Қазақ халқының дәстүрінде отбасы әрқашан қасиетті орынға ие болған. Ата-ананың тәрбиесі, үлкенді сыйлау, туыстық байланысты сақтау – осының бәрі ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын рухани байлық. Халқымыз отбасы құндылықтарын ұлықтауға әрдайым айрықша көңіл бөлген. Алайда, бүгінгі статистика қоғамдағы алаңдатарлық жағдайды айқын көрсетіп отыр. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда бір жылда 115,9 мың неке тіркелсе, соның ішінде 45,7 мың ажырасу орын алған. Әрбір 1000 адамға шаққанда неке коэффициенті – 5,69 болса, ажырасу коэффициенті – 2,24-ті құрайды. Яғни, бұл – құрылған әрбір үшінші некенің шаңырағы шайқалады деген сөз. Әсіресе, қалалық жерлерде бұл көрсеткіш жоғары: ажырасулардың 74,4%-ы мегаполистер мен қалаларда тіркелген. Себебі неде?
Әлеуметтанушылар мен психологтардың зерттеулеріне сүйенсек, ажырасуға әлеуметтік-экономикалық қиындықтар мен мәдени-тәрбиелік факторлар ықпал етуде. Тұрмыстық тауқымет, баспананың жоқтығы, қаржылық тұрақсыздық және несие жүгі, сондай-ақ тұрмыстың алғашқы сынақтарында бір-біріне жол бермеу, кешірім сұрамау және жауапкершілік сезімінің жетіспеушілігі отбасының шайқалуына әсерін тигізіп жатыр. Салдарынан бір-бірімен сөйлеспейтін, бір дастархан басында отырмайтын отбасылар саны артып келеді. Мұның соңы жалғызбасты аналардың көбеюіне алып келеді. Ажырасу кезінде ең алдымен балалар зардап шегеді. Өкінішке қарай, толық емес отбасында өскен балалардың 40 пайызында психологиялық жарақаттар, өзіне деген сенімсіздік пен депрессия байқалады деген дерек пен дәйек бар. Бұл болашақта дәл сондай отбасы моделінің қайта қайталану қаупін тудырады.
Осыған байланысты елімізде отбасылық құндылықтарды нығайту бойынша көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Биылғы жылдың маусым айының басында Шымкент қаласында қалалық Білім басқармасының «Психологиялық қолдау орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Рухани сау, қауіпсіз ұрпақ тәрбиелеудегі ата-ананың рөлі» тақырыбында арнайы форум өткізілді. Бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі отбасының рөлін арттыру, ата-аналардың тәрбиелік жауапкершілігін күшейту және отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында өткен бұл іс-шараға 360-тай адам қатысты. Олардың қатарында қала мектептерінің ата-аналары мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары да бар.
Форум барысында Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Қ.Т.Қалдыбаев бала құқықтарын қорғау және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша, PhD доктор, психолог, гештальт-терапевт С.С.Асанова балалардың психологиялық саулығы мен ата-аналық қолдаудың маңыздылығы жөнінде, «Шымкент қалалық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Б.А.Жандосова отбасы институтын нығайту және ұлттық құндылықтарды сақтау бағытында, Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Б.Қ.Қарбеков жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен зиянды әдеттердің алдын алу тақырыбында мазмұнды баяндамалар жасап, отбасы құндылықтарын нығайту мен жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Сондай-ақ, қатысушыларға арналған психологиялық тренингтер мен интерактивті сұрақ-жауап алаңы ұйымдастырылып, ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты көзқарастары мен тәжірибелері талқыланды. Жиын соңында Шымкент қаласы Білім басқармасының «Психологиялық қолдау орталығы» КММ директоры М. Баймуханбетова сөз алып, бала тәрбиесі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі отбасы, мектеп және қоғамның бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті.
Бүгінде отбасы институтын нығайту және ажырасудың алдын алу мәселесі тек Қазақстан үшін ғана емес, әлемнің көптеген елдері үшін де өзекті. Осы бағытта кей мемлекеттер жас жұбайларды отбасылық өмірге дайындауға арналған тиімді тетіктер енгізуде. Мысалы, Сингапур, Малайзия елдерінде неке қиюға өтініш берген жастар міндетті түрде «Отбасылық өмірге дайындық курстарынан» өтеді екен. Осылайша бұл мемлекеттер ажырасу көрсеткішін едәуір төмендеткен.
Мұндай тәжірибе бізге де керек секілді. Бұл отбасы құндылықтарын сақтауға және ажырасу деңгейін төмендетуге септігін тигізер еді. Оған қоса жас отбасыларды қолдауға арналған түрлі жобалар енгізіп, отбасылық психологтардың қызметін қолжетімді ету, әрбір аудан мен қалада тегін психологиялық қолдау орталықтары мен медиаторлар желісін кеңейту де маңызды. Мұның бәрі отбасындағы туындаған мәселелерді шешіп, бала мен ата-ана қарым-қатынасын нығайтуға сеп болар еді.
Отбасылық құндылықтарды нығайту – ұзақ жылдарға созылатын ұлттық мақсат. Тек берік отбасылар арқылы ғана біз қуатты мемлекет құра аламыз. Отбасы нығайса тұтас қоғам нығаяды. Қоғам дамуының басты қағидасы да осында жатыр.