Мектеп оқушылары да жұмыс істей алады

Авторы: Аяулым ДҮЙСЕНБЕК

19.06.2026

Қоғамның қозғаушы күші саналатын жастардың әлеуетін тиімді пайдалану, оларды сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз ету және еңбек нарығына бейімдеу – жұмыссыздық деңгейін төмендетудің әрі елдің адами капиталын дамытудың маңызды тетігі. Қазақстанда жастар санатына 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтар жатады. Бұрын жастардың жас шегі 29 жасқа дейін белгіленген болса, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес ол 35 жасқа дейін ұлғайтылған болатын.

Биылғы жылы жастарды жұмыспен қамту мәселесінде кәмелетке толмағандардың еңбекке араласуына да ерекше көңіл бөлінуде. Елімізде жазғы демалыс уақытында 16 жастан асқан жоғары сынып оқушылары мен студенттер үшін ақы төленетін қоғамдық жұмыс орындары ұйымдастырылуда. Аталған бағдарламаға қатысу үшін жастар өздері тіркелген аймақтағы аудандық мансап орталықтарына хабарласуы қажет. Заңнамаға сәйкес, 14-16 жас аралығындағы жасөспірімдер аптасына 24 сағаттан, ал 16-18 жас аралығындағылар аптасына 36 сағаттан артық жұмыс істей алмайды. Сонымен қатар, 14 жастағы жасөспіріммен еңбек шартын жасау кезінде оның ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімі міндетті болып табылады.

Қазіргі уақытта Шымкент қаласында да 16 жасқа толған жастарды қоғамдық жұмыстарға орналастыру үшін мекемелерден өтінімдер қабылдануда. Жұмыс орындары бекітілгеннен кейін тиісті бос жұмыс орындары Enbek.kz порталында жарияланатын болады. Оқушылар мен студенттер жаз айларында, яғни 31 тамызға дейін қоғамдық жұмыстарға қатыса алады. Қоғамдық жұмыстарға тартылған жастарға ай сайын 28 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде жалақы төленеді. Жалақыдан міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік төлемдер заңнамаға сәйкес ұсталады.

Ал 14 пен 15 жас аралығындағы өспірімдер үшін «Менің жазғы демалысым» атты жеке бағдарлама қарастырылған. Осы жастағы жастарды жұмысқа алғысы келетін кәсіпорындар өз ұсыныстарын Enbek.kz сайтында жариялай алады. Айта кететін жайт, бұл санаттағы жасөспірімдерге мемлекет тарапынан қоғамдық жұмысқа жолдама берілмейді және олардың еңбекақысы бюджеттен емес, тікелей жұмыс берушінің өзі толық қаржыландырады.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, ата-анасының бірінің келісімімен 14 жастан бастап кәмелетке толмағандарды Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің талаптарын сақтай отырып, ресми түрде жұмысқа қабылдауға рұқсат етіледі. Жасөспірімдерге денсаулығына, дамуына және оқуына зиян келтірмейтін жеңіл жұмыстарды ғана орындауға рұқсат беріледі. Олар кітапхана, дүкен, дәмхана, курьерлік қызмет, тауарларды орау және сұрыптау, әлеуметтік желілерді жүргізу, онлайн көмек көрсету, сондай-ақ түрлі іс-шаралар мен промоакцияларға қатысу сияқты жұмыстармен айналыса алады. Ал ауыр дене еңбегін қажет ететін, зиянды немесе қауіпті жағдайдағы жұмыстарға, толық материалдық жауапкершілік жүктелетін қызметтерге, түнгі және үстеме жұмыстарға, вахталық әдіспен еңбек етуге, сондай-ақ құмар ойын бизнесі, алкоголь, темекі және есірткі заттарын сатумен байланысты қызметтерге кәмелетке толмағандарды тартуға тыйым салынады.

Жалпы алғанда, биыл Шымкент қаласында халықты жұмыспен қамту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіліп келеді. Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметі бойынша, 2026 жылы 31 398 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланған. 2026 жылдың алғашқы үш айының қорытындысында 8 179 азамат жұмыспен қамту шараларымен қамтылды.

Сондай-ақ, қалада жаңа жұмыс орындарын ашуға ерекше көңіл бөлінуде. 2026 жылға арналған жоспар бойынша 21 952 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Оның ішінде 2530-ы тұрақты, ал 1033 адам уақытша жұмыс орындары. Есепті кезеңде 4335 жаңа жұмыс орны ашылды.

Жеке бастамалар есебінен 11 427 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазіргі уақытта осы бағыт бойынша 2098 адам жұмыспен қамтылды. Жұмыс орындары жекеменшік балабақшаларда, спорт кешендерінде, білім беру ұйымдарында, дәріханаларда, қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету салаларында құрылуда.