«Тұрмыс» – отбасы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шара

Авторы:

24.08.2026

2026 жылғы 26-31 шілде аралығында Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы аумағында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған республикалық «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін дер кезінде анықтау және жолын кесу, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.

Іс-шара барысында Шымкент ҚПД Еңбекші АПБ ҚҚБ Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің инспекторлары профилактикалық есепте тұрған, оның ішінде отбасылық жанжалға бейім және құқық бұзушылық жасауға бейім тұлғаларды тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеріп, олармен жеке профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар қолайсыз отбасылардың тұрмыс жағдайы зерделеніп, қауіп тобындағы азаматтарға құқықтық және профилактикалық көмек көрсету шаралары ұйымдастырылады.

Полиция қызметкерлері қорғау нұсқамалары мен сот белгілеген ерекше талаптардың орындалуына бақылауды күшейтіп, заң талаптарын бұзуға жол бермеу бойынша тиісті шаралар қабылдайды.

Іс-шара аясында тұрғындар арасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық құндылықтарды сақтау, құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Азаматтарға өз құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдары түсіндіріліп, қажетті жағдайда құқықтық және әлеуметтік көмек алуға болатын мүмкіндіктер туралы ақпарат беріледі.

Отбасындағы зорлық-зомбылық – тек жеке отбасының мәселесі емес, бүкіл қоғамға ортақ мәселе. Сондықтан оның алдын алу үшін мемлекеттік органдармен қатар әрбір азаматтың да жауапкершілігі маңызды.

Құрметті қала тұрғындары! Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болсаңыз немесе осындай жағдайдың куәсі болсаңыз, немқұрайлы қарамай, дереу полицияның «102» арнасына хабарласыңыз.

Қоғамдық қауіпсіздік пен отбасы тыныштығын қамтамасыз ету – баршамызға ортақ міндет. Заң мен тәртіп сақталған жерде қауіпсіз әрі берекелі отбасы қалыптасады.

Шымкент ҚПД Еңбекші АПБ ҚҚБ Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесі