Шымкенттегі «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өткен қалалық тамыз кеңесіне Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев арнайы келді. Педагогтерді жаңа 2025–2026 оқу жылының басталуымен құттықтаған ол алдағы міндеттерді атап өтті. Министр өз сөзінде қазіргі ұстаздар қауымының ел ертеңіне қосып отырған еңбегін ерекше атап өтті. Ел Президентінің білім беру саласына ерекше қолдау көрсетіп отырғанын тілге тиек ете келе, соңғы жылдары атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталды.
Мемлекетімізде мектепке дейінгі білім беру саласында серпін бар. Айталық, 2–6 жас аралығындағы балаларды қамту 93%-ға жетіп, жыл соңына дейін 95%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Шымкентте де бұл бағытта жаңа ұйымдар ашылып, пилоттық жобалар жүзеге асып келеді екен. Бұдан бөлек, мектеп құрылысы мен жаңғыртуда соңғы алты жылда 1200-ге жуық жаңа білім нысаны бой көтерген. Үш ауысымды және апатты мектептердің саны айтарлықтай азайды. Сондай-ақ, министр инклюзивті білім беруде де оң өзгеріс барын жеткізді. Сөзіне сүйенсек, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға жағдай жасау көрсеткіші Шымкентте 95%-ға жеткен. Келесі жылы Қазақстанда инклюзия бойынша Дүниежүзілік конгресс өту күтілуде.
Сондай-ақ соңғы төрт жылда мұғалімдердің жалақысы екі есеге артқан. Аттестатаудың жаңа цифрлық жүйесі енгізіліп, педагогтердің кәсіби өсуіне жол ашылды. Былтыр оқу жылында еліміздің оқушылары 1000-нан астам халықаралық медальді олжалады. Оның ішінде, шымкенттік 46 оқушының 22-сі жеңімпаз атанды. Бұл да жарқын жетістік. Бұдан бөлек, білім үйлерін интернет желісімен қамту 95%-дан асса, оқулықтардың барлығы цифрлық форматқа көшірілген. Кәсіптік білім беруде де алға ілгерілеу бар. Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» ретінде жариялануына байланысты, колледждерге мемлекеттік тапсырыс көлемі көбейсе, студенттердің шәкіртақысы екі есеге артып отыр. Осылайша мәлімдеген министр Мемлекет басшысы айқындаған жаңа міндеттерді де таныстырды. Қазіргі таңда «Адал азамат» бағдарламасы барлық мектептерде қолға алынып, ата-аналар комитетінің қызметі жаңаша форматта жұмыс істейді. Жасанды интеллектіні білім жүйесіне енгізу басталып, 1–11-сынып оқушылары «Day of AI» бағдарламасы арқылы қамтылмақ. Келешек мектептері жобасы жүзеге асып, сапаға бағытталған жаңа басқару моделі іске қосылады. Сонымен қатар, мұғалім беделі мен құқығын қорғау айрықша назарға алынып, ұстаздардың еңбек күшін артық пайдалануға жол берілмеуге ден қойылмақ. Бұдан бөлек, балалардың қауіпсіздігі де назардан тыс қалмай, буллинг пен әлімжеттікке қарсы «ДосболLIKE» бағдарламасы қосылады.
Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев сөз соңында: «Еліміздің басты тірегі – білімді ұрпақ». Сондықтан балабақшадан бастап кәсіби маман иесі болғанға дейінгі барлық кезеңде сапалы білім беру – біздің баршамыздың ортақ борышымыз» дей келе, ұстаздар қауымына жаңа оқу жылында табыс тілеп, алғысын айтты.