Балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау – кез келген қоғамның басты құндылығы әрі болашақ алдындағы жауапкершілігі. Бүгінде өскелең ұрпақтың амандығын қамтамасыз ету мәселесі еліміздің әрбір өңірінде ерекше бақылауға алынған. Шымкент қаласында да балалардың құқықтарын қорғау мен олардың қауіпсіз, бақытты балалық шағын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Мұндай маңызды шаралардың жалғасы ретінде, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері аудан әкімдіктерінің өкілдерімен бірлесіп, көпқабатты тұрғын үйлерде ауқымды профилактикалық іс-шаралар өткізуде. Бұл шаралар көпқабатты үйлерде өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтау және соңғы уақытта жиілеп кеткен балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алуды көздейді.
Іс-шара барысында мамандар тұрғындарға тұрмыстағы өрт қауіпсіздігінің қарапайым, бірақ өмірлік маңызы бар талаптарын тәптіштеп түсіндірді. Әсіресе күн ысығанда электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсірмеу, тек жарамды электр құралдарын пайдалану және ең бастысы –балаларды үйде қараусыз қалдырмау қажеттігіне айрықша назар аударылды.
Сонымен қатар, құтқарушылар ата-аналарға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын еске салып, терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын (блокаторлар мен торлар) орнатуды ұсынды. Мамандар кішкентай бүлдіршіндердің терезе маңында ойнауына жол бермеуді және олардың өрмелеп шығуына септігін тигізетін жиһаздарды терезе алдына қоймау қажеттігі жөнінде де қеректі кеңестер берді.
Шілденің аптап ыстығы әбден қызған қазіргі жаз мезгілінде бұл ескертулердің маңызы екі есе арта түспек. Үй іші ысыған соң терезелерді ашып қою – күнделікті әдетіміз, алайда осы бір сәттік салғырттық пен ашық тұрған терезе үлкен қайғыға әкеп соқтыруы мүмкін екенін ұмытпаған жөн. Балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау – тек құзырлы органдардың ғана емес, әрбір ата-ананың күнделікті тіршіліктегі басты міндеті мен жауапкершілігі болуы тиіс.