Шымкент қаласында халықты жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған бұл бастамалар азаматтардың тұрақты табыс көзін қалыптастыруына, жаңа кәсіп ашуына, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне және жастардың уақытша жұмыспен қамтылуына мүмкіндік беруде. Қайтарымсыз мемлекеттік гранттар, қоғамдық жұмыстар және кәсіптік оқыту бағдарламалары – тұрғындардың экономикалық белсенділігін арттырып, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған негізгі тетіктердің бірі. Осы бағытта Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде азаматтар мемлекеттік қолдауға ие болып, кәсіп бастап, жұмысқа орналасып немесе жаңа мамандық игеруге мүмкіндік алып отыр.
Көп балалы ана грант қаржысына наубайхана ашты
Бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін қайтарымсыз мемлекеттік гранттар азаматтардың өз кәсібін бастап, тұрақты табыс көзіне ие болуына мүмкіндік беруде. Осындай мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібін кеңейтіп, еңбегінің жемісін көріп отырған жандардың бірі – Шымкент қаласының тұрғыны, көп балалы ана Күмісай Қайыпова. Ол 2025 жылдың тамыз айына дейін отбасының жан басына шаққандағы табысы кедейшілік шегінен төмен болғандықтан атаулы әлеуметтік көмек алып келген. Өткен жылдың үшінші легінде мемлекеттік қолдаудың тиімді тетігі саналатын 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қайтарымсыз грантқа өтінім беріп, комиссия алдында өз жобасын сәтті қорғап шықты. Комиссия жобаның өміршеңдігін, үміткердің осы саладағы тәжірибесін және кәсіптің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін ескере отырып, грант тағайындау туралы оң шешім қабылдады.
Грант қаржысына Күмісай Серікқызы нан пісіретін өндірістік пеш, қамыр илейтін құрылғы, арнайы жұмыс үстелдері және басқа да қажет құрал-жабдықтар сатып алып, отбасылық кәсібін жаңа деңгейге көтерді. Бұған дейін тұрмыстық пештің көмегімен күніне 30-40 таба нан пісіріп, оны көршілері мен жақын маңдағы дүкендерге өткізетін кәсіпкер бүгінде заманауи жабдықтардың көмегімен тәулігіне 80-150-ге дейін нан пісіреді. Сонымен қатар, бір тұрақты жұмыс орнын құрған. Қазіргі таңда Күмісайдың отбасылық наубайханасы тұрақты тұтынушыларын қалыптастырып, жергілікті нарықта өз орнын тапқан табысты кәсіптің біріне айналды.
Айта кету керек, Шымкент қаласында 2025 жылы комиссия шешімімен 431 азаматқа 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді. Ал биыл 400 үміткерге мемлекеттік грант беру жоспарланған. Қаражат кәсіпкерлікті дамытуға, табыс көзін қалыптастыруға және азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған. Конкурсқа жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар және тіркелгеніне бір жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер қатыса алады.
Қазіргі таңда грант алуға өтінімдер 2026 жылдың 24 маусымы мен 8 шілдесі аралығында business.enbek.kz порталында қабылдануда. Грантқа көп балалы отбасылардың мүшелері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар, асыраушысынан айрылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылар және мүгедектігі бар азаматтар (еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ жағдайда) үміткер бола алады. Міндетті талаптардың бірі – өтінім берген күнге дейінгі соңғы үш жылда алынған «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқыту сертификатының болуы.
Іріктеу конкурстық комиссия арқылы жүргізіледі. Бағалау кезінде бизнес-идеяның өміршеңдігі, даму мүмкіндігі, қаржылық негізділігі және жұмыс орындарын құру әлеуеті ескеріледі.
156 жасөспірім қоғамдық жұмысқа жолдама алды
Жазғы демалыс кезеңінде жастарды уақытша жұмыспен қамту – олардың еңбекке бейімделуіне, алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтауына және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін маңызды бастамалардың бірі. Осы бағытта Шымкент қаласында қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлініп, жұмыс берушілермен өзара байланыс күшейтілуде. Ұсынылатын жұмыс орындары еңбек заңнамасының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан мұқият зерделеніп, жасөспірімдердің құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріледі. Нәтижесінде, жазғы кезеңде жасөспірімдер қоғамдық жұмыстарға тартылып, алғашқы еңбек жолын бастауға мүмкіндік алды.
Шымкентте Еңбек мобильділігі орталығына маусым айында 161 мекемеден 661 бос жұмыс орны бойынша өтінім түсті. Ұсынылған жұмыс орындары мамандар тарапынан жан-жақты зерделеніп, жұмыс берушілердің салық төлемдерін жүргізуі, әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуі және еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтауы бойынша тексерілді. Нәтижесінде 47 мекемеден 192 жұмыс орны бекітілді. Бүгінгі таңда аудандық мансап орталықтары арқылы 156 жасөспірім қоғамдық жұмысқа жолданып, еңбек етуде. Олардың 129-ы – студенттер, ал 27-сі – жоғары сынып оқушылары. Бекітілген жұмыс орындарының басым бөлігі әкімдік құрылымдары, жоғары оқу орындары мен қоғамдық бірлестіктерге тиесілі. Жасөспірімдердің жұмыс кестесі аптасына 36 сағаттан аспауы тиіс.
Қоғамдық жұмысқа қатысушы жасөспірімдердің еңбекақысы 28 айлық есептік көрсеткіш көлемінде белгіленген және бұл қаражат мемлекет тарапынан субсидияланады.
Бағдарламаға қатысушы жасөспірімдердің еңбек қызметін арнайы мониторинг тобы тұрақты бақылауда ұстайды. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің №476 бұйрығына сәйкес, ақылы қоғамдық жұмыстарға тек 16 жасқа толған жасөспірімдер ғана жолданады. Ал 14-15 жасар жасөспірімдер үшін enbek.kz порталындағы «Менің жазғы демалысым» бөлімі арқылы жұмыс берушілер бос жұмыс орындарын жариялап, еңбекақы мөлшерін өздері белгілейді.
Жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқуға жолдау басталды
Сонымен қатар, Шымкент қаласында 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жұмыссыз азаматтарды білім беру ұйымдарына кәсіптік оқуға жолдау басталды. Осы уақытқа дейін 420 азамат кәсіптік оқуға жолданса, биыл қалада 610 жұмыссыз азаматты кәсіптік оқумен қамту жоспарланған. Өңірлік комиссияның шешімімен қосымша жаңа орындар бекітіліп, жаңа лекке қабылдау басталды.
Қосымша бөлінген орындар төмендегі мамандықтар бойынша қарастырылған: тігінші – 35 орын, бухгалтер-кассир – 10 орын, аспаз – 15 орын, кондитер – 10 орын, тәрбиешінің көмекшісі – 5 орын, визажист – 15 орын, шаштараз-стилист – 20 орын, электрондық есептеу машиналарының операторы – 10 орын және тоқу машинасының операторы – 70 орын.
Кәсіптік оқуға жолдама алу үшін алдымен жұмыс іздеуші азамат жұмыссыз ретінде тіркелуі және жұмыссыз мәртебесі, жеке куәлік, шәкіртақы аударуға арналған банк есепшотының деректемелері, №075 нысанындағы медициналық анықтама, білімі туралы құжат (бар болған жағдайда) қажет. Жұмыссыз мәртебесін алған азаматтар мансап орталығына жүгініп, өз қалауы бойынша білім беру ұйымы мен мамандықты таңдап, оқуға жолдама ала алады. Оқу мерзімі – 3 ай, 1 ай теориялық, 2 ай өндірістік тәжірибе ретінде ұйымдастырылады. Кәсіптік оқу кезеңінде қатысушыларға ай сайын 43 574 теңге көлемінде шәкіртақы төленеді.
Оқуды сәтті аяқтаған азаматтарға белгіленген үлгідегі сертификат табысталады. Бұл сертификат олардың еңбек нарығында сұранысқа ие мамандық бойынша жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Қосымша ақпарат пен кәсіптік оқуға жолдама алу мәселелері бойынша тұрғындар Шымкент қаласындағы Абай және Тұран аудандарының және
Еңбекші ауданының мансап орталығына жүгіне алады.