Гранттан басталған кәсіп

Авторы: Інжу ЖҰМАБЕК

12.06.2026

Бүгінде мемлекет тарапынан ұсынылатын қайтарымсыз грант көптеген азаматтардың кәсіп бастауына жол ашып отыр. Бұл қолдау әсіресе өз кәсібін ашуға ынталы, алайда бастапқы қаржысы жеткіліксіз жандар үшін таптырмас мүмкіндік. Грант иегерлерінің қатарында Шымкент қаласының тұрғыны Үміт Ералықызы да бар. Осы уақытқа дейін ол жеке кәсіпкердің қарамағында тігінші болып еңбек еткен. Алайда көп жылдан бері жинаған тәжірибесін өз кәсібіне бағыттауды қалаған. Осы мақсатта 2019 жылы мемлекеттік грантқа өтініш беріп, жобасын сәтті қорғап шыққан.

– Грант иегері атанып, жеке кәсібімді ашқаныма әлі күнге дейін қуаныштымын. Бұған дейін бірнеше жыл бойы тігін саласында еңбек етіп, тәжірибе жинадым. Дегенмен, өз ісімді ашып, сүйікті кәсібімді дамыту әрдайым арманым болатын. Алайда қаржылық мүмкіндіктің шектеулі болуы бұл жоспарымды кейінге қалдыруға мәжбүр етті.

Бір күні әлеуметтік желіден қайтарымсыз мемлекеттік грант туралы ақпаратты көріп, бағымды сынап көруге шешім қабылдадым. Алдымен кәсіпкерлік негіздері бойынша арнайы курстан өтіп, сертификат алдым. Кейін бизнес-жоспарымды дайындап, комиссия алдында жобамды қорғадым. Нәтижесінде грант иегері атандым. Берілген қаражатқа тігін кәсібіне қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, сауда үйінен өз орнымды аштым. Бүгінде кәсібім тұрақты табыс көзіне айналып, сүйікті ісіммен айналысып келемін. Мемлекеттік қолдау маған тек бизнес бастауға ғана емес, өз күшіме деген сенімді арттыруға да үлкен ықпал етті, – дейді ол.

Шымкенттік көпбалалы ана Гүлжан Жандарәлі де 2025 жылы 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болып, бизнес-жобасының мақұлдануының арқасында мемлекеттік қолдауға ие болған. Негізгі мамандығы фельдшер ол балалар массажы бағытында 5 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді. Медицина саласында 10 жылдық тәжірибесі бар.

Көпбалалы ана мемлекеттен алған қайтарымсыз грантқа екі гидро-ванна құрылғысын сатып алған. Бұл құрылғы балалар мен ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршендердің денсаулығын нығайтуға, бұлшықет тонусын жақсартуға, жүйке жүйесін тыныштандыруға және оңалту шараларының тиімділігін арттыруға көмектеседі. Сонымен қатар, гидро-ванна емдік-сауықтыру қызметтерін көрсетуде кеңінен қолданылып, балалардың физикалық және эмоционалдық дамуына оң әсер етеді. Кейіпкеріміз грант арқылы алған құрылғылардың көмегімен қызмет көрсету ауқымын кеңейткен. Мемлекеттік қолдауға дейін бір айда 30 балаға массаж жасалса, заманауи құрылғылардың көмегімен бұл көрсеткіш 50 балаға жеткен. Сонымен қатар, бір адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бүгінде массаж алған балалардың ем нәтижесі де оң көрсеткіш көрсетіп келеді.

Комиссия шешімімен былтыр Шымкент қаласында әлеуметтік санаттағы 431 адамға қайтарымсыз грант берілді. Биыл осы бағытта әлеуметтік санаттағы 400 адамның бизнес-жобасына қолдау көрсету жоспарланып отыр. Бағдарламаға жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, қандастар, мүгедектігі бар жандар және әлеуметтік осал топ өкілдері қатыса алады. Қазіргі таңда грант көлемі 400 АЕК-ті, яғни 1 730 000 теңгені құрап отыр. Бұл қаражатты мемлекетке кері қайтару талап етілмейді, бірақ оны тек мақсатты түрде (жабдықтар немесе құрал-саймандар сатып алу үшін) жұмсау қажет. Грант қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылау мақсатында есеп беру міндетті түрде талап етіледі. Бұл қаражаттың кәсіпті дамытуға бағытталуын қамтамасыз етеді. Егер грант қаражаты белгіленген мақсаттан тыс пайдаланылса, ол толық көлемде мемлекетке қайтарылады.

Қайтарымсыз грант бағдарламасы кәсіп бастауға ниетті азаматтарға қолдау көрсетіп келеді. Бағдарлама аясында көптеген тұрғын өз кәсібін ашып, еңбек нарығында жаңа мүмкіндіктерге ие болуда. Сондықтан бөлінген қаражаттың тиімді игерілуі мен жобалардың тұрақты дамуы бағдарламаның жемісті нәтижесін айқындайды