Қоғамның көрінбейтін қаһарманы

Авторы: Әсемай СЕЙТБЕК

19.06.2026

Қала тазалығы – тұрғындардың мәдениеті мен жайлы өмірінің көрсеткіші. Солай болу керек. Алайда, бізде еңбекке деген құрмет аз сияқты. Олай болатыны, көшеге қоқыс тастау азаймай отыр. Сол тастаған қоқысымызды біреудің анасы, әкесі тазалайтыны туралы ойлана да бермейміз. Тіпті олардың еңбегіне «шікірейіп» қарайтындардың бар екені де жасырын емес.  Бұл да  еңбекке деген құрметтің бір көрінісі сияқты.  

Меніңше, тазалықшылар – күн сайын көшелер мен аулалардың тазалығын қамтамасыз етіп, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыратын ең еңбекқор жандар. Олар – «Таза Қазақстан» бағдарламасының орындалуына шын пейілмен үлес қосып жүрген кәсіп иелері. Біз тазалықшылардың бірімен сөйлесіп, олардың ойын білуді жөн көрдік. Менің сауалдарыма Шымкент қаласындағы «Таза Өлке» мекемесінің 6-бригадасында жұмыс істейтін аула сыпырушы Садуақасова Айнұр Қалдыбайқызы келісті.

Тазалықшының жұмыс күні таңғы сағат 06:00-де басталады екен. «Біздің міндетіміз – тұрғын үйлер орналасқан аумақтарды тазалау», – деп бастады әңгімесін ол.

– Иә, жұмысымыз өте ерте басталады. Біз көппіз және өз міндетімізді жақсы білеміз. Әркімге бөлінген аумақ бар, соны тазалайды. Біз бірлесіп еңбек еткенде жұмыс та өнімді болатынын күнде көріп жүрген адамдармыз. Қала тұрғындары оянғанша көшелер мен аулаларды тазалап үлгеруге тырысамыз. Біздің жұмысымыздың нәтижесі бірден көрінеді. Бірер сағаттан соң тазалық жүргізген аумағыңа қарап, көңілің бір серпіліп қалады, тазалықты кім жек көреді дейсіз. Бұл жұмыстың қиындығы – ауыр арбаны сүйреп, құм тасу. Жазда күннің ыстығы болмаса, жұмыс істеу оңай. Ал, қыста қар тазалау, мұз қатқан жолдарды ретке келтіру қосымша міндет жүктейді.

Апайдың әңгімесін бөліп, қала тұрғындарының тазалыққа деген көзқарасы туралы сұрадық.

– Өкінішке қарай, көше тазалығы мәселесіне немқұрайлы қарайтындар баршылық. Кейбіреулер қоқысты арнайы орындарға тастамай, кез келген жерге шашып кете береді. Сондықтан тұрғындардың тазалық мәдениеті жоғары болса екен деп тілеймін. Көп жағдайда біздің жұмысымыз көзге көріне бермейді. Қала таза, аула тап-таза, бірақ осынау шаруаның артында қыруар еңбек жатыр. Мендегі тағы бір тілек – әр адам өз ауласын, өз көшесін мейлінше таза ұстаса деймін. Сонда  қаламыз бұдан да таза болар еді. Тазалық – барлығымызға ортақ жауапкершілік, осыны ұмытып кете береміз, – деді ол.

Айнұр Қалдыбайқызы секілді тазалықшылардың еңбегі қоғам үшін аса маңызды. Көшелер мен қоғамдық орындардың ұқыпты сақталуы – осындай еңбекқор жандардың маңдай терінің нәтижесі. Олар қандай ауа райы болмасын, өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарады. Өйткені, еңбекке құрметпен қарайды. Адал еңбекпен тапқан табыстың сіңімді екенін айтады. Енді миллионнан астам тұрғыны, күніне  келетін  жүз мыңдаған қонағы бар Шымкент қаласының әкімдігі тазалықшы еңбек адамдарын бір күнге демалысқа жіберді деп елестетіп көріңізші. Не болады?