Еңбек адамы ешқашан ерінбейді

Авторы: Жібек МЫРЗАХМЕТОВА

12.06.2026

Адамды адам қылатын – еңбек. Қазақ «Еңбек түбі – береке», «Еңбектің наны тәтті» деп бекер айтпаған. Адал еңбек ету – табыстың кілті, жетістіктің қайнар көзі, адам өмірінің сәні. Бүгінде тәуелсіз елімізде еңбек етіп жүрген жандар қаншама. Ел еңсесін биік етуде аянбай қызмет етіп жүрген жандар баршылық. Біз оларды «Еңбек адамы» деп атаймыз. Олар ешқашан ерінбейді, керісінше өз ісіне жауапкершілікпен қарап, маңдай терімен табысқа жетеді. Қай салада жүрсе де адал еңбекті ту еткен жандар қоғамның дамуына үлес қосып, кейінгі буынға өнеге көрсетеді. Осындай еңбекқор азаматтардың арқасында еліміз өркендейді, өседі.

Шымкенттік Гавхар Хусанқызы –мол мехнаттын арасында жүрген жан. Тарих және география пәні мұғалімі мамандығын таңдаған жас маман өзінің ұстаздық жолының алғашқы жылын Шымкент қаласындағы №22 Қорқыт ата атындағы негізгі орта мектептен бастады. Жылдар өте Гавхар Хусанқызы өзін білікті ұстаз, оқушы жүрегінде сақталған мүғалім, ата-ана сенім білдірген маман ретінде қалыптастырды. Тәжірибесі толысып, директордың оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Жауапкершілікті бірінші орынға қоя білген педагог үшін бұл тағы бір белес, тағы бір баспалдақ еді.

Ұстаздық ұлы қасиет екенін келген күннен бастап сезінген Гавхар 25 жылдық педагогикалық тәжірбиесін күні кешегідей еске алады. Алғашқы жұмыс күні, ең алғашқы шәкірттермен жүздесуі, ең бірінші 45 минуттық сабақ – мұның бәрі мәңгі жадында сақталған. Алдына келген әрбір жас маманды өзіне баурап, қамқорлық танытатын бұл ұстаз – нағыз еңбек адамы. Уақыт сағатқа қарамайтын шұғыл құжаттар, отбасылық жағдаймен келетін мұғалімдер, сыныптағы кикілжің тудырған оқушылар, өз баласын қорғаштаған ата-ана... Мектеп қабырғасында атқарылатын осы бір көзге көрінбейтін шаруалар ұстаздың өз жұмысына адалдығын, алтын ұясына, шәкірттеріне, әріптестеріне деген шексіз махаббатын көрсетеді.

Қазіргі таңда Шымкент қаласы «Intellect» физика-математикалық мектеп-лицейінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқаратын Гавхар Хусанқызы аталған мекемеде авторлық жобаларға басымдық береді. Ұлттық құндылықтарға баулитын «Даналық мектебі» жобасы солардың бірі ғана.  «Ағайын-туыспен күнде кездеспеуіміз мүмкін, бірақ мектептегі оқушылармен, әріптестермен күнде қауышамыз. Демек, біз – туыстан да артық, мектеп деп аталатын бір отбасымыз», – дейді білікті басшы. Гавхар Хусанқызының ойынша, әр оқушыға жеке көзқарас қалыптастыру, оқушының бабын білу, мұғалімге мотивация мен серпін сыйлай алу, білгенінді бөлісу – нағыз бақыт.

        Еңбек адамы дегенде күнделікті әдетінен тынбай, еліміздің әр азаматының білімі мен тәрбиесіне аянбай үздіксіз үлес қосып жүрген осындай аяулы ұстаздар да еске түседі. Гавхар Хусанқызына қарап бір күннің ішінде қаншама жоспарлы, жоспардан тыс, керек десеңіз уақыт сағатқа қарамайтын дүниелерді іске асырып, іс-шаралар өткізіп, одан қалса ата-аналармен сенімді, тығыз байланыс орнатып, жұмыс күнінің соңында өз мақсатына жеткен еңбек адамын көрдік. «Адал еңбек – абыройлы өмірдің негізі» деген де осы емес пе?