Қазіргі заманғы өндіріс пен еңбек нарығында адам капиталы – ең басты құндылық. Осы ретте әрбір қызметкердің қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайымен қамтамасыз етілуі өте маңызды. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау – бұл жұмыс барысында қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтауды көздейтін құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, ұйымдастырушылық, техникалық және санитарлық-гигиеналық шаралардың біртұтас жүйесі.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жұмыс орнындағы жазатайым оқиғалар мен кәсіптік аурулардың алдын алу кәсіпорынның экономикалық шығындарын азайтып қана қоймай, еңбек өнімділігін айтарлықтай арттырады. Сондықтан, еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтау жай ғана заңнамылық міндеттеме емес, бұл жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы жоғары жауапкершіліктің, сондай-ақ өндірістік мәдениеттің айқын көрінісі болып саналады.
Осы орайда «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының өкілдері Тұран ауданы әкімі аппаратының «Тұран» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында еңбеккерлердің күнделікті тыныс-тіршілігі, еңбек қауіпсіздігі, жалақы мен әлеуметтік кепілдіктер мәселелері жан-жақты талқыланды. Қызметкерлерді толғандырған еңбек жағдайын жақсарту, демалыс уақыты мен ұжымдық шарттағы міндеттемелердің сақталуы бойынша өзекті сұрақтар көтеріліп, оларға кәсіподақ тарапынан түсіндірмелер мен нақты ұсынымдар берілді.
6 шілде – Астана күні мерекесі қарсаңында өткен бұл кездесудің ары қарайғы мазмұны мерекелік рухқа ұласты. «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтап, Шымкент қаласын таза ұстаудағы, көгалдандырудағы және қалалық жайлы ортаны қалыптастырудағы жұмыстарына қосқан ерекше еңбектерінің үлестері үшін оларға салалық кәсіподақ атынан шынайы алғысын айтты. Сондай-ақ, мекеменің белсенді жұмысшыларына «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының «Еңбек озаты» төсбелгілерін, «Құрмет грамоталарын» және «Алғыс хаттарын» табыстады. «Тұран» коммуналдық мекемесінде өткен бұл кездесу еңбеккерлердің жұмысқа деген ынтасын арттырып, бастауыш ұйымның жұмысын жаңа деңгейге көтеруге серпін бергендей болды.
Мұндай мазмұндағы кездесу Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының «Әл-Фараби» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жұмысшыларымен де өткен болатын. Жиында сөз алған «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов қуатты бастауыш ұйым қалыптастыру арқылы еңбек адамының мәртебесін көтеру басты міндет екенін атап өтті. Бүгінде еңбек адамы – қоғамның тұрақты дамуы мен әл-ауқатының негізі, сондықтан оның еңбегін бағалау, құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғау, қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайын қалыптастыру кәсіподақ жұмысының басты бағыттарының бірі болып қала береді.
Аталған жиында қуатты ұйымның белсенді тірегіне айналған еңбек озаттары да елеусіз қалмады. Марапаттау сәтінде олардың есімдері ерекше құрметпен аталды. Атап айтқанда, еңбектегі жоғары көрсеткіштері мен кәсіподақ ісіне адалдығы үшін «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының «Еңбек озаты» төсбелгісімен Тимур Нарымбетов, Дінмұхамед Шаншарханов, Айдос Ақылбай және Бекмырза Абсанов марапатталды. Сонымен қатар, кәсіподақ өміріне белсене араласып, ауыр да жауапты қызметте адалдық танытқаны үшін Нұрсұлтан Қожақов, Дәурен Икрамов, Еркен Мұстафаев, Бекзат Уразбеков және Светлана Тұрмаханбетова салалық кәсіподақтың «Құрмет грамотасына» ие болды. Сондай-ақ, ұжымның бірлігін бекемдеуге үлес қосқан бірқатар қызметкерлер – Жәмила Куванова, Гүлбахира Оспанова, Ғабдулла Қаныбеков, Мәдина Садықова, Асылжан Қаштаев пен Қарашаш Ізбасар арнайы «Алғыс хаттармен» марапатталды.
Қуатты бастауыш ұйым – еңбеккер мүддесінің қорғаны, ал кәсіподақ – еңбек ұжымының жүрегі. Оның қалыпты жұмыс істеуі, қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғауы тікелей бастауыш кәсіподақ ұйымының белсенділігіне байланысты. Алдағы уақытта да «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалы еңбеккерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыру және әлеуметтік әріптестікті дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастыра береді. Өйткені еңбек адамының амандығы, әлеуметтік әл-ауқаты мен кәсіби беделі – қоғамның тұрақты дамуының басты негізі.