Адам баласының өміріндегі ең қасиетті мекен де, оның тұлға болып қалыптасатын бастапқы баспалдағы да – отбасы. Дәл осы ұяда адамгершіліктің негізі қаланып, келешек ұрпақтың рухани болмысы айқындалады. Сондықтан шаңырақтың беріктігі мен ондағы тәрбиенің түзулігі әрқашан ұлттың саулығы мен мемлекеттің қуаттылығының кепілі болып қалмақ. Осы орайда, ҚМДБ Шымкент қаласы, Қаратау ауданына қарасты «Қарабура әулие» мешітінде «Өнегелі отбасы – қоғам байлығы» атауымен аудандық көшпелі семинар өтті. Жиынның негізгі өзегі де осы қасиетті құндылықтарды дәріптеуге бағытталды. Басқосуға аудан имамы Ербол қажы Тастанбекұлы бастаған жергілікті мешіттердің діни қызметкерлері түгел қатысып, маңызды мәселелерді талқылады.
Семинар барысында сөз алған аудан имамы Ербол қажы Тастанбекұлы отбасы институтының қоғамдағы рөліне тоқталып, өз пікірін былай деп білдірді:
– Шын мәнінде, дін мен дәстүр сабақтастығы сақталған ортада ғана отбасының берекесі кіреді. Шаңырақтағы тыныштық пен өзара татулық – бүкіл қоғамның тұрақтылығына тікелей әсер ететін негізгі күш. Біз өз тәжірибемізде көріп жүргендей, имандылық пен рухани тәрбиені бесіктен сіңіріп өскен бала болашақта елге, жұртқа тек пайдалы азамат болып қалыптасады. Сондықтан біздің басты міндетіміз – жас буынның бойына ата-ананы құрметтеу, отаншылдық сияқты асыл қасиеттерді сіңіру. Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық болмысымызды сақтап қалудың жалғыз жолы – отбасылық құндылықтарды берік ұстану. Өйткені, отбасы түзелмей, қоғамдағы өзекті мәселелердің шешімін табу мүмкін емес.
Рухани жиын аясында аудандағы салаға жауапты имамдар арнайы баяндамалар жасап, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен қалалық өкілдіктен келген тапсырмаларды пысықтады. Мешіт қызметкерлері күнделікті уағыз-насихат жұмыстарында отбасылық құндылықтарды насихаттаудың жаңа әдіс-тәсілдерін талқылап, өзара тәжірибе алмасты. Бұл ретте, отбасылық ажырасулардың алдын алу, жас жұбайларға неке қию рәсімі алдында жауапкершілікті түсіндіру және отбасындағы әке мен ананың міндеттерін дұрыс жеткізу мәселелеріне баса назар аударылды.
Басқосуды қорытындылаған аудан имамы Ербол қажы Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет қажы Нұрматұлының игі тілегін жеткізді. Ол дін қызметкерлеріне қоғамдағы жат ағымдардың алдын алу мен отбасылар арасындағы түсіністікті нығайтуда үлкен жауапкершілік жүктелетінін ескертті. Имам өз сөзінде: «Әрбір діни қызметкер өз міндетіне барынша жауапкершілікпен қарап, ұлт ұйытқысы болып табылатын отбасы құндылықтарын насихаттауды басты назарда ұстауы тиіс», – деді.
Бұл көшпелі семинар тек есептік жиын емес, қоғамның рухани діңгегін бекіту жолындағы маңызды қадам болды. Онда айтылған ойлар мен қабылданған жүйелі шешімдер келешекте отбасылық берекені арттыруға, шаңырақтардың шайқалмауына және ұрпақ тәрбиесінің дұрыс бағытта өрбуіне септігін тигізері сөзсіз.