Шымкент қаласының Абай ауданына қарайтын Тұрлан шағынауданында «Қылует» деп аталатын этнографиялық музей жайғасқан. Бұл музейдің артықшылығы – қыш құмыраларды келушілердің көз алдында жасап, көрсетіп береді. Сондай-ақ, қызығушылық танытқан келушілердің өздері де қыш құмыра жасап көре алады. Содан соң оны кәдесый ретінде өздерімен бірге ала кетеді. Бүгінгі әңгімеміз осы аталған музейдің негізін қалаушы, ерекше қолөнер шебері, өнертанушы, этнодизайнер, еңбек адамы Кендебай Қарабдалов туралы болмақ.
Қазіргі таңда керамикалық бұйымдар жасаудың көне замандағы техникасын пайдаланып, дәстүрді жалғастырып жүрген шеберлер аз. Дей тұрғанмен осы уақытқа дейін саз балшықты өңдеу өнерінің түрлі әдістері пайда болса да, баяғы шеберлердің көне дәстүрін жалғастырып, саз балшықтан жасалынған ыдыстарды баяғыша, көбінесе қолмен пішінге келтіріп жүрген құмырашылар да жоқ емес. Өкініштісі сол, көне әдіспен құмыра жасау өнері уақыт өткен сайын ұмытылып барады. Қазір оңтүстікте де саусақпен санарлық қана шеберлер бар. Бүгінгі буынның қыш құмыраларды, оның сынықтарын мұражай сөрелерінен ғана көріп, тамашалап жүргені содан да болар.
Осындай ұлттық мұраны сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу жолында еңбек етіп жүрген жандардың бірі – Кендебай Әбжаппарұлы. Ол құмыра жасау өнерінің жалғасын табуына өз үлесін қосып қана қоймай, қазақ халқының қолөнерін шет мемлекеттерде насихаттап, ұлттық мәдениетіміздің әлемге танылуына да қызмет етіп келеді. Кендебай аға дәстүрлі құмырашылық өнермен 1978 жылдан бастап айналысады. Осы жолда ұлдары Ерболат пен Шынболатты да шәкірт ретінде баулып, оларды керамика өнерінің шебері етіп тәрбиеледі.
Шебер қыш құмыра жасаудың ежелгі технологиясын қолданады. Ол алты кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – шикізат дайындау кезеңі. Кендебай ағаның өзі Отырар ауданының тумасы болғандықтан, қажетті шикізатты Отырар ауданындағы Арыс, Сырдария өзендері бойынан алады. Қажетті топырақты көлікпен шеберхананың бастырмасына жеткізіп алып, арнайы науаға салып қояды. Қазып жиналған топырақ жаңбыр суының, қардың астында, яғни табиғи құбылыстардың әсерінде екі-үш жылдай жатады. Шебердің айтуынша, мұндай саз балшықтар анағұрлым майысқақ келіп, құмыраның жақсы шығуына бірден-бір септігін тигізеді.
Екінші кезең – илеу кезеңі. Бұл кезеңде топырақты ұсақтап, електен өткізеді де, електен өткен топыраққа біртіндеп су құя отырып, аяқпен немесе қолмен илеп отырады. Содан соң саз балшықты мата қапшыққа салып, іліп қояды. Мұның себебі – саздың құрамындағы құм ажырауы тиіс. Егер балшықтың құрамында құм болатын болса, құмыраны пішінге келтіру барысында кері әсер етеді. Құмы ажыратылған саз балшықты жайманың үстіне бөлшектеп салып, құрамына қоға, мақта, қамыстың үпілін қоса отырып, қалпына келгенше тағы да илеуді жалғастырады. Сазды илеу уақыты екі сағаттан бір-екі күн аралығын қамтиды. Саз балшық әбден иленіп болған соң арнайы ыдысқа немесе қалтаға салынып, ауа кірмейтіндей етіп қымталады да, екі күн сақталады.
Үшінші кезең – пішіндеу кезеңі. Шебер дайын болған шикізатты, яғни саз балшықты пішінге келтіре бастайды. Пішіні келтірілген құмыралар бірқалыпты бөлме температурасында 2-3 сағаттай кептіріліп, ары қарай оның бетіне штампты немесе тырнап сызу арқылы ою-өрнектер салынады. Осыдан соң аталмыш құмыралар бөлме ішінде үш-төрт күн шамасында тағы да кептіріледі. Толық кепкен қыш ыдыстардың арасында өрнектері анық түспей немесе сызылмай қалғаны болса, оларды қырып сызу арқылы қайта толықтырады.
Төртінші кезеңде өрнектелген шикі қыш ыдыстар шебердің жеке тәжірибесімен қалыптасқан ереже-тәртібі бойынша арнайы қыш құмыра күйдіретін пешке орналастырылады. Пештің төменгі жағына көлемі үлкен ыдыстар қатарластырып қойылады, сол құмыралардың ішіне майда немесе шағын құмыраларды арнайы тіреуіш төсеніштерге қойып жайғастырады. Бұдан кейін пештің түтін шығатын тесігі, яғни мұржасы ашық қалдырылып, айналасына кірпіштер қалап, сыртынан сылап бекітеді.
Бесінші кезең – күйдіру кезеңі. Бұл кезде пештің астына алдымен жеңіл-желпі шөп-шалам, қамыс, ағаш бұтақтарын жағып, пешті біртіндеп қыздырып алады. Шебердің айтуынша, егер пештің астын бірден қатты жағатын болса, температураның бірден көтерілуі салдарынан керамикалар талқандалып қалады. Сондықтан алдымен жеңіл-желпі қыздыра отырып, екі сағаттан соң ғана жиде, тораңғыл, қара ағаш, тұт секілді діңі қатты ағаштарды сала бастайды. Керамиканы күйдіру барысы отты жаққаннан бастап белгіленеді. Осылайша 7-8 сағаттай үзбей от жағылады. Қыш ыдыстардың күю процесі пештегі саңылау арқылы бақыланып отырады.
Осы кезде ыдысқа қажетті түстерді алуға мүмкіндік бар. Яғни, оттың жануы қыш ыдыстарға қалаған түсті бере алады. Олар қара күйе түстен басталып, ақ түспен аяқталады. Яғни, ең соңғы түс – ақ. Пештің ішіндегі құмыралар күю температурасына байланысты бірнеше түстерге ауысып отырады. Солардың ішінде жасыл түстер де баршылық. Дегенмен, айта кететін жайт, пештегі біріңғай күйдірілген құмыралардың түстері әрдайым бір түске ие болады. Ыдыстар белгілі бір қажетті түске ие болған соң пештің оттығы бірден оттан немесе шоқтан тазартылып, артынша пештің мұржасы мен оттық ауызы сыланып бекітіледі. Бекітілген пеш 48 сағат немесе екі күн суытылады.
Алтыншы кезең – тазалау кезеңі. Бұл кезеңде пештен суытылып алынған қыш ыдыстардың сырты күю барысында болған күл немесе шаң тозаңдардан біртіндеп салқын сумен жуу арқылы тазартылады. Осымен сәндік керамика бұйымы дайын болады.
Сондай-ақ, Қарабдаловтар – шыңылтырлы бұйымдарды жасаудың да шебері. Шыңылтырлы ыдыстардың шикізатын дайындау, пішінге келтіру барысы дәл жоғарыдай. Тек дайын болған өнімге түрлі-түсті бояулар жағылады. Бояу ұнтақ секілді келеді, сол ұнтаққа арнайы сұйықтық араластырып, оны ыдыс бетіне ою-өрнектер сала отырып жағады. Шыңылтыр жағылған бұл ыдыстар бірқалыпты бөлме температурасында кептіріліп, пешке орналастырылады. Бұл ыдыстардың күйдіру процесі өзгешелеу келеді. Жеңіл-желпі шөп-шалам немесе ағаш бұталарын 3-4 сағатқа дейін жаға отырып, шыңылтыр бояу ыдыс бетіне толық жайылғанша бақыланып отырады. Осыдан соң баяғыша мұржа мен оттық бекітіліп, пеш 10 сағатқа дейін суытылады.
Шебер қазіргі таңда сауда қатарларындағы шыңылтырлардың сапасыз екенін, нәтижесінде қыш ыдыстарындағы шыңылтырдың сапасы да өте төмен болатынын айтады. Ал, сапасы жақсы шыңылтырлар тым қымбат. Осының нәтижесінде Қарабдаловтар бүгінгі таңда шыңылтырлы бұйымдар жасап, оны сауда қатарларына шығаруды жөн көрмей отыр.
Қазіргі таңда көршілес елдерде керамика өнері кәсіпке айналған. Мысалы, Ресейдің қазіргі таңдағы сәндік керамика бұйымдары, яғни шыңылтырлы қыш ыдыстары өте жоғары сапалы шыңылтырмен қапталған. Ондағы ою-өрнектерді арнайы суретшілер орындаса, ыдыстарды көркемдеу барысында түрлі құрал-жабдықтар қолданылған.
Өзбекстанның да қыштан жасалынған леген, кесе, шәйнек және т.б заттарын бүгінгі күні сауда орындарынан кездестіруге болады. Бірақ олардың басым көпшілігінің ою-өрнектері трафарет арқылы түсірілген және керамикасы мен шыңылтырдың сапасы төмен, жиі шытынайды. Бояулары сия көк, сары, жасыл, қоңыр түсті болып келеді. Қазақстанда бұл ыдыстар кейбір үйлерде әлі күнге дейін қолданыста бар.
Осылайша қазіргі заманда қыш құмыра өнерінің жасалу технологиясы өзгерсе де, Кендебай Қарабдалов секілді шеберлердің арқасында керамика өндірісінің ертеректегі жасалу жолы әлі де ұмыт қалған жоқ. Қыш бұйымдарды қолмен пішіндеу, оны өрнектеу тәсілдерін, саз балшықты дайындау, пешке орналастыру, күйдіру жолдарын сақтап, оны дәстүрлі тәжірибеге сүйене отырып орындап жүрген шебер бүгінгі күнге дейін ұлттық қолөнердің сабақтастығын қамтамасыз етіп келеді.
Қазіргі таңда ертеректегі керамика өнерінің көркемдік ерекшеліктерін археологтар, өнертанушылар, суретшілер зерттеп келеді. Керамика бұйымдарының басым көпшілігі сәндік қолданбалы өнер туындысы немесе сыйлық, кәдесый ретінде пайдаланылып, кейбірі тұрғын үйлердің немесе қоғамдық ғимараттардың бөлмелерін, қала көшелерін көріктендіруші сәулеттік пішін ретінде көрік беріп тұр. Осындай керамика өнерін дәстүрлі түрде жалғастырып, халыққа насихаттап жүрген құмыра өнері шеберлерінің еңбегі расында да ерекше.
Керамика – қолданбалы өнердің ең күрделі саласы. Қолөнерші оның әрбір бөлшегін, құрамын, қимылын сезіне білуі тиіс. Мұның кереметі де сол, адамның өз қолымен жасалған бұйым кез келген уақытта көңіліңді жайландырып, жылы әсер сыйлап, рухани әлеміңді байыта түседі. Сондықтан да ата-бабамыз аманат етіп қалдырған осы рухани-мәдени мұраны қайта жаңғыртып, өскелең ұрпаққа кеңінен дәріптеуіміз қажет-ақ. Ұлттық құндылықтарымызды сақтаудың тағы бір жолы осында жатса керек.