Адал еңбек пен кәсіби біліктілікті дәріптеу қоғамдағы еңбек адамының беделін арттырып, жауапкершілік пен сапалы қызмет көрсету мәдениетін қалыптастырады. Осы бағытта елімізде әр салада абыройлы еңбек етіп жүрген мамандарды ынталандыру мен олардың еңбегін лайықты бағалау дәстүрі жалғасып келеді. Шымкент қаласында да мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі аясында өз ісіне адал, жоғары нәтижеге қол жеткізген бірқатар мамандар марапатталып, олардың қаланың дамуына және қоғам игілігіне қосқан үлесі ерекше атап өтілді.
Осы ретте Қаратау ауданы әкімі аппаратының «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде өз ісінің нағыз шеберлері жоғары марапатқа ие болды. Мекеменің абыройын асқақтатып, жұмыста жоғары нәтиже көрсеткен қызметкерлер Қанат Асановқа, Әбіл Жақсыбековке, Амандық Жалғасбаевқа, Бекайдар Жұматайға, Айгүл Құраловаға, Ақмарал Сағынбековаға, Асылбек Сәрсенбайға, Нұралы Жолдас пен Нұрсұлтан Дартаевқа мекеме басшысы Алмас Қаюпов «Қызмет» салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалы тарапынан өндірісте ерекше көзге түскен, өз міндеттерін мінсіз атқарған ең үздік жұмысшыларды ынталандыру мақсатында арнайы тағайындалған «Еңбек озаты» төсбелгісін салтанатты түрде табыс етті. Мекеме басшылығы марапат иелерін құттықтай отырып, олардың қаланың өсіп-өркендеуіне, коммуналдық саланың тұрақты жұмыс істеуіне қосып жатқан үлестерін ерекше атап өтті. Бұл қызметкерлердің мерейін өсіріп, алдағы уақытта жұмысты бұдан да жоғары белсенділікпен атқаруға серпін берді.
Сонымен қатар, Мемлекеттік қызметшілер күні кәсіби мерекесіне орай «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен мүшелік ұйымдардағы белсенді мемлекеттік қызметкерлерінің басын қосқан тағы бір кезекті жиын өткен еді. Кәсіподақ қозғалысының белсенді мүшелері мен өз ісінің нағыз шеберлері бас қосқан бұл салтанатты басқосуда да адал еңбек иелеріне лайықты құрмет көрсетілді. Мерекелік кештің шымылдығын ашқан «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов жиналған қауымды кәсіби мерекелерімен құттықтап, өз сөзінде мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі мол, қиындығы мен қызығы қатар жүретін мәртебелі міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ, кәсіподақ жұмысын жандандыруға үлес қосып жүрген белсенділерге алғыс білдірді.
Салтанатты шара аясында ел дамуы мен кәсіподақтар қозғалысына сіңірген өлшеусіз еңбектері үшін бірқатар азаматтар жоғары марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ, Шымкент қалалық мәслихатының «Алғыс хатымен» халық пен билік арасындағы алтын көпір болып жүрген Ракшона Альдикова марапатталса, көп жылғы қажырлы еңбегі мен кәсіби шеберлігі үшін Гүлмира Ешимбетоваға, Бекасыл Олжабайға, Ляззат Рамазановаға және Бағлан Өтеуліге филиалдың ең мәртебелі «Еңбек озаты» төсбелгісі салтанатты түрде табысталды. Ал өз ісіне деген адалдығы мен белсенділігі үшін Дастан Қожақ филиалдың «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Кәсіподақ ұйымының дамуына қосқан үлесі үшін Тәжіхан Әбдіқалықоваға да филиалдың «Алғыс хаты» табыс етілді.
Марапат иелері өз кезегінде көрсетілген құрмет пен қолдауға ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да Шымкент шаһарының игілігі жолында аянбай қызмет ете беретіндіктерін жеткізді. Мұндай іс-шаралар еңбек ұжымының ауызбіршілігін нығайтып, мамандардың өз кәсібіне деген сүйіспеншілігін арттыруға үлкен септігін тигізері анық.