алмай кетемін. Мен жарысқа кеткен кезде де қалған балаларды келіншегім дайындай беретіні бар.
– Асабалық өнеріңіз де бар екен...
– Иә, мен оған 30 жасымда келдім. Бұл салада 15 жыл жүріп, анам қайтыс болған соң түбегейлі қойдым. Себебі көңілім құлазып, ештеңе қызық болмай қалды. Әлі де хабарласып жататындар бар, бас тартамын. Әйтпесе, табыстың көзі сол жерде жатыр. Бір айда алатын жалақыны той жүргізіп 2-3 сағатта тауып алуға болады. Бірақ, қазіргі менің бүкіл ойым да, қызығушылығым да – осы мектептегі садақ спорты. Бұл тіпті өміріме айналып кетті. Жұрт дүние, депозитке ақша жинап жатса, менің бар жиғаным, депозитім – осы оқушыларым. Ертең осылардың әрқайсысы мықты маман болып шықса, онда менің арманымның орындалғаны.
– Патриот деп кімді айтамыз? Сіз патриотсыз ба?
– Патриот деген – еліне, жеріне тоқтаусыз қызмет ете алатын адам. Патриот емес адам күнделікті күйбең тіршіліктен шыға алмайды. Қарын тоқ болса, күнім өтсе болды деп жүре береді. Патриот адам өзінің ғана емес, өзгелердің де мүддесін ойлай алады. Бәлкім, менің ауылымның аты шықсын деп жүгіріп жүргенім де сол патриотизмнің бір көрінісі шығар. Ауылымды жақсы көремін. Егер маған ірі қалалардың бірінен жоғары жалақы беріп қызмет ұсынса да, ол жаққа бармайтыныма жүз пайыз сенімдімін. Ауылдан кетпеймін, себебі осы ауылда өстім, осы ауылды көркейтуім керек. Ауылдың спортын қолдан келгенше дамытуым қажет. Түптеп келгенде жұрттың бәрі жан-жаққа кете берсе, ауылдың жайы не болады? Кім қалады?
Астанада, не болмаса Алматыда істейтін жұмысты осы ауылда жүріп те істей беруге болады. Ауылда жүріп те жетістікке жетуге болады. Ол үшін міндетті түрде алып қалада өмір сүру шарт емес. Тек алдыңа дұрыс мақсат, дұрыс ниет қойсаң болғаны.
– Ісіңізге сәттілік тілеймін. Сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!