Білім сапасын арттырудағы басты бағыттар айқындалды

Авторы:

25.08.2025

Білім саласын дамытуға жаңа серпін сыйлайтын ұстаздардың тамыз кеңесі  педагогтердің кәсіби өсуіне жол ашты. Аталған шара әр педагог үшін ағарту саласындағы  жаңа идеялар алаңына айналмақ.

Жиында сөз алған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа оқу жылының басталуы – тек ұстаздар қауымы үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін маңызды сәт екенін жеткізді. Бұл басқосу білім беру саласындағы басым бағыттарды бағамдап, алдағы міндеттерімізді айқындауға арналған. Қала басшысы осылай дей келе,  «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұстаздардың ұлт алдындағы жауапкершілігін әрдайым ерекше атап өтеді. Шын мәнінде, сіздер өз еңбектеріңізбен, адал қызметтеріңізбен жас ұрпақты тәрбиелеуге, олардың болашағын қалыптастыруға орасан зор үлес қосып отырсыздар. Оқушылардың жетістігі сіздердің еселі еңбектеріңіздің нәтижесі» деді.

Сөзіне сүйенсек, бүгінде мемлекет тарапынан білім саласына айрықша назар аударылып келеді. Оның жарқын дәлелі, қалада соңғы екі жылда 39 жаңа білім үйі пайдалануға берілді.Бұдан бөлек, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептердің мәселесін қарау үшін ұлттық жоба аясында тағы 12 жаңа мектепбой көтерген. Алдағы екі жылда 37 мектептің құрылысы жоспарлануда. Сондай-ақ 3 балабақша мен 2 колледжге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Өскелең ұрпақтың жан-жақты өсуіне жағдай жасау үшін заман талаптарына сай 500 орындық 2 Оқушылар сарайы ашылса, еліміз Президентінің тапсырмасына сәйкес, ерекше білімді қажет ететін балаларға қолдау көрсету шаралары күшейтіліп келеді. Шаһар басшысы бұл тұрғыда әлеуметтік қолдау да назардан тыс қалмағанын жеткізіп, «әлеуметтік жағынан осал топтағы отбасылардың балалары 2020 жылдан бастап 100 пайыз мектеп формасымен қамтылып келеді. Бұдан бөлек,  балабақшаларда да аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасылардың балаларына тегін орындар бөлінген. Жоғары оқу орындарында қазір еңбек нарығына қажетті мамандықтарға мемлекеттік гранттар саны артып отыр. Соңғы екі жылда 285 студент тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды» деп атап өтті.

Бұдан соң білім беру саласында өз ісіне адалдық танытып, ұрпақ тәрбиелеу жолында қажырлы қызметімен көзге түскен ұстаздар қауымы Оқу-ағарту министрі мен қала басшысының қолынан арнайы марапаттар алды.

Естеріңізге сала кетейік, 2025-2026 жаңа оқу жылы 1 352 мекемеде 397 мыңнан астам білім алушымен басталады. Ал 1-сыныпқа 28 мыңға жуық оқушы қабылдау жоспарланып отыр.