Еліміздің болашағы саналатын жастарды қолдау және оларды жұмыспен қамту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Әсіресе оқу орнын жаңа тәмамдаған жас мамандардың еңбек нарығында өз орнын табуы маңызды мәселелердің қатарында. Осы орайда Шымкент қаласында жастардың кәсіби дамуына және тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасау мақсатында бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде «Жастар практикасы» бағдарламасы жас түлектерге мамандығы бойынша алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға зор мүмкіндік беруде. Бағдарлама арқылы жастар еңбек ортасына бейімделіп, кәсіби дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, болашақ мансабына сенімді қадам жасауда. Бүгінде бұл жоба көптеген жас мамандардың өміріне оң өзгеріс әкеліп, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға ықпал етіп отыр.
Анығын айтқанда, Шымкент қаласында жастарды жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде, қалада еңбек нарығын дамыту, жұмыссыздық деңгейін төмендету және жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қолға алынған. Соның нәтижесінде көптеген жас мамандар уақытша және тұрақты жұмыс орындарына орналасып, өз болашағына сеніммен қарауға мүмкіндік алуда. Әсіресе жоғары оқу орындары мен колледж түлектерін қолдау шаралары күшейтіліп, олардың мамандықтарына сай жұмыс атқаруына жағдай жасалуда. Бұл өз кезегінде жастардың кәсіби тұрғыдан қалыптасуына және еңбекке деген ынтасының артуына оң әсер етпек.
Биыл Шымкент қаласында «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 1 721 жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда 336 жас маман өз мамандығы бойынша жұмыс істеп, кәсіби тәжірибе жинақтап жатыр. Аталмыш бағдарлама аясында жастар мемлекеттік мекемелерде, білім беру ұйымдарында, кәсіпорындарда және түрлі мекемелерде қызмет атқарып, еңбек дағдыларын қалыптастыруда. Мұндай мүмкіндіктер жас мамандардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, еңбек ортасына тез бейімделуіне көмектеседі. Сонымен қатар олар жұмыс барысында жауапкершілікке үйреніп, кәсіби қарым-қатынас мәдениетін меңгереді.
Осындай мүмкіндіктердің нақты нәтижесін бағдарлама қатысушыларының бірі – Нұргүл Жанеттің тәжірибесінен де байқауға болады. Ол 2025 жылы жоғары оқу орнын тәмамдап, мамандығы бойынша жұмыс іздей бастаған. Жас маман алғашқы уақытта тұрақты жұмыс табуда қиындықтарға кездескенімен, кейін Enbek.kz порталы арқылы жұмыссыз ретінде тіркеліп, мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгінген. Нәтижесінде ол Орталық Азия инновациялық университеті жанындағы «Бастапқы әскери дайындық және денешынықтыру» кафедрасына әдіскер қызметіне жұмысқа қабылданған.
Қазіргі уақытта Нұргүл жаңа ортада өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарып, кәсіби тәжірибесін арттыруда. Оның айтуынша, «Жастар практикасы» бағдарламасы жас түлектерге үлкен қолдау көрсетеді. Өйткені оқу орнын бітіргеннен кейін бірден жұмыс табу әркімге оңай емес. Ал бұл бағдарлама жастарға өз мамандығы бойынша еңбек етіп, тәжірибе жинақтауға, жаңа ортаға бейімделуге және болашақ мансабына сенімді қадам жасауға септігін тигізеді. Сонымен қатар жас мамандар ұжыммен жұмыс істеуді, еңбек тәртібін сақтауды және кәсіби жауапкершілікті үйренеді.
Бағдарламаға қатысу мерзімі 12 айды құрайды. Оған жасы 35-тен аспаған, жоғары немесе арнаулы орта білімі бар, соңғы үш жыл ішінде оқу орнын тәмамдаған және жұмыссыз ретінде тіркелген жастар қатыса алады. Қатысушыларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, ай сайын 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жалақы төленеді. Бұл жастардың материалдық жағдайын жақсартып қана қоймай, олардың еңбекке деген ынтасын арттырады. Сонымен қатар бағдарлама барысында тәжірибе жинаған көптеген жас мамандар кейін тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алып отыр.
Айта кету керек, биыл Шымкент қаласында «Жастар практикасы» бағдарламасымен қатар «Қоғамдық жұмыс», «Күміс жас» және «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобалары арқылы жалпы 4 335 адамды уақытша жұмыспен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда аталған бағдарламаларға 1 367 адам қатысып отыр. Бұл көрсеткіштер мемлекет тарапынан халықты жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударылып отырғанын көрсетеді. Аталған бағдарламалар тек жастарға ғана емес, түрлі санаттағы азаматтарға да қолдау көрсетіп, олардың тұрақты табыс табуына жағдай жасауда.
Жалпы алғанда, «Жастар практикасы» бағдарламасы – жас түлектердің болашағына жол ашатын маңызды мемлекеттік жоба. Бағдарлама арқылы жастар өз мамандығы бойынша алғашқы тәжірибесін жинақтап, кәсіби шеберлігін жетілдіруге мүмкіндік алады. Сонымен қатар бұл жоба жастардың жұмыссыздық мәселесін азайтып, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға үлес қосады. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мұндай қолдаулар жастардың еңбекке деген ынтасын күшейтіп, олардың болашаққа деген сенімін нығайтады. Сондықтан «Жастар практикасы» бағдарламасы жастар үшін үлкен мүмкіндік әрі табысты еңбек жолының бастауы болып саналады.