Бос жұмыс орындары бар

Авторы: Мақпал ҚҰРБАНҚЫЗЫ

05.06.2026

Пробация есебінде тұрған азаматтардың жұмысқа орналасуы көбіне күрделі мәселе болып келді. Қоғамға қайта бейімделу кезеңінде олардың тұрақты табыс табуы, еңбек нарығына енуі және өз орнын табуы бірқатар қиындықтармен байланысты. Дегенмен, Шымкент қаласында бұл бағыттағы түйткілді шешуге арналған нақты шаралар қолға алынып, пробациядағы азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі жүйелі түрде жолға қойыла бастады.

Шымкент қаласының тұрғыны Бақытжан есімді азамат сот шешімімен үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылып, пробация қызметінің есебіне алынған. Бүгінге дейін ол күнделікті ақы төленетін уақытша жұмыстармен айналысып келген. Шымкент қалалық Абай ауданы прокуратурасы мен аудандық мансап орталығының ұйымдастыруымен өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде ол индустриалды аймақта орналасқан кафель өндіретін өндіріс орнына тұрақты жұмысқа орналасты.

Жәрмеңкеге қатысып, тұрақты жұмыс тапқаныма қуаныштымын. Осы уақытқа дейін отбасымды асырау үшін күнделікті ақы төленетін уақытша жұмыстар істеп келдім. Ұсынылған жұмыстың айлық жалақысы 250-350 мың теңге аралығында екен. Абай ауданы мансап орталығының мамандарынан кеңес алдым. Алдағы дүйсенбіден бастап жаңа жұмысқа кірісемін, – дейді пробация қызметі есебінде тұрған азамат.

Жәрмеңкеге 15 жұмыс беруші қатысты. Жалпы іс-шара барысында жұмыссыз тұрғындарға, пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарға, бас бостандығынан айыру мекемелерінен босап шыққан және алимент бойынша берешегі бар тұрғындарға 2 мыңға жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңке барысында 5 адамға «Enbek.kz» электрондық еңбек биржасы порталы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жұмыссыз ретінде тіркелу, бос жұмыс орындарын қарау және онлайн оқыту мүмкіндіктері жөнінде нақты нұсқаулық берілді.  12 тұрғын жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, оның ішінде 6 азамат тұрақты жұмыс орындарына жолданды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі бір азаматқа арнайы жолдама берілді. Абай ауданы бойынша пробация есебінде тұрған 15 адамға жұмыссыз ретінде тіркелу бағытында сұхбат жүргізіліп, 3 азамат квота аясында «Абай» КММ мекемесіне әңгімелесуге жолданды.