Әлеуметтік маңызы бар жобалар қарқын алуда

Авторы:

05.06.2026

 Шымкент қаласында әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру бағытында ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қала аумағында жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізіліп, бірқатар орталықтар пайдалануға беріліп, кейбірі белсенді түрде жұмыс істеп тұр.  Бұл жұмыстар халықтың әлеуметтік қолдау жүйесін кеңейтуге, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолайлы жағдай қалыптастыруға және инклюзивті ортаны дамытуға бағытталған.

Аталған жобалардың бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес салынып жатқан 150 орындық заманауи оңалту орталығы. Аталған нысан мүмкіндігі шектеулі жандарға және денсаулығында ақауы бар азаматтарға кешенді медициналық және әлеуметтік көмек көрсетуге арналған. Орталықта оңалту ем-шаралары, физиотерапия, психологиялық қолдау және әлеуметтік бейімдеу қызметтері бір жүйеге біріктіріледі деп күтілуде.

Орталықта І-ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Бұл қызметтер осы санаттағы азаматтардың өмір сапасын арттыруға, олардың қоғамға бейімделуіне және әлеуметтік қолдауды жан-жақты қамтамасыз етуге бағытталған. Кешен аумағында спорт залы, емдік-сауықтыру бассейні, акт залы, үш қабатты оңалту корпусы, кең асхана, екі қабатты стационар және қосымша техникалық нысандар қарастырылған.

Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың желтоқсан айында басталған. Жобаны 2026 жылдың желтоқсан айында толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Қазіргі таңда нысан құрылысының 60 пайызы орындалған, жұмыс қарқыны жоғары деңгейде жүріп жатыр.

Ауқымды әлеуметтік маңызы бар бұл кешен Шымкент қаласының Бозарық шағынауданында орналасқан. Жалпы аумағы 5,3 гектарды құрайтын орталық заманауи талаптарға сай салынуда. Құрылыс алаңында 262 жұмысшы еңбек етіп, нысанның сапалы әрі уақытылы аяқталуына үлес қосуда. Жоба 5 негізгі блоктан тұрады және әр блок халықаралық стандарттарға сай медициналық және техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілетін болады.

«Балауса» орталығы ашылды

Осы кезде Шымкент қаласында ерекше қажеттілігі бар балаларға қолдау көрсетуге бағытталған тағы бір маңызды әлеуметтік нысан өз жұмысын бастады. «Балауса» балаларға арналған №11 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының негізгі мақсаты – ерекше қажеттілігі бар балалардың өмір сапасын жақсарту, олардың қоғаммен етене араласуына жағдай жасау және жан-жақты дамуына қолдау көрсету болып табылады. Мұнда психоневрологиялық ауытқуы бар, сондай-ақ тірек-қимыл аппараты бұзылған 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға жартылай стационарлық форматта арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынылады.

Орталықта балаларға кешенді түрде әлеуметтік, медициналық, психологиялық және педагогикалық қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар олардың күнделікті дағдыларын қалыптастыруға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және қоғамға бейімделуіне бағытталған түрлі түзету-дамыту бағдарламалары жүзеге асырылады.

«Балауса» орталығы Мирас шағынауданында орналасқан. Төрт қабатты заманауи ғимараттың жалпы аумағы 2977,6 шаршы метрді құрайды. Мұнда ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін барлық қажетті инфрақұрылым мен қолайлы жағдайлар қарастырылған. Орталық бір мезетте 150 балаға дейін қызмет көрсете алады. Бұл олардың сапалы әлеуметтік және медициналық қолдауға қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Мекемеде 122 білікті әлеуметтік сала маманы еңбек етеді. Әр маман өз ісіне жауапкершілікпен қарап, балалардың жан-жақты дамуы мен жарқын болашағы үшін жүйелі түрде жұмыс жүргізуді бастап кетті. Жалпы алғанда, бұл бағыттағы жобалар Шымкент қаласының әлеуметтік даму қарқынын көрсетіп қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған ұзақмерзімді стратегиялық саясаттың маңызды бөлігі болып саналады.

Белсенді ұзақ өмір орталығы белсенді жұмыс істеуде

Шымкент қаласында аға буын өкілдерінің белсенді өмір сүруіне, денсаулығын нығайтып, қоғамдық ортадан қол үзбеуіне бағытталған жұмыс жүйелі түрде жалғасып келеді. Соның жарқын үлгісі – Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты Белсенді ұзақ өмір орталығы. Орталық зейнеткерлердің өмір сүру сапасын арттырып, оларды зияткерлік, шығармашылық және қоғамдық белсенділікке жұмылдырады, сондай-ақ, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған мәдени-демалыс жұмысты дамытады.

Бүгінде орталықтың төрт бөлімшесінде күніне 800-ге жуық зейнеткерге қызмет көрсетіледі. Жыл басынан бері 3200 қызмет алушы қамтылып, 323 жаңа қатысушы тіркелген. Мұнда олар үшін 36 түрлі қызмет түрі ұйымдастырылған – емдік денешынықтыру, массаж, фитобар, психолог қызметі, тұзды кабинет, шунгит терапиясы, бассейн, иога, хореография, еңбек терапиясы, бейнелеу және қыш өнері, кітапхана, музыка, компьютерлік және қаржылық сауаттылық, ағылшын және араб тілі сабақтары бар. Әсіресе, соңғы уақытта ағылшын тіліне қызығушылық айтарлықтай артқан. Қазіргі таңда төрт бөлімшеде екі ауысым бойынша 180 қызмет алушы шет тілін меңгеріп жатыр.

Сонымен қатар, әр апта сайын зейнеткерлер Дендросаябақта серуендеп, түрлі сауықтыру және мәдени іс-шараларға қатысады. Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрына барып, тегін қойылымдарды тамашалау да игі дәстүрге айналған. Орталықтың медициналық-сауықтыру бағытындағы жұмысы да нақты нәтижесін көрсетуде. Атап айтқанда:

– гипертония бойынша емделушілердің 93 пайызында,

– бронхит бойынша – 95 пайызында,

– артрит бойынша – 68 пайызында,

– артық салмақ мәселесінде ем алушылардың 82 пайызында оң өзгеріс байқалып отыр.

Бұл көрсеткіштер Шымкентте аға буын өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсету ісі жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Белсенді ұзақ өмір орталығы қариялардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың қоғамдағы белсенділігін арттырып, өмірге деген құлшынысын күшейтіп отырған маңызды әлеуметтік алаңға айналды.